немесе балаңыз қандай ойыншық ойнайды?..
Бала қолындағы ойыншыққа қарап, оның қай дәуірде өмір сүріп жатқанын шамалауға болады. Егер ХХ ғасыр баласының қолында жұмсақ қонжық немесе күлімдеген қуыршақ болса, ХХІ ғасыр баласының алақанында мүлде басқа кейіпкер тұр. Оның аты — Labubu, Kuromi, Monster High, Huggy Wuggy немесе тағы басқа оғаш бейнелер. Олар бір қарағанда сүйкімді, бір қарағанда тосын. Бір мезетте күлкілі де, мазасыз да.
Тіршіліктегі барлық әлеуметтік факторлер секілді бала ойыншығы да сол қоғамның жан-жақты әлеуетін көрсетеді. Аналарымыз өздерінің қолдан жасалған қуыршақ, кесе не әйнек сынығымен, жапырақтармен, т.б қолына түскен тұрмыстық қалдықтармен ойнағанын аңыздай ғып айтып, тіпті сол кездерін сағынышпен еске алатынын қайтерсің... Ал біздің буын сүйкімді қуыршақтарды құндақтады. Ал біздің балаларымыз ше?.. Олар немен ойнап жүр? Нені сатып алып берді талап етеді?..
Бұл — кездейсоқ таңдау емес. Бұл — мәдени белгі.
Ойыншық – баланың алғашқы философиясы
Антропология мен мәдениеттануда ойыншық баланың алғашқы дүниетанымдық құралы ретінде қарастырылады. Бала ойыншық арқылы әлемнің қандай екенін, адамдардың бір-біріне қалай қарайтынын, эмоцияның қалай көрінетінін үйренеді. Сондықтан ойыншықтың формасы ғана емес, мінезі, кейіпкерлік болмысы маңызды. Қазіргі ойыншықтар мінсіз емес, олар ішкі қайшылыққа толы. Бұл дегеніңіз - бүгінгі әлемнің өзі.
Бұрынғы әдемілік пен бүгінгі ерекшелік
Бұрын эстетика «әдемі болу» ұғымымен өлшенді. Қуыршақтың көзі үлкен, жүзі мейірімді болуы шарт еді. Бұл — тұрақтылық пен тыныштықты бейнелейтін әлемнің көрінісі болатын. Ал бүгінгі мәдениет тыныш емес. Ол жылдам, ақпаратқа толы, үнемі өзгеріп отырады. Мұндай әлемде әдемілік емес, ерекшелік аман қалады. Labubu симметриялы емес. Kuromi — қызғылт, бірақ бұзық. Олар классикалық өлшемге сыймайды. Бірақ олар ұмытылмайды. Бұл — эстетиканың өзгеруі емес, эстетикалық талаптың ауысуы.
Кейіпкердің екіұштылығы неге маңызды?
Балалар үшін кейіпкерлердің екіұштылығы маңызды болуы олардың ойлау жүйесінің түбегейлі өзгергенін көрсетпей ме?.. Labubu — «жақсы» деп те, «жаман» деп те нақты айтуға келмейтін кейіпкер. Оның эмоциясы анық емес. Бұл — бүгінгі мәдениеттің басты сипаты. Қазіргі әлемде абсолютті ақ пен қара азайды, ирония көбейді, күмән қалыпты жағдайға айналды. Балалар осы күрделі шындықты түйсік негізінде ересектерден гөрі ерте сезінеді. Сондықтан да олар біржақты позитивтің кейіпкерден гөрі ішкі күресі бар образға жақындайды. Ал біздің кезімізде ата-аналарымыз түрлі-түсті теледидар біздің табиғаттың алуан бояуын тану және оған қызығу деген қасиетімізді жояды деп көбірек уайымдайтын.
Экран мәдениеті және қиялдың өзгеруі
Қазіргі бала қиялды бұрынғыдай өзі құрастырмайды. Ол қиялды экраннан алады. Мультфильм, аниме, қысқа видео — баланың санасында дайын образ қалыптастырады.
Ойыншық енді сол образды «қолмен ұстап көру» формасына айналды. Яғни ойыншық қиялды бастаушы емес, қиялды жалғастырушы құралға айналып кетті. Бұл жайт бүлдіршіндердің қиялын жойды десек қате болатын шығар, ал бағытын өзгертетіні рас.
Қорқыныш феномені : неге бала одан қашпайды?
Менің бес жасар қызым мен түсінбейтін ойыншықтарын «Мама, қандай сүйкімді» деп құшағына қысады. Оның «сүйкімді» ойыншығы сүйкімділіктің қандай стандарттарына жауап беретінін білмей басың қататыны рас. Ересек адам үшін кейбір ойыншықтар қорқынышты көрінеді. Ал бала үшін ол -зерттеу нысаны. Қорқыныш бала психологиясында әрдайым болған. Айырмашылығы бұрын ол ертегі арқылы жұмсарса, бүгін визуалды формада ткіелей ұсынылады. Мәдени тұрғыдан алғанда, бұл — баланың белгісіз әлеммен бетпе-бет келуі. Егер бұл үдерісте ересек адам жанында болса, сұрақ қойса, ойыншық қауіп емес, диалог құралына айналады. Егер бұл үдерісте ересек адам жанында болса, сөйлессе, сұрақ қойса, ойыншық қауіп емес, диалог құралына айналады.
Ұрпақтар арасындағы мәдени қақтығыс
Labubu мен Kuromi төңірегіндегі алаңдаушылық — ойыншық жайлы ғана емес. Бұл — ұрпақтар арасындағы эстетикалық алшақтық.
Ересектер өткеннің өлшемімен қарайды. Балалар бүгінгі әлемнің тілінде сөйлейді. Бұл жерде мәселе «кім дұрыс?» деген сұрақта емес.
Мәселе — бір-бірін түсінуге деген ниетте.
Ұлттық мәдениет қай тұста қалды?
Осы тұста тағы бір маңызды сұрақ туады:
егер біздің ұлттық кейіпкерлеріміз баланың күнделікті өмірінде жоқ болса, оған кім кінәлі? Егер ұлттық образ тек оқулықта, музейде, мерекелік сахнада қалса, ал замануи формада сөйлей алмаса, баланың оны таңдамауы заңды. Labubu- табысы - оның заманмен тіл табысуында. Бұл образдар тек ойыншықта ғана емес, киім-кешекте, оқу құралдарында, күнделікті әшекейлер мен қолданыс бұйымдарында толық көрініс тауып отыр.
Ойыншықты кінәлау оңай
Ойыншықты айыптау-ең оңай жол. Бірақ ол шынайы себептерді жасырмайды және қандай ма бір салдарларды жоймайды. Олар баланы өзгертпейді, оның қандай әлемде өмір сүріп жатырғанын көрсетеді. Ойыншық себеп емес, ойыншық - салдар.
Labubu мен Kuromi — біздің дәуіріміздің бейнесі. Олар жақсы ма, жаман ба -бұл екінші кезектегі мәселе. Маңыздысы — олар біз жасап отырған әлемнің балалық нұсқасы.
Бала қолындағы қолындағы ойыншыққа қарап, өзімізге сұрақ қоюымыз керек: біз қандай әлем ұсынып отырмыз және сол әлемді бала қалай сезініп жүр? Өйткені, ойыншық - баланың әлемге айтқан алғашқы сөзі, әлемді алғашқы тануы. Ал ол сөз бен таным біздің үнсіз жауапкершілігімізден туады.
Альфа ұрпағы - цифрлы дүниеде туған алғашқы буын. Олардың ойыншығы да сол әлемнің заңымен жасалған: екіұшті, эмоциялы, шекарасы айқын емес. Біз бұл бейнелерден үркуіміз мүмкін, бірақ олар - баланың емес, біздің заманның портреті. Бізге, ата-анаға бұл тұрғыда бір ғана нәрсені уайым етуге тура келеді... Біздің келешек ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына біз қалай әсер ете аламыз?!




