1976 жылы 7-ші қаңтарда ҚХР, ШҰАР, Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданында дүниеге келген. 1994 жылы Тарбағатай педагогика мектебін бітірген. 1997 жылдан 1999 жылға дейін Шинжияң оқу-ағарту институтын жағрапия мамандығы бойынша бітірген.
Қазірге дейін түрлі басылымдарда 100 - ден астам өлеңі және сын мақалалары жарық көрген. Қазір Шағантоғай аудандық 1-ші орта мектепте оқытушы.
АЙЫРЫЛЫСУ
Қандай өткір уақыт деген,
Жыл деген.
Қол ұстастық,
Айырылыстық кімменен?
Жусан түбін пана тұтқан бұлдырық,
Пыр-пыр ұшып кетіп жатты іргеден.
Пыр-пыр ұшса жусан қалар жабырқау,
Мен қаламын жаным - жара,
Тәнім - сау.
Айқабағым аңырады алыстан,
Аспан жаққа оқыса аят Тәңіртау.
О, Тәңіртау, күдірейген жал-құзың,
Желіп кетпей жерде жүрген жалғызым.
Қабырғама қабір сызды
Қасыңнан
Қалқып келген сынық қанат жалбызың.
Сол қабырғам сыздап тұрар қанатсыз,
Уақыт қандай мейірімсіз,
тағатсыз.
Құстар ұшып кетіп жатыр
Ақ шәйі
Жамылып-ап,
Жаға-жеңсіз, балақсыз.
ТАС СУРЕТІ
Жарлауытта жалғыз емен жалбырап,
Жатқан шағы жалғыздықтан қалжырап.
Батқан шағы батар күннің лебіне,
Тас бетінде қалғып жатқан арғымақ.
Тас бетінде
Арба,
Қалқан,
Құландар...
Әйел,
Қазан,
Қос мүйізді ұландар...
Бедерінде бетбақ жақтың беделі,
Бет жағында қызыл-жасыл қынам бар.
Қызыл-жасыл қыналарым - қызығым,
Бетбақ жақтың мұнда қалған ізімін.
Ақ қамысқа неге таққан
Жалғыздап,
Апаларым аппақ құрдың үзігін.
Неге таққан,
Желбір-желбір желменен,
Елбең-елбең
Ессіз күйде тербелем.
Мені неге тасқа емес
бұл тағдыр
Қамыстардың самайына жерлеген?!
АҚТЫҚ
Боздаған бозғыл қамыс желкесінен,
Бой созып,
Бал-бұл жанып
Ерке өсіп ем...
Ораған ақ шашына мені солар,
Желбіреп шыққан кезде жер төсінен.
Желбіреп жатқан аппақ шаштың бүгін,
Түбіне сағыныштың астым гүлін.
Қарына қанатының сауға қылғам,
Қанымда қалқып жүрген бастың бірін.
Қанымда қалқып жүрген қара тамақ
«Құстарға қара!» деген,
Қарасам -
Ақ.
Ақтыққа айналам ба аңқып ағар,
Ұшатын Тәңіртауды жанасалап.
Ұшатын жанасалап Тау-Тәңірді,
Аңсаймын келер...
Келмес нау шағымды.
Санаймын
Санама бір сабыр қонбай,
Қамысқа іліп қойған саусағымды...
ТЕРЕЗЕ. СУРЕТ
Тамшылап терезеге бұлт біткен,
Жалғыздың бөлтірігін ұлытты іштен.
Әйнекке сора-сора
Сурет сызып
Сәуледен қала жыйдым сынып түскен.
Бас сызам,
Адам сызам,
Қала сызам,
Жоғалған сендерді іздеп арасынан...
Әйнекке қонған бұлт
Қайтқан құстың
Хат сынды тамып кеткен қанатынан.
Адам сызсам
Көз жасы сораланған,
Ай сызсам
Айбат кетіп қораланған.
Қамыс сызсам
Самайы бозғыл тартып,
Көк үйрек үркіп ұшты қоғалардан.
Мен нені,
Кімді тағы сызбақ едім...
Сіңдірер желіккен күз сызға демін.
Соңында арқар сыздым
Жалғыз жортып,
Жанының іздеп жүрген құздан емін.
ТЕРЕЗЕГЕ ТАМҒАН ҚАР
Көз алдымды мұнарлаған қысқы ызғар,
Тереземе қонып жатты ұшқындар.
Әйнегіме сурет болып оралды,
Ұшып кеткен Құлыстайдан құс-қыздар.
Аппақ-аппақ сурет екен ол бірақ,
Аппақ гүлге ала таңнан толды бақ.
Әйнегіме қонып жатыр құс біткен,
Аспан жақтан сора-сора жол құлап.
Оның бәрі елес сынды,
Түс сынды.
Құсқа теңеп отыратын ұшқынды,
Терезенің түбіндегі сол адам,
Ол да бір күн ұшып кетер құс сынды.
Ұшып кетер,
Кетер ұшып мәңгіге,
Тірлік деген тынып қалар әңгіме.
Тәңірі жақтан талып жеткен хаттардай,
Терезеге қонып жатыр қар, міне...
МОЙНЫҢДАҒЫ ОРАМАЛ
Бозғыл жүзің,
Бозғыл аймақ,
Бозғыл түн,
Сен сыйлаған бұл қала да бозғылтым.
Өзің ғашық қара ағаштың бұтағы,
Әйнегіме тигізеді боз мұртын.
Бозғыл ботам,
Боз орамал қайда еді,
Күркешемнің қандай бозғыл әйнегі.
Бозғыл тамның етегіне жерлейді,
Бозғыл нұрмен жуындырып ай мені.
Бозғыл тамдар,
Бозарған мен,
Әйнектен
Жұлдыз құлап алма кезек,
Ай көшкен.
Тереземнің тырмалайды жақтауын,
Қалып қойған мысық-тағдыр қай көштен.
Өзің берген осы қалаң - нән қалаң,
Ештеңе де жасап бермес тән маған...
Сол орамал мойныңдағы,
Бозарып,
Жолдар сынды тағдырымды жалғаған.
БОЗАРҒАН ШАШ
Көше жаққа терезеден қарағам,
Қайда асығып бара жатыр бар адам?!
Сенің ғана ақымағың
Әйнекке
Түскен қарды
«Бір, екі...» .
деп санаған.
Бір, екі... деп санап... қойшы барлығын,
Қалай санап тауысады қарды кім?
Шоқ-шоқ қамыс сызып жатқан әйнекке,
Сен екен деп қалам кейде зарлығым.
Сен екен деп қалам аяз қаламын,
Сосын мен де соған сурет саламын.
Ұя тоқып берем деп ең
Бермедің,
Шаштарыңнан үзіп алып, қарағым.
Шаштарыңнан сан иіскеген...
Қиялым
Әйнектерге сызды елесін ұяның...
Сенің қара шаштарыңа төгілген,
Мен де бүгін бозғыл түсті сиямын.
ҚАЛА ЖӘНЕ МЕН
«Қала қалай?» деп сұрайсың сен менен,
Қамыстарды ұмытам ба тербелген.
Жотамдағы жылқыларды иіскеймін,
Тереземді аймалаған желдерден.
Ескен желдің елесіне мінгесіп,
Қалың жылқы келді алдыма түн кешіп.
Бәсіремнің жанарынан
Кең дала,
Жаққан оттың жалаулары тұрды өшіп.
Өшіп тұрған жалау емес мен екем,
Жел дегенім желіп жеткен пері екен.
О, Тәңірім,
Аспан жаққа қарасам,
Көп жұлдыздан сол бір жұлдыз кем екен.
Кем дегенім біреу... Екеу...
Қандай көп,
Таңдайыма тамып кеткен тамбайды от.
Қала,
Дала,
Және сенің нұр жүзің,
Иығымда жатыр аппақ қардай боп.
СУРЕТ
Таңдарыма сурет салған, қарғам-ай,
Тағдырыма ирек салған, қарғам-ай.
Шаштарыңнан ұя түйіп бермек ең,
Боз талдарға ұя салған қарғадай.
Боз талдарға бөрік іліп қойған кім,
Адамдарға желік іліп қойған кім?
Мен ұшармын тым биіктеп,
Сол жерге
Шаштарыңды өріп іліп қойған күн.
Өрім-өрім жолдар бір күн таусылар,
Алқымдарды уақыт қысып қаусырар.
Атандырып қояр бізді бір манат,
Көмейінде ұшқан қаздың дауысы бар.
Қаз дауысы...
Қанат мұңы...
Қара түн,
Жұлдыз қағып қашты алысқа қанатын.
Сурет салып отырсың-ау,
Сен қызым,
Бір қызғыштың ұстап алып баласын...
ҚЫЗҒЫШ ҚҰС
Әй, қызғыш құс,
Қанаттым-ау...
Оралмас!
Қайта оралып қара ағашқа қона алмас!
Қанша сурет сап берсең де,
Сен, қарғам,
Қызғыш құстың суретіндей бола алмас.
О, Тәңірі-ай,
Қызғыш құсым кетті есен,
Сол үшін де қайғы жұтып,
Дерт кешем.
Тереземнен қылмыңдайды
Ажарсыз
Мені төртке бөліп кеткен төрт көшең.
Төрт бағытқа жол алады елесім,
Іздеп кеткен құлындай боп енесін.
Төртеуімді қосамын деп
Қарғам-ау,
Боз шарпыңды ширатасың,
Сөгесің.
Байлауыңа келмес кез бе дүниең,
Боз қамысты сен қаншама сүйіп ең?!
Шартарапқа тарап бара жатамын,
Іңірдегі бозғыл сәуле күйімен.
БИІК
Ана қазасына
Аппақ қар өрнектейді ойдың гүлін,
Болмысы боз қамыстай бойдың бүгін.
Тәңірдің саусағына,
Ақ бозға орап
Жусанның жұпар иісті қойдым бүрін.
Қойдым-ау,
Қоймасыма бар ма шарам?
Биікті таңдаса жұрт,
Таңдаса адам!
Жусанға паналатқан балапанын,
Қамыстан ұшқан шақта алғаш анам.
Бүр,
Жусан,
Бозғыл самай – дұғайларым,
Ұлылық берген соған ұлы аймағым.
Қасымда қамал болып тұрған шақта,
Құшақтап сүюші едім құлай бәрін.
Аспанға өрнектеймін ойдың бәрін,
Күн жаққа құлпытастың қойдым бәрін.
Тәңірдің ұясына қобыз іліп,
Қасына қазанаттың қойдым жалын.
ҚЫРАУ
Аппақ бір шайы сынды қысқа қарап,
Аппақ бір тұмар сынды құсқа қарап,
Көзіммен күміс нұрлы дұғаларды,
Жүремін анам кеткен тұсқа қадап.
Кетуі қиын екен кетпесіңнің,
Жартысы жарлы болып кетті есімнің.
Қайғының етегінде қарға айналып,
Қарайып бара жатқан кешке сіңдім.
Сіңдім де
Қырау болып қонақтадым,
Әйнекке құстың жолын жолақтадым.
Содан соң торғайларды көмдім сонда,
Қамыстың қабығына орап бәрін.
Құсымды алып кеткен қысқа налып,
Қайғымды жылуы бар тұсқа жағып,
Жұлдызға уыс-уыс дұға шаштым,
Жалт етсе Тәңірі жүрген тұстан ағып.