Қазақ ауыз әдебиетінде не көп, аңыз-әфсана көп. Сол ауыздан ауызға ата-әжелеріміз арқылы жеткен, құйма құлақтар құлағына құйып алған аңыздардың тереңіне үңілсек, оның аржағында адам тағдыры бар екенін түйсінуге болады. Иә, санамен, жүрекпен, сезіммен түйсінесіз. Өйткені, көк аспанның астында, ұланғайыр кең далада көшіп қонған қазақтар өзен-көлмен тілдесіп, тау-төбелермен сырласып, бозжусанға мұң айтып, бозторғайды жырға қосқан арманшыл халық, ақын халық, текті де мәрт халық. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан, ұшса құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы кетілетін кең далада, сардалада не бір дүлдүл ақындар, би-шешендер, батырлар мен соларды өздеріне ғашық ете білген құралайдай сұлу қыздар өтпеді десеңізші!
Соның бір дәлелі - мыңдаған жылдарды басып озып, бүгінге жеткен – «Айша бибі» туралы аңыз. Аталған аңыздың нұсқасы өте көп, өйткені, тыңдап, оны санасына тоқып алған әңгімешілер аңызды тарқатқан кезде өздерінің жүйрік қиялы мен бай фантазиясынан да оқиғағны көркемдеп, неше түрлі сюжеттерді жандарынан қосып отырған. Алайда, аңыздың бір ғана бұлжымай айтылатыны – Айша бибі мен Қарахан батырдың бір-біріне ессіз ғашықтығы, Айшаны жылан шағып өлтіретіні. Бұл жерді ешбір ертегіші де, шежіреші де өзгертпей, сол қалпында ауыздан ауызға таратқан. Сол аңыздың түп-төркініне үңілсек, сонау орта ғасырларда елі мен жерін жау найзасынан қорғаған Қарахан есімді батыр өмір сүрген екен. Талай алыпты тағынан түсіріп, қарсыласының алдында тайсалмаған Қарахан батыр қас жауының қызына ғашық болады. Көп ұзамай қыз әкесінің бұл некеге қарсы болатынын білген соң сүйгенін алып қашуға бел буады. Екі жастың қол ұстасып қашып кеткенін білген әкесі сарбаздарына оларды өлтіруді бұйырады. Қуған нөкерлерден қашамыз деп ғашықтар ұзақ жол жүреді. Арада біраз уақыт өткен соң тоқтаусыз шапқылай беруден шаршаған ару Асу атты өзеннің жағасында аялдауды ұсынады. Хан жарлығын бұлжытпай орындауды жөн көрген сарбаздар Қарахан мен Айша бибіні көре салысымен қыздың сәукелесіне жылан салып қояды. Бақыттың құшағында жүрген ғашықтар мұны байқамай қалады. Жылы суға рахаттанып түсіп шығып, Айша бибі киіне бастайды. Ақырында сәукелесін кие берген кезде жылан шағып алады. Осы сәтте ғашығының гүлдей солып бара жатқанын көрген Қарахан алай-дүлей күйге түсіп, мына өмірден баз кешеді. «Бұл жалғанда бірге болу бұйырмаса да, о дүниеде жұбымыз жазылмасын» деп сүйгенін жақын маңдағы молдаға алып барады. Жас жігіттің қабырғасы шын қайысқанын көрген молда ғашықтарға батасын беріп, некесін қияды. Бейкүнә екі жастың отбасылық бақыты небары бірнеше минутқа созылады. Даналардың «Шын ғашықтар қосылмайды» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Ешбір жауының алдында иілмеген батыр тағдырдың алдында бас иіп, Айша бибі қайтыс болған жерге мазар тұрғызады. Қарахан батыр сүйгенінің жанында болу үшін Айша бибінің қасынан өзіне де мазар салдырады. Өмірінің соңына дейін ақ киім киіп, Айша бибі мазарында түнейді. Жаратқанға жалбарынып, кешірім сұрайды. Осы адалдығы үшін халық оны есінде сақтаған. Ал бұл жер «Әулие ата» деп аталып кеткен. Айша бибі кесенесі ХІІ ғасырда Жамбыл облысы Жамбыл ауданында Тараз қаласынан 18 шақырым жерде тұрғызылды. Қазір мемлекеттік дәрежедегі архитектуралық ескерткіш.
Кесенені өңдеу үшін Қазақстанның ертеректегі андрон, сақ тайпаларының геометриялық, зооморфты мотиві бар ою-өрнектері пайдаланылған. Төрт бұрышында батпан тіреуіші бар. Оның қалай салынғандығы жайлы тарихта нақты деректер жоқ. Алайда, халқымызда Айша бибінің сүйген жігітіне деген махаббатын баяндайтын аңыз бар. Ол аңыздың 28 нұсқасы сақталған. Жоғарыда сол аңыздың бір нұсқасын келтірдік.
Алғаш Айша бибі кесенесін 1893 жылы орыс археологы Василий Бартольд зерттеген. Кесененің жалпы көлемі 7,6 х 7,6 метр. Кіру есігі шығыс бөлігінде орналасқан. Ал, керегесі 80 сантиметр қалыңдықтағы 3 қабаттан құралған. Бұдан өзге кірпішінде алпыс түрлі ою-өрнек түрлі пайдаланылған. Айша бибі туралы аңыз негізінде ақындар өлең-жыр жазды, дастандар да туды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың «Айша бибі» өлеңіне Атыраулық сазгер Болат Қохаманов әуен жазған болатын. Тыңдармандар бұл әнді де сүйсіне тыңдап, қос ғашықты еске алып, шын сезімнің неше ғасыр өтсе де ұмытылмайтынын айтып отыратыны рас.
Дәл осы аңыз негізінде ақын, драматург, аудармашы Маржан Ершу «Айшабибі» деген мюзикл жазған екен. Аталған туындыны оқи отырып, Маржан Ершудің өте шебер драматург, талантты қаламгер екеніне көзіміз жетті. Әсіресе, бұл аңыздың негізінде драматургиялық шығарма, яғни, мюзикл жазғанына сүйсіндік. Өйткені, мюзикл қазақ драматургиясында тек соңғы жылдары ғана белең алған үрдіс. Онда да мюзиклге баруға хас таланттың ғана тәуекелі жететіні шындық. Біз бұл шығарманы оқыған кезде мюзиклге қатысушылардың ерекше кейіпкерлер екенін байқадық. Қарахан мен Айшабибі – бас кейіпкерлер болса, елші мен уәзірлер, саудагерлер де аңыздағы кейіпкерлердің өмір сүрген заманының шындығына лайық образдар екені даусыз. Ал, Айшабибінің күтушісінің есімін тарихшылар да, аңызда да Бабажан деп атаса, Маржан Ершудің мистикалық мюзиклінде Бабажын деген ат беріліпті. Әнбар бибі мен Айқожа баба- Айшабибінің ата-анасы болса, Шорайна деген шайтан қызының образы да осы мюзиклден тұрақ тауыпты. Дуана мен Жұлдызшының бейнесі де туындының мистикалық сипатын аша түскендей.
Мистикалық мюзикл тоғыз бөлімнен тұрады екен. Бірінші көрініс тосыннан басталады: «Қараңғылық. Жарқ-жұрқ жарық жанады. «Ха-халаған» үрейлі дауыстар шығады. Дауыл көтеріліп, найзағай ойнайды. Шашы жалбырап Шорайна ағаш басынан секіріп жерге түседі. Айналасына қарап, «ха-халап» күле бастайды. «Мен – шайтанмын. Шайтанмын! Ха-ха!» Оқыған адамның да біртүрлі жүрегі суылдап, тылсым бір оқиғаны күткендей болатыны айдан анық. Қап-қараңғы түн ішінен шашы жалбыраған қорқынышты бейне жүгіріп шығып, қарқылдап күлілгені, найзағай ойнап, дауыл тұрғаны, әрине, бәрі жанды түршіктіріп, төбе шашыңды тік тұрғызар көрініс емес пе? Міне, драматургтің шеберлігі де осында. Оқырман психологиясына әсер ете білуінде. Екінші көріністе сахна ауысады. Айшабибінің күтушісі Бабажын сахнаға шығады. Осы жерде айта кетейік, күтушінің бабажын аталуында да мистикалық сипат бар екені анық. Жындардың бабасы ма сонда? Оқырман санасын толғантатын сұрақ көп-ақ. Бабажынның Айша Бибі мен Қараханның махаббаты туралы салған әні жүректерді бір керемет әуезбен тербеп, сағыныш сезімін санаға құйған іспетті: «Тербетіп жыр төгейін баяғының,
Махаббат – жүректегі аялы ұғым.
Қарахан мен Айша бибі әз жүрегін
Дастан қып көпшілікке жаям бүгін» автор Бабажынның аузымен баяғыдан аңыз болып келе жатырған ғашықтық дастанын баяндайтынын білдіргені өте сәтті шыққан.
«Кесене көрінеді. Сарай іші. Балбалтас. Балбалтастардың қабаты түсіп, ішінен қыздар шығып, шығыс биін билей бастайды. Бабажын Айшаның шашын өріп отырады» бұл жерде драматург сол кезеңнің бейнесін кесене, балбалтастар арқылы, қыздардың биімен әрлеп, өрнектегені көңілге қонымды.Осындай мамыражай тыныштықта Айша күтуші әжесіне түсін жорытады: «Айша (сыбырлай сөйлеп): Сөзіме құлақ салшы, Бабажын әже! Түнде түс көріппін. Жап-жасыл әсем бақ ішінен көкке көтеріліп ұшып жүргендеймін. Кенет, кенет басталды басқа әуен. Қып-қызыл қанды су көрем. Қып-қызыл қанды су дегенім бір кезде алқам болып шығады. (Алқасын ұстайды) Алқам, алқам, құтқаршы деймін жанұшырып. Өз дауысымнан өзім шошып оянып кетіппін. Жастығым малмандай көз жасыммен суланыпты. Бұл қандай түс өзі? Түсімді жорып беріңізші, әжетай!» Осы жерде драматург түс туралы детальді жақсы қолданған. Оны қазақтың әдебиетші ғалымдары да өз еңбектерінде жақсы жеткізген. Ғалым Болат Шарахымбайдың еңбектерінен осы жайға көптеп қанықтым. Ая Өміртайдың Егемен Қазақстан газетіне жазған мақаласында: "Қазақ халқы ғана емес, көптеген халықтардың наным-сенімінде түс көру мен түс жорудың өте бір маңызды орын алатынын білеміз. Жалпы, халық танымындағы түс көрудің адам санасынан бастау алып, рухани ішкі жан-дүниесімен тығыз байланысып кеткен психологиялық үдерістерді тап басудағы маңызы орасан. Халықтық, адамзаттық түс көру сарыны көркемдік тәсіл ретінде қазақтың сөз өнерінде о бастан-ақ берік орныққан. Сондықтан көркемдік санадағы рухани ізденістер сабақтастығы кім кімді де қызықтырары анық.
Түстер мен шындық арасындағы байланыстар ауыз әдебиетінен бастап, бүгінгі көркем әдебиетімізде көркемдік категориялар тұрғысынан қарастырылып келеді. Мәселен, Абылай ханның көрген түсі жеке адамның талап-тілегінен туындаған құбылыстан гөрі, қилы кезеңді басынан кешкен халықтың ішкі бекінісінен, қауіптенуінен туған тұстас картина сияқты. «Түсімде шатырымның алдында бір жолбарыс келіп шөгіп жатып алды, бұл не қылған жолбарыс деп таңғалып қарап едім, әлгі жолбарысым аю болып кетті. Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып кетті деп, екінші қарағанымда қасқыр болып, онан соң түлкі, ақырында қоян болып кетті. Осы көргендеріме таңғалып жатқанымда оянып кеттім», деп баяндалатын хан түсі небір ғажайып қисынмен бүгінге жеткен екен. Қазақ эпостарындағы түс көру мәселелері жайында ғалым Г. Пірәлиеваның; «Белгілі бір қауіп-қатерден хабар беретін аруақты бабалардың аян беру түстері мен одан кейінгі кейіпкер көңілін нілдей бұзатын психологиялық жағдайы, болашақтағы қалыңдығына қолы жетер-жетпесі туралы хабар береді» деген пікірі түс көру мотивін бас кейіпкерлердің іс-әрекетіне құрылатынын аңғартады. Ғашықтық жырлардың тұрақты композициялық тәсілі ретінде «Жүсіп-Зылихада», «Сейфүлмәлікте» де аталған жағдай қылаң беретін. Сол сияқты «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» және өзге де жырлардағы түс көру сарынының орны айрықша. Ал, кейінгі дәуір жазушылары түс сипаттамаларын көрнекі эстетикамен астастырады. Жуырда филолог және әдебиет сыншысы Вера Савельеваның әдебиеттегі түстер жайлы мақаласы жарық көрді. «Бақытымызға орай немесе өкінішімізге қарай, түс – бұл ми көрсететін, бірақ бір ғана көрерменге арналған фильм екенін мойындауымыз керек» дейді автор. Студент кезінен бастап жұрттың көрген түсін жинап, талдап жүрген ғалымның аталған еңбегі біздің де аз-кем көрген түсімізді еске түсіріп жіберді" деген жолдар бар.
Ежелгі Египетте табылған папируста «Құдай көзді қараңғылықта ұйықтап жатқан адамға жол көрсету үшін түсті жаратты» деп жазылыпты. Ұйқыны зерттеу жөніндегі Еуропа және Америка қоғамы мүшесі, биология ғылымдарының докторы Владимир Ковалзон: «Түс – бұл белгілі бір полиграфиялық суреттердің циклдер, фазалар мен кезеңдер түрінде табиғи дәйекті өзгеруімен сипатталатын адам ағзасының және өзге де жануарлардың (яғни сүтқоректілер мен құстардың) ерекше генетикалық күйі» деген ғылыми анықтама береді. Иә, түстерді туғызатын бір адамның ішкі көзқарасы мен көрнекі жады. Көзбен көруіміз қаншалықты шектеулі болса, ішкі көруіміздің көкжиегі соншалықты шексіз. Ақын Вадим Шефнердің «Біз қалаған түсті көрем демеңіз, Түс қалаған жайды ғана көреміз» деп жазғанындай, түс жеке адамның санасындағы сәулелі қорытынды, алдағы күндерге бағыт алған сәуегейлік. Осы тұрғыдан алғанда, Маржан Ершудің Айша бибіге болатын оқиғаны түс көру арқылы алдын-ала сездіруінің өзі дараматургтің тапқырлығы, сәтті көркемдік шешімі. Бабажынның түсті жорудан бас тартуы, Айша бибінің жұлдызшыны шақырып, түсін жорыту туралы ұсынысы оқырманды ойға жетелейді. Ал, Айша мен қыздардың әніндегі «Сұрадым гүлден де, сұрадым желден де» деген қайталаулар оқырман көңіліндегі күдікті сейілткендей әсер ететіні ақиқат. Үшінші бөлімде Қарахан мемлекеті, сарай іші көрініс табады екен. Уәзірлер мен жауынгерлер, Елшінің ортаға келуі дәл бір орта ғасырларға сүйрей жөнелгендей. Өз жүрегінің түкпіріндегі сезімге жауап іздеген мемлекет басшысы, патша Қарахан, батыр Қарахан, қарапайым жігіт Қарахан әр қырынан көрініп, оқырманды соңынан ерте түседі. Ал, төртінші көріністегі орта ғасырлық базар, саудагерлер де өте нанымды көрініс тапқан. Өзінің патша екенін білдірмей, қарапайым бай адамның киімін киген Қараханның саудагерлермен диалогы, саудагерлерді алтын ділдә беріп жарылқауы – кейіпкердің басынан бағы кетпеген нағыз жеті атасынан дәулеті үзілмеген жан екенінен хабар бергендей-ау. Батыр тұлғалы сымбатты жігітке жақсыжамандардың, саудагерлердің, қыз-келіншектердің, тіпті шайтанның қызы Шорайнаның да көзі қадалады. Дәл осы жерден бастап, оқиға шиыршық атып, шиеленісе бастайды.Бірақ Қараханның көзі Айшаға ғана түседі, одан басқа ешкім жоқтай күй кешеді. Ал,Қарахан мен Дуананың диалогында да мистикалық ерекше сипат бар екені сөзсіз: «Қарахан (күбірлеп): Ажары атқан таңдай, ақша маңдай, сүмбі талдай бұралған бұл перизат кім болды екен?
Дуана: Мырзам, бұл қарлығаш қасы қиылған, тал шыбықтай бұралған, Көне Тараздың өрнегіндей көркем Айша сұлу. Бұл шаһардағы Хакім атаның жан дегенде жалғыз қызы. Көргенде арманда, көрмегенде арманда Айша сұлу!»
Осы жерде : «ортаға Қарахан мен бір жігіт шығып, белдесе кетеді. Қаумалаған жұрт «Өй, бәрекелді! Жарайсыңдар» деп айғайласып тұрады. Екі батырдың белдесу сайысы би түрінде өтеді. Бұл белдесу сайысында Қарахан жеңеді. Жігіттер күреседі. Музыка». Драматургтің тарихқа соншама жетік екені сезіліп-ақ тұр.
«Белдескенде алдына жан салмаған, қылыштасқанда қарсыласының үрейін қашырған Қарахан батыр – бүгінгі салтанаттың сыйлы қонағы. Құрметтейік батырды. (Қараханға Айша бастаған қыз-келіншектер бұлғын ішік, алтын, күміс қобдишаларды әкеліп жатады. Айша мен Қарахан бір-біріне көз алмай бір сәт қарап қалады. Айша төмен қарап жүре береді)». Драматургияда әр қимыл, бет әлпетіндегі мимика сөздің орнына жүретінін оқырман жақсы біледі деген ойдамыз. Бұл жерде де суреткердің қиялының жүйріктігі, шежірені, орта ғасырлар тарихын жадына жаттағаны көрініп, сөз болып өріліп тұр
«Қарахан (бір-екі аттап тоқтай қалады да, күбірлеп):
Айша сұлу!
Ғашықпын! Тілсізбін! О, Құдайым!
Жас толды жүрегіме, неғылайын?!
Мендегі аппақ сезімді – махаббатты
Сезбейді-ау асыл айым» Қараханның бұл өлеңі – іштегі ғашықтық дертінің дәлелі. Жан сырымды сезермісің деп аһ ұрған ғашық жігіт жүрек сырын арнаған аруын айдың нұрына, күн сәулесіне, дүниенің бар сұлулығына, құстың үніне теңейді. Автордың ақындық таланты да дәл осы жерде айқын көрініп тұрғандай. Бесінші көріністе қос ғашықтың кездесуіне куә боласыз. Жүректі секем алдырған көрініс арқылы: «Екеуі бір-біріне жақындап келе жатқанда, орталарынан жорғалай шайтанның қызы Шорайна өтіп кетеді. Шорайна «Мен –шайтанмын, шайтанмын! Ха-ха! Түлкі жүрмес түлейден түнде жортып өтем деймісің, Айшажан! Ха-ха!» – ха-халап күліп айқайлап кетеді. Артында шаң қалады. Айша сүріне жаздап, жүреді алға қарай. Шорайнаны екеуі де көрмейді» деп драматург алда болатын бақытсыздықты, оған осы бір Шорайнаның себеп болатынын алдын ала сездіргендей. Қос ғашықтың ортасынан шайтанның қызының өтіп кетуі жақсы емес, әрине! Айша мен Қараханның жүрек сырын бөлісуі, оны өлеңмен өруі де сәтті шыққан. Екеуінің қоштасуынан кейін алтыншы көріністе соғысты бейнелейтін қимыл-қозғалыстарға орын беріліпті. Сарбаздардың биі арқылы ұланғайыр кең даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған батыр бабалардың даңқына бас иеді жас ұрпақ! Жетінші көріністе Айшаның сарайы, Бабажын мен Айшаның диалогы, Жұлдызшының келуімен оқиға өрбіп кете береді: «Бабыжын: Қарағым, әбден жүдеп кеттің-ау. Қараханның еліне жаулары соғыс ашқалы да біраз уақыт өтті ғой. Үмітіңді суалтпа, шырағым. Қарахан жеңіспен оралар. Сенің түсіңді жоруға Жұлдызшы да келіпті». Осы диалогтан Қараханның соғысқа кеткенін білеміз. Ал, Жұлдызшының сөзіне де құлақ түріп көрсек: «Жұлдызшы (жайғасып отырады, қолындағы жауырынға қарап ойланады да, Айшаға қарап): Жұлдыздардан түскен бір сызық көріп тұрмын, шырағым! Бұл пәнидегі жолың ұзақ болады екен. Елден асқан парасатты сұлулығың дүниенің төрт бұрышына тарап, Айша атың қадірлі болады екен.
Айша (көңілденіп): Әумин, Ата! Тілегіңіз жақсы екен. Атастырылған жұбайым Қараханнан көптен хабар болма-
ғасын, көңілім сабыр қыла алмай отырған жайым бар еді.
Жұлдызшы (жауырынға қадалып): Қарахан жеңісте жеңгенмен, бір ауырлық көтертпей тұрғанға ұқсайды.
(Айша көңілсізденіп қалады. Орнынан тұрып, әрі-бері жүреді. Ойы сан-саққа жүгірген адамдай толқиды. Сол сәтте Шорайна шайтан құрбы қыз кейпіне түсіп, Айшаға төне түсіп азғыра бастайды).
Шорайна: Әй, Айша, бұл қай жүрісің?! Ұнамай тұр тұрысың! Аттан! Аттан! Жылдам! Жылдам! Қарахан жаралы болғаны ғой. Бөгелме.
Айша: Біссімілла, біссіміллә! А, сен не дейсің? (Айнала бергенде Шорайна көзден ғайып болады). Түс. Түсім де соны аңғартқан ғой. Бабажын әже, әкеме кісі жібер. Мен аттанам Қараханға! Ол жараланып қиналып жатқанда, маған мына тірліктің не мағынасы бар? Мені ең соңғы үмітім сынға алып тұрғандай. Түсінесіңдер ме мені? Қайғылы музыка.» Жұлдызшының аузымен айтылған ауырлық, шайтан қызының азғыруы – шығарманың мистикалық сипатын одан әрі арттырып тұрған деталь. Негізінен ауыз әдебиеті үлгілерінен бастау алып, бүгінге қаймағы бұзылмай жеткен магиялық фольклор – түс көру және оны жору. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырындағы батырдың түс көруі, түсінде Ұлтан құлдың еліне, ата-анасына, сүйген жарына көрсеткен қорлығын көріп, елі мен жерінің алдындағы перзенттік парызын есіне алатынын кім білмейді? Олай болса, осы арқылы Маржан Ершудің біз талдап отырған туындысына барар жолда көп ізденгенін байқауға болады. Сегізінші көріністе Айшаның ата-анасынан сүйген жігіті Қараханды іздеп шығар алдында ақ бата сұрай келуі сөз болады.
Айша мен ата-анасының диалогы арқылы драматург қазақ халқының қыз тәрбиесіндегі ұстанған салты мен дәстүрін анық көрсете білген.
«Айша: Әй, жан әкем, жан әкем,
Мен де сізден туған бір балапан.
Әке, келдім өзіңе
Алыс жолға кетуге,
Қараханға жетуге
Сұрауға келдім ақ бата!
Әкесі (шошып, Айшаны иығынан итеріп жібереді): Бұл не деген мас-қара-лық?!
Айша: Меніңше, әке, жақсыға да, жаманға да кісінің еті үйреніп кетсе – сол масқаралық!
Әкесі: Қараханды іздеп өзім барам дегенді қайдан шығардың, қызым-ау?! Ел-жұрттың алдында мына мені, шешеңді масқаралайын дедің бе?!
Айша: Әкетай, түсінші! Көкірегім қарс айрылып тұрғанда менің де жанымды жұбататын адам табылса ғой.
Әкесі: Жол мұраты -жету деген. Сол жолыңда жол торыған қаныпезер қарақшыға немесе айбат шеккен азулы аңға кезіксең қайтерсің, қарағым?! Райыңнан қайт! (Шығып кетеді)» осы жерде қызы мен әкесінің арақатынасы, қыз балаға деген ортағасырлық көзқарас, қазақы дүние таным алдымыздан шығады. Әкесінің қызын райынан қайтарғысы келіп, батасын бермей шығып кетуі – алда болатын қанды оқиғаның дайындығындай.
«Айша: Жан күйзелісімді аянышты көздердің арасында қалдырғым келмейді, анажан! (Анасын құшақтап жылайды).
Анасы (кемсеңдеп): Қайтейін, құлыным-ай. Бақытыңа асығып тұрсың-ау. Жолыңнан қалма! Жаныңа Бабажындай күтуші ақылшыңды, нөкер қыздарыңды ерт. Жетегіңе Айқасқадай тұлпарыңды, (орнынан тұрып) бабаңнан қалған мына бір алмас қылышты ал! Саған жәрдемі тиер!» қай кезде де ана баласына бақыт тілейді емес пе? Ананың шарасыз қалпы, Айшаға берген ақылы арқылы ананың кең жүрегін тануымызға болады. Әкесінен ақ бата алмаған Айшаның бұл жорықтан оралуының екіталай екенін анасы жүрегімен сезгендей. Анасының қоштасып салған әні соған меңзейді. Шындығында, Айша шайтанның қызының азғыруына ілесіп бара жатыр емес пе?! Айшаның кейінгі тағдырына алаңдаған оқырманның жүрегі сыздап, жаны мұздағандай болатынын да жасырмаймыз.
Тоғызыншы көрініс Қараханды іздеп шыққан Айшаның шайтанның қызы Шорайнамен диалогымен басталады. Сөзбен жеңісе алмаған соң, кезек қылышқа тиіп, екі қыз қылыштасады. Айша жеңіп тұрып, шайтанның қызын өлтірмей кетеді. Өйткені, Айшаның жүрегінен махаббат орын алған, ал махаббат бар жерде жамандыққа орын жоқ. Тек ізгілік пен мейірім ғана бар. Драматург осыны ұқтырғандай.
Келесі сәтте Қараханның жеңіспен оралғанын айтып, сүйінші сұраған Бабажын мен Айшаның диалогы, Айшаның әні оқырманды қанаттандырады. Бірақ Айшаның соңынан қалмаған шайтанның қызы Шорайна жылан бейнесіне еніп Айшаны шағады. Сүйгеніне жетуге асыққан Қараханның алдынан шыққан Шорайнаның өз сезімін білдіруі, Қараханның оны жаралауы, өліп бара жатып та «Айша сенікі болмайды» деп көз жұмуы арқылы сезімнің жақсылыққа да жамандыққа бастайтын екі жүзді қылыштай екенін білдіреді автор. Үзіліп, демі бітіп, әлсіреген Айша мен Қараханның диалогынан махаббат сезімінің адамзат өміріне беретін жарық та нұрлы шуағын сезінуге болады:
«Айша (әлсіз дауыспен):Қарахан, аспан неге қараңғыланып барады? Жұлдыздар шоғыры неге алыстап барады, неге өшіп барады?
Қарахан (Айша бибінің басынан құшақтап егіліп): Асылым, Айшажан! Көктегі жұлдыздар өшетін бе еді?.. Сен де менің төбемдегі жарқыраған жұлдызымсың ғой. Аппақ айымсың ғой, Айша! Айша бибім! Басыңды көтерші.
Айша (басын көтеріп): Ырзамын, саған, Қарахан! Ырзамын. Басы жерге сылқ етіп құлайды. (Азалы, мұңды музыка. Қарахан Айшабибіні көтеріп алады)».
Мюзикл Бабажынның әнімен аяқталады:
«Жыршы дала, жаныма бер жарқын дем,
Көңілімді қызықтырмас алтын-кен.
Жер-Ананың құшағында ұйықтайсың,
Айша бибім, момақан сол қалпыңмен». Осы ән арқылы махаббат сезімі Айша бибі мен Қарахан батыр кесенесін, бүкіл қазақ даласын тербетіп тұрғандай.
Мюзиклде махаббат пен сатқындық, адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандықтың күресі Айша мен Шорайнаның бейнесі арқылы берілген. Шайтанның қызын жұрт қорқып, сескеніп қана еске алса, Айша бибі күмбезі арқылы Айша мен Қараханның махаббатын жыр етіп, ұрпақтың құлағына құйып тұрғандай. Мюзикл - өте сәтті жазылған туынды.