Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Тұрысбек СӘУКЕТАЙ: "Мен - жындымын" (роман)

                                                                         "Мен  –  жындымын" романына
                                                                                         АННОТАЦИЯ
 
   Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұрысбек Сәукетайдың траги-комедиялық сарында жазылған бұл романы өзінің көркемдік тосын сипатымен ерекшеленеді. Шындық пен қиял, өң мен түс, әжуа мен мұң, мистика...  мидай араласып, окушыны сан қилы шарпысқан сезімге бөлейді. Күлесіз, күрсінесіз, өмір басқаша бір өң-бояумен құбылып көз алдыңыздан өтіп жатқандай күй кешесіз.
   Бас кейіпкер Тауфих  – болашағынан зор үміт күттірген білімді азамат, білікті маман. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезеңде жұмыссыз қалып, біраз сергелдеңге түседі. Бір күні кездейсоқ басынан ауыр жарақаттанып, өлім мен өмір арасында ұзақ арпалысады. Ауруханадан басқа адам боп шығады: бәрі бәз-баяғыша, бірақ бұған бәрі басқаша боп көрінеді, айналадағы тіршілік құбылысын өзгеше ұғынады, өзгеше сезінеді. Күндердің-күнінде Қара шал –  Абайдың аруағы елестеп, оған аян береді. "Қолыңа қалам ал, жаз!" дейді. Абай құлағына сыбырлап тұрған сөздің бәрі көкірегінде бұлқынып, тұншығып жатқан, айта алмай жүрген өз сөзі, өз ойы. Аз жылдың ішінде том-том роман жазып тастайды. Бірақ "жаңа Маркес мен болам, әлемдік даңққа бөленем" деп лепріген көңілі су сепкендей басылады... 


   Әділетсіз қоғамның шеңберіне сыймаған шын таланттың шырғалаң тағдыры арқылы жазушы рухани-әлеуметтік болмысымыздың қалтарыс-қатпарына ой сәулесін түсіріп, оқушы көкірегіндегі сан-алуан сауалға түрткі салады. 
   Шығарма 2016 жылы "Алтын Қалам" конкурсында  "Үздік роман" номинациясы бойынша Бас жүлде алған. "Сарпайшықтың" оқырмандарының назарына романнан үзінді ұсынуды жөн көрдік.
      
                                                                                                ПРОЛОГ
                                                                              немесе көшірушінің алғысөзі

"КТК" арнасынан кешкілік жаңалықтарды қарап отырғанмын. Әдеттегідей, жер-көктегі жамандықты жиып-теріп көрсетіп жатыр: Павлодарда сегіз жасар сәбиді зорлап өлтірген педофил ұсталыпты... Жамбыл облысында бір әйел жаңа туған нәрестесін жол бойындағы дәретханаға тастап кетіпті... Бірінен бірі өтеді.
– Бұ дүние не боп барады өзі?!. – дедім күрсіне күбірлеп. –  Осылардың-ақ көрсетпейтіні жоқ!
Екі қолын кеудесіне айқастырып, есіктің көзіне бір қырын сүйеніп тұрған студент ұлым күңк ете түсті:
– Олардың не кінәсі бар? Өмір солай болса!
– Солай екен деп, бәрін көрсете беру керек пе бадырайтып? Қарашы, осының несі жақсы?
– Жаман екен деп айтпау керек пе, көрсетпеу керек пе? Сіздер әбден өтірікке үйренгенсіздер... 
– Шындықтың да айтатыны бар, айтпайтыны бар.
– Сіздерше, "па, шіркін, біздің өмір тамаша!" деп жүре беру керек қой  екі көзді тарс жұмып? Ой, папаша, вас непереубедишь!..
  Көңілім құлазып тұрып кетейін дегем, өз дауысын өзі тамашалағандай көмейінен күмбірлеп екпіндете сөйлеген қарға бойлы, қауға сақал диктор бір жұтынып алып: "Бүгін Алматыдағы "Жомарт" базарында жан түршігерлік оқиға болды. Тапа-тал түсте "Т" деген азамат..." диктордың дауысымен ілесіп экран бетіне қалқып шыға келген суретті көргенде, жүрегім тас төбеме шықты. "Сол!.." 
– Мә-ә, мынау әлгі сенің досың ғой... ой, бейшара! – деді тырнағын егелеп, диванның ортасында үйелеген әйелім жайбарақат.
Түнімен көзім ілінбеді. Таңертең шайымды шала-шарпы іше салып, базарға тарттым. Күзетші жігіт көз алдындағы болған оқиғадан әлі есін жимағандай, темекісін үсті-үстіне сорып, басын шайқай береді. 
– Сіз кім боласыз? – деді.
– Жолдасы едім.
– Киім-кешегін жинап қойдым. Алып кетесіз бе?
– Иә.
Дүңгіршекке кірдік. 
– Жазып жүретін қағаздары болушы еді ғой?
– А, міне... – Жігіт тамақ ішетін үстелдің суырмасынан "Канцелярская книга" деген қатырма мұқабалы, жуан, сары журналды алып берді. Дүңгіршектің іші қапырық. Пердесіз терезеден күн көзі шақырайып тұр. Не жазды екен деген әуестік билеп, көлеңкесі отау үйдің орнындай дөңгеленген үйеңкінің түбіндегі орындыққа барып жайғастым да, журналға үңілдім... 
    
                                                                                         Министр боламын
Е–е, беу, қайран күндерім-ай, қолдан шыққан бұлдырықтай пыр етіп ұштың да кеттің-ау! Сағымға сіңіп жоғалсаңдар да сағынышты елесің көңіл түкпірінен өшер ме әсте.  Иә, бір кезде тәп-тәуір экономист едім, жоқ, жәй ғана тәуір емес, «мына бала аман болса, бір жерден бұзып-жарып шығады әлі»  деп талайлар тайқы маңдайыма тақ еткізіп мөр басып, тағдырымды айқындап қойған жә деген мықтының өзі едім. Әйгілі «Нархозды» қол күйдіретіндей қып-қызыл дипломмен бітіріп, одан да  айбыны асқан «Плехановканың» аспирантурасына жолдама беріп тұрғанда, «білім онсыз да миымды шертіп лықылдап тұр, тағы қосылса, Эйнштейндікіндей қауашағымды жарып кетер» дегендей кегежем кері тартып, бармай  қойғанмын. Ләкин, оныма титтей де  өкінбеймін. «Бізге кел, бізге кел!» деп тәтті тоқаштың шетін шығарып қызықтырған көп мекеменің шекесінен шертіп жүріп, Алматыдағы әйдік өндіріс тресіне экономист болып орналастым. Ол кезде өмірдің таразысы әділдеу, аз да болса қабілет-қарымыңды бағалаушы еді ғой. Екі айдан соң бас маман ғып өсірді. Келіншегім екеуміз үйлене сап жылға жеткізбей патриоттық ұлы сезіммен: «Уа, Отан, қабыл ал біздің сыйымызды!» деп, егіз ұл-қызды жарқ еткізіп жарық дүниеге әкелген соң, кәсіподақ пен трест басшылары: «Оһо, біздің жас маманның жұмыста ғана емес, махаббат майданынындағы екпіні де қатты екен, жүдә-ә» деп, шампан атып, қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтердің кілтін ұстатқан. «Әзірге осында тұра тұрыңдар, жақсы бастамаларың жалғасын тауып жатса, тағы да көрерміз» деген тілеулестік танытып. 
Өкінішке орай, біз басшылардың үлкен үмітін ақтай алмадық. Һаял қыңқылдап: «құрсын, мына қарқынымызбен отыз беске жетпей «Алтын алқа» тағып жүрсем, өлә, елден ұят-тағы-ы!» деп бетін шымшып шиедей қылған соң, «мировойға» келіп, тағы бір баладан кейін тормоз басып, тоқтап қалдық. Қысқасы, «Алтын алқаға» ұмтылмай, түнде тыныш жатып, ұйқыны қандырып, тың күшпен білек сыбана Отанға қызмет етейік деп құлшынып жүргенде, Совет үкіметі бар болғыр, бұршақ ұрған көтерем тоқтыдай, бір-ақ күнде тыраң етіп тырапай асқаны Құдай атып! Танктің үстіне шығып Кремльлге басып кірген өр мінез Барыс деген тентек патша бұрынғы отарлардың бәріне еркіндік берді, «ойбай, бізге азаттық керек емес, мәңгілік бірге боламыз деп  ит терісіне мөр басып қатын патшаға берген антымыз бар!» деп аяғын құшақтап жатып алғандарды «кет, к ебене мәтери!» деп көтеннен бір-ақ тепті. Біздің көреген көсемдер де Қызыл өкіметті иттің етінен жек көреді екен дә, жүдә, осы күнге қашан жетеміз деп іштеріне қан қатып, «фигаларын» «мә, қоңқай!» деп қалталарының ішіннен шығарып әзер шыдап жүрсе керек, сол күні-ақ қып-қызыл партбилеттерін қып-қызыл отқа лақтырған. 
Ескімен аяусыз күрес басталып бір кетті дерсің: социализмнің құбыжық көрінісі деп завод-фабрикаларды жапты, колхоз-совхоз түгелдей таратылды. Шіркін, қандай данышпандық көрегендік десеңші. Расында да айналаға қара түтін, у бүркіп  экологияны құртатын завод-фабриканың не қажеті бар? Табын-табын сиыр, отар-отар қой-ешкі ұстап, мал басын елу миллионға жеткізем деп тыраштану да ақымақтық. Етті көп жесең, холестеринің көбейіп тез өлесің. Әркім өз қажетіне лайық өз малын өзі бақсын, аштан өле ме, майға тойып аурудан өле ме, өзі білсін, шорту! Әзірге Қытайдың арзан тауарын талғажу ете тұрамыз. Жапон, Израиль, Еуропаның білгірлерінен үйреніп, күн, желдің иен-тегін энергиясын пайдалану арқылы өндірісімізді жедел дамытамыз да, Шығыс Азия барыстары сияқты, әлемнің ең озық отыз елі өрмелеп бара жатқан  өркениеттің  арайлы асқар шыңына бір-ақ қарғимыз!.. Қандай керемет шешім!
Біздің трест те жабылды. Біраз жұрт «енді қайттік?» деп абыржығанмен, өзімнің басымдағы жаман тымағым алшысынан – қалай дегенмен патриот емеспін бе, «азат болдық» деген бір ауыз сөз мың-сан байлықтың өтеуіндей көкірегімді қыз-қыз қайнатып, уайым-қайғы ойлатқан жоқ. Газет оқимын да есінеймін, телевизор қараймын да ұйықтаймын. Басқа не істейсің? Шіркін, тегін тамақ табылып тұрса, рахат деген осы емес пе.
Бұл үйде жібі түзу бір зат жоқ, бәрі қисық-қыңыр: аузы қисайған сыртқы есіктің қиюына саусақ сиып кетеді – қысты күні газет тығып қоямыз; қолжуғыштың шүмегінен су тоқтамайды; шкафтардың  қақпағы қитардың көзіндей бірі айға, бірі сайға қарайды... осыларды көрген сайын әйел байқұс: «Бұл қараң қалғырдың үйінде еркек жоқ, қолдары теріс біткен!» деп бір күңкілдеп қояды.
Кешкілік балалар шала мүжіген «тәщәктің» сүйектерін  алдыма үйіп қойып, қатынның «не көрінді, байқұс, итке де бірдеңе қалсын да» деген қыжыртпасына  қарамай, шетінен  қытырлата қылтанақ қалдырмай малжаңдап отыр едім, тоңазытқыштың үстінде тұрған жүз жылғы лақса «Горизонт» тағы қояншығы ұстап, жыпылықтай  бастаған соң, үлкен ұлым әдеттегідей төбесінен бір періп, көзін бағжаң еткізіді. Экран сәл дірілдеп тұрды да, тұңғиығынан бір шытынаған жылтыр шеке сүзіліп шыға келді. Қолымдағы тоқпан жіліктің жуан басы аузыма жетпей қаңтарылып қалды. «Өй, мынау Мақаш қой, Мақаш!» Қамалап, микрофондарын аузына тықпалаған журналистерге интервью беріп тұр. Мәс-са-аған безгелдек, министр болыпты! Жағым салбырап, аңқиып қалған аузыма торғай кіріп кетсе де сезер емеспін. «Қарай гөр жаман немені! Менің қоластымда істеген. Қара сөмкесі салпақтап, бізге арақ тасып жүруші еді. Сусылдаған сөзі болмаса, іске татырлық білік-білімі жоқ, шала сауат көп сұрқылтайдың бірі. Оның жанында мына мен... мен деген!..» Әйелімді кейде жақсы көріп, өзімсініп әсерленіп кеткенде: «әй, қатын» деп еркелетіп, басқа уақытта Пайғамбар әулеті – қожаның тұқымы болғандықтан ресми түрде «һаял» деп әспеттейтінмін. Сол әдетіммен: 
 – Әй, қатын! – дедім дауысым қалай қатты шығып кеткенін аңдамай. Қарсы алдымда отырған  әйелім жалт қарап , қабағын қайшылады:
 – Не болды айдалада отырғандай айғайлап, бір жеріңе біреу біз сұғып алды ма? 
 – Мен  министр болам! – дедім ентігіп. Шашына қына жағып, басына целлофан қалта киіп алған әйелім онсыз да бадырайған томпақ көзі алая-алая  стаканның аузындай боп бетіме үнсіз қадалды, көзімнен ештеңе ұқпасаң, онда мынаны көріп ал дегендей, екі саусағының арасынан бояу жұққан қып-қызыл басбармағын қайқайтты. Волга бойында туып, орыс арасында өскендіктен  ойындағысын іркілмей тура айта сап, кейде осындай бейпіл қылық көрсететіні де бар.
 – Неге? – деппін абыржып қап. – Мақаш болғанда, мен неге болмайды екем? 
– Оның қатыны кімнің қызы екенін білесің бе?
– Білем.
– Білсең – сол!
Ары қарай дауды өршіткем жоқ. Бұл әйел деген қызық халық қой. Бәрін өздерінің шолақ ақылымен өлшеп-пішеді. «Пәленшенің түгеншесі деп, барлық жерге Мақаш сияқтыларды  ала береді дей ме екен? Онда мемлекет қирамай ма! Вот, надан қатынның сображаловкасы, а!..» Айтуға бата алмай, қарсылығымды күжірейген желкеммен білдіріп теріс айналдым.

                                                                                                       "Ғажапстанға саяхат"

   Мақаштың шарықтап өсіп кеткеніне ішім қыжылдап әлдекімге өкпелейтін сияқтымын, соған қоса әлдебір бұлыңғыр дәме  бұлаңытып емексітетіндей де. «Мен сияқты алтын басты маман далада жатқан жоқ. Бір қолын екі ете алмай отырған Үкімет ертең өзі-ақ «қайдасың, көке!» деп іздеу салар. Тұра-тұр бәлем, сонда «министрден төмен жұмысқа бармаймын» деп шіренермін-ау!» деп қиялыма тоғайып, шалқамнан түсіп жаттым да алдым. Бір бүйрегіме өкпені, бір бүйрегіме дәмені бұлтитып тығып алам да, күні бойы белі түскен көк диванның кәрі сүйегін сықырлатып, оң жамбасыма –бір, сол жамбасыма бір дөңбекшимін кеп. Бір күні телефон шыр етіп: «Пәленшеке, сізді Үкімет Аппаратынан іздеп жатыр, қосайын» дейтіндей, не біреу есік қағып, Әкімшіліктен іздеп келетіндей күні бойы елеңдеп елегізумен боламын.
   Жатқан адамға уақыт өте ме? Іш пысқан соң ермек етіп радио тыңдаймын, екі данасын  бірдей күнде есікке тегін қыстырып кететін етектей «Егеменді» оқимын. Бір тепсінген өлермен дауыс аузын толтыра балп-балп етіп, Яссауидің басына тәу ете келген дүниежүзі қазақтары Құрылтайы делегаттарының алдында: «Уа, ағайын, ақ түйенің қарыны жарылды деген осы емес пе. Осындайда қалпағымызды аспанға атпағанда қашан қуанамыз. Бүінгі таңда елімізді бүкіл әлем мойындап отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болдық. Осының бәрі дана басшылықтың арқасы. Құдайшылығын айтыңдаршы, Абылай заманында да  қазақ осындай мәртебеге жетіп пе еді, а?!!» деп алқына өзеурейді. «Өй, қырт! – деймін қарқылдаған дауысыма ие бола алмай. – Абылайдың заманында Біріккен Ұлттар Ұйымы болып па екен!» Ішімді басып бір сағат күлген шығармын. Ішегім түйіленше солқылдадым, ескі диван серіппесі қырқ-қырқ етіп, «солай-солай» дегендей қоса селкілдеді. Расында да қызық. Аристофан комедияларын тамашалағанда да мұндай күлкіге батпассың. Өзіме жақсы болды, тыңдаймын да тырқылдаймын, оқимын да қарқылдаймын, ертелі-кеш сылқ-сылқ күліп жата беремін.
   Бірте-бірте күлкім азайып, аузымның аңқайып ашылуы көбейе бастады. Радионы тыңдап отырсам, «Егеменді» оқып отырсам, мә-ә, керемет: Қазақстан дегенің  «Байқоңырдан» гептилін жұпардай  бұрқыратып ұшқан орыстың «Протонындай» шарықтап, прогрестің жарқын жолымен зымырап барады екен, көктемгі гүлбақшадай гүл-гүл жайнап құлпырып кетіпті, жүдә-ә! Украина, Эмират, Чехия... дегендерің «мә-піш!» Мына екпінімен әлем тамсанатын Әмірикаңның өзін қуып жетіп, көтке бір теуіп етпетінен омақастырмаса не дерсің! Тек мен ғана өзімнің кертартпа, кежір ойларыммен бықсып-борсып ескі өмірдің жұртында, ескі диванның үстінде аяқ-қолым тырбаңдап қалып қойыппын-ау, нұқыл! 
Апалақтап, мен де нұрлы көшке ілесейін деп сұп-суық сұрқай үйден атып шығып, Өмірге қарадым. Қарадым да көріп тұрғаныма сенбей, көзәйнек киіп қайта қарадым. Жоқ, бәз-баяғы сол қалпы: қоқыс қопарыстырған бомждардың қарасы көбеймесе азаймаған. Қалпағын жерге төңкеріп домбырамен ән айтып, сырнай шалып, арлы-берлі өтккендерге телмеңдеген кешегі кеудесі аяққаптай Халық артистері. Стадионның алдына барып ем, бір қора тәртіп сақшылары машинадан топ етіп түсе-түсе қалды да, әр жерде шоқайып шемішке сатып отырған тісі жоқ кемпірлерді, алба-жұлба қыз-келіншектерді ойбайлатып қуа жөнелді. «Егемендідегі» әдемі елесті іздеп Битбазарға барсам да, Саинға барсам да – сол баяғы сурет... шаршап-шалдығып үйге келдім де, ескі диванның бел ортасындағы бөксеммен үйкей-үйкей дөңгелентіп ұя сап алған, жез легенннің аузындай шұңқырға құйрығымды көміп, қайтадан қисая кеттім. Енді радио тыңдағанды, «Еемендіні» оқығанды қойдым. Алданғаным үшін екеуіне де өкпелеп қалдым. «Қазақ ертегілері» деген қалың кітаптің ішін алып тастадым да, «Егемендінің» күнде келгенін күнде қаттап, мұқабаның ішіне сала бердім – кейінгі балаларға да ертегі керек қой. Ертең немерелерім: «Ата, қазақта «Тазша бала», «Қаңбақ шалдан» басқа ертегі жоқ па осы? Қазіргі заманғы ертегілер қайда?» деп сұраса, «О не дегенің, жаным.  Ертегінің көкесі, міне, мынау – «Ғажапстанға саяхат» деп аталады. Мә, оқи ғой!» деп мақтанышпен ұсынбаймын ба.
   Белі шоңқиған диванның кәрі сүйегін сықырлатып бір ай жаттым, екі ай аунадым... Ұйқы деген бір үйренсең, хордың қызының құшағындай шымырлатып өзіне тарта беретін бір сиқыр екен. Қисая кетсем, қор ете түсемін. 
Бір күні, әдеттегідей емес, серпіле ашылып, сарт етіп қатты жабылған есіктің құлақ қыршыған дабысынан селк етіп оянып кеттім. Һаялым жұлқына басып, сөйлей кірді:
   – Ей, «министр», осы сенікі не жатыс, а? Екі айдан бері жанбасың тесілген жоқ па? Бордақылаған мегежіндей тоңқайып қашанғы жатасың?!!
«Ән-нәні қара! Қазақшасы мірдің оғындай деймін өзінің. Кеше ғана балаларды әлдилегенде «шілдің, шілдің, шілдің-ай» дегеннен басқа ештеңені білмеуші еді. Баяғыда осы кенже ұлым туғанда, патриоттығым ұстап, таза қазақша болсын деп, атын Қошқарбек қойғанмын. Ол не мағына білдіреді деп сұрағанда, "обшым, қойлардың күйеуі деген сөз" деп түсіндіргем. Сол жерде шалқасынан еденге шарқ ете түсіп, жарты сағат талып жатқан. Енді, міне, сөзін көрмейсің бе!"
  – Е, не боп қалды? – дедім дөңкиген бөксемді ыңғайсыздана бір сипап, орнымнан үрпие түрегелдім.
  – Жұмыстан шығарып жіберді!
  – Жұмыстан?.. Ылғи тура жүрем дейсің, тіке сөйлейсің. Мінезің бірбеткей...
  – Причем тут мінез? Кітапхананы жауып тастады! Хана, все! – деді ашу қысқандағы әдетімен орысшаға көшіп. – Какому-то пузану нужен офис!
«Е, қазір кім кітапті керек қылады нан таба алмай жүргенде. Ол да дұрыс қой» деп, Қожанәсір атамша, кері тарта ішімнен күңк еттім де, көңілін ауламақ боп:
  – Үкімет өлтірмес, – дедім.
  – Не айтып тұрсың-ей, ләу-ләу? Өлтірмейтін үкіметің өзі өліп қалған жоқ па?
«Е, солай екен-ау» дегендей, сәл аңтарылып тұрып қалдым да:
  – Жә, бір жөні болар. Құдай өлтірмес! – дедім.
Әйелім жалт қарап, «Әй, қайдам, соныңа да сенбедім-ауды» көзінің қиығымен сүйреп, үндеместен бөлмесіне кіріп кетті.
   Содан һаял үйде отырып алып күнде құлағымның құрыш етін жейтін болды:
  – Әй, «министр», өстіп отыра бересің бе? Тірлік қылсаңшы, еркек емессің бе!
«Еркектігіммен не істеймін? Сайқалдар тұрған «Саинға» барам ба? Ұрлық қылайын ба? Біреуді өлтірейін бе? Не қыламын басқа, ойбай?!!»
  –  ... Екеуміз бірдей талтайып отырғанда, мына көгенкөздерді кім асырайды? Мектебі бар, киім-кешегі бар дегендей...
Дұп-дұрыс айтады. Не дерімді білмеймін. Қара шайды қылқ-қылқ жұтып, кәсенің ернеуінен көзімді көтермей қара терге түсемін.
  – Жаныңды баға алмай отырып, намыс сенің не теңің? Қазір ешкіні – апа, текені жезде деп ылдалдап күн көрудің заманы. Оданда ана министр досыңа звонда.
  – Кімге? Мақашқа ма-а?!! – дедім ішегімді тартып.
  – Иә, Мәкәшкә-ә! Макашка – не какашка! ¬ Мақаш – ми-нистр-р! Тақияңа тар келіп тұр ма? Қанша дегенмен көзкөрген. Жұмыс тауып бер де.
  – Құрысын! Кешегі арақ тасып, аға-көке деп жүрген шантрапай емес пе! Оған жалынғанша өлгенім артық!
  – Ендеше өл!

                                                                                        Қатыны түскір көрсе ғой

    Әсілі, еңбектен, шаршап-шалдығудан адамның тәні тез тозады деген қыртылбай сөз бе деп қалдым. Керісінше, түк істемей, қорылдап ұйықтап, аунақшып жата берген кісі тез қартаятын сияқты. Кейде диванның аяқ жағындағы бір бұрышы кетілген шарайнаға көзім түскенде, өзімді-өзім танымай таң-тамаша боп отырамын. Құдай-ау, мен осындай ма едім? Бет-аузым алжа-алжа. Шала сығып, сілікпей кептіре салған шүберектей. Күлтілдеген ісіктен көзімнің жартысы ғана сығыраяды. Тозып, ескірген жат біреу: «сен кімсің-ей?» дегендей, қарсы алдымда ербиіп тұр. Кешегі әжімсіз жарқыраған ажарым, жай оты ойнап жайнаң қаққан көздерім қайда? Осындай  мыжырайған күйде анамның етегінен топ ете түсіп пе едім? Жоқ, достар! Кезінде сері де, пері де болғанбыз. Бұл көкең едірейтіп мұрт та қойған. Жәй мұрт емес-ау – Буденныйдың мұрты! Маймен сылап, шалғысын шиырғанда, екі ұшы құлақ түбін түртіп қайтып-түртіп қайтып тұратын. Кейбіреулер «текенің мүйізіндей едірейтпей құртшы андағыңды!» дейтін жақтырмай. Неге құртады екем? Ең бастысы – әйеліме ұнайды. «Сені алғаш көргенде, осы мұртыңа көзім түскен, очень оригинальный, өзіңе бек жарасады!» дейді. Кейде: «Құрсын, бабы қиын, лактің соры, артық шығын қылмай алып тастаймын» десем, баж ете түсетін: «Осыдан мұртыңды алсаң, айтпады деме, тура өлемін не ажырасамын!» дейтін. Анау бір жылдары трестегі кассир қызбен әуейі боп, көңіліме шайтан кірген кезде, «Осы қатын шынымен қата қалар ме екен, әлде ажырасам деп байбалам салса, сыныққа – сылтау, қисая салуға жақсы" деп, мұртымды қырып тастап ем, қайда-ағы өлген, қайда-ағы ажырасқан: «Өй, жасарып шыға келдің ғой, прямо. Мұртың құрсын!» дегені. Е, сол күндердің елесі  мына қыржиған беттің қай қыртысында қалғаны белгісіз...
    Бір күні көзәйнек киіп, тегін келетін жарнамалық қызыл-ала, көк-ала көп газеттердің біріне қаламының ұшын шұқшитып отырған һаял:
   – Әй, «министр», бері кел, мен саған жұмыс таптым! – деді мен жаққа бұрылып қарамастан. «Қандай жұмыс?» деуге батылым жеткен жоқ. «Болды, бітті, барсаң да ¬– ¬барасың, бармасаң да – барасың» деген үзілді-кесілді әмірлі дауыс еді. Шалбар тоздырып жүргенмен бұрынғыдай айбын-ажар жоқ. Балалардың көжесіне таласып, үйде омалып отырған еркекте қайбір аптариха болсын. Жүнжіп-жасып қалады екенсің, нұқыл. «Ләббай, тақсыр» дегендей, үнсіз елп етіп тұрып, емпеңдеп қасына жетіп бардым.
   – Міне, «Сико» деген фирмаға бухгалтер-экономист керек екен. Тура қазір бар!.. Не, әлде министрдің портфелі емес деп қомсынып тұрсың ба?
   – Жо-жоқ, барам!..
   Апыл-ғұпыл  мұрынымның ұшы әзер көрінетіндей қау боп өсіп кеткен  сақал-мұртымды алып, иісмайымды бұрқырата  жағып, емпеңдеп жүгіріп кеттім. Жақын жер, үш-ақ аялдама, жаяу барып-кеп тұруға қолай. Автобуста билет алғанды шығынсынып, кондукторды қалай алдаймын, конролер қай жақтан сап ете  қалар екен деп тақымыңды үйкелеп, қылпылдап тұрмайсың. Әрі қан таратып жаяу жүрген де пайдалы дейді ғой... Осы плюстің бәрін шотқа қағып, жұмысқа  ілігіп кетсем жақсы болар еді деп, шала білетін дұғамды оқып, қысылғанда болмаса, көп еске ала бермейтін Аллаекеме  ішімнен мың қайтара жалбарынып келемін.
   «Сико» Қытайдан тауар әкеліп, көтерме саудамен айналысатын фирма екен. Бұрынғы бала-бақша үйінің бір қанатына орналасыпты. Офисі де, қоймасы да осында. Кең дәлізде ашық тұрған есіктердің біріне кіріп, бірінен шығып, сөмке, қорап,тең көтеріп, дабырласа арлы-берлі сапырылысқан жұрт. Бүйірдегі  бөлмеге кіріп, бүйімтайымды айтып ем, айналмалы орындықта жуан сандарын көрмеге қойғандай  айқастырып, кірпігін бояп отырған жалпақ қара келіншек тіл қатпастан  саусағының ұшында шымшып ұстаған щеткамен қарсы есікті нұсқады.
   «Ас-салауымды» соза айтып, кіріп бардым да жартысын жұтып, босағада қалшиып қалдым. Сұршақпақ пенжағын иығына желбегей жамылған бір күж желке мама-ағаштағы үркектеген аттай, телефонның бауын кере құлағына жапсырып алып, үстелдің ана шетіне бір, мына шетіне бір барып, одыраң-одыраң ойқастап жүр. Әлдекімге ашулы, дауысы зілді шығады:
   – ... Өткенде ғана есеп айырысқанбыз. Енді неғыл дейді?.. Ә, қарай гөр... Аз ба екен? Өйтіп аузын аша берсе, көмейіне қазық қағам. Жігіттерді жіберсем, көтін бір-ақ айырады, ұқтың ба? Онсыз да жан-жақтан қанымызды сорып жатқандар аз емес... – Тағы да біраз зіркілдеп, бұрқылдап, сарқылдап   алып, телефонды тастай салғаннан кейін маған басын изеді де, түтеген күйі түнеріп орнына отырды. Өз ойымен арпалысқандай басын бір шайқап қойды да, ағы көп ала көзін сүлесоқ маған тіктеді. Жөн сұрасқаннан кейін үстелдің шетінде тұрған жуантық папканы маған қарай ысырды:
   – Салық бөліміне тоқсандық есепті өткізе алмай ит боп жүрміз. Бұрынғы бугалтеріміз еврей кемпірі еді, бәрін тастай қылатын. Израилдегі қызына кетіп қалып, сорымыз қайнап отыр. Одан кейін төртеуі келді, бірінен бірі өткен қарағым, бірі де баланс жасауды білмейді. Академия, университет бітірген түйенің табанындай дипломдары бар. Көк ми ма, әлде түк оқытпай ма – ұқпайсың!.. Мында кеден арқылы өткен тауарлардың толық құжаты бар. Сол арқылы салық бөліміне қажетті баланстық есеп жасап әкеліңіз. Екі күн жете ме? Содан соң сөйлесерміз.
   Түнімен отырып айтқанын тастай қылдым да, таңертең алып келдім. Бастық қара-шұбар беті сопайып, сенбеген сыңаймен сүзіле қарады. Бірдеңені түсінетін бек салмақты жүзбен қасының екі арасын қосып, қағаздарды арлы-берлі ақтарып, бір сүзіп шықты. Содан соң кешегі есік көзін күзеткен қара келіншек пен шоферін шақырып алды да, папканы қайта маған құшақтатып, үшеуімізді салық бөліміне жіберді.
   Бір суық қабақ, саркідір әйел қара келіншекті таниды екен, құлағына әлденені күбірлеп, «Мақсат Сартаич жіберді» деген соң, папкадағы көп қағаздың әр бетіне қадалып, саусақ ұшымен қуалай графалардың көзін шұқылап, түгел парақтап шықты да:
   – Міне, енді әңгіме басқаша, – деп жылы дауыспен жадырай қарады.– Баяғыдан бері өстімейсіңдер ме. А то, қайта-қайта келіп өздеріңді де, бізді де шаршаттыңдар. Қол қойғызып, мөр бассаңдар болды.
   Бар еңбек өзінікіндей, бастықтың кабинетіне жете бергенде  қаға-маға өңмеңдеп менен бұрын зып еткен қара келіншек текенің мүйізіндей қолын төбесіне көтеріп, басбармағын қайқайтты:
   – Мақсат Сартаич, сүйінші, сүйінші!!!
Жақсы хабарға қуанған басекең орнынан тұрып келіп, қолымды қайта-қайта қысты. Сол жерде жұмысқа алды. «Ағай бүгін демалсын» деп, тіпті машинасымен үйге жеткізіп салды.
 Сылаң қаққан ақсұр «Аудиді» көшеден көргеніміз болмаса, кім мініп көрген. Шынында да тамсанса, тамсанғандай-ақ екен. Желігі бар-ау шайтанның. Тақымыма бір тигеннің өзіне бүйтіп шалқалап қалдым, қосарлап мініп жүргендердің не жаны шыдайды десеңші. «Шіркін-ай» деп қолымыз жетпей кеткен «Волга», «Ладаларың» мұның жанында  қоқанның  көтек арбасындай пішту екен. Қанша жерден жәмән, жәмән дегенмен, бұл капиталист иттерің қалай өмір сүруді біледі-ай. Машинасы мынау, компьютері анау... Біз сілекейіміз аққанша айтатын коммунизімің соларда шығар. 
Баяғыда, оқушы кезімізде,  Қазақ ССР Жоғарғы советінің  «Құрмет грамотасын» жеті рет алған, балық заводының озат жұмысшысы Фатиха  апамыз делегациямен бірге  Норвегияға барса керек. Жарты айдан соң артынып-тартынып оралады ғой, баяғы. Теңкиген-теңкиген сөмкелер, дәретқағаз рулондарын жіпке тізіп, гауһар моншақ секілді, қабат-қабат мойнына іліп алған. Сәлемдесуге жиналған көрші-қолаңға тәбәрік деп бір-бірден ұстатады. 
   – «Бұл не?» – дейді мұндайды көрмеген қатын-қалаш тамсана қарап. Не екенін айтады
   – «Қой, ондайға қор қылып қайтеміз. Жаман к...ге қазит те жарамай ма, әспеттеп соны... Үлбіреп тұр ғой, балық жеген соң, қол сүрткенге жақсы екен! Қымбат шығар,а?»  
Фатиха апамыз қолын сілтейді:
   – «Бәрі тегін!.. Ой, қатындар, айтсам, сенбейсіңдер ғой. Кәстинсада жаңғыз-жаңғыздан жаттық. Аяқ сүртетін бір орамал...
– "Қойшы-ей, аяқты да орамалмен сүрте ме екен, құрғыр?" – дейді бір қатын таң-тамаша аузын сылп еткізіп.
– "Сүрткенде қандай, ортасында табанның сүгіреті бар түкті орамал!
– "Мә, кәпиталисің құтырған десеңші!"
– "...Бет сүртетін бір орамал, моншаға түссең көлдей сүлгі. Мына домалақ қағаз, тіс шөткі, пасты, сабын дейсің бе, бітсін-бітпесін күнде жаңалап тұрады екен. Орыстың қатындары тажал емес пе бәрін білетін, солардан көріп, мен де күндегісін күнде сөмкеме нығарлай бердім. Несін айтасың, рахат деген сонда екен!» 
Қатындардың аузында сөз тұра ма, бір күні парторг шақырып алып, бір ай бойы аудандағы «үндеместің» үйіне сүйрейді. Әбден идеологиялық өңдеуден өткен соң, ауылдағы еңбек коллективтерімен, оқушылармен, жалпы жұртшылықпен кездесулер өткізіп, шетелдік сапарының әсерімен бөліседі. Капиталистік әлемнің құбыжық көріністерін, жалпы біздің советтік елімізге ештеңенің жетпейтінін екі парақ қағазға қарап  тебіреніспен оқып беретін. Бірақ өзінің абысын-ажындармен оңаша сырласқанда: «Әй,қатындар, күндіз қалай жәмән-жәмән десем де, құрғыр, түнде түсімнен шықпайды» дейді екен... 
Сол апамыз айтқандай, қанша күн түсімізге кіретінін кім білсін. Дәл подьездің алдында керіліп-созылып жерге түстім. Біреу көре ме деген дәмемен есікті ұзағырақ ашып тұрып, әдейі қаттырақ серпіп жаптым. «Әттең, қатыны түскір осындайда басын терезеден қылтитып қарамайды-ау!» деп қоямын ішімнен өкініп.
   Сол күні һаял ажарланып, ән сияқты әлденені ыңылдап жүрді. Көзі жыпылықтаған телевизор да ылғи бір құлаққа жағымды әндер айтып жатты...

                                                                                                               Сауна

   Мақсат Сартаич жайсаң жігіт екен. Мал бітсе, жал бітіп, шалқақтап қалатын жаман байлар сықылды қытымыр, жәйсіз емес,  сабырлы, кең мінез. Ағалап сыйлап тұрады.
   Жұма күні түстен кейін қасыма келіп:
   – Тоқсандық отчетті тапсырып, нәнкүр-мәңкүрден бір құтылдық-ау, әйтеуір! – деп ышқырын бір көтере, саба қарынымен қосыла іркілдей күлді. – Арқамыздан бір қара тас түскендей болды. Сізге рахмет, ағасы!
   – Рахметті шығындап қайтесің, ол менің жұмысым емес пе.
   – Жұмысты істей алатын да, істей алмайтын да адам бар ғой. Бүгін бір арқа-басымыз кеңіп демалайықшы. Саунаға барайық.
   – Ой, саунаны қайтем? – дедім артық шығынды жек көретін әдетіммен ат-тонымды алақашып. – Үйде ванна бар ғой.
Бастығым басын шайқап мырс етті:
   – Ой, аға, өмірден сәбсем артта қапсыз. Сауна деген керемет қой!
Несі керемет екенін білсе керек, бетіне ине тығып алса да  былқ етпейтін шофер жігіт те иығы мөңкіп, бір жымың етіп қойды.
   Құлқым болмаса да бастықтың сөзін, бір жағы әмір көріп, екіншіден, сыйлағанды білмейтін сорлы  екен деп ренжіп қала ма деп қорқып, еріксіз көндім. Қасымызға тағы екі жігітті қосып алып, Райымбек көшесіндегі «Байтал» дейтін ойын-сауық кешеніне тартып кеттік. Үсті тойхана, бірінші қабаты сауна екен. Қайқаң қаққан семізше, мұртты қара иіліп-бүгіліп елпең қағып жүр. 
Сауна деген атын естігенім болмаса, кім бұрын келіп көрген. Жуынып-шайынатын моншаның бірі ғой десем, кіші-гірім ресторанға кіріп келгендей болдық. Төбесін күмбездеп, қабырғасын дөңгелете тілше тақтаймен қаптаған кең бөлме. Ағып келе жатқан тамшыдай әр тұстан салбыраған үшкіл лампалардан жұп-жұмсақ, көгілжім сағым жамырайды. Төрдегі сопақша, үлкен үстел жасанып тұр. Ақ жібек қолғап киіп, «бабочка» тағып сықиған егделеу еркек әрқайсымыздан не ішіп, не жейтінімізді сұрап, бабымызды қалай табам деп қалбалақ қағады. Анда-санда қара мұрт та келіп, «қалай боп жатырсыздар?» деп кетеді. 
Әркім өз сүйгеніне қарай, коньяк, вискимен тамақ жібітіп, жеңіл тағаммен ар жағымызға ел қондырып алғаннан кейін, орнымыздан тұрып, шомылуға кірістік. Жігіттер үр жалаңаш шешініп тастады. Мен сақалды басыммен өйтуге ыңғайсызданып, балағы тіземе түскен қара дамбалымды, арт жағы сетінеп, шарбы бұлттың арасынан сүзілген айдың сүлдеріндей  құйрығым  ағараңдап тұрса да шешкем жоқ. 
Фин моншасы керемет екен. Құрғақ бу сүйегімізді шымырлатып, әбден алты айрығымыздан тер шүмектеп бой-бойымыз шыққанда, мұздай бассейнге күмп-күмп қойдық та кеттік. Алдымдағы жүнді қара, жалтыр, жуан, ақ, қызыл... түрлі сортты бөкселер сопаң етіп судан суырылып, жағадағы тепкішекпен өрлеп барады. Мен де тепкішектің бірінің жақтауынан ұстай  беріп едім, далия жайылған қара дамбалды су тартып, сыпырылып бара жатқан соң, жалма-жан бір қолыммен ышқырға жармастым. Қара дамбалдың балағынан сытырлай су сорғалап, шидиген, жүндес сирақтарым қисайып – бір әдемі пошымда тұрсам керек, қара мұрт ыржия күліп қасыма  келді де:
   – Ағай, «юбкаңызды» шешсеңізші! – деп, түкті, қоңыр пижамды иығыма көлденең лақтыра салды.
   Бөлмеге қайта барып, ыстық кофе мен коньякті сораптай тартып, қызды-қыздымен біраз жерге барып қалғанбыз. Сол бабымызды күтіп тұрғандай, ұзын дәліздің тұйығындағы есік айқара ашылды да, алакеуім шаршының аузынан әппақ тәндері шоршыған сазандай бұлт-бұлт суырылып, бір топ қыз қара мұрттың жетегінде ойнақтай басып шыға келді. Төрт қыз. Төсі мен абройын қалқалағаннан гөрі қайта қадала түс дегендей жарты еліге жетер-жетпес жіптей лыпа бар демесең, үрдей жалаңаш. Е, ел неге "сауна, сауна!" деп есі кетіп ентігеді десем, осындай пәлесі бар екен ғой. Моншаға барсаң, таза боп қайтасың, саунаға барсаң талаймен "бажа" боп қайтасың десеңші. Дұрыс, не болса да "дамбал туысты" көбейтіп қайтатын болдық.  Суреттерден, «Қайта құрудың» алғашқы жылдарында тиіп-қашып порнофильмдерден болмаса, тірі жалаңаш әйелді қол созымнан көріп тұрғаным осы. Бойымда жаным бар мен де еркек емеспін бе. Жүрегім шапқан аттың тұяғындай дүрс-дүрс соғып, көзім қылиланып кетті. Қалай дымыңды құртып қылымсуды біледі-ау, құрғырлар! Былқ-сылық еркелей басып, алдымызға келіп тұра қалды. Томсарып, еріндері томпайып, наздана қарай ма-ау! Сүй, құш, құшағымда өртенші менің деп тұрғандай. Бірінен бірі өткен. Аршын төс, үзілген бел, одан төмен... сілекейімді қылқ-қылқ жұтып тамсанғаным болмаса, сипаттауға  менің сөзге орашолақ байқұс тілім мүлдем қауқарсыз. Тілім деймін-ау, айтып жеткізетін сөздің өзі әлі жаратылмаған сияқты қазақта. Оны тек көру керек, сезініп сүю керек. 
Па, шірке-ен, қазақтың қазіргі қыздары қандай көркем боп өсіп келеді, не бір хаса сұлу бар-ау! Бұл пәтшағарлар бұрын қайда болды екен десеңші. Менің Дүйсен дейтін  бір қырт құрдасым: «Мен үйленген күннің ертеңінде-ақ сұлу қыздар көшеде қаптап кетті!» деп күрсінетін. Расында да, қазіргі бойжеткендер сұлуланып келе ме, әлде әйел аларда  көзің байланып қала ма екен? Тәйір-ай, біз де қатын алдық деп жүрміз-ау мыналардың қасында. Соның өзіне кәдімгідей өліп-өшкенімізді айтсаңшы! 
Төртеуіне кезек телмірген сайын көзім шұбартып, басым айналып, кеудеме бір шайтан кіріп алды. Қысылу, қымсыну жоқ. Бұлар да біреудің көзінің ағы мен қарасы ғой, осылардың өкшесін басып өсіп келе жатқан өзімнің де қызым бар емес пе, ұят-обал ғой деген ойдан адасып қалғандаймын. Есесіне сонау айлы түндегі өзен жағасы, қарақат теріп жүргендегі қалың бұтаның қалқасы, жатақхананың қараңғы бөлмесіндегі баяғыда ұмыт болған қайдағы бір пәлелер көңіл түбінен қалқып шығып, бүйіріңнен қытықтай ма-ау... Жүрек құрғыр өрекпіп кеудеге сыймай лүп-лүп соғады.
Қара мұрт тауарын жаймаға қойған саудагердей қыздарға қыдырта бір қарап, бізге бұрылды:
   – Қалай, көңілдеріңізден шықты ма? Болмаса, Өзбекстан мен Украинадан келген «тауарлар» бар, пажалыста.
Бәріміз үшін шетте отырған жалпақ сары жауап қатты:
 – Бісмілләсін өзіміздікінен бастайық та. Бұларға да нәпаха болсын!
Сартаич иығы селкілдеп мырс етті:
   – Шіркін, біздің Тәкең ұлтжанды патриот қой! Бір тамшы болса да өзімізге тамсын дейді...
   Қызылсырап отырған қутақым қырғилар уақыт оздырмай бірден «тауар» бөлісуге кірісті. Жалаңдап әрқайсысы өз көңілі құлағанға қолын соза беріп еді, Сартаич жөн білетін жампоз ғой, қабағымен тежеп тастады да, маған қарай иек қақты:
   – Осы жігіттер үлкен сыйлауды білмейді-ей. Сабыр қылсаңдаршы. Аға, жол  – сіздікі. Таңдаңыз. 
«Несін таңдаймын, маған кез-келгені пәйдөт қой!» деймін ішімнен. Шынымды айтсам, лезде бәріне сразом  ғашық боп қалдым. Бәрін бірдей сүйетін сияқтымын. Біреуін таңдасам, опасыздық жасағандай, басқалары ренжіп қалатын тәрізді, әрі оларды мына жалаңдаған үш қасқырдан қызғанып та отырғандаймын. Күмілжи беріп едім, Сартаич:
   – Ой, көке, шайнап бергенді жұта алмайсыз–ау! – деп, шетте тұрғанын жетелеп әкеп, білегінен ұстатты.
   – Ал, қыздар, ағаларыңа жақсылап қызмет көрсетіңдер! – деп қара мұрт өсиетін айтып, шығып кетті.
   Тостағандағы сургуч сияқты қоңыр қоймалжыңды бұл не зат деп отырғамын, сөйтсем сұйық шоколад екен. Қыздар соны ұштары бүлдіргендей-бүлдіргендей бөрткен емшектеріне жағып, саусақтарын бір-бір жалап алды да, әрқайсысы өз «сүйгендеріне» сүйкене көздерін төңкеріп, еркелей бастады. «Құдай-ау, онсыз да тәп-тәтті нәрсеге тәтті жаққандары несі?» деп уылжыған алмадай бұлтиған-бұлтиған тоқ анарларға тамсана қарап қоям. Құрбыларының соңын ала менікі де қолын соза беріп еді, ойбайлағандай:
   – Ни нәдо! – деп қаттырақ дауыстап жібердім.
   Әлгінде жігіттер пальтоның түймесіндей қара таблетканы төртке бөліп, әрқайсысы бір түйірден кофеге қосып ішіп алған. Мен сыбағамды кері ысырдым:
   – Мұндайға әуестігім жоқ. Татып көрмеген нәрсем.
Үшеуі үш жағымнан тақымдап, «сауаттарын» көрсетіп әуре:
   – Бір татсаңыз, «шіркін-ай» деп аңсап тұрасыз, керемет нәрсе!
   – Қорықпаңыз, Қытайдан арнайы заказбен алдырттық. Таза шөптен жасалған.
   – Несін, айтасыз, дүниенің рахаты!..
   – Жо-жоқ, жігіттер, онсыз да мылтығымыз әлі оқтаулы!
   – Мә-ә, шалың мықты ғой, ей!..
   – Ендеше, ағанікі тәбәрік болсын! – деп, тізе түйістіріп қатар отырған шикіл сары, ары тарт та-бері тарт боп отырған тырнақ ұшындай олжаны қолды болып кетпесін дегендей, әбжілдікпен қағып алып, қылғыта салды. Ішіміздегі ең шағын денелі шәнжауы осы еді: екі ұрты суалған, қушық кеуде, лақтың шүкәйіндей ғана жалқақ сары. Жанындағы жалпақ мұрын, қызыл бет, қыли бүйірінен түртіп қалды:
   – Ей, размеріңе қарасаңшы. Мына түріңмен не жүрегің тоқтап өзің өлесің, не біреуді өлтіресің ғой!
   – Осыдан өлсем, өліп-ақ кетейінші!..
   Жігіттер диван-креслоларға жайыла жайғасып, әрқайсысы өз бикештерімен апаш-құпаш. Орнымыздан қозғалмай пионер боп тәртіп сақтап отырған біз ғана.
 Бір бұрылғанымда Сартаичқа көзім түсіп кетіп еді, шоколад жұққан бет-аузы ауылдағы боқ жеген иттей сатпақ-сатпақ, көзі ғана жылтырайды. Ішімнен: «түрің құрсын!» деп, шыдай алмай күліп жібердім. 
Сауыны келді ме, көп аялдамай әуелі шикіл сары, одан кейін басқалары бикештерін білегінен жетелеп, бүйірдегі жеке кабиналарға кіріп-кіріп кетті. Менде ондай ой жоқ, жүрекпен ғана өліп-өшіп ғашық боп отырмын. Кеудемді кернеген сезімді жеткізерлік сөз аузы құрғырға түссейші. Көңілім алып-ұшып өлең оқығым келе ме-ау! Абай...Хафиз...Һаям... Ғашықтық дастандарынан төгілтіп жыр оқиын десем, Құдай төбемнен ұрып, бір шумағын жатқа білмейді екенмін. Ақын бейшараларды жайшылықта көзге ілмейміз, өлең дегеннің керегі осындайда екен ғой. Ақын болып тумағаныма, ең болмаса, жан сезімімді бейнелерлік бір ауыз жыр жатқа білмейтініме дәл осы жерде өлердей өкіндім. 
Қызбен алғаш рет оңаша ұшырасқан бозбаладай алақаным суланып, дір-дір етіп бойжеткеннің білегінен, иығынан сипауға дәтім жетер емес тіпті. Тек мөлиіп қарай беремін. Үздігіп, үңірейіп қараған сайын қыз қабағын шытып, қалың, қайқы кірпік қамалаған жәудір көзін алып қашады. «Жаным-ай, аққуым-ау, періштесің ғой сен, періштесің! Екеумізге қанат бітіп әлемнің қиыр түкпіріне ұшып кетсек қой, шіркін!» деп қиялдап та кетем...     «Үндемес» ойнап қашанғы тымпиып отырасың. Жөн сұрадым. Есімі Меруерт екен. Мектепті былтыр бітіріпті. Әкесі ерте қайтыс болса керек, жалғыз шешесі бар көрінеді.
   – Мамам  бастауыш мектепте мұғалім болатын, – деді Меруерт сағынышы да, өкініші де жоқ өң-бояусыз өшкін дауыспен. – Мектеп жабылып, ауылда күн көру қиын болған соң осында көшіп келгенбіз. Пәтер жалдап, «Шаңырақта» тұрып жатырмыз. Мамам шемішке сатады, мен... – «Өзіңіз білесіз ғой» дегендей күмілжіп қалды. «Бұдан басқа кәсіп таба алмадың ба?» деген зіл аралас сауал тілімнің ұшында удай үйіріліп тұрса да, айта алмадым. Мектепті жаңа бітірген жасөспірім түгіл мүйізі қарағайдай маман басыммен  менің өзім пәленше ай бойы жұмыссыз тентіреген жоқпын ба? «Екі қолға бір күрек қайдан болса табыладының» заманы өтіп кетті ғой... Оны еркек біткеннің бәрінен қызғанып отырмын. «Бұдан былай тек мендік болшы. Қайыр тілесем де сені асыраймын» дегім-ақ келеді. Бірақ ондай сәтте үйдегі қатыны түскір екі бүйірін таянып, қастарын қайшылап көз алдыма тұра қалады да, тілім байланып қалады.
   – Кейін басқа жерде кездесейікші!– деймін мен қайыр сұрағандай мөлиіп.
   – Неге?
   – Киноға барамыз.
Қыз басын шайқады, оң жақ ұртындағы үйірілген  шынашақ ұшындай  әдемі шұңғылды бүлк еткізіп, болар-болмас  мысқыл түрткендей болды.
   – Шын айтам!– деймін өзеуреп.
   – Бізде күнде жұмыс. Қожайын рұхсат етпейді...
   Біз өстіп періште боп отырғанда, махаббат майданының сарбаздары жау түсіріп жеңіспен орала бастады. Тек шикіл сары асай-мүсейін асынып елден бұрын кетіп еді, әлі жоқ. Содан бұрын келгеніне қыли көз жігіт әлде бір бәсекеден ұпайы кеткендей намыстанды ма, қызыл беті одан сайын талаурап:
   – Мына сары ит шахта қазып жатыр ма-ей? Өліп қап жүрмесін, есігін қақшы, – деді Сартаичке қарап. Сартаич жауап қатам дегенше, шикіл сары өлген де жоқ, ешкімді өлтірген де жоқ, жылмаң қағып есіктен шыға келді.
   Ұлы сүргіннен салығып жеткен «майдангерлер» жасанған дастарханға жаудай тиіп, әл жиып алған соң қайтадан  үйренген есіктеріне қарай тартты.  Сары жұртта состиып тағы екеуміз қалғанбыз. Есіктен сығалаған қара мұрт «бұл не отырыс» дегендей аңтарыла қарады да, қызға оқты көзімен қадалып, зілдене зекіді:
   – Неғып отырсың? Жұмыс істе!
«Қыз балаға өстіп дөрекі сөйлей ме екен, недеген көргенсіз неме өзі!» деп ішімнен қара мұртты қатты жек көріп тұрмын. «Сіздің кесіріңізден бостан-бос сөз естідім. Дұрыс жұмыс істеген жоқсың деп жалақымнан тартып қалатын болды» деп қорқып кетті ме, Меруерт ұшып тұрып, білегімнен жұлқа тартты:
   – Жүріңіз!
Менің аппақ, аңқау, алаңғасар жүрегімді шырылдатып, күнәнің қара қақпасына қарай сүйрей жөнелді...
   Терезесіз, шағын бітеу бөлме. Қабырғада жабысып болар-болмас жылтыраған  шамнан жұп-жұмсақ  қызғылт сәуле себезгілейді. Ақ кірлігі көз қарықтырып, "майданға" шақырған кең кереует... Қыз бірден батылданып кетті. Қимылы әбжіл. Үстіндегі жарты елі лыпасын сыпырып тастап, «келсең-кел» дегендей қарсы алдымда алшиып тұра қалды:
   – Қандай позаны қалайсыз?
Не дегені құлағыма кіріп-шығар емес. Қиялым әлі шарықтап жүр аспанда. Алдымда тұрған ақ періштені сүйсем, құшсам деймін ентігіп. Албыраған еріннен, үлбіреген ақ торғын тамақтан өппек боп ұмтылсам, бойын алыпқашып, жақындатар түрі жоқ.
   – Кішкене аймалайыншы, жаным! – деймін жылап жіберердей жалынышпен қыңсылап. Менің жабысқақ қылығымнан ығыр болды ма, сәлден кейін:
   – Әй, шал... бол! – деді төсекке шалқая беріп қатқыл дауыспен. – Махаббатты үйге барған соң кемпіріңнен сұрарсың. Мен – жұмыс үстіндегі адаммын. Уақыт – ақша. Әлі төрт клиентке қызмет көрсетуім керек!..
Бойымдағы айқұлақтанып есірген нәпсі шоршыған байталдың сауырынан сырғып түскен кәрі азбандай сылқ ете түсті. Мың жылдық ұйқыдан оянғандай  аң-таң күйде  айналаға басқаша көзбен қарадым. Қас-қағымда бәрі өзгеріп сала бергендей. «Зорыққан кәрі өгіздей бақыраймай, істейтініңді істесеңші» дегендей, тықыршыған тыржалаңаш сайқалдан шошынып шегіншектей бердім. Балаларым есіме түсіп, бірден сағынып кеткендей болдым. Әйелім де бұрынғыдан ажарланып, ең бір жанашыр, қамқор, жақын адамыма айналып бара жатқандай ма... қалай? Бәрі сондай ыстық тартып барады. Қалай қадырын білмей келгемін десеңші. Әсіресе, осы күнге дейін пыс-пыс етіп қойнымда жататын кішкентай қара тентегімнің күнсіген төбесінен, бидайдай меңі бар желкесіндегі шұңқырынан иіскегім келіп кетті... 
            
                                                                                                          Көз тиді-ау

   « Адам аласы ішінде» деген рас-ау, сірә, уәдеге берік, сырбаз көрінген Сартаичтің соңғы кезде сөзі де, ісі де сырдаң тартып, сиырқұймышақтанып барады. Алғашқы екі-үш айда айтқан жалақысын дұрыс берді. Советтің соңғы сабан ақшасын уыстап әкеп, һаялдың алдында әжептәуір аптариха жинап қалып ем. Үйдің ажары кіріп, асбөлмеден тамақтың неше түрлі хош иісімен жарыса құлақты қытықтар әдемі-әдемі әндер естілетін. Қарын тоқ, көйлек көк болса, бұ қатын деген халық сүп-сүйкімді боп кетеді екен ғой. Кейде тіпті бөтен біреудің қатыны сияқты көрініп, қызығып кетем, түге! Арқасынан сипап, қабақ қақсам, "кетші әрі" деп ұялып қалады... Қожаның қызы екені есіне түскендей , мұсылмандық ибәмен: «Пәленшенің көкесі–ау, тұрасыз ба? Шайыңыз әзір!..» деп сыбызғыдай  сызылатынды шығарды. Менен қадырлы, менен ерке ешкім жоқ. Шалбардың қыры ұстарадай, крахмалданған көйлектің ақшытыра жағасы мен  манжеті көз қарықтырады. «Көкесі–ау, түсте әбизателні  ыссы ас іш, әйтпесе асқазаның бұзылады. Сыра-мыра ішсең, не жолдастарыңмен карта ойнасаң, керек боп қалар!..» деп орыстың қызыл-ала рублін қалтама тықпаштап жатқаны...Әй,әй, тым тату, тым тәтті боп кетіп едік, қаужаңдап майлы сорпа ішетін күнге жетіп қап ек... көз тиді–ау осы!.. 
Міне, Сартаич жарты жылдан бері айлық бергенді қойды. Сылтауы көп: біресе, тауар жөнелтіп тұрған партнері «лақтырып» кеткен болады; біресе, кеденде бірдеңе шығып қалады; енді бірде жоғарыда «крышивать» етіп отырған дөкейдің араны ашылып кетті дейді... әйтеуір қабағы қатулы. Бір-екі рет жасқана-жасқана ішер тамақ, киер киімнің зарын айтып қыңқылдаған болып едік, қоймадағы өтпей тұрған Қытайдың ширпотреб қоқысынан бір-бір қапты алдымызға тастады:
   – Айлықтарыңның есебі – осы!
Шалбардың бір балағы ұзын, бір балағы қысқа. Кроссовка, шәркейлердің әр сыңарының  размері екі басқа, размерін дәлдесең, екеуі де бір аяқтікі... Қып-қызыл пұлға алған затты далаға лақтыратын емес. Ылдалдап киеміз деп,  көргендердің  күлкісіне де ұшырап жүрміз.
   Қызметкелердің біразы шығып кетті. Мен де кетейін десем, анада саунаға апарып қараша басымды хандай ғып сыйлағаны есіме түсіп, қиын сәтте тастап кеткеннен ұялам, бір жағынан, кеткенде келе ғой деп қол жайып тұрған  ешкім жоқ әрі ертең-ақ бәрі бұрынғыша қалпына келер деген үміт те  етектен тарта береді. Кісі аз болған соң фирмадағы елеусіз аз жұмыстың өзі көп. Мен мұндалаған шаруаны көре тұрып құр үстелді өңгеріп отыра беруге өзіңнің де дәтің шыдай бермейді. Басекең: «Ағасы, ананы өйте салыңызшы!» дейді. Өйте салам. «Мынаны бүйте салыңызшы!» дейді. Бүйте салам... Сөйтіп біраз күннің ішінде аула сыпырушы да, еден тазалаушы да , жүкші де бір өзім болып шыға келдім.
   Сартаичтің шофері – әрі оның оққағары. Біз атқаратын қара жұмысқа қара тырнағын қимылдатса, қары үзіліп кетердей иліксе, кәне. Бөксесін болттап қойғандай бір орында тырп етпей сағаттар бойы отыра береді. Тек аузында тыным жоқ. Не айналасын аткөпір ыбырсытып шекілдеуік шағып, не сағыз шайнап күйсеңдеп отырғаны. Тырсиған қарасұр жүзінде селт еткен сезім жоқ, шайнаңдаған аузы болмаса, басқа жері түгел ұйықтап кеткен. Бұрандалы ойыншық сияқты, бастығының айтқанымен ғана қозғалады. Бір-екі рет аула сыпырып жүріп:
   – Бауырым, шекідеуіктің қабығын бүйтіп шаша бермесеңші!– деп едім, көзін ашып ұйықтап отырғандай, бетінің бір қылы қыбыр етсе не дерсің.
   ¬Өзгені білмеймін, өз басым өзімнен гөрі басекемнің бизнесі жүрмей жүдеп жүргеніне көбірек уайымдаймын. Арзанға қуанып, азға тоятын біз сияқты емес, байлық пен барлыққа мелтектеп үйренген азаматтың сағы сынды-ау: саунаға барудан, карта ойнаудан қалды–ау деп кәдімгідей жаным ашып қынжылдым. Өзімнің пәленбай ай жалақы алмағаным оның жанында қымыз ішпедім деп айранға өкпелегендей боп көрінеді. Бала-шағамның тамақтан қақтығып, иіндері жүдеп жүргенін де елең қылмаймын: е, не көрмеген бас, біз бәріне шыдаймыз деймін.
    Бір күні Сартаич сары жондағы сағымдай сылаңдатып су жаңа «Лан –крузер» мініп келгенде қуанғанымды айтсаңшы! «Бәрекелді, азаматтың еңсесі бір көтеріліп қалды-ау!» дедім ішімнен масайрап. Мөлт қара «Джип», қар мен батпақта бірдей жоситын сойқанның өзі. «Алматыда  жетпіс төрт-ақ адамда бар!» деп  ышқырын бір көтеріп ыржиғанда, Сартаичтың ұлан-ғайыр бетінен мәз-мәйрам  мақтаныштың алақұйыны ұйтқып өтті. Шашу шашып, тойлап жібердік. Қыс түсісімен қасқыр аулауға шығады екен. «А то, жолдастардан ұят. Қансонарда бәрі тау-тас кезіп кеткенде, қалай үйде отырасың!..» деп басекең бір жоқтың орыны толғандай тершіген маңдайын бір сипап қойды.
   «Пәленбай  уақыт айлық алмай жүргенде, мынаның мынасы несі–ей!» деп аузы жыбырлағандар да табылды, әрине. Бірақ өзім басекемнің «қасқыр атам» дегеніне бек риза боп кеттім. Атам қазақ қасқыр деп неге атаған? «Қас–қыр!» деген сөз. Әбден жаны күйіп, ызасы өткен соң солай деген. Ол қаскүнемді тұқымын тұздай құртып қыру керек! Әйтпесе ол қаншама малды қырып, талай қазақ «бешбармақсыз» қалмай ма! Кей жігіттердің осыны түсінбейтініне қайраным бар.
   Әйткенмен қара машинаның бабы маған жаңа жұмыс болып қосылды. Іші-сыртын күнделікті жуып-тазалау қалай  менің міндетіме оп-оңай көшіп кеткенін өзім де білмей қалдым... Алғашқы қар жауды. Алматының қысы белгілі ғой. Кештен бастап сорғалаған қара жаңбырдың арты қарға ұласып, таң ата шыңылтыр аяз бет қарыды. Ертелетіп жұмысқа келіп едім,  бастығым да жетті ентелеп:
   – Ағасы, машинаны тезірек тазалап жіберіңізші. Қансонарда жігіттермен бірге қанжыға майлап қайтайын!..
Бастық айтқан соң жан қала ма, апыл-ғұпыл іске кірістім. Қарды щеткамен сыпырғанмен асты сауыттай құрсаған көксіреу мұз. Саусақ еліге таяу. Не істерімді білмей, щетканың сабымен тықылдатып капоттың үстіндегі мұзды сындыра бастағам.
   – Ойбай – ай, ойбай!..– деп шар ете түскен үрейлі дауысқа жалт қарасам, басекем етек-жеңі жайылып, құлдилаған құзғындай үстіме төніп келеді екен. Ойбайлаған аузына, тосар болсам, басым сиып кете ме деп қалдым.
   – Ей, дүлей... дундук... не істеп жатырсың, ойбай?!! – Жеткен бойда кеудемнен қос қолдай түйіп шалқамнан түсірді. – Ойбай–ай, мына ит не істеген!.. Сырып кетіпті ғой, сырып! Ой, әкеңді!.. Жетпіс жеті шешеңді... бұл машинаның қанша тұратынын білесің бе? Бір дөңгелегіне әкеңнің құны жетпейді!..
Мен де тірі жанмын ғой. Қол жұмсағаны аздай, әке-шешемді боқтағаны жаныма батып, дүлей ашумен долыра ұшып тұрып, анандай жерде жатқан таяқты ала сала ұмтылдым:
   – Әкемнен садаға кет, әкеңнің аузы!.. Машинаның дөңгелегіне татымайтын тексіз әкеден тусаң, сен туған шығарсың!.. Сексен сегіз әкеңнің!.. Жетпіс жеті шешеңнің!.. – Іркілдеген денесі болмаса, жүрексіз екен, беттей алмай тайсақтай берді. – Кісіден қымбат екен ғой, мә саған!..– деп қолымдағы таяқты машинаға қарай жіберіп ұрып едім, шарқ етіп айнасын салдыр-күлдір еткізді.
   – Ойбай, мынау қиратты ғой бәрін, түгі қалмады... неғып тұрсың-ей?!. – дегені сол, бағанадан бері анандайда селтиіп  бұйрық күткен шофер үкідей ұшып келіп, басымен шайқай аузымнан бір-ақ қаққанда, пыр-р етіп ұшқан бейбітшілік құсындай  жерден кісі бойы көтеріліп барып,  қардың үстіне гүрс ете түстім. 
   – Мә, әкеңнің!!!
   – Мә, шешеңнің!!!
Екеуі жарыса боқтап жүр, домалатып тепкілеп жүр... Әлдеқандай әйелдің шырылдаған дауысы естілгендей болды жер түбінен жаңғырып.
   Есім ауып қанша жатқаным белгісіз. Көзімді ашсам, тұмсығыммен қар сүзіп, шарбақтың іргесіне етпеттей құлаған екенмін, мың-сан ине сұққылап, сәл қозғалсам, ауырмайтын жерім жоқ. Басымды әзер көтердім. Аузым толып тұрған соң түкіріп едім, сау тістеріммен қоса протезім саудыр етіп  қара қанмен араласып  жерге түсті. Оң жақ азуға таяу үш протез тістің біреуі алтын болатын. «Ойбай-ай, енді қайттім,– дедім ішім удай ашып.– Бір қыздың қалыңмалына бергісіз еді.» Неке сақинасын қинала-қинала  қиып салдырып едім. Сынамасы жоғары: 585-ші! Бетімнің сәнін келтіріп тұратын. «Алтынның буы болады» деген рас шығар, көп күле беретін болғам. Жәй күлгенге көрінбейтін болған соң, езуімді жөнді-жөнсіз ырсита күлем деп, аузым бір жағына недәуір қисайып та кеткен. Өнебойымның ауырғанын ұмытып, апыл-ғұпыл айналаны сипалақтадым. Қар бетіндегі қан тамшылаған жердің бәрін адақтадым. Жоқ! Жаңа, есім кіргенде, тамағымнан әлдене жылп еткендей болып еді, жұтып жібердім-ау, шамасы. «Ішке кетсе, ешқайда кетпес» деп, көңілімді бірлегенім сол, өне-бойым қайтадан солқылдап қоя берсін. Қас-қабағым, бетім... өзімдікі емес. Буылтық-буылтық шодырайған бірдеңе. Удай ашып қол тигізбейді. Аузым опырайып жұдырық сиып кетердей. «Ит өмір-ай, көрсетпегенің қалмады-ау!!!» Көкірегім қорлыққа булығып, өксіп-өксіп жібердім. Өздерін асыраушы, қорғаушы деп таудай пана тұтқан әйелім мен балаларымның  мына түрімді көргенде қандай күйге түсетінін ойлағанда, солығымды тия алмай  одан арман еңкілдедім. Мен, жалпы, жылай білмейтін адаммын. Ана жылы әкем өлгенде де жылай алмаған соң, көрген жұрт мынау недеген тас жүрек еді демесін деп, көзіме білдірмей пияз жағып жылағанмын, оның өзінде де сығырайған көзімді кезек-кезек сығып , әрқайсынан бір-бір тамшы жасты әзер шығарып ем. Сөйтіп әке-шешем өлгенде көзімнен шықпаған жас пора-пора моншақтап, ұзақ өксідім. Ыза мен жәбір көкірегімді ұстарадай тіліп осқылап жатыр.
   Бір уақта шарбақтан қарманып сүйретіліп орнымнан тұрдым. Шайқалақтап әзер басамын аяғымды. Басқа жерімнің ауырғаны аздай, енді ішім бұрап  ала жөнелсін. Қар үстінде ұзақ етпеттеп жатып, суық қармап қалса керек. Бір қалқаға бұрыла беріп, бірден алтын тісім есіме түсті. Іштегі алтынды сыртқа шығаруға болмайды қазір. Ымырттағы  ала-көлең кезде қардың арасынан сипалақтап қалай табасың. Ертең ерте-жарықта келем дегенше, ит жеп қойса ше?.. Өз ойымнан өзім шошынып, қиналғаннан қара сүмекке түссем де: « Жоқ, еркек болсаң, шыдап бақ, шыда!» деп өзімді қамшылаумен келемін. 
   Тәлтіректеп үйге кіргенімде, бәрі өкіріп қоя берді. Бет деген – көз, қабақ, мұрынсыз көлкілдеген тұлып, аузы опырайған алба-жұлба құбыжық есіктен кіріп келе жатқанда аяды ма, шошыды ма – әйелім сыңсып, босағаның түбіне шөге кетті. Үш балам үш жағымнан асылып, азан-қазан. Бәріміз қорсылдап, пырсылдап қосыла жыладық. Бейуақтағы  шам жағылмаған қараңғы бөлме қосыла өксіп, ұзақ күңіреніп тұрды...
   Жайшылықтағы жаман әйелдің қадыры осындайда білінді. Ем-домын жасап, жылы-жұмсағын алдыма тосып, жаны қалмай жалпақтап жүр байқұс. Әркімдерге телефон шалып, бір кәртең хирургпен кеңескен екен: «Мақтаны шекілдеуіктің майына шылап жұта берсін, қортылмайтын зат оратылып, екі-үш күнде өзі түседі»  депті. Доктордың дегенін істеймін де, кенже ұлымның қырық жыл бұрынғы күйелеш ескі горшогінде  ертелі-кеш шоқиып отырамын жұмыртқа басып қыт-қыттап. Алтын жұмыртқа табатын мекиен сияқтымын, тұрсам болды, әйелім аузы-мұрынын шүберекпен таңып алып, горшокті арлы-берлі сылдырлатып жатқаны. Бір күн жоқ, екі күн жоқ... Бұл қалай деп күмандана бастап едік, сәтін салғанда, үшінші күнгі толғағым олжалы болды. Соның қуанышына әйелім: «бүгін бір саған қалжа жегізейінші» деп, гастрономнан тауық сатып әкелген. Құдай-тағала берейін десе, форточкадан да бере салады демекші, қос-қосынан үйіп-төге салады екен ғой! Тауықты тазалап отырғанда бөтекесінен тағы бір алтын тіс шыға келгені. Анау-мынау емес, азутіске кигізілген алтын қаптама! Кедейдің қуанышы да, жұбанышы да көп қой. Жаратқанның тосын сыйына үйішімізбен қуанып, әжептәуір құнжыңдап қалдық.
(Жалғасы бар)