Сәуле Стаханшылқызы Жанпейісова 1966 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Маятас ауылында дүниеге келген.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Дарын мемлекеттік сыйлығының иегері. Филология ғылымдарының кандидаты. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, Халық әні кафедрасының доценті, қауымдастырылған профессор. Сарысу ауданының Құрметті азаматы.
Қазақтың басқа өңіріндегі әншілік мектептерге ұқсамайтын, өзіндік дара дәстүр – батыс аймақтағы әншілік-жыршылық өнер. Сонау қадым заманнан бері келе жатқан батыстағы ән дәстүрі өзінің ұрпақ сабақтастығын үзген емес. ХІІІ ғасырда Сарайшық қаласын мекен еткен Сыпыра жыраудан бастау алған жыраулық-жыршылық дәстүр Махамбетке дейін, батыс өлкедегі әншілік өнерді шырқау биікке көтерген, ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен төре тұқымы Мұхиттан Ғарифоллаға дейін жалғасқан әншілік дәстүр халықпен біте қайнасып келе жатқан киелі де қасиетті өнер. Батыс аймақтағы осы бір өнер түрлерін қолдың екі саласындай деп қарастырар болсақ, әншілік өнерде орындаушылық мектеп қалыптастырған қазақтың ұлы әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтің орны бір бөлек. 1965 жылдан 1985 жылға дейін Алматы қаласындағы Республикалық эстрада-цирк өнері студиясында (қазіргі Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі) ұстаздық еткен ұлы әншінің класынан 100-ден аса шәкірт тәрбиеленіп шықты. Алайда, Ұстаз ізін жалғастырып, өнерімен халқының көңілінен шыққандары некен-саяқ.
Халықтың сүйген әншісі болу екінің біріне бұйырмайтын бақ. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөз осы өнер саласындағы адамдарға арналған сияқты. Өкінішке орай, кейбір талантты әншілер өз өнерін тірі кезінде паш ете алмай, арманда өтеді. Өнер адамдарының тағдыры әр қилы болатыны да сондықтан болар. Талант, еңбек, тазалық, қарапайымдылық, парасаттылық – осы қасиеттерді бойына жинақтаған адам халқының сүйікті әншісіне айнала алады, әрине, бағы жанса.
Батыста Ғарекеңнің алдынан дәріс алмаса да ұлы әншіні пір тұтып, ұстаз санаған, бағы жанған үш әншіні атар едім. Олар – Мекес Төрешов, Қатимолла Бердіғалиев және Елемес Мағазов. Қатимолла ағамыз елге айтыскер ақын ретінде танылса, Ел-ақа өз жанынан шығарған әсем әндерімен халық сүйіспеншілігіне бөленіп жүр.
Мен бұл мақаламда батыс әндерінің шебер орындаушысы, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Мекес Төрешовтің адами және орындаушылық қырына тоқталмақпын.
Күні кеше ғана ортамызда жарқылдап жүрген, қаршығадай саңқылдап, қара домбырасының мойынын ырғай төкпелетіп, өнер түсінетін көпшілік көрсе арқаланып, шабыттана шырқайтын Мекес ағаны көргенде менің көз алдыма өзімнің ұстазым, ақиық әнші Ғарифолла Құрманғалиев елестейтін.
Мекес аға - ақ жүрек, баладай аңғал, өнерге шын берілген, таза адам еді. Бұрынғының сал-серілеріне тән ашық-жарқын дала мінезі, жүрген ортасын әзіл-қалжыңға көміп жүретін әңгімешілдігі, болмыс-бітімі Мекес ағаны көпшілікке сыйлы етті. Қанша жерден асқан талант болса да өнер адамының бойында адами қасиеттері болмаса, елдің сүйіспеншілігіне бөленуі қиын. Мекес ағаның бойындағы имандылық, мейірімділік, үлкенге ізет, кішіге қамқор бола білуі оны халық адамы етті.
Ол кезде Атырауда Мекес Төрешовсіз той өтпеуші еді. Мекес ағаның бір қасиеті әнді айтқан сайын қызынып, арқаланып кететін. Кейде домбырасының құлағын үзіліп кетердей биікке бұрай түсіп, Мұхиттың «Ақ иісін», Бисен Жәнекешовтің «Нарынын», Аманғалидың әнін, Халық термелері мен «Желдірме», «Желкілдектерді» желдірткенде, «Ойпырым-ай, дауысы жетпей қалар ма екен?» деп, біз қобалжып қалатынбыз. Ал, Мекес аға болса, қобалжу дегенді білмейді, мойынын бір жағына қарай бұрып тастап, домбыраның мойынын ырғап қойып, оң қолымен өзіне ғана тән орама қағыстарымен сатырлатып қағып, сан түрлі әуенге басатын. Оның репертуары мол еді. Мекес Төрешов - Ғарифолла Құрманғалиевтің ән қоржынындағы барлық ән-термелерді өз бетінше үйреніп, тұтастай батыс өлкенің ән-термелерін мұртын бұзбай тұтастай өз репертуарына алған әнші. Репертуарындағы халық әндері мен халық композиторларының әндері, жыраулардың сан қатпарлы терме-толғаулары әнші орындаушылығында сан құбылып, өзіндік өрнекпен жаңа мазмұнға ие бола кететін. Ғарифолла Құрманғалиевтің дауысы биік лирикалық тенор болса, Мекес Төрешовтің дауыс бояуы драмалық тенорға жақын еді. Ол соған қарамастан Ғарифолла әншінің дауыс бояуындағы әдемі иірімдерді өзінше құлпыртып жеткізетін. Әдетте, халықтың құлағына алдыңғы әншілердің орындаушылық үрдісі мен дауыс ырғағындағы иірім-қайырымдары сіңген шығармаларды кейінгілер орындағанда қабылдау оңайға соқпайды. Себебі, халықтың құлағында бұрынғы орындаушының дыбыс бояуы қалып қояды. Ал, Ғарифолладай әншінің ән мектебін Ғарифолланың өзінен асырып немесе жетеқабыл орындамаған жағдайда кейінгі әншінің халыққа ұнай қоюы неғайбыл. Сол кездің өзінде Ғарекеңнен бітірген шәкірттерінің кейбірін халықтың қабылдауы қиын болды. Себебі жаңағы, әнді Ғарифолладай орындай алмауы.
Ел ішінде айтылатын мына бір әңгіменің жаны бар: Бірде арқаның арда әншісі Жүсіпбек Елебеков батысқа барып, концерт беріпті. Жүсекең арқаның «Екі жирен», «Жиырма бес», «Ақ бақай», «Гауһар тас» сынды жалы биік классикалық әндерін бірінен соң бірін шырқайды. Бір кезде үлкен бір ақсақал орнынан тұрып, «айналайын Жүсіпбек, енді бір қазақша айтшы, қазақша» депті. «Мен манадан бері қай тілде айтып жатыр екенмін?» деп Жүсекең орнынан тұрып кетіпті. Сондағы халықтың күтіп отырғаны өздерінің құлағы үйренген төкпе қағыстармен қыздырып Ғарифоллашалап айтатын әндер ғой.
Ол кезде Ғарифоллаға деген халықтың сүйіспеншілігін айтып жеткізу мүмкін емес еді. Батысқа «Ғарекең келе жатыр екен» дегенде тайлы-таяғы қалмай әншісін күткен халықта есеп болмайтын. Ол күндіз-түн ән салса да халық жалықпайтын. Міне, осындай сұрапыл әншіден кейін халықтың сұранысын кез келген әнші қанағаттандыра қоюы оңай емес еді.
Мекес Төрешов Қазақконцерт бірлестігінде еңбек еткен 1960 жылдары Ғарифолла атамыздың нағыз шырқап тұрған дер шағы болатын. Ғарифолладай ұлы әншіні өзіне ұстаз тұта жүріп, өнерден өзіндік жол тапқан әнші Мекес - Ғарифолла ізін жалғаған, халықтың ыстық ықыласына бөленген санаулы әншінің бірі. 1967 жылдан өмірінің соңына дейін бір ғана Атырау облыстық филармониясында үзіліссіз еңбек етуі оның өнерге деген, өз мамандығына деген ыстық махаббаты дер едім. Мекес Төрешовтің өнердегі жетістігіне себепші Атырау жұртшылығының өнерге деген ерекше ықыласы десек те болады. Атырау елі - «өнер десе ішкен асын жерге қоятын», шын өнерді бағалай білетін, нағыз талантты басына көтеріп, құрметтей білетін сауыққой ел.
Мен Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясында қызмет еткен жылдары Мекес аға колледж студенттеріне ұстаздық етті. Сол жылдары елге келген Шамғон Қажығалиев, Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров, Илья Жақанов сынды қазақтың аймаңдай тұлғаларына ғимараттың 1-ші қабатынан класстар берілді. Сондай-ақ, бал бармақ күйшілер Рысбай Ғабдиев пен Сағын Жалмышевтың да өнер зертханасы ашылып, колледж студенттері қайнар бұлақтан сусындап жатты. Бір күні Мекес аға менің кабинетіме: «Айналайын Сәулеш, маған ана ағалардың қатарынан бір кластың табылмағаны ма? Менің студенттермен дайындалатын класым жоқ. Маған бір класс берші» деп келді. «Аға, ол не дегеніңіз, сіз біздің бетке ұстар әнші ағамызсыз. Сізге бермеген класты кімге береміз? Менің класымды алыңыз. Есесіне менің кабинетіме жақын боласыз» деп, өзіме бөлінген кабинетімнің жанындағы класты Мекес ағаға беріп, өзім арасында студенттермен ағадан класс босаған кезде дайындалып жүрдім. Аға сабағына ерте келетін. Сабағының алдында міндетті түрде менің кабинетіме келіп, амандасып шығады. «Ой, аға өзім барып шығатын едім ғой» десем: «жоқ, айналайын, сенің жасың кіші болғанмен, жолың үлкен, басшы болу оңай емес. Оның үстіне сен Ғарекеңнен дәріс алған шәкіртісің ғой» дейтін еді. Әсіресе, менің кабинетімнен ұстазымның үнтаспасын естіп: «Бастықтың кабинетінен Ғарекеңнің дауысы шығып жатқаны қандай ғанибет!» деп, балаша қуанатын.
2004 жылы төрт жыл қызмет еткен Атыраудан Алматыға кететін болдым. Осыған орай Атырау жұртшылығына «Ақ Жайық – Ата мекенім!» атты жеке концертімді бердім. Мекес аға концертіме келіп ыстық лебізін білдірді. «Ақ Сәулеш, кетпеші, кетсең де бір жылдан соң қайтып келші Атырауға, сен - әнің бөлек, сәнің бөлек қызсың ғой» деп, бауыр тартып, сахнаға шығып көзіне жас алып, толқып сөз сөйледі. Өзінен кейінгі буынға ақ ниетпен ақтарыла сөз сөйлеу де кейбір тұлғаларымызда жетіспей жататыны жасырын емес. Мекес ағада кейбір өнер адамдарына тән қызғаныш, көре алмаушылық дейтін пенделік қасиеттер болмайтын. Керісінше: «Ақ көкем, мына бір әннің мына бір жерін қалай әдемі аласың?! Мен соны осылай ала алмаймын. Менің қағысым да бөлек» деп, көтермелеп, ағынан жарылып отыратын. Мекес аға бала тәрізді ақ көңіл жан еді. «Шіркін-ай, ақ Сәулеш, сен менің келінім болғаныңда ғой. Сен шай құйып отырсаң. Мен ән айтып отырсам. Бір кезде сен домбыраны қолыңа ала салып, «Папа, олай емес, бұл әннің мына жері былай айтылады ғой» деп, шырқап отырсақ, ә?! Керемет болатын еді ғой. Әттең-ай!» деп, әзіл-шыны аралас арманын, назын білдіріп қоятын. Бір қызығы, ол кісінің бір келіні орыс ұлтынан болды. Аға сол келінін ерекше жақсы көріп: «Айналайын, таңертең ерте тұрып, маған шай береді. Сосын мен жұмысқа кетіп бара жатсам, қасыма келіп аяқ киімімді алдыма қойып, сырт киімімді кигізіп, шляпамды қолына ұстап тұрады. Өзі бір киіктің лағындай, айыбы орыс демесең, өте тәрбиелі бала» деп отбасындағы қызықтарымен де бөлісіп отыратын. Мекес аға жары Жақсыгүл апаны ерекше сыйлап, жақсы көретін еді. «Ол - Жақсыгүл десе, Жақсыгүл ғой» дегенде, жүзінен бір жылылық есіп тұратын. «Үй шаруасымен мүлдем басымды қатырмаймын. Бәрі Жақсыгүлдің мойнында. Менің халқымның ортасында әнімді айтып, «әйтеуір отқа өртеніп кетпей, суға түсіп кетпей» осылай шалқып жүргенім - сол Жақсыгүлдің жақсылығының арқасы» дейтін. Мекес аға халықтың сүйікті әншісі, артына шәкірт ерткен ұстаз, ардақты әке, аяулы жар, немере-шөберелерінің ардақты атасы бола білді.
Мекес ағаның болмысы бөлек еді. Әнді де өз болмысымен, мінезімен орындайтын. Мінезсіз адамнан мінсіз өнер шықпайды. Аға мінезге бай еді. Кейде жаздың жаймашуақ күніндей жарқылдап жүрсе, кейде қоңыр күздей күлімдеп, мейірім шуағын шашып тұратын. Жыл өткен сайын абзал ағаның бірде қаршығаша саңқылдап, бірде құландай жүйіткіп, бірде қырандай қалықтатып салған әні құлағымда жаңғырып тұрады. Халықтың құлағында үні қалған әнші еш уақытта ұмытылмайды. Мекес Төрешовтің үні, оның салған әні халықтың жадында жаңғырып тұрары сөзсіз. Бұл - әнші құдіреті!