Біздің кейіпкеріміз 1960 жылы 5 сәуірде Гурьев облысы, Құрманғазы ауданы, Кобяково ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін ХХІ Партсъезд атындағы кеңшарда тракторшы болып жұмыс жасайды. КСРО Қарулы Күштері қатарына Теңіз аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Ол 1979 жылғы желтоқсан айынан 1980 жылдың сәуіріне дейін Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі континтенті құрамында қатардағы жауынгер, атқыш болып әскери борышын өтеді.
Қадырбек Өмірбаевтың бөлімшесі 1980 жылғы 26 сәуір күні Гильменд өзенінің сағасындағы дұшмандарды Тиринкот елді мекеніне жібермеу туралы тапсырма алады. Сол шайқаста ауыр жараланғанына қарамастан, қарулас жауынгерлерді қорғау мақсатында соңғы күші мен қайратын жұмсаған ол ерлікпен қаза тапты.
Құрманғазы ауданы Жұмекен ауылында жерленген. Оны мәңгі есте сақтау мақсатында, туған ауылындағы бір көшеге Қадырбектің есімі берілді. Ауған жеріндегі ерлігі үшін қаза тапқаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
«1989 жыл. Кеңес әскерлері ауған жерінен шығарылды. Интернационалдық борышын өтеп елге оралған жауынгерлер бейбіт өмірге араласты. Анаға сәлем беруді, қарулас досы Қадырбектің бейітіне тағзым етуді өзінің борышы санаған ой қырғыз жігіті Әлиді 1989 жылы қазақ жеріне алып келді. Бұл кездесуде анасы ұлының балалық шағын сағынышпен еске алса, Әли оның әскери қызметі, ерліктері жөнінде әңгімеледі. Әли Қадырбектің ауылдастары алдында сөйлеген сөзінде Қадырбектің ауған жеріндегі, ұрыс даласында үш мәрте өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, қаруластарының өмірін қорғағанын және көптеген қаруластарымен бірге өзінің де Қадырбектің алдында қарыздар екендігін айтып, анасына алғыс айтып, құлпытасына тағзым етті» деп жазды сол кезде облыстық «Коммунистік еңбек» газеті.
Қадырбектің қазасынан соң, ағасы да, анасы да өмірден өткен. Бір отбасы түгелімен жоғалды. Кейбір деректерді яғни, Қадырбектің мектеп өміріндегі суреттерін нағашы қарындасы Балжібек тауып берді. Ізі жоғалып бара жатқан батыр жауынгер жөнінде ауған соғысының ардагері Марат Сейітов былай дейді:
«Мен Қадырбек Өмірбаевпен ауған жерінде таныстым.
... Бізге, 9-шы ротаның аға лейтенанты Морозов окоп қазатын жерлерді бөліп берген еді. Сол окоп қазу кезінде Қадырбекпен кездестім. Туған жері - Ганюшкино селосы. Атыраудағы «Елшібек» ауылы, Шалқар көшесі, алтыншы үйде, яғни, көкесінің үйінде тұрып, училищеде оқып жүрген кезінде әскерге шақырылғанын айтты. Қадырбек окоптың сол жағында тұратын. Ашық, өте сабырлы, темекісін асықпай тұтатып алып, ауылдағы ағасы, анасын сағынышпен еске алатын. «Сүйген қызың бар ма?» дегенге үнсіз күлімсіреп, «кейін айтамын» деп жымиятын, бала мінезді жігіт еді. Екеуміз жиі кездесіп, бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Әр жорықтан келген сайын бір-біріміздің амандығымызды білуге асығатынбыз, бір-бірімізге тілекші болдық.
1980 жылғы сәуір айының ортасы. Дабыл қағылып, Тиринкотке аттанатынымыз айтылды. Таңда Қадырбек келіп: «Келесі кездескенше» деп, мені қатты құшақтап тұрып алды. Көңілі бір жамандықты сезді ме екен... Сосын, темекісінің бітіп қалғанын айтты. Мен патрон салынған қорапшаны босатып, ішіне толтырып темекі салып бердім. Бұл менің Қадырбекті соңғы көруім екен...
9-шы взвод «қауіпті жерлерден» жақсы өтіп кетті... Біздің взвод сол «қауіпті жерлерден» кідіріп қалды, атыс басталып кетті. БТР-дың жүргізушісінің тамағына оқ тиді және 3 солдат жараланды. Оларды вертолетке отырғызып, госпитальға жібердік. Сол кезде рациядан «Тиринкотте атыс басталды» деп, хабар таратылып жатты. Біз бұл жерге, бір капитан, үш солдатымыздан айырылып және БТР-мыз минаға түсіп, әйтеуір қараңғылық түсе жетіп, қала сыртындағы алаңға жиналдық. Тоғызыншы ротаның аға сержанты, лейтенант Морозовпен бірге 15 жауынгердің қаза болғанын хабарлады. Бұл шайқаста Қадырбек Өмірбаевтың да қаза болғанын естіп, қатты қапаландым. Сержант: «Благодаря Умирбаеву остались живы солдаты. Он бросив гранату за дувал, погиб сам, но спас жизни остальных солдат. Он был настоящим героем» дегенде кеудемді мақтаныш пен қайғы кернеп кетті. Сержанттың айтуынша, Қадырбектің екі жерінен оқ тиіп, жараланған. «Жат, жат!» деген бұйрықты тыңдамай, оқ жауып тұрған қамалға граната лақтырып, 3-ші рет оққа түскен. Осы гранатаның арқасында оқты боратып жатқан жаудың үні өшіп, қалған жауынгерлер аман қалған» дейді жаралы жылдарды мұңайып еске алған ауған соғысының ардагері.
Қадырбектің өзінің жарақатына қарамастан, көптеген солдаттың өмірін сақтап қалған көзсіз ерлігі соғыс ардагерлерінің жүрегінде сақтаулы. Қадырбек 26 сәуірде қаза болды. Ол қайтыс болғаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.
Айгүл ЕРМЕКОВА,
филология ғылымдарының кандидаты
Көзсіз батыр Қадырбек
Барлай жүріп ұрысар жауды алыстан,
Сарбаз керек жаралған ар намыстан
Сәл қателік жасасаң кешірмейді,
Көз ашпаған соғыстан Ауғанстан.
Көп көрсе де қан майдан Кеңес елі,
Ауған халқын шабуылдап жеңбес енді,
Бетпе бет кеп жекпе жек шайқасатын,
Бұл Ұлы Отан соғысы емес еді.
Құпиясын тереңге тау жасырар,
Талай боздақ белгісіз қалған шығар.
Жауынгерлік сапардан келе жатты,
Аға сержант бастаған барлаушылар.
Тау ішінде шағын топ дамылдады,
Тыншу қайда, қағылды дабыл тағы.
Жас командир атой сап ойланбастан,
Отан отқа салған соң жалындады.
Қарша борап оқ кетті жан-жағынан,
Тұтқиылдан килігіп, салғаны лаң.
Сарбаздары шетінен сай тасындай,
Бірақ басым түсті жау, сан жағынан.
Жасырынып айлалы, әккі дұшпан,
Түн жамылып, қарашы қатты қысқан.
Аға сержант бастаған бөлімшені,
Қоршауға алып тынбақшы қапылыстан.
Тісін қайрап қолға алды автоматты,
Тілсіз кеткен досы үшін оқ боратты,
Құз басында тығылған қорқауларға,
Лағынетін аямай қасқая атты.
Кек қайнаған көзінен от жанады,
Нысанаға қырандай оқталады.
Көмек сұрар байланыс құралы да,
Істен шықты, штабпен жоқ хабары.
Шегінбеді қасында жолдастары,
Қасарысты, командир қол бастады,
Бірақ, бірақ өрімдей жігіттерін,
Қырып салса, шетінен болмас тағы.
Сын сағатта кернеді намыс бойды,
Шұғыл шешім кенеттен алып ойды.
Шегінуге амалсыз бұйрық беріп,
Өзі жауды бөгеуге қалып қойды.
Жігіт еді жасынан ар-намысты,
Арыстандай табандап арпалысты.
Таудан төмен жорғалап аш бөрідей,
Жан-жағынан қаптаған жау да қысты.
Шынымен де тұтқынға алғаны ма,
Өлім артық түскенше қармағына.
Беліндегі ағытып гранатын,
Ажал болып атылды жауларына.
…Жиырмада еді, қиды ол жастық жасын,
Көре алмады анасын, қарындасын.
Аға сержант осылай орындады,
Отанының ең соңғы тапсырмасын.
Ербол ҚОШАҚАНОВ,
Жылыой ауданы