Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ҚАНДАЙ ӘДЕБИ КЕЙІПКЕРГЕ ҰҚСАЙДЫ? (сауалнама)

1. Өзіңізді қандай әдеби кейіпкерге ұқсатасыз?
2. Ол сізге несімен жақын?
3. Қазіргі Қазақстандықтарды қай әдеби кейіпкерге ұқсатар едіңіз?

Нұртөре Жүсіп,  публицист - жазушы:
1. Әр адам - бір тағдыр. «Өзіңізді қай әдеби кейіпкерге ұқсатасыз» дегенде балалық шақ еске түседі. Бәріміз Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым –Қожа» атты кітабын оқып өстік. Сол Қожа - менің де кейбір жақтарыма көбірек келеді. Мектепте сабақты бір кісідей жақсы оқыдым. Бірақ тентектік жағынан дәл Қожа секілді мұғалімдердің көкейінен шыға бермейтін едім. Бірінші сыныпта класс жетекшісін жөнсіз ескерту жасай бергені үшін әке-шешеден түк қалдырмай балағаттап тастағаным бар-ды…
Осындай түрлі «жағымсыз» қылықтарды жасап жүрдік. Бұл адамның ішкі еркіндігін тұсаулайтын, дербес ойлауға, қиялдауға мүмкіндікті шектейтін сірескен қоғамға деген қарсылық па? Жоқ әлде үлкен әжемнің қолтығында өскен баланың еркіндігі ме? Білмеймін, әйтеуір бір ішімдегі жайтас тыным таптырмайтын… Білетінім: баланы бастан ұрып жасытуға болмайды, жағын сындырсаң да сағын сындыруға болмайды!
2. Кітаптың аты –«Менің атым – Қожа» ғой. Негізгі кейіпкер - Қожаберген! Кітап атауында мән бар. Бердібек ағамыз тоталитарлық жүйенің зардабын тартқан адам. Ол еліміздің рухани қыспаққа ұшырағанын жан-тәнімен сезінген жан. Сондықтан бұл елдің Қожасы, яғни, Иесі мен - демек, қазақтар дегенді меңзеп кеткен сияқты.
Қожаның еркіндікке ұмтылған болмысы, Адаммын деген табиғи талаптары, жан-дүние байлығы қасиет деген ұғым жағынан маған өте жақын!
3. Бейімбеттің Мырқымбайы да, Ғабиттің Есеней мен Ұлпаны, Әзілханның Ерболы, Дулаттың Жасыны, Оралханның «Бес тиын» деген әңгімесіндегі кейіпкерлер қазаққа тән деп ойлаймын.
Образ болуы үшін кейіпкер көпке үлгі болуы тиіс. «Нарық заманы келді, шығармашылыққа жол ашық» дегенімізбен қазіргі заман кейіпкерлерінің нақты үлгі боларлық типтері толық ашылмай жатқан тәрізді…

Роза Мұқанова, жазушы-драматург:
1.Автор өз туындысының ішінде жүреді. Әр кейіпкерінде оның жаны, бітім-болмысы  жүреді. Бірақ шығармаларында бастан-аяқ өзі ғана жүрмейді, олай жазу мүмкін емес. Мысалы, Л.Н.Толстойдың «Отец Сергий» повестіндегі Степан Касатскийдің кейбір тұстағы уайымы, үрейі, жабығуы, тіпті қашуы ... Кейіпкер образынан Толстойдың табиғатын, өзінің бет-бейнесін көруге болады. Әрине, бастан-аяқ  Лев Николаевичтің емес, бірақ сол кісінің көзқарасы, дүние танымы қылтиып-қылтиып төбе көрсетіп қалады. Оны Толстой күнделіктеріндегі өзі туралы жазбаларынан аңғарасың.  Ал, кейде автор өз атынан «Мен» деп жариялаған  шығармасы мүлде өзі емес, басқа бір кейіпкердің атынан жазылуы да мүмкін. Ондай да тәсіл бар.
Мысалы менің «Мәңгілік бала бейнедегі» Ләйлә  кейіпкерім –маған өте ұқсас. Бірақ физиологиялық тұрғыдан да, тағдыры  жағынан да маған мүлде ұқсамағанымен, оның қоғаммен қарым-қатынасы, жалғыздығы, өз әлемінің болуы, шешім қабылдауы, бәлкім –мен... 
Немесе, С.И. Калмыков , «Сарра», «Фариза», «Бопай ханым» т.б. Бұл шығармалардағы деталь, штрих, тіпті эпизодтар  авторға жақын әлдекімнің бейнесіне ұқсас болуы бек мүмкін. Суреткер кейіпкер жасауда бір адамның ғана бойынан жинастырмайды,  жинақталған кейіпкер образы болып шығады. 
2. Кейіпкерден  оқырман өз бейнесін көре алса, онда автор терең ізденіспен, шеберлікпен  жұмыс жасады деп ойлауға болар. Себебі автор кейіпкер образын бейнелегенде  оған оқырман сену керек. Шынайылығымен, әрекетімен, қилы тағдырымен. Автор жасаған кейіпкер жағымсыз болса да, көрермен оны жақсы  көреді, кешіреді, ұғады, соның жағына шығып кетеді. Яғни, көрермен кейіпкерге сенді. Оны кейіпкер деп емес, АДАМ деп қабылдады.
 3. Қарабайдың жалғыз сенер –Жантығы. («Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы») Әкім Таразидың  кейіпкері – Кірпішбай.
 Осы образ қазіргі қазаққа тән. Қазақ өзгермей бұл образ ешқашан ұмытылмайтын болар. 

Светқали Нұржан, ақын:
1. Мүмкін  Қобыландыға, бәлкім Ер Тарғынға, одан соң Елішбек пен Ағыбайға, Ақан сері мен Абайға, Еламан мен Кәленге, Әбілқайыр мен Ораз-Мұхаммедке, Таған мен Жасынға, тіпті, Мартин Иден мен Жюльен Соренге ұқсағым келген кез көп болған шығар... Қазір мен ұқсайтын әдеби кейіпкер жоқ. Мен - өз тағдырымның кейіпкерімін.
2. Олардың тарғыл тағдыры, азап пен тозақтың өтінде жүріп, өздерін жоғалтпаған жанкештілігі, ешкімге ұқсамайтын дара да бекзат болмыстары жақын.
3. Бүгінгі қазақтың жиынтық образы әдебиетте әлі жасалған жоқ , меніңше... Келешекке иек сүйейміз.

Маралтай Райымбекұлы, ақын:
1. Мен қай әдеби кейіпкерге ұқсауым мүмкін?  Мен өз шығармаларымдағы өзім жасаған кейіпкерлерге ұқсаймын. Себебі, мен өз кейіпкерлерімді жете танимын. 
2. ⁠Өз шығармаларымдағы кейіпкер, ол — Менмін! Сондықтан әр кейіпкер тұтаса кеп менің болмысымды сомдайды. Мен сомдаған барлық кейіпкердің қасиеті менің жанымның сүзгісінен өткен.
3. ⁠Бүгінгі қазақтың да, кешегі мен болашақтағы қазақтың да образын Абайдай айқын суреттеген жан бар ма екен?!

Бақытгүл Сәрмекова, жазушы:
1. Өзімді өзімнің шығармаларымдағы әр кейіпкердің бойынан көремін. Біреуінің бойында қырсықтығым, біреуінде әлсіздігім, біреуінде ызақорлығым кездеседі. Өзім тәрбиелей алмай әлі күнге алысып, осы мінезім жақындарыма, айналама зиянын тигізіп қалар-ау деп қыпылдап жүрген тұстарымды кейіпкерлердің бойына енгізіп, сол арқылы жазасын беріп жүргендей боламын.
2. ⁠Жақсы қасиеттерімді таныстарым айта жатар, ал, ренжігіш, көңілшек, күдікшіл, асығыс шешім қабылдайтын күйгелек, шыдамсыз, кейде менменсіп кететін өркөкіректеу, бәрін өзім иеленіп алғым келетін қызғаншақтау мінездерім бар. Егер шығармаларымды оқыған болсаңыз қай кейіпкерге жақын екенімді табарсыздар.
3. ⁠Қазір И.Буниннің  «Арсеньевтің өмірі» романын оқып жатырмын. Оқыған сайын, әр тұсына келген сайын «Әй, бұл орыс мұжықтары аумаған біздің қазақ қой» дей беремін. Жалпы барлық ұлтқа тән түпкі қасиет болады, жасандылықсыз, әлі өркениетке икемделгемеген, таза табиғи болмыс - бүкіл халыққа ортақ мінез сияқты.

Сауалнаманы жүргізген: Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА