Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Дильназ ҚҰМАРҒАЛИ «Қара мысықтан неге қашамыз?»

Дильназ ҚҰМАРҒАЛИ 2004 жылдың 14-ші шілдесінде дүниеге келген. 2021 жылы Атырау қаласындағы  дарынды балалар мектеп-интернатын бітірді. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Тұран университетінде журналистика мамандығының студенті.

            Үйінде мысық ұстамайтын адам аз шығар. Осынау бір қарағанда түрі сүйкімді жан иесінен қорқатындар да бар. Мәселен, Франция императоры, бүкіл Еуропаны бағындырған Наполеон Бонопарт мысықтан қатты қорқады екен. Бірақ, ертегілер мен көркем әдебиетте мысықтың иесін түрлі бәле-жаладан қорғағаны туралы аз айтылмайды. «Етік киген мысық» ертегісін есіңізге түсіріп қараңызшы, Қарабас-Барабастан өз иесін құтқарып, керемет байлыққа душар еткен мысықтың ақылы емес пе? Ал, қазақ ертегілерінде де мысық жағымды кейіпкер ретінде суреттеледі. «Ақылды мысық» ертегісіндегі  астық қамбасын тесіп, бидайды жеп жүрген тышқандарға тосқауыл қойып, өзін асыраған кейуананы аштықтан құтқаратын мысыққа қалай бүйрегіңіз бұрмайды? Арғы-бергі әлем ақын-жазушыларының шығармаларында да мысық – жағымды кейіпкер. Бірінде өзін асырап алған жеті жасар қызды өлімнен аман алып қалса, екіншісінде өзін бірнеше қабат үйден лақтырып жіберген қатыгез жанды да апаттан сақтандырады. Сонда бұл мысық дегеніңіз аса  қорқынышты болмай шықты ғой. Дегенмен, халық арасында мысыққа қатысты түрлі жол-жоралғылар, әдет-ғұрыптар бар. Соларды сараптап көрейік.
Египеттіктер неге қуанған?
          Көне египетте мысықты құдайлардың бірі деп санаған. Сондықтан, олар алдынан мысық шығатын болса, қуанатын болған. Жолымыз болады деп ырым еткен.  Ал, бізде қара мысық жолын кесіп өтсе, кейбір адамдардың «жолым болмайды» деп жаман ырымға жорып, бұрылып, басқа жолмен жүретіні бар. Қара мысық біз ойлағандай қорқынышты емес. Ол бар болғаны түсінің қаралығы болмаса, өзге мысықтардан ешбір айырмашылығы жоқ. Сонымен қатар, қара мысық асырайтын да адамдар жоқ емес. Гүлсім Жораева есімді қара мысығы бар апайымыздың айтуынша, ол адамның ауырған жерін аудармай табады екен. «Бірде жұмыстан ауырып келіп жатып қалдым. Асқазаным бүріп әкетіп барады. Үйде асқазан ауруын басатын дәрі-дәрмек те жоқ екен. Балалар келгенше жата тұрайын деп бүрісіп жатқам. Бір кезде өзім бала үнінен асыраған қара мысығым арқама келіп сүйкеніп, пырылдай бастады. Содан кейін мен ұйықтап кетіппін. Бір кезде оянсам, пора-пора болып терлеп жатырмын. Ал, мысығым дәл асқазанымның үстінде жатыр. Бір ғажабы ауру басылып қалыпты. Содан кейін байқап жүрдім мысығым менің жаныма келіп қай жерім ауырса, сол жерімді бейне бір массаж жасағандай алдыңғы аяғымен уқалап, сосын жылы денесімен жатып қалады. Бірнеше уақыттан кейін өзі тұрып кеткенде аурудың белгісі де қалмайды. Содан бері мысығымды ерекше жақсы көріп кеттім» дейді Гүлсім Жораева.

Көңіл-күйдің барометрі   
          Кейбір психолог мамандар мысық арқылы үйге келген қонағыңыздың шаңырағыңызға деген ықылас-пейілін де байқауға болатынын айтады. Егер төрт аяқты досыңыз қонақтың жанына келіп, сүйкеніп, пырылдаса, оның көңілінің ақ болғаны. Ал, мысық қонақтан қашып, аулағырақ кетсе, жанына жақындамаса, онда отбасына деген ниеттің оң болмағанын аңғартады. Әлбетте, мысыққа бола туыстан, ағайын мен достан айырылуға болмайды. Алайда, аяқты байқап басқан да артық етпейді. 
         Енді бір көне салтты ұстанатын жандардың айтуынша, қара мысық кездессе, бәле-жаланы Сізден қашықтатқаны деп сенгеніңіз жөн. Үш түсті мысық үйіңізге келсе, қуану керек екен. Асырап алсаңыз өте жақсы, оған шамаңыз жоқ болса, тым болмағанда сүт беріңіз. Егер көшеде мысық пырылдап аяғыңызға оралса, басыңызға бақыт құсының қонуы мүмкін деседі эзотериктер. Қалай болғанда да, адамзат баласының мысықты қолға үйреткеніне он екі миллион жылдан астам уақыт болған екен. Тіптен бала орнына мысық асырайтындарды да білеміз. Мысыққа берген махаббатын балалар үйіндегі жаутаңкөздерге берсе ғой, шіркін... Алайда, оларды бұл үшін кінәлай да алмаймыз. Әркімнің өз ұстанымы бар. Сонымен, Сіздің үйде мысық бар ма?
Мүрдені қорыған мысық
Исатай ауданының Тұщықұдық ауылында тұратын Марат Таңатаров деген ағай «Сарайшықтың» редакциясына хат жолдапты. Ол хатта өздері асыраған мысықтан көрген жақсылығын, мысықтың иесіне шын берілгендігін жазады ол кісі.      
«Қазақ  халқы «Ит – адамның досы, жеті қазынаның бірі» деп жатады. Күнделікті өмірімізде де иті бар үй иелері иттерінің адам баласына  пайдасы зор екенін, дос екенін айтып та жүр. Ал, мысыққа келгенде, үйімізді тышқаннан тазартқаны болмаса, адамның досы деп ешкім де айтпайды. Қайта қазалы үйлерде мысықтарын қораға не басқа бір жабық орындарға байлап, үйге кіргізбеуге тырысатындарын көріп те жүрміз. Мен бүгін, қаза болған әкемнің мүрдесін басқа мысықтардың ауыз салуларынан қорғап қалған мысығымыздың ерлігін жазғалы отырмын» деп бастайды оқырман редакцияға жазған хаттың әлқиссасын.
          «Бір жылдары, біздің үйде ұрғашы мысық болды. Өзі тышқан аулағыш, әрі үйдің маңайына бөтен мысықтарды да көп жақындата бермейтін. Әкемнің жүрегі ауыратын болған соң ба, кейде өзін жайсыз сезініп жатқан кездерде, «мына мысықты үйге кіргізбеңдерші, ғайыптан-тайып о дүниелік болып кетсем, маған, яғни, денеме ауыз салып жүрер» деуші еді. «Айы жеткен айында, күні келген күнінде» демекші, қыс мезгілінде көз жұмған әкемді жатқызған бөлменің желдеткішін ашып қойдым. Желдеткіштің торы жіңішке пластмасса материалдан жасалған еді. Бірнеше жыл ауыспағаны болмаса, ешбір жыртығы жоқ болатын. Біраздан соң далаға шықсам, сол терезе маңында біздің мысық бірнеше мысыққа ырылдап, айбат шегіп жүр екен. Күнге күйіп әрең тұрғанын сезсе керек, әлгі мысықтардың жоғары секіріп, торды жыртып, ішке кірмек болғандары көрініп-ақ тұр.        Себебі, желдеткіш-тордың біраз жерін жыртып тастапты. Ал, біздің мысық болса, соларды ішке кіргізбей, солармен айқасып жүрген болып шықты. Терезе торын басқа бір мықты материалмен ауыстырған соң ғана мысықтар кете бастады. Біздің мысық та үйге кірместен қорада жүрді. Тек әкемді жерлеп келген соң, үйге өзі келді. Мен мысығымның үйге өзі келгеніне таңырқадым.
         Әкем ешкімге қатты сөз айтпайтын, еш адамның бетіне жел боп келмейтін, мінезі жай, салмақты  еді. Өзін «таспен ұрғандарды аспен ұрып», дос етіп, туыс етіп алатын, ешбір  кек сақтамайтын, кешірімді, мейірімді, ақкөңіл, бауырмал жан болатын. Тек адамдарға қол ұшын беріп, жақсылық жасағанды ғана жаны сүйетін. Кез келген адаммен тіл табысатын, пейілі кең, жүрегі ақ  адам еді. Кейбір қу адамдар оның ақкөңілділігін пайдаланып, бір сиыр не бір түйеге тұрарлықтай ақшасын қарызға сұрап алады да, кейін әртүрлі сылтаулар айтып, бермей жүрсе де, сол адамдармен жақсы қарым-қатынаста болып, қолынан келген бар жақсылығын жасайтын. «Аққа құдай жақ» деген сол болар деп,  «Сарайшық» журналының «Тылсым» рубрикасына осы шағын ғана бастан кешкен, өзімнің көзім көрген оқиғаны жолдап отырмын» деп аяқтапты Марат Таңатаров.