Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ –МІНДЕТ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын жариялап,

жүрек толғанысын халыққа ұсынған еді. Мақалада еліміздің 30 жыл ішінде жеткен жетістіктері жан-жақты талданып, сараланып көрініс тапты. Сондай-ақ, әлі де шешімін күткен көкейкесті мәселелерге де тоқталды. Солардың ішінде мемлекеттік  тіл – қазақ тілі мәселесі күн тәртібіне қойылды. 
Мақалада еліміз Президенті былай деген: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен де кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек».
Қасым-Жомарт Кемелұлының осы айтқан сөздері – қазақ тілін меңгеруге деген бұлжымас та, міндетті тапсырма. 
Шынында да, мемлекеттік тілге деген көзқарастың әлі де бұрынғыша мұрты бұзылмаған сеңдей болып келе жатқаны ақиқат. Тәуелсіздік алғанға дейін және кейін «Қазақ тілі» қоғамының тіл деп жаны ауырған азаматтарының қынжылысы, қазақ тіліне байланысты қандай белсенді әрекет жасағандығы жөнінде өткен тарихқа тоқталсам деймін. Себебі, 90-ыншы жылдары мен облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретіндегі атқарылған жұмыстарды еске салғым келеді.
Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тағдыры әрқайсысымызды да толғантады. Әсіресе, бұл мәселе еліміз тәуелсіздігін алған таңсәрі шақта зиялы қауымды айрықша ой құшағында қалдырып еді. Өйткені, саяси, экономикалық, рухани дағдарыс халықты қатты дағдарысқа ұшыратты. Алдымен сол кездегі тіл жанашырлары – ұлт патриоттарының белсенді еңбегіне бөле-жара тоқталғанды жөн көріп отырмын. Бұл тарих толқыныңда қанша жыл өтсе де ұмытылуға тиіс емес елеулі қызмет дер едім. 
1989 жылы республикада  «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, оның Жарғысы қабылданған болатын. Құрылтайдың шешімімен әр облыста «Қазақ тілі» қоғамдары жоғары оқу орындарынан бастау алу керектігі де атап айтылған. Осыған байланысты  біздің облыстық «Қазақ тілі» қоғамы сол кездегі Гурьев педагогикалық институтының базасында құрылып, оның төрағасы болып сайланған едім. Бұл кез, әрине, тіл тағдыры қыл үстінде тұрған, оны түлету жайы сірескен мұзы сетінемей жатқан шақ еді. Дегенмен, бойында елжандылық қасиеттері мол, ұлттық тіліміздің тағдырын ойлап, намысын жігерлеріне жаныған азаматтар бар екен. Солардың басын біріктіріп, президиум құрдық. Сол өлара кезеңде «Қазақ тілі»  қоғамына мүше болғандар қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор Құсекен Шәукенов, журналистер Теңдік Жауыров, Айтқали Нұрғали, Исатай Балмағамбетов, педагог Жәмила Хасанова, экономист Мәлік Оңғалиев, заңгер Сабыр Ұзақбаев, дәрігер Халел Сағын, инженер Ұлықпан Базарғалиев, ақын Гүлнар Шәмшиева және басқалар болды. Бұлар шын мәнінде өздерін патриоттар тұрғысында таныта білгеніне тәнтімін. Тіл жанашырлары тобына олардың ұйымдастыруымен басқа да заңгерлер, дәрігерлер, инженерлер,  түрлі мекемелердің елжанды азаматтары тартылды. Олар уақытпен есептеспеді. Барлық іске білек сыбана кірісті. 
Жұмысымыздың басы балабақшалардан басталды. Ол кезде облыс орталығында қаланың елеусіз жерінде орналасқан, қазақ тілінде тәрбие беретін жалғыз ғана балабақша бар-тын. «Ана тілінің қолданылу аясының өрістеуі балдырғандар тәрбиеленетін мекемелерден басталуы керек» деп есептедік те, қаладағы орыс тілді  балабақшалардың әрбіреуінен бір-бір қазақ тобын ашуды мақсат етіп, табанымыздан тоздық. 
«Қазақ тілі» қоғамының белсенді де, жанкешті тобы 1989 жылдың лайсаң күз-қыс  айларында қара балшықты, ақ қарды тізеден кешіп жүріп, ызғырық жел мен ақшұнақ аязға қарамастан, жұмыстан тыс, кешкі мезгілдерде балалар мекемелерін аралап, ата-аналармен сұхбаттар мен мәжілістер өткізілді. Бізге талай-талай қолында билігі бар, азуы алты қарыс дөкейлер дөң-айбат та көрсетті, «қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр, онымен балаларымыз ешқандай білім ала алмайды» деп дауласқан кертартпа, пиғылы терістер де болды. Алайда, қайсар жандар өздерінің діттеген мақсаттарына  жетіп, 1990 жылға дейін-ақ ондаған балабақшаларда қазақша тәрбие беретін  топтар аштырды. Бұл жүзеге асқан әрекеттер алдағы жеңістің  басы болатын. 
Жігерлі топ осындай жанкешті жұмысты жаңа жылда да одан әрі жалғастырды. Ендігі үлкен мәселе – таза орыс мектептерінде алдағы 1990-1991 оқу жылында қазақ сыныптарын ашу. Үйінің қасындағы мектепке балаларын қазақ сыныптары жоқ болғандықтан оқуға бере алмай жүрген ата-аналардың тілегі осылайша орындалды. Бұл да үлкен қиыншылықпен шешілген мәселе еді. Сонымен, Гурьев қаласындағы барлық таза орыс мектептері бір жылда аралас мектептер болып шыға келді. Аралас болса да, іргелі жетістіктің бірі осы болды. 
1990 жылдың қаңтарынан бастап, «Қазақ тілі» қоғамы құрылмай жатқан аудандарға, ірі мекемелерге қозғалыс жасалды. Жан-жақта жиналыстар өткізілді, қоғам құруға қиыншылық туып жатқан мекемелерге барып, басшыларын тағайындап, активтерін сайлап кететін болдық. Тілге немкетті қараған басшыларды өткір сынға алдық. Мұндай сын газет беттерінде жарияланып, радио, теледидарларда өткір айтылып жатты. Әсіресе, бұл істе сол кездегі жас журналист, кейін республикалық «Алтын Орда», облыстық «Атырау» газеттерінің бас редакторы болып ерен еңбек үлгісін көрсеткен, қазір осы «Сарайшық» журналының бас редакторы Исатай Құндызбайұлы Балмағамбетовтың үлесі зор болды. Гурьев қалалық оқу бөлімі меңгерушісінің тіл мәселесіндегі тоңмойындығын дерек-дәйектермен сын садағына алған оның мақаласы жұртшылық тарапынан кеңінен қолдау тапты. Ақыры, әлгі меңгеруші орнынан алынып тынды. 
Белсенді топтың тағы бір мүшесі, сол кездегі жас дәрігер, кейіннен денсаулық сақтау облыстық басқармасының басшысы болған Халел Әлжанұлы Сағын (қазір Астанада тұрады) өзінің кабинетіне Исатай мен Махамбеттің суреттерін іліп қойып, мекеме қабырғаларын ақын жырларынан  үзінділермен безендірді. Заңгер Сабыр Ұзақбаев облыс, қала басшыларына тіл мәселесіне қатысты проблемаларды беттеріне батыл айтты. Ол қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқарды. Тілге көз жұмып қараған қала мекемелері басшыларынан іс-қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуін талап етіп, орындамағандарын қоғам президиумының мәжілісінде талқылап отырдық. 
Сол кезде «Қазақ тілі» қоғамының бір мүшесі, елжанды азамат (аты-жөнін ұмыттым) өзі жұмыс жасайтын завод шарбағының және өзінің үйінің қоршауларының темір тақталарына қазақ тілі жайында ұрандар іліп, майлы бояумен қазақ тілінің мақал-мәтелдерін, ұлы адамдардың қанатты сөздерін жазып қойғаны үшін оны мекеме басшылары мен кейбір ағайындар «ақылынан ауысқан» деп атап, қайта-қайта жұлып тастап отырды. Бірақ, бұл қызметкер алған бетінен қайтпай, қайта-қайта жазып ілді. 
«Қазақ тілі» қоғамындағы атқарылған жігерлі істер мемлекеттік тілдің сөнген шырағын жағу үшін керегі түк нәтижесі жоқ жиналыстар мен форумдар емес, қолдап жұмыс істеу және басшылардың тіл туралы батыл нұсқауы мен тіл туралы заңдар болуы қажеттігін осылайша дәлелдеген еді. Ең бастысы, сірескен тоң жібіп, болашақ тасқын алдындағы жылы гольф-стрим жүргізілгені ақиқат. Қабылданған бағдарламалардың жүзеге асырылуы өгіз аяң болса, тіліміздің болашағына айрықша әсері болғандығы шындық. Бір  кездегі бағдарламалар бойынша қазақ тіліне көшу жөнінде облыстар кезең-кезеңмен кезекке қойылғанмен, қазақша балабақшалар мен қазақ мектептерінің көбеюі ерекше серпінмен жалғаса берді, ұлттық рухы оянғандар балаларына ұлттық тәрбие беруді басты мақсат етті. Сөйтіп, жылдар бойына діңгегіне балта шабылғанмен, тамыры аман қалған қазақ тілінің алып бәйтерегі  жапырақтарын кеңінен жайды. 
Елбасымыз осы жылдар бойына тілімізді дамыту жолында әрбір Жолдауында, барлық басқа да басқосуларда тілді тұғырына қондыруды айтудан талған емес. Ол «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деп бастап, орыс тілді қандастарымыздың намысына әсер ете сөйлесе, кейін «Қазақстанның әрбір тұрғыны бір-бірімен қазақша сөйлессін» деген талабын қойды. Тұңғыш Президенттің өзі көпшілік жағдайда қазақша сөйлеп, Үкімет басшылығына да, министрлерге де, әкімдерге де үлгі көрсетіп келеді. Атап  айтқанда, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2007 жылдың 20 тамызында Қазақстан халқы Ассамблеясының XIII сессиясында былай деген де болатын: «Барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі  дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге, елімізде  тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет». Осы мақсатта ол республикалық тілдерді дамыту комитетіне 2010 жылдан 2020 жылға дейін тілдерді дамытуға байланысты бағдарлама жасауды ұсыныс етіп, «алдағы онжылдықтан  кейін 95 пайыз қазақстандық тұрғын қазақша сөйлейтін болады да, қай ұлт өкілі болса да, мектеп оқушылары 100 пайыз қазақша сөйлейтін болады» деді. Егер осы жоспар  орындалғанда Қазақ елі мемлекеттік тіл бағытында дүние жүзіндегі АҚШ, Ресей, Жапония, Қытай, Франция, Германия, Италия, Англия, Испания сияқты дамыған елдердің қатарына жетер еді ғой... 
Меніңше, баспасөз беттерінде, теледидар мен радиода, ғаламторларда қазақ және орыс тілдерінде мемлекеттік тілді үйретудің және үйренудің жаппай қозғалысы әркез толастамағаны жөн. Мемлекет тарапынан барлық орыс тілді газеттер мен журналдарға қазақ тілін үйрену туралы насихат хабарларды үнемі жариялап отыруды талап ету керек. Сондай-ақ, республиканың әрбір тұрғыны өзін Қазақстанның патриоты екенін сезініп, мемлекеттік тілді үйренуге құлшынып, өз ұлтының өкілдерін, балаларын, ағайын-тумаларын мемлекет тілін білуге үгіттеуі арқылы өзінің елжандылығын іс жүзінде дәлелдеуі тиіс.