Баян Болатханова 1956 жылдың 27-тамызында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Кастек ауылында дүниеге келген. КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, «Кездесу», «Гаухартас», «Қазақтың Қаршығасы», «Шипагердің шын сыры», «Бибіажар мен Бойтұмар», «Қарагөз-ғұмыр» және басқа көркем және деректі повесть, әңгімелер жинақтарының авторы, жазушы, баспагер.
Ертегі
Бұл есте жоқ ескі заманда болған екен. Жер-дүние қысы-жазы құлпырып тұрыпты. Су да кәусар, жеміс-жидек те ерекше дәмді. Гүлдер де хош иісті. Тіпті тіршілік біткен бір-бірімен ұғынысып, тілдесе береді. Бірінің тілін бірі түсінеді. Күн – жаңбырмен, шөппен, шөп – топырақпен, желмен, тау-тас, бұталар, жан-жануар, аң-құс біткен бәрі өзара тілдесіп, ынтымақтасып тіршілік кешіпті. Адамзат әлемнің еркесі екен. Бойлары үш метрден асатын, бойшаң, сымбатты, жүздері көрікті боп келеді. Әсіресе, мөлдіреген аялы жанарлары ғажап тылсымға ие. Бір қарағаннан-ақ жүз шақырымдай алысты болжап, бақылап көретін. Қыбыр еткен тіршілік дүниесінің бар қимылын қалт жібермей, өз қырағы жанарларына дискке жазғандай жазып алады. Бірақ соншама қабілетті болғандарына қарамастан, ерекше мейірімді, жан баласына зияны жоқ, күллі тіршілік дүниесінің досы екен өздері.
Бұл өзгеше мейірімді, бейбіт елдің ғажаптығы сонша, таза ауамен ғана тыныстап қоймай, өздерінің ақ пейіл, таза ниеттерінен ортақ қуат алатын. Жан дүниелері кіршіксіз, мөлдір еді. Адамдардың мейірімділігі соншалық, жан-жақтарына көз тоқтатып қараған сайын бар әлем құлпырып, гүлденген үстіне гүлденіп сала беретін. Қар астынан көрінген бәйшешектер әп-сәтте биіктеп өсіп, жеміс ағаштары шыбық күйінде баққа отырғыза салысымен жапырақтары жайқалып, бір жазда-ақ жеміс бере бастайтын. Диқандар еккен дәндер де тез өніп, егістік біткен жайқалып өсуші еді. Күз болмай-ақ уылжып пісетін.
Мұндай ғажап өлкеде өмір сүрудің өзі ғанибет қой. Олар ауру, өлім дегеннен мүлде бейхабар, мамыражай, мәңгілік ғұмыр кешті. Өздерінің басқарушы көсемдерін ерекше қадірледі. Мейірбан жанарлар елінде уақыттың қалай өткені де білінбейтін. Әркім-ақ асыл арманға берілсе болғаны, әп-сәтте орындалып сала береді. Өйткені басқалар да оған тілеулес боп тұрады. «Көп тілеуі – көл» деген сол да. Тіпті табиғат та сол жақсы ниеттің жүзеге асуына бейімделе түсетіндей.
Жазда туғандар – жаз, қыста туғандар – қыс, көктемде туғандар – көктем, күзде туғандар күз адамдары боп қана ретімен тіркелетін. Бірден миллиардқа дейінгі осылай шартты түрде тіркелгендері болмаса, риясыз көңіл, ізгі ниет ортақ жерде не болса соған бөліну деген атымен жоқ. Нағыз бейбіт, ала-құласыз, алашақ-берешегі жоқ бір ғажап тіршілік еді. Бөліну, бақталастық деген атымен жоқ. Қымқыру, жымқыру дегенді білмейтін елде бәрі тамаша болмай ма?!
Бақыт құсы жарықтық та көп. Тіпті әр адамның басында бақыт құсы айналып ұшып, қалықтап жүретін. Бұл да бір үйреншікті, қалыпты жағдай көрінетін. Тіпті адамдар мен бүкіл тіршілік дүниесі арасында қуаныш биі, алғыс биі, мейірім биі, береке биі, тазалық биі дегендер өзінен өзі мың бұрала, асыр сала орындалып жататын. Ән шырқау, өлең оқу, сырлы сазды аспапта ойнау – өмірдің бар сұлулығын, сиқырлы, сырлы әуенмен бейнелеу өмірдің бөлінбес бөлшегіндей көрініс-ті. Өнердің өмірдің бар бояуын, бар бедерін беруге ұмтылып, ғажап өрістеген шағы. Жазушы, суретші, мүсінші, ұста, зергер, тоқымашы, қойшы, әйтеуір, кез келген өнер иелері қиял-ғажайып әлемінің небір сұлулығын тамсандыра кестелер еді. Шын өмір қайсы, қиял дүниесі қайсы, болжап болмайсың. Шеберліктің шыңдалуында шек болушы ма еді?!
Бұлбұл құстардың, түрлі сайрауық құстардың әуені таң атпастан құлақ құрышыңды қандырады. Бірінен-бірі өтетін көбелек, алуан өрнек бояулы жәндіктер ше! Ізгілік жұпары аңқып, мейірім шашуы шашылып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда аңдар да шетінен күлегеш, цирк ойынпаздарындай жаңалыққа құштар, бір нәрсе үйренуге бейімделгіш боп тұратын. Үлкеннің кішіге қамқорлығы, әлдінің әлсізге жанашырлығы бүкіл тіршілік дүниесіне тән мызғымас қағида болатын.
***
Әттеген-айсыз өмір болушы ма еді? Мәңгі мамырстан, бақыт құсы қалықтаған елде де, япыр-ау, орындалмай келе жатқан бір арман бар еді. Мейірімді жанарлар елінің ханы ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу жар құшқан. Алақанға сап аялаған сол келіншегі мұрагер сыйлап қуанта алмай, уайым шеккізді.
Емші, дәрігерлердің бәрі қарап, шипа іздегенмен еш нәтиже болмады. Ханым көрер көзге әлсіреп, солып бара жатты. Түн баласы көз ілуден қалды.
Бір күні таңға жақын талмаусырап, енді көз шырымын алмақ болғанда түс көрді. Түсінде сұмдық іс көрді.
– Ей, мейірімді елдің ханымы, сен неге қапа боласың? Бірауыз сөзіңмен жан жарыңды аузыңа қаратасың. Осы айтқанымды орындасаң, сенен бақытты адам болмайды, – деді бір үн.
– Менде не шаруаң бар? – деді келіншек әлсіз үн қатып. – Ерім бүтін ғаламшардың иесі болса да, бір перзентке зармыз. Көрмей тұрсың ба, күннен күнге уайымнан солып барамын.
– Әрине, білемін. Қайғыңды азайту үшін бір ақыл айтайын. Соны орындатсаң, бақытты боласыңдар.
– Ол қандай ақыл? Айтсаң, айт. Тыңдап көрейін.
Осыны айтуы мұң, әлгі үн енді ханымның өз ішінен шыққандай, тіптен жақыннан естілді.
– Мейірімді елдің ханына айт. «Мен адам біткеннің көзіне жерікпін» де. «Сол жерігім қанып, жаным жай тапқан күні, хан ием, сенің бір бұл әлем емес, бүкіл 18 мың ғаламды түгел билейтін ұлың дүниеге келеді. Өз қабілетіңіз де бұрынғыдан шексіз артады. Түпсіз ғаламның бәрін үйде отырып, көзіңізбен шолып, саяхаттап, басқа да бүкіл ғаламшар иелерінің тілін түсініп, алыстан ойша басқаратын қабілетке ие боласыз!» де.
Жерлестерің онсыз да бақытты ғой. Саған көздерін сыйлағаннан олардың түгі кетпейді. Ғажайып перзенттерің дүниеге келген соң бәрі бір күнгідей болмайды. Бүкіл ғалам сол перзенттерің арқылы хан екеуіңе тиесілі боп, мына көргендеріңнен мүлде басқа тіршілік дүниесін көресіңдер. Бұдан да зор бақыт құшағына бөленесіңдер – деп тағы ой қосты әлгі үн. Перзенттің зары өткен соң ба, жоқ өзі де әу баста тұрлаусыз дүниеде тиянақсыздық танытуға бейіл ме еді. Ханым ішіндегі әзәзілдің сөзін құп алып, ертеңіне ханға жеткізді. Жай жеткізбей, шарт қойды. Хан ием, мені шын жақсы көретініңіз рас болса, айтар уәжім бар. Сөзіме құлақ салыңыз. Орындаймын деп уәде беріңіз. Жақсылыққа жаны үйренген, ешқандай қатер ойламайтын хан келіншегінің сөзін тыңдар-тыңдамастан, «Жарайды! – деген. – Бір тілегіңді бердім. Айта бер, ханымым!».
– Айтсам, хан ием, мен отандастарымның көзіне жерікпін. Сіз рұқсат берсеңіз, жерігім қанған күні әлемде өзгеше өзгеріс болады. «Мейірімді жанарлар елі» әлемінен басқа да 18 мың ғаламды басқаратын боласыз. Мұндай шексіз билікке дүниеге келетін ұлыңыздың айрықша қабілетінің арқасында қол жеткізесіз, – деді.
– Ханымым, не айтып тұрсың өзің? Бұл қай білместігің? Мейірімді жанарлар елінің бар ерекшелігі де халқымның осынау мөлдір, аялы көздерінде емес пе? Ақ пейілдер елінің беріктігі де, татулығы да осында. Ғасырлар бойы бір-бірімізді ыстық ықылас, ақ пейілімізбен қорғап отырмыз. Тіршілікке нәр беруші ең үлкен жылу – таза жан дүние қуаты. Ол аялы, мөлдір жанарлар арқылы шартарапқа тарайды. Әрдайым, тіпті бар тіршілік сұлулыққа, жақсылыққа құштар болған сайын бәріміздің денсаулығымыз артып, еліміз көркейе түседі. Ал сен болсаң, ең жанды жерден пышақ салып отырсың, ханымым! Мұны мен тіпті түсіне алмайды екенмін!
– Елім, елім деп өзеуреп қоймайды екенсіз. Өз әулетіңізді неге ойламайсыз? Осы айтқанымды орындамасаңыз, мен қайтып бұл сырқаттан бас көтере алмаймын. Құсадан-ақ жан тапсырамын. Ал сіз бұл пәниден ұрпақсыз өтесіз. Әулетіңіздің, салтанатты сарайыңыздың шамы өшеді. Бұл дүниеде әулетсіз, жалғыздықты таңдайсыз ба, әлде жарқыраған болашаққа ұмтылып, басқа сансыз ғаламдардың ханы болып, ертегідей өмір сүресіз бе? Таңдау еркіңізде. Осыны айтқан ханым қайтадан талықсып кетті.
***
Хан екі оттың ортасында қалды. Көз алдында жан жары жантәсілім боп барады. Буынсыз жерден пышақ салған түрі анау. Мұншама шарасыздықтан ханның ерекше мейірімді, айрықша мөлдір жанарлары сусыз жерде қалған балықтың көзіндей алайып, сұмдық жапа шекті. Қиналып-ақ тұр. Халқын да ойлайды. Ханымын, салтанатын, бұдан да тасыған болашағын да елестетеді. Жаны мұрнының ұшына келгендей. Бір мезетте: «Хан ием, алаңсыз өміріңіз жалғаса береді ғой. Осы сіз өз басыңыз не үшін қайғырасыз? Елге де түк болмайды. Бұл еліңізден де мықты, жаңа сапалы адамдар өз әулетіңізден тарайтын болады» деген әзәзіл сөзге бір пәске кірпік қаққандай, қас қағым уақытқа мойынұсынғандай кейіп танытты. Мұны тіпті өзі байқамай да қалды.
Әзәзілдің аңдығаны да осы болатын. Ақ пейілдер елінің жақсылық қуатына түскен болар-болмас жаман ниет ұшқыны өршіп, қаулап ала жөнелді. Бір-біріне деген ізгі ниеттен қуат алатын елде түсініксіз бір әрекет басталды. Алдымен аспанда жарқыраған Күн тұтылды. Жамандық дегеннің не екенін білмейтін, өздері үлкен, зор, күшті болса да титтей қараулыққа қарсы келе алмайтын мейірбан жанарлы адамдар барлық жерде бірінен соң бірі бәйтеректей сұлап, шетінен құлап жатты. Жай құламай, мөлдір тап-таза жанарлары бірінен соң бірі ағып түсіп, тау боп үйіліп қалды.
Өмірбақи сеніп келген хан иелерінің бір осалдығы бар дүниені күлпарша етті. Бақыт құсын қалқытып, тіршілік дүниесін мәз ғұмыр, шат-шадыман қуанышқа ораған ақ ниеттің, ақ пейілдің нәзік арқауы осылайша үзіліп, ыдырап, әлемді адам түсініп болмайтын, әлем-тапырық, бей-берекеттік жайлады. Ханның «Жалған дүние-ай» деуге ғана шамасы келді. «Ханымым, мен не істедім?!» – деп көкірегінен жалын ата күрсініп, аһ ұрды. Бірақ енді бәрі кеш еді. Көзге көрінбес жамандық оты лаулап барады.
Ханым болса, керісінше, қуаты артып: «Хан ием, сен дұрыс істедің, міне, міне, қазір көресің, дүниеге көптен зарыға күткен сәбиіміз келеді. Адамдар көзінің қуаты маған қарай ағылуда, жерігім басылатын түрі бар. Қазір, қазір, көресің», – деп масайрай, ерні-ерніне жұқпай шалықтай сөйлеп жатыр.
Сөйткенше болған жоқ, ханымның қампиған қарны қақ жарылып, ішінен үлкен жалғыз көз сияқты басы бар бір еңгезердей дәу шығып келе жатты. Бұлым-бұлым бұлшық еттері сомдалып, бойы сорайып, ханның көз алдында сәт санап үлкейіп бара жатыр. Бас орнында шақырайған дәу көз, кірпік қақпай бағжия қарайтынын қайтерсің! Тарбиған үлкен қолымен жарық дүниеге бала әкелдім бе деп мәз боп, миығынан күліп, талықсып жатқан байғұс шешесін басынан, шашынан бүріп ұстап көтеріп алды да, самаладай жарқыраған сарай шамына қарай лақтырып жіберді. Қақпақыл жасап, қайта қағып алды. Содан кейін есерсоқтана тіл қатты.
– Жерік болған көзің менмін. Жерігің қанған шығар, Ана. Адамзаттың сенімін аяққа таптап, жеті қат аспанның аржағына ұшып, ұшпаққа шықпақсыңдар ғой, солай ма? Қанағатсыз, жалған дүниенің бірінші ұрпағы – мына мені сен әкем екеуің өмірге әкелдіңдер. Тумай-ақ қояйын деп едім. Анам әзәзілмен ауыз жаласты, соның ақылын тыңдады. Өзіңді де майда тілімен, тәтті, қияли болашақпен қызықтырды. Өзіңе сенген отандастарыңды олардың қалтқысыз сенімін аяққа таптайтындай, не көрінді, Әке?! Жақсылықтан несіне одан бетер жақсылық іздедің, Хан ием? Сені көпшілік хан көтергенде берген уәдеңде тұрмадың ба? Әулетің халқыңнан керемет болады, бүкіл елдің орнын толтырады деп кім айтты сізге? Сатқындықтың алғашқы салқыны тиген анамның жер басып жүруге енді хақысы жоқ. Алдымен жанын өзім аламын! Осылай деп қаһарына мінген жалғыз көз дәу анасын уысында ұстаған күйі зығырданы қайнай мыжып-мыжып, әп-сәтте бір уыс күлге айналдырды. Сөйтті де, сарай ішіндегі мәуелі, үлкен гүл өскен құмыраға шаша салды.
– Сендер, енді жай гүл емес, жыртқыш гүлсіңдер. Менің оң қолымсыңдар! – деп оларға бұйыра сөйледі. Гүлдер қорыққаннан бастары бүгіліп, қалтырап, иіле түсті.
Хан мына көріністен әлдеқашан естен танып қалған. Енді ше? Өзі үйренген дүние үлгісі көз алдында күлпарша болса, жерліктердің бір-бірінен өмір нәрін, тіршілік қуатын алатын аялы, мөлдір жанарлары әп-сәтте өзінің бір сәттік жаман ниетінен ағып түсіп, дүние олар үшін тас қараңғы түнекке айналса, айналадағы жарқыраған әлемнен енді кімге пайда? Шартараптан жеткен күңіренген, ыңырсыған, «дүние жалған» деген үндерден құлағы тұнып, басы айналды. Іштен шыққан шұбар жылан емес пе?! Жаңағы жалғыз көз дәу ендігі жерде хан әкесін тарпа бас салған жоқ. Қайта оған таңырқап, әуестікпен қарап, жалғыз көз басын шайқап-шайқап қояды. Сарай ішіндегілер тұра тұрсын. Енді сыртта не боп жатыр, соған келейік.
***
Сатқындық пен нысапсыздық вирусы мақта жіпті тұтатқандай лаулап, әп-сәтте ересек адамдардың қуатты, мөлдір жанарларындағы өмірге құштарлық оттары семіп, шамшырақтары бір пәсте, бірінен соң бірі ағып түсіп жатты. Әлі санасы толық кіре қоймаған, өмір сүруге қабілетті шырақ көздерінің бәрі толық жанып болмаған, табиғи сақтық қалыптары сақталған жас балалар ғана жарқыраған жанарларынан айрылған жоқ. Қазақша айтсақ, періштелері қақты. Көз алдарында жанарлары ағып түсіп, қалт-құлт еткен ересек ата-аналарын, ата-әжелерін жетелеп, жол көрсетіп, у да шу.
– Апашым-ау, сізге не болды? Дүние сол қалпында. Жарқырап тұр, есіңді жинашы, анашым! – деп шырылдаған сәбилер жамандық, қасірет алдында мүлде қауқарсыз аналарын қайраттандырып, дем беріп әлек.
– Әкешім, сіз мықтысыз! Өйткені сізден туған мен де мықтымын! Қараңғыда жол көрсетер, анам екеуіңізді бағып-қағар балаңызбын ғой. Жанарыңыз болмаса, жанар боламын. Қорықпаңыз! Жетелеп жүремін. Қолымнан келген бар көмегімді жасаймын. Бауырларым да көмектеседі. Тек күштеріңізді жиып, жанымызда жүрсеңдер болды, қасиетті, кемеңгер, қамқор ата-анамыз! – деп әр-әр үйде-ақ балалардың мейірімді үндері үсті-үстіне естіліп, әке-шеше, ата-әжелерін қорғаштап, уайымы көп, өздеріне түсініксіз бөтен өмірге бейімделіп жатты.
Расында бұл енді бәрібір басқа өмір, басқа тіршілік еді. Мейірімді жанарлар еліндегі сәт сайын шуақ шашқан жақсылық, қуаныш, ақ пейілді жас балалардың нәзік жүрек лүпілдері, шүпілдеген мейірім, ізгілік сезімдері түгел орнын басып толтырмаса да, үміт сәулесінің мүлде сөніп қалуына жол бермеді. Ізгілік ұшқындары әр-әр жерде жылтырай жанып, мәңгі мамырстан елінде тас-түйін күрес басталды. Кішкентай балалар көрер көзге есейіп кеткендей. Кішкене балалардың жақсылыққа құштар жан дүниелерінен от алған қуат сәулелері енді шартарапқа бұрынғысынан да жиі, айрықша жылдам, шашырай тарады. Үсті-үстіне дабыл қаққан, көмек сұраған дауыс жазбаларын жіберді олар.
– Дабыл! Дабыл! Дабыл! Біз, «Мейірбан жанарлар елінің» балалары, өз ғаламшарымызда жалғыз қалып барамыз. Ай мен күндей, алып бәйтеректей ата-аналарымыз, ата-әжелеріміз шеттерінен морылған ағаштай сұлап түсіп жатыр. Олар жанарларынан айрылып, қауқарсыз боп қалды. «Мейірбан жанарлар елі» планетасынан сыртта жүрген қандастарымыз! Біздің дабыл қаққан үндеріміз жетсе, шұғыл елге қайтуға тырысыңдар! Белгісіз дертпен күресу үшін ел бірлігі керек! Ересектердің ақылы мен жәрдемі керек бізге! Күтеміз! Жедел хабарласыңыздар! Әрине, бейбіт заманда ғылым білім, ерекше дамыған болатын. Ізденісте шек бар ма? Мейірімді жанарлар елінің айрықша дарындылары шартарапқа тарап кеткен-ді.
Қазіргі адамдардан бір ғажабы, ілім-білімдері жетілген сайын олар қаласа өздері-ақ ұша беретін қабілетке ие болды. Қазіргідей әуе кемелеріне отырып, ұшып, қонбайды. Скафандрларын киіп, қиялмен баратын жері туралы нақты, тереңдей ойлап, бағыт таңдаса болды, қалықтап ұша беретін. Неғұрлым қиялы ұшқыр болса, басқа ғаламшарларға баратын сапарлары да қиял-ғажайып бола түсетін. Өздерімен қосқанда 18 мың ғаламның нақты төртеуінде тіршілік дүниесі барын бұлар әлімсақтан бері білетін.
Атап айтсақ, олар мына ғаламшарлар еді: Salman (балық тектестер) планетасы; Avesтар (құсбастылар) ғаламшары; Lignum (ағаш тектілер) планетасы; Formicаe (құрт-құмырсқалар) ғаламшары. Ал бұлардың «Мейірбан жанарлар елі» Бүкілғаламдық қауымдастықта Oculi benigni ғаламшары деген атпен белгілі еді. Өйткені бұл есте жоқ ескі заманның ғылыми ортақ тілі, көне латын тілі деп ұйғарған болатын ғалымдар. «Мейірбан жанарлар елінің» ерекше дарынды ғалымдары бейбіт заманда көптеген ізгі ізденістерге жол ашқан. Тіршілік бар деген ғаламшарларға небір қызықты ғылыми сапарлар ұйымдастырып, түпсіз тұңғиық аспан көгіне жиі-жиі ұшып, барыс-келіс көбейген кез еді. Балалар енді, міне, сол қаһарман қандастарын көмекке шақырып жатыр. Ең жақын ғаламшар Salmanда тіршілік дүниесі тек судан, су ішіндегі балық тектестерден тұратын.
***
Зәулім хан сарайы ауқымы жағынан шындығында өзі бір алып мемлекет сияқты еді. Жұмақ ішіндегі жұмақ, шетсіз де шексіз кеңістік. Сыртта тіршілік дүниесі бар екенін ұмытып кетуге болатын. Әсем бақтар құлпырған, әнші құстар сайраған, қауыздардан мөлдір сулар шашылған, саф таза ауалы тамаша мекенжайда өмірі дала көрмеген, жаңадан дүниеге келген құбыжық көз басы қалтаңдап, біресе бағжиып, біресе шұқшиып, айналасындағы сырлы дүниеге бір пәс таң қалып, масаттана, тамсана қарайды. Әкесін қос алақанына салып, тербетіп оятты.
– Әкешім-ау, сен мені қанша жек көрсең де, енді қашып құтылмайсың. Өйткені мен сенің жылдар бойы күткен перзентіңмін. Мүмкін, сынағың шығармын. Түрім қорқынышты екенін өзім де білемін. Бірақ менің жан дүнием басқаша сөйлейді. Менің осы оңбаған кейпімді қабылдап, есіңізді жиыңыз. Мүмкін, сол кезде ұлы өзгерістер жасайтын болармыз, – деді жалғыз көз дәу ханның құлағына дауыстай сөйлеп. Басқа түскен соң, амалы бар ма? Хан есін жиып, іштей енді не істейтінін ойлай түсті. «Кім болсаң, ол бол, бұдан әрі жамандық жасауыңа жол бермеймін. Сол үшін де күресуге тиіспін!» деген пікіріне ойша бекініп, бір шешімге келді.
– Жанархан батыр! Сен енді Жанархан батырсың, ұқтың ба? Ашу үстінде анаңның жанын жаһаннамға жібердің. Қанішер екенсің. Бұдан кейін мен сені қалай балам деймін? Анаңды әлі тірілтіп алуға тырысамын. Бұдан былай зұлымдық жасамайтын бол. Екеулеп жоспар құрайық. 18 мың ғаламды түгел билеу ойымда жоқ. Бұл анаңның арманы болатын. Тіршілік дүниесі бар ғаламшарлармен қарым-қатынасымызды нығайтсақ та жетеді. Өзің қалай ойлайсың?
– Әке, біз оларды жаулап аламыз. Билеп-басып алудан басқа жол жоқ. Менің оған қабілетім жетеді, – деді Дәу.
– Жоқ! «Мейірбан жанарлар елі» деп жайдан жай аталған жоқпыз. Менің ғаламшарым соңғы рет 5000 жыл бұрын қару-жарақ шығаруды тоқтатқан. Сондықтан соғысқа жол бермеймін, – деді Хан.
Жанархан осы кезде қулыққа басты:
– Дұрыс, Хан ием! Мен сіздің жолыңызды жалғастырамын. Жауласпаймын ешкіммен. Олармен достасып, өз қатарымызды көбейтетін боламын. Сол үшін сіз маған ең жақын ғаламшар Salmanдар еліне қалай жетуді түсіндіріп беріңіз.
– Жарайды онда. Сен сарайдың ішін емін-еркін аралап жүре тұр. Мен уәзірлеріме тапсырма берейін. Ең жақын ғаламшар Salmanдар еліне сенімен бірге сапарға шығатын топты дайындасын, – деді Хан.
Құбыжық Хан әкесіне: «Мақұл», – деп келіскенін білдірді.
***
Әсіресе, айрықша қатты шырылдап бүкіл ғаламнан көмек сұраған балалардың дабылын естіген Ай мен Күн оларға күш беруге ұйғарды. Сөйтіп, ағайынды екі балаға мейірімі түсіп, күштерін соларға берді. Оларға: «Сендер Айхан және Күнхан деген жауынгерсіңдер енді, – деп, ақылдарын айтты.
– Біз сендерге қуат, бата бердік, енді бәрін жеңесіңдер! – деді.
Ерекше күш біткен Айхан мен Күнхан жорыққа дайындалды. Salmanдар ғаламшарына ұшып барып, қандастарын іздеп көрмек. Бұл оқиғадан алты ай шамасы өткен кезде, енді мейірбандар елінде уақыт зымырай бастады. Жанархан дәу әлі сарай ішінде жүрсе де, өз сиқырымен барлық ғаламшарларды кері қуат көзіне тізбектей жалғады. Алыста отырып-ақ оларды басқара беретін мүмкіндікке ие болатын. Әкесі бұған қашан жолға шығасың деп айтатынын күтіп жүрген сияқты көрінгенмен, жалғыз көзді дәу өз қулығымен ғаламшарлар арасындағы ғаламат соғыстың жоспарын құра берді. Дуалауға душар болған Salmanдар елі бейбіт мақсатпен ұшып келген Айхан мен Күнханды жау ретінде қарсы алды. Олардың өз қандастарын іздеп келгенін түсінгісі келмеді.
– Біз сендермен ешқашан дос болған емеспіз. Жалған сөйлемей, табандарыңды жалтыратыңдар. Әйтпесе, ғаламшарларыңызға соғыс ашамыз. Мұнда сендердің елден ешкім келген жоқ, – деп Salmanдар елінің жаугер қорғаушылары бұларды ғаламшар сыртын қоршаған тоғыз қабат шеңберден өтіп кетуге тыйым сала, ескерте сөйледі. Осы маңда болуы мүмкін жерлестеріне жақыннан дыбыс белгісін таратып үлгерген Айхан мен Күнхан кері шегінді. Қолайлы уақытты күтпестен арандап қалуға болмайды.
– Жақсы, біз басқа ғаламшарларға ұштық, – десті олар.
***
Шынымен түпсіз-шексіз галактика кеңістігіне бойлап ене берді олар. Көзді ашып-жұмғанша Lignum – ағаштектілер ғаламшарына келді. Бұл ғаламшар өздерінің Мейірбан жанарлар еліне ұқсайтын. Ауадан, судан, оттан, топырақтан тұратын. Бастарында жайқалған ағаш бұтақтары болса да, денелері адамдар сияқты тік, екі аяқты, екі қолды. Ағаштектес Lignumдар өз жүйе, тәртібімен өмір сүріп жатқан. Бірақ әлгі алыс қашықтықтан сырттан сиқырлай беретін жалғыз көзді дәу бұларды да Мейірбан жанарлар еліне қарсы қойып қойыпты. Айхан мен Күнхан өз елдерінің мұндағы елшілігін іздемек болып еді, Lignumдар жауынгерлері ағаш бастарын бір-біріне жақындатып шеңбер құрып, қоршай тұра қалды.
– Елшілік сендерді қабылдамайды. Өйткені сендер жат ғаламшардан келдіңдер. Қандай пиғылмен, не үшін жүргендеріңді тексермей, елшілікке жібермейміз. Елшіліктерің қоршауда. Қазір біз сіздердің ғаламшармен соғыс жағдайында тұрмыз. Ғаламшаралық бейтарап кеңістікте тексеруден өткіземіз, – деді Lignumдар хабаршысы.
Айхан мен Күнхан бұл шартқа келісетіндігін мәлімдеді. Ғаламшараралық бейтарап кеңістіктің өзі шексіз, түпсіздей созылып жатыр ғой. Сонда да болса, бұлар тозаңдықтың Lignymдар еліне жақын тұсында қалықтап тұрып, тексеру шараларын күтті. Бәрі асқан жылдамдықпен орындалатын ресми тәртіп талаптары орындала бастады.
...Жап-жасыл әлем сағым сияқты көлбей ұшты. Ішінде не жоқ дейсің. Тылсым дүние. Айхан мен Күнхан көз алдынан өз ғаламшарларындағы бақытты кезең қол бұлғай өтіп жатыр. Скафандр киген мына жас ұландар қайда ұшып барады? Тоқтай тұр, өздері іздеп келген, ізгілік ілімін басқа ғаламшарға жасыруға бұдан мың жыл бұрын аттанған жерлестері ғой мыналар. Жаз, Күз, Қыс, Көктем сұлтандары. Киген киімдері өздеріне керемет жарасады екен. Аялы мөлдір жанарлары қандай терең ойлы, қандай мейірімді. Қанша жыл өтсе де қартаймайтын, тек даналықтары артып, дүние ғылымын тереңдеп оқи түсетін бауырларын көрген Айхан мен Күнхан қуанғаннан айғайлап жіберді.
– Дұрыс тауып келген екенбіз. Мейірімділік коды – сіздерде! Өздеріңізбен аман-есен жолықсақ, бәрі реттеледі. Алақай, амансыңдар ма, Ағаштектілер елі! Туысқан елдегі отандастарымыз! Сіздерді көргенімізге қуаныштымыз! Балалардың сағым көріністерге қарап қуануы пәк, таза жан дүниелерімен астасып, голограмма бейнесіндегі төрт мейірбан жан жап-жақыннан пайда болды. Олар тексеруден сезімдік дәрежеде мүлтіксіз өтті. Жерлестерінің голограммасы жақыннан көрінуі осыны білдірген. Енді Айхан мен Күнхан үшін Lignum ғаламшарының қақпасы ашық.
Шет ғаламшарлық қос жауынгер баланың ешқандай зұлым жоспарсыз, тек өз жерлестерін іздеп келгені түсінікті болды. Бұдан әрі оларға кедергі келтіріп уақыт созудың керегі жоқ. Lignumдардың жас сарбазы Кипарис бұл тұжырымын данышпан қарт Жұмбақ Баобабқа жеткізді. Lignum ғаламшары тыныштығын күзеткеніне он мың жылдан асқан сұңғыла ғалым қарт Айхан мен Күнханды алғаш көргенде-ақ Мейірбан жанарлар елінен келгенін білген. Алдыңғы ізгілік елшілеріне қатты ұқсайтындықтарынан-ақ бірден байқаған. Бірақ жас сарбаз Кипарис зерттеу, сынау тәжірибесін жинауы керек қой. Сол үшін де ресми тексеру тәжірибесін соңына дейін мұқият өткізіп, әріптесінің өз қорытындысын шығаруына мүмкіндік берген. Ұстаз өз ұстанымы мүлт кетпегенін байқап, Кипаристің шешімімен келісті. Айхан мен Күнханға жаңа ғаламшарлардың өзгеше жарық, ерекше таза, саф, тұнық ауалы мәңгі жасыл әлемінің қақпасы айқара ашылып, қос батырды құшағына ала берді.
***
Анасы әзәзілдің азғыруымен дүниеге әкелген Жалғыз көзді дәу әкесінен кеңес сұрағандай көрінгенімен, өз зұлымдық мақсатын іске асыра берді. Тіршілік бар төрт ғаламшарды да оймен басқарып, қым-қуыт соғысқа әзірлікті жалғастырды. Farmicae планетасындағы еңбекқор құмырсқатектестерге соғыс кемелерін қару-жарақтарын тез арада жасап, көбейтуді тапсырды. Ешқашан соғысып көрмеген farmicaeлықтар зомби сияқты ес-түссіз жалғыз көз дәудің ойша бұйырған тапсырмаларын өздеріне тән ұқыпты, еңбекқор мінездерімен айнытпай орындап жатты. Ал құстектестер – Avesтер ғаламшарындағы түрлі ұшқыр қанат сарбаздарға жалғыз көзді дәу шабуылдың ең алдыңғы шебінде болатындықтарын бірден ескерткен болатын.
– Біз ғаламшарлар арасында естіп білмеген соғыс ашамыз. Мен, Мейірбан жанарлар елі хан тағының жаңа мұрагері Жанархан, мына ғаламда кімнің мықты екенін дәлелдегім келеді. Бұйрығымды қарсыласпай орындаған ғаламшар елдері арасындағы достық жалғаса береді. Кімде-кім қарсы шықса, сол ғаламшарды күлпаршасын шығарып, қарақұрдымға жіберемін, – деп темір даусымен зілдене ақырды.
– Сендер, құстектестер қанатының ұшу заңымен сапқа тұрып, мұздай құрсанып, Мейірбан жандар еліне бұрыннан достығын сақтаған жақтастар шебіне тұтқиылдан үшбұрышты лек құрып, дүркін-дүркін шабуылдайсыңдар! Біздің елдің сарбаздарының осал тұсы – аялы, мөлдір жанарларын үшкір тұмсықтарыңмен ойып әкетіңдер. Оларға көмекке келуге Lignum сарбаздары дайындалып жатыр. Ағаштектестердің ең осал тұстары – бастарындағы бұтақтары. Ол бұтақтарда олардың милары орналасқан. Миларын шауып алу керек! Осы екі нәрсені ұмытпаңдар! Жеңіс біздікі болады! – деп айғай салды Жалғыз көз дәу.
– Балықтектестер – Salmandар, сендер судан алысқа ұзап шыға алмайтын болғандықтан, бүкілғаламшарлық жойқын соғыс жауынгерлерін тамақпен қамтамасыз етуді тапсырамын. Осы бастан балдыр, мұхит суы асты шөптерінен, түрлі жәндіктерден жорық асын әзірлеп, ұшқыш Avesterге, құрылысшы farmicaeларға тамақ молшылығын жасайсыңдар. Осы тапсырманы ойдағыдай орындауды бұйырамын! – Жалғыз көз дәу сиқырмен ғаламшараралық соғыс жоспарын шебер қолбасшылардай жетілдіре түсті. Өзінше барлық одақтастарына тапсырма берді.
***
Қас қағым сәт. Кірпік қаққанша. Уақыт қандай жылдам! Жайшылықта уақыт жиілігінің ең кішкентай мөлшері де ұлы құпияға ие екенін байқай бермейміз. Қолда бардың қадірі жоқ. Әрдайым мұны сезіп тұрсақ, жамандық атаулыға саңылау қалдырмас едік. Зұлымдық ойға мүлде келмейтіндей әр сәтке, әр минут, әр секундқа жақсылық жебеушілерінен күзет қояр едік. Ұйықтамаса, қалғымаса Жақсылық, Ізгілік ұйықтамасын. Солай емес пе? Ендеше, Мейірбан жанарлар елінің каһармандары Айхан мен Күнханның Мейірімділік кодын бұдан мың жыл бұрын дос ғаламшар – Lignum ағаштектестер еліне данышпандықпен жеткізіп, мызғымас күзет қойған арыстай төрт бауырын іздеп тапқандары қандай сәттілік десеңші!
Lignum ғаламшарындағы елшілікте қос батыр бала Айхан мен Күнханды өздері алдымен голограммасымен сөйлескен бауырлары бар салтанатымен қарсы алды. Достар планетасы аумағында орналасқан Мейірбан жанарлар елінің елшілігін ғаламшар ішіндегі ғаламшар десе болғандай екен. Мейірбандар елінің тұтас бір алып көшірмесі пайда болыпты. Өйткені Көктем, Жаз, Күз, Қыс сұлтандары бұдан мың жыл бұрын аса құпия, арнаулы тапсырманы орындамаққа басқа ғаламшарға жұп болып аттанған еді. Әрі өз елдеріндегі бүкіл тіршілік дүниесінің капсулаларын өсіріп, сақтауға, дамытуға бірге алып ұшқан. Ірі ғылыми жобаның авторлары төрт жұп болғанымен, орындаушылары жүзге тарта ғылыми мамандар бірге келген. Міне, осы достық елшілерінің Lignumдар ғаламшарында еккен бағы гүлдеп, тіршілік дүниесі жайқалып, Мейірбан жанарлар елінің өкілдері бұл жақта да тарихи тамырын тереңге жая бастаған. Қос каһарман Айхан мен Күнханды аялы, мейірбан жанарлары мөлдіреген, сымбатты, құлын мүсіндеріне желбіршекті қос етек аппақ жібек көйлектері, қынама бел мақпал камзолдары жарасқан қос сұлу бойжеткен иіле қарсы алып, қапталдарын жайқалып өскен алуан гүл көмкерген кең дәлізбен салтанатты сарайға бастап жол көрсетті. Төрде аппақ сақалдары белуарына түскен ұзын ақ шапанды, ақ қалпақты бабалар бұларды күтіп тұр екен. Айхан мен Күнхан есіктен кірер кірместен данышпан бабаларға иіліп сәлем берді. Армысыздар, ата-баба дәстүр-салтын ұстаған, асыл қазынасын сақтаған, абзал қарияларымыз!
– Бар болыңдар, балаларым!
– Елден қиын сапарға шығып, аман-есен жетулеріңмен, Айхан, Күнхан батырлар!
– Жолдарың болсын, қаһарман сарбаздар!
– Жақсылық жаршысы болуға әрдайым дайынбыз, батырларым!
Төрт данышпан қарт өздері мың жыл көрмеген Отанынан келген қос ержүрек жас жауынгерді батылдықтары үшін құрметтей, әрі жүрек тебірентер сағынышпен қарсы алды. Мына бала батырлар тұлғасына қарап Отан қорғау жолындағы аса құпия тапсырма өздеріне жүктеліп, алыс сапарға шыққан жас кездерін еске түсірді.
– Бауырмал ықыластарыңызға мың алғыс, ардақты аталар!
– Ай мен Күнге рақмет. Олар бізге қуатын қосып, батасын берді. Әйтпесе, алыс сапарға шығуға іштей дайын болғанмен, мұнда жете алар ма едік? Ата-аналарымыз, барлық ересек адамдар жан қуаты – мөлдір жанарларынан бір сәтте айырылып, елдегі балалар қорғансыз қалды. Туған ғаламшарларыңызды басқа түскен қатерден қорғап, бірлесе сақтайық! Көмектеріңіз керек, отандастарымыз. – Қос батыр бала бірін-бірі жалғастыра саңқылдай сөйлеп болған жайды жерлестеріне бастан-аяқ баяндап берді.
Олардың Отан деп соққан жүректерінің лүпілін бейжай тыңдау мүмкін емес еді. Туған елге деген алтын арқау махаббат басқа отандастар жүрегін де шымырлатып, сазды сағынышқа толтырды. Аялы мөлдір жанарлардан мөлтек жас бұршақтай төгіліп үсті-үстіне нөсер боп ақты. Отан десе кім тағат табады дейсіз. Онсыз да мейірім, жақсылық, ізгілік күзетшісі болып алыста жүрген отандастар түп көтерілді. Еңкейген кәріден, есін енді-енді білген сәбиге дейін жан дүниелерінде алапат буырқаныс пайда болғандай. Мейірбан жанарлар елінен келіп жеткен қос бала батыр, жаужүрек жаушыларды елшілік төріндегі ақылман ақсақалдар кең құшақтарына алып, қапсыра құшақтап, кезек-кезек мауық баса көрісті.
Көрісу! Ыстық құшақты, дарқан жүректі елдің бағзыдан келе жатқан көрісу рәсімі мың жылдан бергі меймілдеген сағыныш сезімін оятып, бауырмалдық тіні қайта тартылды. Мейірім тасқындап, жақсылық қайта гүл жарды. Абыз қарттардың ақ тілегі, сағынышы, мейірімі елден жеткен қос батыр баланың қаһарман тұлғасын одан ары асқақтатып, рухын арттырып, тым шалғай алыстағы елде қалған сүйікті ата-аналарына дарытты. Ізгілік, мейірім оттары қайта жанып, Мейірбан жанарлар еліндегі кемтар болып қалған үлкен кісілердің семген жанарлары қайта шұғыла шашты. Енді әлемді жайлай бастаған белгісіз дерттің құты қашып, жақсылық қуаты орасан зор шапшаңдықпен еселеніп буырқана тасыды!
***
...Жалғыз көзді дәу өзін дүниеге әкелген зәулім сарайдан шыға алмастан өкіре құлады. Мейірбан жанарлар елінің жан қуаты – Көрісу жақсы тілектер тоғысу арқылы қайта гүлдеді.