Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Қанат ҒҰМАРОВ: «Жұмекен жырлары - жұртының жүрегінде»

Биыл жерлесіміз, Қазақстан Республикасы әнұранының авторы, Абай атындағы Ммлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың ұлы ақыны, біртуар прозашы Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толып отыр. Өлеңдері, романдары мен әңгімелері дүниенің төрт бұрышындағы қазақ қандастарымыздың ғана емес, әлем жұртшылығының назарын да аудара бастаған Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған шара облыс орталығы Атырау қаласында бастау алып, туған жері Құрманғазы ауданында жалғасын тапты. Қазақтың маңдайына біткен көрнекті қаламгерлер ақын дүниеге келген Қошалақ өңіріндегі Ашақ сорына ат басын тіреп, ұлы ақынның рухына тәу етіп, шығармашылығын дәріптеді. Делегация құрамында ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Жұмекентанушылар, ақындар, қоғам қайраткері Алмасбек Ахметбекұлы (Алматы), көрнекті әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы (Астана), Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржанов (Ақтау), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбай (Алматы), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ербол Алшынбай (Семей), ҚР еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Ыбыраев (Алматы), Есаман Хамит (Тараз), Әнуар Бимағамбетов (Ақтау), Талап Шерхан (Астана), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Гүлзада Ниетқалиева, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Махамбет сыйлығының иегері Әлия Дәулетбаева, Махамбет сыйлығының иегері Бақытгүл Бабаш, Асланбек Шығыров (Атырау), сонымен қатар Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнар Сүйеуова және маман Алмагүл Жанқанова бар.

Қазақстан Республикасы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов пен аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев, ақындар Мүтиғолла Ғани, жеке кәсіпкерлер Еркінбек Халенов, Мирғали Ғабдушев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Алмас Мукашев бастаған құрманғазылықтар алыс жолдан ат арытып жеткен меймандарды ақпен, бауырсақпен қарсылап, «Құмаршық» кафесінде таңертеңгілік шай ұйымдастырды. 
Дастархан басында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев туған жеріміздің тарихи тұлғалары жайлы, қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов құмаршық, шүйлім, қияқ сияқты өсімдіктердің аштықта елді сақтап қалған қасиеті туралы әсерлі әңгімелеп, қонақтарды ел мен жер тарихына қанықтырды.


Жұмекентанушы ақын, қоғам қайраткері Алмасбек Ахметбекұлы: «Адыра қалған Нарында, Не жоқ дейсің бәрі бар. Жайдақта бар жотасыз, Қарттар да бар батасыз, Аруана бар ботасыз, Айдын көл бар қопасыз», дегенді естігенбіз, бәрі бар екен сіздерде. Лотос өсетіні, құмаршық жайлы мен бірінші рет естіп тұрмын. Жұмекеннің «Ақ шағылын» оқыдым, бірақ құмаршық туралы жазғанын кезіктірмеппін. Жаңа Өмірзақ Қажымғалиұлы, Сәрсенбай Құрманұлы біраз тарихи ақпараттар айтты. Көп нәрсеге қанықтық. Мақаш әкім туралы да аз біледі екенмін. Керемет әсер алып отырмын. Жалпы Жұмекен ғана емес, Уәлитхан Танашев туралы да мақала жазған кісімін. Ол кісі шығыста, орталықта, батыста, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермековпен бірге Ертістің өзінде сегіз мың шақырым шекараны белгілегендердің бірі. 1920 жылы 12 тамызда шекара қағазы сызылған. Сонда бұл кісі көп жерден айырылғанымызға өкініп, «Ертең-бүрсүгінге қалдырсақ бұл да болмай қалар. Осыған қанағат етейік. Менің туған жерім шекараның шығысында қалғаны көңіліме күрмеу болды» деп айтқан екен. Қуаныштымын Өмірзақ аға, елмен, жермен танысып жатқаныма. Мына менің туған жеріммен осы араның аралығы үш мың шақырымнан астам. Бірақ осынша жердегі қазақ бір тілде сөйлеп, бір арман-мақсатпен жұмыс істегені біздің бақытымыз, ұлттық бірлігіміз» деп жақсылықтар бола берсін деген ізгі тілегін жеткізді.
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржанов: «Жұмекеннің ұлттық ақынымыз екеніне күмәнім жоқ, бірақ салыстырып қарасақ, ол қазақтық, атакүлдіктік емес, одан жоғары, адамзаттық деңгейдегі ақын. Оны шын мәнінде түсіне алмай жатсақ, оған Жұмекеннің кінәсі жоқ, біздің өреміздің, шамамыздың шамалылығы. Бізден гөрі еңселі, ойлы да бойлы ұрпақ келеді. Солар Жұмекенді өз деңгейінде ұлықтап, сол арқылы ұлтымызды адамзаттық биікке көтеріп алып шығады. Мұндай ұлыларды ұлықтау өзіміздің жер бетінде, адамзат қоғамында орнымыз бар екенін дәлелдеу үшін қажет. Сондықтан мұқым Нарынның топырағында туған қасиетті ұлдарымыздың атақ-даңқы ұрпақ үшін мәңгілік мақтаныш болатын болса, солардың қатарында, қақ маңдайында Жұмекен тұр. Түгел осы жердің әрбір қияғына, құмаршығына, егініне, боз жусанына дейін бала күнімізден етене таныс. «Ақ шағылдай», «Кішкентайдай», «Даңқ пен дақпырттай» романдары, ғажайып классикалық он жеті әңгімесі, соның бәрінде - туған жерімізді ұрпағымыздың көкірегіне таңбалап кеткен. Елін жырлаған Жұмекенді тойлаған біз едік бірінші. 1985 жылы «Ақ шағылда нұрланған арман» деп. Міне, сонда Тахауи Ахтановтың: «Соғыс кезіндегі ауыл өмірі жайлы шығармалардың ең үздігі - «Ақ шағыл». Қазақта оған жететін шығарма жоқ» деп айтқаны бар. Оған біздің күмәніміз жоқ. «Ақ шағылда» осы жер суреттеледі. Біздер шоқалдарды, төбелерді, шошақтарды тау деп кетеміз. Арамызда Алмас сияқты Алтайдың, Ерболдай Алатаудың жігіттері отыр. Неге оларды тау дейтінімізді Табылды өзінің өлеңінде жазған. Тауларымызды аласартпай, аспанымызды асқақтата берейік. Алыстан келген жыр жүйріктері, Жұмекен жырының қыр-сырына қанығып жүрген мына Амангелді, Алмас сияқты бауырларымыздың ізін жалғастырып кететін ізгі ұрпақ келеді, иншалла. Солардың дүбірін естиміз, Жұмекеннің даңқын әлемге жеткізеді деп ойлаймыз. Атырауда Жұмекеннің орталығы ашылады деп қуанып отырмыз. Ол орталық ашылса жырлары ЮНЕСКО-ның алты тіліне, одан әлемнің түрлі тілдеріне аударылатын болса адамзаттық құндылықтағы шығармалармен теңесетін дүниелер Жұмекенде молынан кездеседі. Сондықтан сүйер ұлымызды бәріміз сүйейік» деп, сонда ғана тарихтағы өркениетті халықтардың сапынан өз орнымызды алатынымызды жеткізді. 
Көрнекті әдебиет сыншысы, Амангелді Кеңшілікұлы: «Айта кетейін Жұмекеннің шығармаларының ерекшелігі ол өзінің кішкентай ауылының тағдыры арқылы бүкіл ұлттың тағдырын жазды. Ұлттың тағдырын жаза отырып, бүкіл адамзатқа ортақ адамгершілік, ізгілік, имандылық деген дүниелерді көтерді. Сол себепті Жұмекен ағаның өлеңі ешқашан да өлмейді. Жылдар, ғасырлар өткен соңда ол шығармалардың тереңдігі ашыла береді деп ойлаймын. «Мен келесі ғасырдың ақынымын» деп өзінің де айтқан сөзі бар. ХХІ ғасырдың ақыны екенін біз қазір көзімізбен көріп, сол шындыққа куә болып отырмыз. Жастар оқығанда көңіліміз тебіреніп, жүрегіміз елжірейді. Осының бәрі - Жұмекен поэзиясының құдіреті, оның мықтылығы. 
«Төңірегімді шолғым келіп көзіммен, 
Көз ілмеймін төсегімде сезіммен. 
Саған тартқан өз ұлыңмын, өзіңнен, 
Тұла бойым тұтас құйған төзіммін». Шындығында да, Жұмекеннің бойындағы төзімділік, қайсарлық қайдан біткен екен десем, мынандай жерге келу үшін де үлкен төзімділік қажет екен. Ал, бұл жерде тұру, өмір сүру ерлік. Жаңа қаншама сағат жол жүріп жеттік. Осындай жерде туып, табиғаттың қиындықтарымен күресе жүріп шыңдалу ақынның бойына туған жерінен қайсарлық құйған. Жұмекеннің бүкіл поэзиясы, барлық өлеңдері төзімділіктен, күрескерліктен жаратылған деп айтуға болады. Алла бұйырса, қазақтың ұлы ақынының 100 жылдығын тойлауды нәсіп етсін» деп, сөзін осы құраммен бәріміз сол кезде кездесейік деген тілекпен аяқтады.
Келесі кезекте қазақтың біртуар ақындарының бірі Маралтай Райымбекұлы Жұмекеннің өлеңдерінен үзінді оқып, тәнті етті. Шараға арнайы келген Қарлығаш Жұмекенқызы әкесін ұлықтап жатқан туған жерінің жұртшылығына шынайы ризашылығын білдірді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есмұхан Жанизин, айтыс ақыны Мүтиғолла Ғани, басқа да қатысушылар сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді. 
Одан әрі қонақтар Ашақ сорына, Жұмекеннің туған жеріне жол тартты. Кеседей төңкерілген боз төбелердің арасымен екі сағаттай жүріп, сары бұйра құмдардың ортасындағы, Ашақтағы ақын ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойды.

Қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов алыстан келген қаламгерлерді құм арасында өсіп тұрған құмаршыққа алып барды. Ашақ сорында тігілген киіз үйде Жұмекенге арналған дастархан жайылды. Осы жерде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есмұхан Жанизин Ашақ соры, Жұмекеннің әкесі Сабыреден, Нәжімеден ақсақал туралы әңгімелеп, қонақтарға қажетті ақпараттар берді. Дастархан басында Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржанов, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ербол Алшынбай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Ыбыраев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Гүлзада Ниетқалиева сөйлеп, Жұмекен шығармашылығының құдіретін асқақтатар әңгімелер қозғалды. Аудан өнерпаздары күйлер төгілтті. Соңында ақын Светқали Нұржанов Жұмекеннің рухына Құран бағыштады. Сыртқа шыққаннан кейін алматылық, астаналық, семейлік ақындар Ашақ сорында ерекше бір көңіл күйге еніп, жеке-жеке естелік суретке түсті.
Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде көрнекті ақындар, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегерлері Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырза-Әлі, Т.Молдағалиевтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Ұлт өлеңінің үштағаны» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеште аудан әкімі Абат Жанғалиев сөйлеп, қонақтарға қош келдіңін айтты.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнар Сүйеуова: «Атырау өңірі - ежелден тарихи тұлғаларды өмірге әкеліп, ұлтқа өлшеусіз қызмет еткен қайраткерлерді берген өлке. Ноғайлы дәуірінен бері қол бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендер осы топырақта туып-өскен. Мемлекеттік жастар одағы сыйлығының лауреаты, ұлтымыздың ақиық ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің бұл жерде кіндік қаны тамуының жөні бар. Себебі бұл жер - күй атасы Құрманғазы атамыз, төкпе күйдің анасындай Динаның, Алаш қайраткері Уәлитхан Танашев, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың туған жері. Жұмекеннің туғанына 90 жыл толуына арналған шаралар кеше облыс орталығында бастау алса, бүгін ақынның туған жерінде жалғасып жатыр. Жалпы ақынның көзі тірісінде он өлеңдер жинағы жарық көрген. Арқалы ақын ғана емес, тамаша прозашы. Оның «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» атты романдары қазақ әдебиетінен айшықты орын алған туындылардың бірі. Жиырма бір жасында жазған «Менің Қазақстаным» әні тура елу жылдан соң мемлекеттік Әнұранға айналды. Бұл әннің алғашқы шыққан сәтінен бастап, халық аузынан түспегеніне - тарих куә. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының екінші жартысының ортасынан бастап, республикалық баспасөзде жарияланған Жұмекеннің еңбектері, дастан, поэма, роман, аудармалары біртіндеп жинақталып, топтастырылып баспадан шыққанда жастар қолдан-қолға тигізбей оқыды. Поэзиядағы отты жырларымен бірге прозадағы еңбегі де бөлек. Соның дәлеліндей, дара дарынның туғанына 80 жыл толуына орай Атырауда еңселі ескерткіші бой көтерді. Есімін есте қалдыру үшін облыста сегіз көше мен бір мектепке, ал Құрманғазы ауданында бір ауылға атау берілді» дей келе облыс орталығында мерейтойлық шаралар өткелі отырғанын жеткізіп, жиналғандарды соған қатысуға шақырды. 

Кеште танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбай Жұмекен өлеңін оқып берді. Ақын Светқали Нұржанов: «Осы отырған топырағымыз үшін әуелі Аллаға, содан кейін қаншама дуылғалы бабаларымызға қарыздар болсақ, бізге бұйыруына себебі тиген Уәлитхан Танашевты тарихи тұлғаларымыздың қатарына енгізе алмай келеміз. Ең болмаса бір көшеге атын бере алмай жүргеніміз сіз бен бізге ғана емес, күллі қазаққа сын. Бүгін жақсы құбылыс көріп отырмын. Кешегі ашаршылықтан жүдеген, азып-тозып өлермен болған, қанға, құмға тұншыққан ұлтымыздың құрсағынан шыққан қазақтың үш асыл перзенті – Қадыр, Жұмекен, Тұманбайды осы батыста тойлап жатқаны біздің көкірегіміздің кеңейе бастағанының белгісіндей» деп, «Сордағы із» дастанынан үзінді оқыды. 
Қоғам қайраткері, ақын Алмасбек Ахметбекұлы: «Осы арадан үш мың шақырым қашықтықта жатсам да Жұмекен өлеңін оқып өстім. Ол жалғыз өзі Алатаудың жартысын көтеріп тұр. 1500 өлең жазғанда, соның бәрінде туған жерін жырлаған Жұмекеннен басқа ешкім жоқ. Отаршылдық тұсында одан басқасы «Туған жерім менің Қазақстаным», деп айтпаған. Сол себепті Жұмекен тойы – ұлттың тойы. Ұлт ұранын жазған ақынның еңсесі бөлек» деп, «Ұлт ұраны – Жұмекен» атты кітабынан өлең оқып, туындысын аудандық мәдениет үйіне тарту етті.
Жерлесіміз, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Лондонда кітабының тұсауы кесілген ақын Гүлзада Ниетқалиева: «Бүгін Ақ Нарынның елінде, Жүзарал жерінде ұлтымыздың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің тоқсан жылдығына арналған үлкен шара өтуде. Бұл - мәртебелі поэзияға, әдебиет деген әулиеге көрсетілген құрмет. Жұмекеннің ойлы, философиялық тұжырымға негізделген, психологизммен өрілген өлеңдері жұртымыздың жүрегіне мәңгі орныққанының дәлелі - оның өлеңдерін жастардыңсүйіп оқуы, шығармашылығын жастардың танып-білуге ұмтылуы. Ұлт ақыны Жұмекеннің мәңгілік даңқына бас иіп, тәу ете келген ақын-жазушыларды құшақ жая қарсылағандарыңыз үшін сіздерге бас иемін. Сіздерге ақынның тойында «Ұстаз» деген бір өлеңін оқып берейін. Өйткені Жұмекен маған да өзінің өлеңдерімен ұстаз болған адам еді» деді.
Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілі, ақын Әлия Дәулетбаева: : «Ұлт ақынының жалауын желбіреткен шараларды кеше Атырауда бастадық. Бүгін ақынның кіндік қаны тамған Ашақ сорына барып тағзым еттік. Шақырған кезде қазақтың белгілі ақын жазушылары, Жұмекенді жақсы танитын, жатқа білетін, сүйетін барлық Жұмекентанушылардың бәрі жетті. Сәрсенбай ағамыз бізге құмаршықты, қияқты таныстырып, өзіміздің білімімізді көтеріп, Жұмекен туған топырақтың табиғатын сезініп, сондай байып қайтқанымызды айтқым келеді. Қазақтың ай мен күндей үш бірдей ұлы ақынын тек жалғыз Құрманғазы көтеріп жатыр ғой. Осындай құбылыс жасағандарыңыз үшін рахмет сіздерге! Бұл той бүгін бітпейді. Жұмекеннің тойы мәңгіліктің, болашақтың тойы. Кеше Жұмекенге арналған шарада жерлестеріңіз Елдос Құлшаров бірінші орын алды» деп, облыс орталығында бірнеше мың адам Әнұранды орындайтын және Жұмекеннің суретін мозайкамен шығаратын үлкен бұқаралық-көпшілік шаралар бастау алатынын қаперге берді. Өзінің Жұмекенге арнаған өлеңін оқыды. 
Ақындар Бақытгүл Бабаш, Хамит Есаман, Ербол Алшынбай, Әнуар Бимағанбетов, Шерхан Талап, Асланбек Шығыров сахна төрінде Жұмекеннің және оған арнаған өлеңдерін оқып, жыр кешінің ұмытылмастай болып есте қалуына үлестерін қосты. Бұрыннан таныс жыр сүлейлерін жақыннан көріп, жанды дауыстарын, әдемі өлеңдерін тыңдап өлең сүйер қауым жақсы әсерде қалды деген сенімдеміз. Сонымен қатар қазақтың қабырғалы ақындарының Жұмекеннің басына барып, тағзым етіп, өлеңдерін оқып мерейін асқақтатқанына рухы риза болып, қабірінде бір аунап түскен шығар. Аудан өнерпаздары Болат Бидоллаев пен Жазира Сәрсенғалиева аталған шараны жүргізіп, Ермек Айсын, Қуаныш Толыбекұлы, Гүлзада Тілегенқызы, Құралай Құдиярова әсем әндер орындады.
Кешкісін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев ақындарға арнап қонақасы берді.