Муза
«ӘЖЕМНІҢ ТЕКЕМЕТІНЕН БАСТАЛҒАН ӨНЕР»
Тәуелсіз Қазақ елінің қол жеткізген әрбір жетістігі көптеген өнер адамдарында шығармашылық өрлеу туғызғаны да ақиқат. Атырау өңірінде де ақындар мен жазушылар, суретшілер тарихи тақырыпқа қалам тербеп, өнер туындыларын дүниеге әкелді. Осы Ұлы Дала Елінің осынау торқалы тойына зор дайындықпен, шалқар шабытпен келген жанның бірі - суретші Камила Жапалова. Әсіресе, қазақ Хандығының 550 жылдығы суретшіге үлкен толғаныс әкелді. Ол осы атаулы датаға арнап жеті бірдей картина жазды. Еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаян атындағы Әбу-Даби Халықаралық мәдени мұра фестиваліне қатысып, қазақ өнерінің жетістігін паш етті.
Әуелі тарихи тақырыпқа қалай келді, мәселе осында! Өйткені суретшінің тақырыбы бұған дейін романтикалық, абстракциялық сипатта болатын. Көбінесе табиғат пен адам жан дүниесінің үйлесуін психологиялық параллелизм үлгілерін қолдана отырып жеткізетін еді. Сонымен қатар, ұлттық ою-өрнекпен ғарыш кеңістігін, аспан әлемін, экология мәселелерін байланыстыра бейнелеп жүргені де елге мәлім. Салған суреттеріндегі ұлттық колорит көрген жанды таңырқатпай қоймайды. Ал, ойда жоқта тарихи тақырыпқа бірден жеті картина арнады, бұл қалай болды дене сұрақтың көкейімізде болғаны да рас.
«Иә, дұрыс айтасыз, менің тарихи тақырыпта сурет салуым - өзім үшін де жаңалық. Суреттеріме қазақтың ұлттық бояуын енгізіп, ұлттық нақышты, әуезді күштірек етіп көрсетуге мән беретінімді елдің бәрі де біледі. Суреттерім арқылы өз еліме деген махаббатты да көрсетіп, жас ұрпақты елдің тұрмыс-тіршілігімен, дәстүр-салтымен біртұтастықта тәрбиелеген дұрыс, сондықтан ұлттық ою-өрнекті басты назарда ұстаймын. Ал, Қазақ Хандығының 550 жылдығы маған үлкен ой салды. Мәселен, «Әз Жәнібек хан және Қажы-Тархан» атты картинамды өзіңізден естіген ел аузындағы аңыз бен бүгінгі жағдайлар аясында жаздым» деп жауап берді Камила Әбенқызы.
Аталған аңыз төмендегіше өрбиді, Әз Жәнібек хан Қажы-Тархан, қазіргі Астрахан қаласын салмақ болады. Алайда, салынған қала бекінісінің қабырғалары құлап қала береді. Сонда хан Асан қайғы Сәбитұлынан кеңес сұрапты дейді көне аңыз бойынша. Асан би оған: «таңмен уәзіріңді қала бекінісінің алдына шығар, ол ең бірінші кездескен адамды өлтіріп, бекіністің босағасына көмуі керек, сонда ғана ол құламайтын болады» депті.
Уәзір ерте тұрып, қала қақпасының аузында тұрса, бір қазақ баласы келе жатыр екен, оған жаны ашып қоя береді. Одан кейін бір түрі өзгеше бала келе жатады. Соны Асан би айтқандай етіп, қақпаның босағасына көмеді. Соны естігенде Асан қайғы: «бұл мекен ендігі жерде қазаққа қоныс болмайды екен» деп күрсініпті деседі. Иә, мен бұл аңызды атам Тұмарғалидан естіген болатынмын.
Қазіргі Астрахан қаласының сол әз Жәнібек хан салдырған бекінісін \крепость\ көзіммен көрдім және жүрегімді бір өкініш биледі. Ата-бабамыздың табанының ізі қалған жерге арнап жазған суретшінің бұл картинасын сол бабалардың рухына тұрғызған құлпытасы деп тануға болатын шығар. Тағы бір туындысы Бөкей ханға арналды. Ол - Жайық пен Еділдің ортасында бос жатқан Нарын құмына елді көшіріп, қоныстандырған, өз заманының үлкен саясаткері. Каспий теңізі мен Нарын құмының фонында берілген ханның ойлы көзбен даланы шолып тұрған кезін бейнелеген.
Сонымен қатар, жеті хан жатқан Сарайшыққа да бір еңбекті арнапты. Қазақ халқына еңбектері көп қабырғалы үш биді де бір картинасына тақырып етіп алған көрінеді. Жеті жұрт көшіп, жеті жұрт келіп қонған жердің киелілігін, туған топырақтың қасиетін ашуға тырысқан. Негізі Камила портрет салмайлы, алайда, ол жанрға да баруға тура келіпті. Хандардың, билердің бейнелерін салыпты. Оларды көріп, сол заманда суретке басып алған ешкім жоқ. Сондықтан, суретші оларды өз қиялына ерік беру арқылы нақыштаған. Тарих пен ұлттың тамыры бір болғандықтан, бұл тақырыпқа ол емін еркін еніп кеткені өте таңданарлық.
Әрине, ол еңбектердің бағасын халық беретіні даусыз. Бұдан бұрын Дина Нұрпейісованың, Хиуаз Доспанованың, есімі ел аузында қалған сынықшы Қарлығаш Нұрымұлының да портретін сомдаған еді.Қылқалам шебері күй анасы Дина әжеміздің және Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың бейнелерін осы Атыраудан шыққан, баршамыз білетін және өлеңдерін сүйіп оқитын Маржан Ершуованың дастандарын оқығаннан кейін салды. Ол суреттер елдің көңілінен шықты, жұртшылық жылы қабылдады.
«Негізінен мен әдеби туындыларды көп оқимын. Сондықтан да шығар, сіздің де «Ақ жылан пір» атты дастаныңызды оқығаннан кейін маған бір ой келді: «осы Қарлығаш баба портретін неге салмасқа?!» деген. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым. Бұл кісі - халықты сырқатынан емдеген тәуіп, сынып, мертіккен жандарды сол заматында аяғына мінгізген сынықшы, Аллаға берілген, діні берік адам. Ондай жанды бейнелеу оңай емес. Мен тіпті, «Ақ жылан пірмен» ауырдым деуге болады. Сөйтіп жүргенімде түсімде көрдім, мүмкін маған берілген аян шығар. Таңертең тұрдым да түсімде көргенімді айнытпай қылқаламмен өрнектеп шықтым» дейді Камила Әбенқызы бізге берген сұхбатында.
Иә, ғажап емес пе?! Бұндай түс көру өнер адамдарында кездесіп тұрады. Өзгелерге беймәлім, тек арқалы адамдарға ғана тән құбылыс. Тағдырын өнермен байланыстырғаны жөнінде де былай деп толғанады: «Менің әжем мен анам оюлап текемет басқан, алаша тоқыған жандар. Қиық құрап, көрпеше тігеді. Жас кезімнен көзіме сіңісті болған өнер мені өзінің ырқынан босатпады. Әжем жүн түкізіп, жіп иіртетін, өзімізге кішкене көйлек те тіге қоятынбыз. Қазірде де мен өз киімімді өзім тігем, ұлттық оюлармен белдіктер жасаймын, құрақ көрпеше, жастық, төсекке дейін қолымнан шыққан дүниелер».
Біріккен Араб Эмираттарында бір ай бойы Халықаралық фестивальға қатысты. Шейх Заид пен Сұлтан Әл Нахаян атындагы Әбу-Даби Халықаралық мәдени мұра фестивалінде өз суреттерінің көрмесін ұйымдастыруға рұхсат алды. Сөйтіп, Атырау облысынан үш суретші барған көрінеді. Ол жерде фестивальмен бірге ұлтымыздың салт-дәстүрі мен көне ғұрпы туралы мәдени-танымдық шаралар өткізуге де атсалысып, қазақ өнерін,батик, қол өнер шеберлігін көрсетуге де мүмкіндік алғанын жасырмады. Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
Оған 12 мұсылман мемлекеті қатысыпты. Олардың да өнерлерімен танысып, тәжірибе алмасуға жағдай жасалған. Камила Әбенқызы аталған шарада батик өнерін танытып, киізден қолөнер дүниелерін (войлок ) жасаудан мастер класс өткізді. Қазақтың ұлттық өнеріне қызығушылықтары артып, үлкен құрмет көрсетті. Араб елінде суретшінің жұмыстарын карап, қыз-келіншектердің осынша жұмыс жасап, өнердің ортасында жүргеніне таңырқады. Барған өкілдердің ішінен бірінші болып үлкен «Қарлығаш» деген картинасы сұранысқа ие болды. Сөйтіп, сауданы кейіпкеріміздің туындысы ашты. Қазақстаннан барған 50 адам бірдей қуанды. Сөйтіп, намысты қолдан бермей, Атырау өлкесінің туын желбіретіп келді.
Ол мұхит асып, халықаралық суретшілер көрмесіне деқатысып келді. Оған бару үшін, әрине, қаржылай қолдау керектігі сөзсіз. Кімдер демеушілік көрсетті деген сұрақ көкейімізде тұрғаны рас. Американың Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық суретшілер көрмесіне шақырту алғаныма өзін өте бақытты санайтынын айтқан суретші мұхиттың арғы бетіне өтіп, «АRT-NOMADS» аталатын өнер адамдарының меркесіне қатысып келуіне көмек көрсеткен Атырау облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаев екенін де жасырмады. . Иә, ұрпақты тәрбиелейтін, болашаққа сара жолды айқындайтын — өнер. Мәдениет пен әдебиет, көркемөнер салалары дамымаса, ешқандай байлықтан пайда жоқ. Сондықтан, елдің рухани мәдениетін, деңгейін қалыптастыру үшін жұмыстанып жүрген жандардың ата-баба мұрасын игеруде, ұлттық құндылықтарды ұмытпау жолында жүргізіліп жатқан жұмыстар ұшан-теңіз.
«Fine Frt Studio «NEW YORK REALISM» «ART — NOMADS» көрмесінде жылдар бойғы еңбегімді, қазақ өнері мен мәдениетін, дәстүрін суреттерім арқылы Американың өнерсүйер қауымына таныстырдым. Ол жерде еңбегім жоғары бағаланды. Керемет талант иесі ретінде «Artexpo New York -2018» халықаралық көрмесіне шақырту алған болатынмын. Оған да барып, өз өнерімді талғампаз Еуропа жұртына таныстырдым» дейді Камила Әбенқызы толқынысын жасыра алмай.
Тарихта бірінші болып Америка Құрама Штаттарында «Батик» қолөнерін қазақы нақышта танытқан суретші екен. Бұл жағдайды біз де ерекше мақтанышпен айта аламыз. Мұхиттың арғы жағынан алған әсері өте тамаша. Ол жерге барып, қазақ өнерін таныту — өнер иесі үшін де, Қазақ елі үшін де үлкен мәртебе. Көрмеге келген шетел азаматтары қазақы нақышта орындалған, жібек матаға өрнектелген суреттеріне қызығушылық танытты, апарған жұмыстарының бәрін сатып алды. Мәдениетке, талантқа деген көзқарастары айрықша жоғары екен. Көрмеге Азия елдерінен он суретші қатысыпты. Әрине, көрменің ашылу салтанатында Камила өзі қолдан тіккен, ұлттық қазақы нақыштағы көйлегіні киіп, ұлттық салт-санамызды да насихаттапты. Бала кезінен армандаған, көруге асық болған музейлердің бәріне барып, ұлы суретшілердің жұмыстарын өз көзімен көрді. Суретші үшін бұдан асқан бақыт жоқ.
Суретші ұмтылған шексіздік
Камила Жапалова 1993 жылы Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет училищесін тәмамдаған. Санкт-Петербург көркемсурет училищесінде және Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Дизайн» мамандығы бойынша білім алған. Францияда өткен Дүниежүзілік суретшілер, Германияның Мюнхен қаласында өткен Наурыз, Нью Йорк қаласында «ART-EXSPO New-York» бүкіләлемдік көрмесіне, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Біріккен Араб Әмірлігінде өткен шейх Заид бен Сұлтан әл-Нахаян атындағы халықаралық мәдени мұра фестиваліне қатысты. Нью Йорк қаласында «ART-EXSPO New-York» бүкіләлемдік көрмесінің алтын медалімен марапатталды. Атырау қаласында өзінің авторлық жобасымен «Сұлулық әлемді құтқарады» атты Халықаралық суретшілер симпозиумын өткізді. Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында өткен «Aspara Fashion Week» Халықаралық сән көрсетілімінде өз картиналары салынған, соңғы үлгіде тігілген ұлттық киім үлгілерін апарды.
Суретшіге, өнер адамына көпшілік берген бағадан артық баға болмайтыны анық. Ол өз картиналарында он сегіз мың ғаламдағы ғажайып құбылыстарды қылқаламына іліктіреді. Ұлттық колоритке бай, өнер шексіздігіне бас игізетін туындылары арқылы Камила ел жүрегіне жол тапты. Суретшінің әр суретінде үлкен философиялық ой бар. Ұлттық мәдениет пен дәстүр жалғастығын паш ететін туындылары ұлтты сүюге, туған жерді қадірлеуге жетелейтіні сөзсіз. Саусақпен санарлық суретші ғана айналысатын батик өнері өзінің күрделілігімен ерекше. Орамалға балауызбен сурет салу оңай емес. Сурет өнерінің батик жанрын таңдауында да үлкен сыр бар. Ол ешкімге ұқсамайтын, ерекше өнер иесі болуды армандады.
Өнер туралы айтылған ой-пікірлер мен тұжырымдардың сілемі сонау көне заманнан бастау алып, бүгінге жалғасып келе жатқаны баршаға мөшһүр. Солардың кейбіреуін назарымызға алып, ойлана көз жүгіртетер болсақ, француз ойшылы Вольтер кескін өнері-мылқау поэзия, ал поэзия сөйлейтін кескін өнері деп түйген екен. Ал, Лессинг болса, поэзия мен кескін өнерінің ұқсас құбылыс екенін алғаш аңғарған адам нәзік сезім иесі болған шығар деп өзіндік биіктен бағамдайды. Қазіргі өнердегі көркемдік ізденістер мен жетістіктерге көз жүгірте отырып, миф дүниесіне айрықша көңіл бөлуге, қайтадан мифке оралуға мәжбүр болатынымыз бар. Поэзияда да, кескін өнерінде де жиі кездесетін көріктеу құралдары, көркемдік бояудың өзінде де мифтік дүниетаным жатқаны рас. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Мифтік құбылтушылық дегеніміз - белгілі бір аңыз, әпсана, ертегі негізінде жазылған, адамның басқа бір бейнеге ауысып кететіндігі. Мәселен, біз сөз етіп отырған кескін өнерінің шебері, суретші Камила Жапалованың «Сырғамның сыңғыры» картинасын алып қарайтын болсақ, онда ұлттық нақыш пен өрнекке толы бедерлі сурет бар... Сурет болғанда, анық емес, сұлба, сәукелелі қыздың көлеңкесі...Қолында домбырасы бар, құлағында - айшықты сырға. Сырға анық салынғандықтан, бар маңай діріл қаққан сырғаның сыңғырына толып кеткен іспетті. Әуезді әуен құлаққа анық естілетіндей... Суретші сұлбаның төңірегін ою-өрнекті әшекейлерге толтырған. Бәрі көмескі көрінеді. Тіпті қарауытып тұрған қыздың өзі әр-беріден соң сырғаға айналып кеткендей...Бұл енді суретшінің қиялының жүйріктігі. Мифтік дәуірдегі таным-түсінікке сай құбылушылық, немесе бір түрден екінші түрге айналу белгілі бір себептерден де болатыны мәлім. Адам табиғаттағы кез-келген тіршілік иесіне, немесе өсімдікке, ағашқа, т.б.нысандарға айнала алады деген түсініктің түп негізі адам мен табиғат арасындағы үндестікте жатыр. Осындай мифтік сана жемісі кескіндеу өнерінен де маңызды орын алып, белгілі мақсатта қызмет атқарып келе жатқанына мысалдар көп. Сөзіміз дәлелді болуы үшін кей суреттерде мифтік құбылушылық оқиғасы сол қалпымен көрінсе, кей өнер туындысында бұл ұғымның тек елесі ғана көрініп, басқа көркемдік мақсаттар мен бейнелі ойлар тұспалды түрде байқалады. Өзіміз сөз арқауы етіп отырған кескін өнерінің көрнекті өкілі ҚР суретшілер Одағының мүшесі, ҚР көркем Академиясының корреспондент мүшесі Камила Жапалованың «Мәңгілік махаббат» картинасы осы мақсаттарға жауап бере алады. Картинада ағып жатқан «өмір-өзен» бейнеленген. Өмір-өзенде Адам ата-Хауа ана қайықпен серуен құруда. Ал, қайық және ондағы Адам ата, Хауа ана алып бәйтеректің қақ жарылған тамыр-діңімен қоршалған. Алып бәйтеректің айналасында қарлығаштар кіп-кішкене тұмсықтарында гүл, айнала ұшып жүр. Суретке қарап тұрып, оқиғаның соншалықты күрделі ойға құрылғанына шынымен де таңырқап қалғанымыз рас. Алып бәйтерек туралы мифтің желісін алып, оны өмір-өзенмен байланыстырып отырған суретші фантазиясы, оның философиялық астары көрерменге түрлі ой салатыны рас. Иә, өмір өткінші. Жаңа дегеніңді көнертіп, көнені көмескі тарттыратын уақыт шіркінге дауа бар ма?! Бірақ өмір-өзен толқындары бір ұрпақты ағызып әкеткенмен, екінші ұрпақ оның орнын басары сөзсіз. Алып бәйтерек мәңгілік өмір символы болса, өмір-өзен, ондағы көгілжім толқындар ағып кетіп жатқан уақыттың символы. Ал, бәйтерек айналасында тұмсығына гүл қыстырып ұшып жүрген қарлығаштар да жарық дүние, ондағы тіршілік қуанышының символы болса керек. Өмір орнында тұрмайды, уақыт алмасады, тек сонау ғарыш кеңістігі ғана тылсым нұрын себезгілеп мәңгілік ғұмырды паш етеді. Адамдардың о дүниеге аттануын суретші тұспалдап келтіре отырып, оның жаны құсқа айнала ма, бәйтеректің жапырағына ма, өзеннің бір тамшысына ма, белгісіз екенін сездіреді. Суреттің үлкен ой түйінін жасауға, психологиялық иірімдерге шомуға әсері айтарлықтай.
«Сырғамның сыңғыры», «Қазақ қызы» атты композицияларында ұлттық киім үлгісі, қазақ қызының жан дүниесінің байлығы оның сыртқы сұлулығымен астасып кеткен. Бір кезде апа-әжелеріміз таққан шашбау, сырға, жүзік суретке өзіндік рең қосса, қама бөрік, қос етек көйлек картинаға өзіндік бояу үстіп тұрғаны анық. Ал, «Шығыс әуендері» мотивімен салынған үш картина суретші стилін танытқандай. Түйе жетелеген көшпендінің алдынан ашылған көне қаланың қақпасы көрерменді ойға қалдырып, шығыс әлеміне жетелейді.
Суретші картинасындағы өмір философиясы
Суретшінің «Ескі қала» атты картинасы - қасиетті Түркістанға арналған туынды. Бәріміз білетін, айтпай танитын Құл Қожа Ахмет Яссауи бабаның кесенесі алыстан мұнартып көрініп тұр. Жаңа жауған жаңбырдың әсерінен айнала тап- таза, айнадай мөлдіреп қарайды. Кесене айналасындағы қараң-құраң адам силуэттері де анық емес...Алайда көмескі салынғанына қарамастан кесене суретте бірден көзге ілігеді. Кесене айналасын қоршаған тылсым нұрдың әсері ме, жауған жаңбырдан ба, сондай бір пәктік, ақ саумал тазалық, өмірге деген құштарлық адам жанын баурап алатыны анық. Кесенеден беріде көгеріп өсіп, жапырақтары сыбдырлап тұрған нәзік талдың суреті ап-анық. Ал, талдың жанында екі аяқты ат арба доғарулы тұр.Суретшінің бұл жердегі қиялы керемет енді. Қасиетті Құл Қожа Ахмет Яссауи кесенесін нұрға малшындырып қоюының өзінен үлкен философиялық тұжырымды аңғарамыз. Хақ нұрына шомылу дейді мұны...Ал, қараң-құраң еткен адам сұлбалары халқымыздың салт-дәстүріндегі, рухани өзегіндегі үзілмей келе жатқан сабақтастықтың көрінісі. Жайқалып тұрған нәзік тал –ұрпақ...Көгеріп, көктеп жатқан болашақ. Талдың жанындағы ескі арба өткенді ұмытпай, тарихымызды түсінсек қана, ұрпақ көші болашақ ғасырларға жол тартады деген емеурін. Белгілі бір нәрсе болып жаралсам деген адам ойынан бастау алатын мифтік дүниетаным Камиланың «Қуаныш» деген картинасында анық көрініс тапқан. Картинада алыстан көзді арбап тұрған ақбас таулар, тау етегіндегі қызылды-жасылды тіршілік аспанмен, көкжиекпен астасып кеткен. Дөңгелеп шыққан күн тас төбеде. Жердегі тірлік бейне бір қақ жарылған жұмыртқа іспетті, екі қыз, бір жігіт билеп жүр. Жігіттің қолында -домбыра. Екі қыз шат-шадыман! Қолдарын көкке созған ... Қыздардың ақ білегі мен көйлегінің жеңі желбіреп, аққудың қанатын еске түсіреді. Осындайда аққуға айналып ұшып бара жатқан қыздар көзге елестейді. Домбыра сазына елтіп қалған төңірек тербеліп, бар әлемді ән әлдилеп тұрғандай...Кішкене жылға боп басталып, арнасы кеңейген өзен , таудың бер жағында мұнартқан ақ сағым адамға қанат бергендей...Анау аққуға айналып ұшып бара жатқан екі қыздың соңынан көкке ұшып кеткісі келеді көрген жанның. Жер шарының дөңгелек екендігін еске түсіретін дөңгелек ою- өрнек ұлттық бояумен нақышталған. Мифті зерттеген ғалым С. Қоңдыбай ол турасында былай дейді: «Мифологияда аққу үш кеңістікте, яғни суда, жерде, аспанда қозғала алады, сондықтан да үш кеңістікті жалғастыру қабілетіне ие аққуды мифтік медиаторлар қатарына жатқызады». Камила Жапалова - қиялы мықты, философиясы тұңғиық, шебер суретші. Олай дейтініміз қазақы дүниетаным мен түсінікті өнермен, оның ішінде кескін өнерімен қабыстыру – оңай дүние емес. Мәселен, суретшінің «Қорқыт ата» деген суретін алайық. Сурет негізінен Қорқыт бабаның өлімнен қашып дарияның үстінде қобызды күңіренте тартуы туралы аңыздың ізімен салынған. Алайда, Камиланың суретінде Қорқыт баба өлімнен қашқан емес, өнерімен ажалдың өзін мойындатқан жанның кейпінде бейнеленген. Өңіріне түскен күмістей ақ сақалы басындағы киіз қалпағымен үйлесім тапқан. Ал, беті қобыз әуеніне елтіп, әуезді саздың әсерімен нұрланып тұр. Қолында қыл қобыз, малдас құрып өзгеше бір сезіммен толқи күй тартуда. Қорқыт атаның артқы фонында жалаңбас қыз бала мен кимешек киген келіншек күнге қол созып тұр. Осының астарынан–ақ, өмір аналармен, ұрпақпен жалғасып жатқанын танытқандай. Келіншектің кимешегіндегі өрнек мәңгілік өмірді жыр етіп тұрған іспетті. Қорқыт атаның қобызды ұстаған салалы саусақтарының арасынан бос кеңістік жүйткіп жүргендей...Қорқыт атаның төсенген сырмағының оюларына дейін адам ғұмырының ұрпақ арқылы мәңгілікпен жалғасатынын шертіп тұр ма дерсің! Күй Қорқыт атаға, Қорқыт ата күйге айналып кеткендей, тылсым ойдың құшағында тербелерің анық. Камиланың «Өркен жаю» дейтін картинасы да мәңгілік өмір тақырыбына арналған. Өмір ағашының басында ұя салған құстың үш жұмыртқаны шайқап отырғаны көрінеді. Өмір ағашының бұтағында үш аппақ гүл бейкүнә түрмен қарайды. Өмір ағашының қақ ортасында әріден дөңгелеп күн шығып келеді. Ұядағы үш жұмыртқа өмір жалғасы-ұрпақ дегенді ескерте түсетіндей! Міне, өмір филосфиясы! Бәйтерек қазақ ұғымында киелі деп саналады. «Бәйтерек мифтік әлемде ғаламдық сипатта, үш әлемді байланыстырушы, ғұмыр сыйлаушы, тіршілікті сақтаушы. Үш әлемді байланыстырушы ағаштың тамырлары төменгі дүниеге, діңі ортаңғы дүниеге, бұтақтары мен жапырақтары жоғарғы дүниеге тән»,- деп көрсетеді О. М. Фрейденберг, өзінің «Миф и литература древности» деген еңбегінде. Міне, Камиланың бұл суреті тура осы ойға негізделіп салынған. Жоғарғы дүние-аруақтар мекені деген қазақтың кәдімгі танымдық жүйесін ескерсек, суреттегі ұя, үш жұмыртқа, жұмыртқа шайқап отырған құс, осының бәрін көтеріп тұрған алып бәйтеректің рөлі түсінікті болып сала берері даусыз. «Айдың толысуы» деген суреті де осы желімен жазылған. Алып бәйтерек саясында отырған Әке мен Ана, ананың қолында құндақтаулы бөбек. Толған ай алып бәйтеректің артқы фонынан дөп-дөңгелек болып, түн сүттей сәулеге бөгіп тұр. Әке мен Ананың шексіз мейірімі айдың сүттей сәулесімен бірігіп кеткендей әсер қалдырады. Төскейде төрт түлік мал жайылып жүр. Әке мен Ана киіміндегі ою—өрнек қазақтың ұлттық салт-санасын айқындап тұрған іспетті. Алып бәйтеректің діңіне қонақтап тұрған кішкене ғана құс...Бар маңай Ана әлдиіне ұйып қалған...Керемет емес пе?! Камила - қиялы қанатты, жүйрік ойлы суретші. Камиланың суреттерінен тұтастықты, дүниенің өзіндей кеңдік пен мына жердей, ауа мен күндей мәңгілік жырын тыңдайсың. Жұрттың жүрегіне тылсым өнермен төрлей бер дегіміз келеді талантты туған қызға. Еуропаның сән-салтанатты сурет галереяларында көрген жанға қазақ деген халықтың ұлылығын танытып тұратын осы суреттердің көрмесі бір күні болмаса, бір күні өтер деп үміттенеміз...
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
Республикалық «Сарайшық» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналы