Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 gzada66@mail.ru

Қажыбек АЙДАРХАНҰЛЫ: «Жанның жасыл ырғағы»

1979 жылы 29 желтоқсанда ҚХР, ШҰАР, Тарбағатай аймағы, Дөрбілжің ауданының Еміл фермасына қарасты Ақсу өзені бойында дүниеге келген.
Қытай аз ұлт жазушылар қоғамының, Шинжяң жазушылар одағының, Тарбағатай жазушылар қоғамының мұшесі. 
Әр түрлі мерзімді басылымдарда 200-ге тарта өлеңдері мен мақалалары жарық көрген. «Еміл көктемі», «Теңізге ғашық бұлақтар», «Тарлан тау түлектері», «Сан ғасырлық сағыныш»  атты альманахтарға өлеңдері енгізілген. 2013, 2014, 2015 жылғы «Қытай поэзиясынан таңдамалыларын» аудару жұмысына қатысқан; Өлеңдері ханзу тіліне аударылған. 
2015 жылы тұңғыш кезекті мемлекеттік аз ұлт жазушылар қоғамы жанынан жүргізілген «Ақсай әдебиеті сыйлығының» «тың тебін» сыйлығын қанжығасына байлаған және 2015 жылы ханзу тіліне аударылған өлеңдері «үздік шығарма» сыйлығын алған. 7-кезекті «Қазақ-қырғыз дүлдүл сыйлығының», «Шұғыла» журналының «Бәйге» айдары бойынша берілетін жастар жасампаздық сыйлығының иегері.
Қазір «Тарбағатай газетінде» қызметте.

БІРЕУ МАҒАН КӨКТЕМ ДЕДІ

Біреу маған көктем деді күн бүгін, 
Самал шертіп отыр деді бүр жырын.
Тамырларда іңгәлаған бөпенің, 
Ақ жаңбырлар қиды деді кіндігін!

Ақ бұлақтар ертіп кімді келгенін, 
Уақыттың ұғым болып өнгенін, 
Топырақтың күннен сәуле емгенін, 
Мен бірақ та сезінбедім… 
Сезбедім! ? 

Мезгіл мені ілестірмей, қалдырып 
Кеткен бе әлде торғай тоңған таңға іліп.
Жоқ сезініс, 
Көктем жайлы қалайда 
Сыз көңілде кілкіп толған бар күдік.

Біреу маған бүгін көктем деп күлді, 
Жеңіл күлкі жүрегімді жеп тынды… 
Ертіп кеткім келді ақырын күз жаққа 
Адастырмай ешкімді! .. 


ГҮЛГЕ ЖАЗЫП ОЙҒАН ЕДІМ АТЫҢДЫ 

Гүлге жазып ойған едім атыңды, 
Күзгі жаңбыр өшірді ме шынымен.
Нұрға жазып қойған едім хатымды, 
Жұлдыз ұрлап әкетті ме түнімен! ? 

Жоғалтпауға тиісті едім жүректен, 
Өлшемдердің шешімінен күйредім.
Домбыраның шанағынан аттанған 
Алыстармын соңғы шерткен күйге еніп.

Асығыс ем уақыттан, әннен де, 
Мөлдірлікпен арулармын мәнді өлген.
Бақыт деген ертегі екен, 
Ертегі 
Сезім күтіп шөлдегенім әр демнен! .. 

Кешір мені! .. 
Саған өкпе артпадым… 
Жинастырма сынықтарын көңілдің!
Сүю ғана… 
Мен аңсаған тұнықтық!
Тозаң көмген жолдарында өмірдің!


КҮЙРЕУ

Тобылғы бүрі төгілген түні 
Жүректі бір ой жетелеп, 
Құстым мен күндіз жұтқан уымды, 
Кеудемді сығып кеселеп!

Сызық маңында көз жасы тұрды, 
Ап-ащы дәмін жел ішіп.
Үміт пен күдік кеңірдектесті 
Жол ашасында керісіп… 

Жұлықтан өрлеп тырмысты тағдыр, 
Белі үзік итше қыңсылап.
Алдымнан бір қол итерді тағы, 
Артымнан бір қол шымшылап.

Ұмсынды үміт, 
Тас сүйді бірақ 
Нұр аңсап тұрған маңдайды.
Шақырып алды тым суық сәуле 
Тілі жұлынған таңдайды.


МЕН ОЯНАМЫН

Рухым сүртеді былғанған қанатын 
Ділдің нұрымен.
Сүйеді есім ернеуін тамырдың 
Қанның текті тілімен!

Түркі тағылымы сөйлейді 
Қараша желінің әр парағында.
Ызғар оралады маған өкпелі 
Алғашқы қардың қабағында.

Құстар қайтқан, 
Аспанда ізі тағдырдың.
Адасуға тиісті едім 
Сол жолдармен 
Жүрмей неге мәңгірдім! ? 

Әуелгі нұсқа - жыртылған уақыт, 
Соңғы тарих - иілген бастар.
Ғұнның киесін аңғартып тұр 
Көкжалдың қаны сіңген тастар.

Жусан бөртеді елемей қаңтарды 
Тұлпардың иісін сағынған… 
Мен оянамын! .. 
Көш, көк тұман 
Көк тауларымды бауырлап!


ҚОҢЫР КҮЗ КЕП...

Түннен жұлдыз 
Ұрлағандай 
Гүлден көктем қиялын...
Қаздың үнін тыңдағандай, 
Жанды серпер бір ағын! .. 
Он сегізде тұнған мөлдір, 
Кірсіз жанар отындай, 
Жүрегіме шоқ тастады, 
Жанды лаулап лапылдай.
Ғайып болды қайта бірақ, 
Бірге әкетті сабырды.
Түн жұлдызын қайтарып ап, 
Түнек етті жанымды.
Қаздың үні тынып қалған, 
Арнада жоқ толқындар.
Жоғалған ән уыттанған 
Аңсау болып алқымдар.
Іңір толы сөз тынысы, 
Қызықтырмас мәнділік.
Жасыл қиял, жаяу арман, 
Сағынышым сар (ы) күдік.
Сайрамады жаздың құсы, 
Таң атқанмен тәні нұр.
Қырау сауыр (пысқырады) 
Қоңыр күз кеп тағы бір.


БҰЛТТАР... ОЙЛАР...
 
Бұлттар сөйлемейді.
Жымиып 
Төгіледі күлкілері көктемге.
Тамырларға тағдыр сыйлап сол өмір 
Сөйлем құрай бастайды енді көк белде.

Ойлар адасады ауада… 
Енер тамыр табылмайды- өшкен жол!
Табылмайды, таба алмайды бір мекен 
Қылтаң өспес меңіреу құмды кешкенмен.

Жағрапиялық сөздер 
Шимайланған әр тынысы, сызығы 
Ой қонатын тұғыры да бұзылып… 
Ес-сананы жетектеткен былығып… 
Алабота қаптап кеткен жұртына 
(Мүмкіндік жоқ) қарай алмас бұрылып!

Тіл жұпарсыз, 
Қиял ноқталы!
Таным отыр күлді-көмеш от жағып.
Ой қона алмай жүр… 
Сырт-сырт тамды жаңбырлар 
Мөлдірлікпен мақтанып! ..


ЖҮРМІЗ БІЗ

Тырнаның тырауынан тамған ізін, 
Сүрлеулеп уақыттың жалғап үні, 
Жел тербеп көк қамыстың үлпілдегін, 
Қарайды әжімді су айға күліп! ..

Қобыздың қайғысынан жиектеген 
Ернеуді 
Ессіз толқын иектеген.
Қалқиды тамыры жоқ жетім ұғым, 
Ырғақсыз ырғатылған жүрекпенен.

Қай құстың қайғысынан 
Қауырсыны 
Жұлынған жан жүйесі ауырсынып?.. 
Сүртеді сәби қолы ақ мамықпен 
Ұлудың кепкен көне қабыршағын.

Жадау ой жас бұтаққа іргеленіп, 
Қалғандай сыз бесікке күн бөленіп! ? 
Жеті қат көктен келер кеңістіксіз 
Жүрміз біз өзімізге түрмеленіп… 


СЕН АЛДЫМНАН ШЫҒАР МА ЕҢ?

Көктем көңіл айдынында шешектеп, 
Жұпар сәуле жүрегіме құйылып, 
Аңқып есіп сал самалдай текті дем, 
Сен алдымнан шығар ма едің қиылып! ? 

Сен алдымнан, 
Көше бойын тербетіп, 
Алқызыл иіс рең беріп жолдарға, 
Шығар ма едің 
Ай он төртке толғанда… 

Жыладым деп айттың кеше 
Несіне! ?
Сол жасыңа кінәлідей сезіндім.
Шаттық емес, 
Кермек, ащы мұң сызын 
Тиісті едім тамызбауға көзіңнің… 

Тиісті едім, 
Мөлдірлікпен әлдилеп, 
Күн қазақтың жылатпауға нұр қызын.
Менсіз сонау тұман толы қалада, 
Түрер енді маңдайыңнан түнді кім! ..

Алаң қалды 
Қонған бұлттай кеудеме, 
Сенің тұнық елесіңмен бір түнеп.
Уақыттың әр нүктесін жетелеп, 
Қаздар қайтты қанатты әні сіркіреп! .. 


АЛДЫҢНАН КЕҢІСТІК АШАДЫ

Мезеттік сәттердің елесі 
Өткен бір дәуірдің жолынан 
Оралып қобыздың үніне, 
Шанақта билейді тағы да.
Санамда сыңсыған сан әуен, 
Зарлы күй өлімді растап, 
Жұлдыздар ағады күмбезден 
Биікте шәйт боп тым асқақ.
Өмірдің үйінде ажал бар, 
Толқынын қуатын толқыны!
Қалқыған ақ қағаз бетіне 
Береді еркіндік ол сызып.
Карталы қатыгез сапарға 
Жан ұшып басқанда қадамын, 
Сүртеді жап-жасыл бір сәуле 
Бар мұңнан, тозаңнан жанарын! .. 
Өткен бір соқпақтар ізінде 
Көне бір қоржаның қақпасы 
Алдыңнан кеңістік ашады, 
Уақыт тірейді ат басын… 


СЕН БАСТАҒАН ЖЫР

Алқызыл ай, жасыл сәуле… 
Сары қыз 
Кеудесіне алқызыл иіс тағынып, 
Құшағымда жанады бір от әлем…

Кетем ертең, 
Кетпей тұрып сағынып.

* * * 
Арман қып шақтарды жолыққан кешегі, 
Әкетті тағы да уақыт жетегі.
Бүр жарды кеудеңде мұң толы сағыныш, 
Тербелді үлбіреп қиялдың шешегі… 

Аттанам деп едім… 
Аттанбай қалам ба?
Күтеді алдымда күлімдеп самалдар! .. 
Күтеді ақынын ауылы өлеңнің, 
Қайтпайтын қаршыға сезіммен жол алған.

Қимаймын өзіңді, 
Қимаған өзіңдей, 
Қиылып қалып ең езіліп… 
Егілмей.
Әр түні аңырап іргесі жанымның, 
Жабырқау жүректі кертпектеп кемірді ой.

Өртенген болмысты 
Жасырып салқындық, 
Әйелдік әдеппен бәрінен тартындың.
Ақынға болса да керегі шалқудың, 
Ғашыққа керегі болса да балқудың.

Аттандым ақырын… 
Қиналдың несіне 
Күрсінген деміңмен күй жазып есіме. 
Әкетіп барамын жап-жасыл әуенді 
Өзіңсіз өтетін аңсаулы кешіме.

* * * 

Аспаныма тамырлаған сағыныш 
Түйсігімді бұтағына қондырған.
Сүйем әр күн оның тылсым сағымын, 
Қиялымда ләззәт құшқан жанды ырғап.

Раушан гүлі балқыр мөлдір таңменен 
Жуындырам аңсау толы санамды.
Көкжиектен ұшқан құстар үнімен 
Сырымды алып бара жатыр аяулы.

Тыңдар, 
бәлкім, 
Естіртпейді тас қала, 
Шығыс жақтан адасатын іздеуді.
Тазартады әулиенің ақ демі, 
Ертең өзім басып өтер сүрлеуді.

Жүрекке ешбір ақыл айтып шаршаман, 
Ерін менен сезім керек өртеген! .. !
Кезікпейді, әлде мүмкін кезігер 
Кезікпеген сияқтанып ертең ол?!


* * * 
Көшелер ешқайда бармайды, 
Жетелеп әкеткен жол оны.
Бір із бар қия алмай аттанған, 
Айналып қайтадан келеді.

Табанын аударған тағдырдың 
Қағады есігін іңірде.
Жылулық бұрыштап қашады, 
Қанымдай тамырда жүгірген.

Мұнарлы сол қала, 
Жапырақ 
Қызарып күн сүйген кешқұрым.
Көгілдір бақыттың жүрегі 
Бақытсыз күрсінді, естідім.

Барлығын жасыру керек пе?
Айту да емес қой міндетім!
Аспанның ақ шығы аймалап, 
Сүймейді ләззатсыз гүл бетін.

Сол қала сүреңсіз… 
тым ыстық 
Жаз маңдай маусымның мекені.
Біз неге тағатсыз сүйістік?.. 
Жолдарға ілесіп кетемін… 


* * * 
Қимастықтарын сары күз 
Бояу қып бойға жасырған 
Қоңыр қаз қайтып барады, 
Мен қайтқан сынды қасыңнан!

Қураймен бірге сыңсытты 
Қараша желі мұң әнін.
Көк көлдер қалды тұп-тұнық, 
Сен қалған сынды құлазып!

Алыстан жетпей асыққан, 
Сезіммен жүрек тоңбайды.
Шумақтап жиып алар ма ем, 
Арада жатқан жолдарды… 


* * * 
Батыс пен шығыстың арасы 
Сағыныш толқытқан мың сұрақ!
Талмайды қиялдың қанаты 
Әр күні іздесіп жүр шұбап.

Көзіңмен егілген жалғыз дән 
Көктеді жүректе үлбіреп.
Үмітім сөйлесе былдырлап, 
Жылыстар қасымнан түн жүдеп.

Аспаның тым тұнық дара еді, 
Жұлдызың тұратын мөлдіреп, 
Кетердей нұрыңнан жан еріп!
Тек бақыт сүйе алу елжіреп!

Жол жатыр шығыстан шығатын, 
Жол жатыр батыстан аттанар.
Іздеуге себеп тұр гүл ашып, 
Жоқ себеп қасыңда қап қалар.
 

* * * 
Қала тыныш, 
Күз ғана келіп алған, 
Уақытты шақырар жорық алдан.
Менің біраз мұңым бар – (жырға бояу) 
Сағынғанның нышаны сені қарғам!

Жаздың тонап әкетті гүл - жасауын!
Құлап түскен жапырақ сырласарым.
Су бетіне суық жел сурет салды, 
Маңдайыма өшпейтін із қашады.

Аспан сәл-пәл тоңғандай бозарады, 
Ауыз қағып қараша сөз алады.
Доссыз жүрек бәріне үрке қарар 
Үрейіне өз еркін қамап алып! ? 

Қайтпай қалған қоңыр қаз қанытымен 
Шимайлайды көңілге қара сүрең!
Ақыл айтты сөреге толған кітап, 
Ақындардың жалғыздық жаннаты деп… 

Тым самарқау соққандай тамыр жүдеп, 
Жаным аздап сыздайды ауырды деп. 
Кімге айтайын (сенетін сырласым жоқ) 
Жүрек бүгін  біреуді сағынды деп… 


* * * 
Сағыныштың ілесіп сапарына, 
Өмір кезіп барады көше бойын!
Уақыт та бұрылып қарамайды, 
Суымайды ып-ыстық кеседе мұң.

Кеңістікті итеріп жырақтатқан, 
Арамызда қаншама шақырымдар?.. 
Қайта өзгертіп сызығын тағдырлардың 
Тоғыстыру қиын-ау ақырындап! ?

Ызғар билеп, үскірік ән салады, 
Тоңған жаным тынымсыз қиялдайды.
Көк тайғаққа сүрінсе бір шаттығым, 
Көк сүңгіге айналды бір арманым! .. 

Көтерілу бостыққа, 
Басқа әлемге – 
Ғарыш нілін тамырға құйып алып, 
Сені ұмыту сияқты кейде маған, 
Өзге нота тербетіп ғұмыр әнін.

Мұз кесекке 
Болмайды айналуға, 
Есте қалған күлкіңмен жылынайын!
Сен айтатын көктегі алқызыл ай 
Нұрмен бірге төгіп тұр жылы уайым…


ЖҮРЕГІМЕН ЖҮРЕГІМДІ АУЫРТҚАН

Көз жасыңды тамызба, әсте, тамызбан, 
Қақтай берсін жүрегімді аңызақ.
Теңіз болып басып қалар, қорқамын, 
Жанның мұңы жанарыңнан ағызған… 

Суық сорып сұрқайланып гүлді алап, 
Кетер бақыт басымыздан сырғанап.
Анарыңнан жұпар жұтып аттанам 
Ең соңғы рет раушан  мұңын тыңдап ап.

Жел үптеді сезімімді бүрлеген, 
Бұл қаладан енді ешкімді іздемен.
Өзімді-өзім оңашалап күн кешем, 
Шимайланбай шиырланған ізбенен!


* * * 
Ешкімі кеп құтқармайтын тамұқтан, 
Пендемін бір махаббаттан қамыққан.
Сол әйелді неге сонша сүйемін, 
Жүрегімен жүрегімді ауыртқан.

Бұның бәрі тылсым әрі жұмбақ-ты, 
Хат әкелмей жатыр жолдар күн қақты.
Жалғыздықтың маңдайына жазылған, 
Қайда қашам тағдырымнан қымбатты.

Уақытқа кектендім бе?..
Кектендім! .. 
Жанға батар тасқа айналды өткен күн.
Шашпауындай сағынышым сарғайған 
Бұрымына қадалып ап көктемнің!


* *  * 
Өзімді-өзім адастырып кетсем бе?
Сені мәңгі сағынбастай жоғалып.
Оралсам ба барлығынан тұттай боп, 
Махаббаттан, құштарлықтан тоналып! ? 

Сатсам ба екен жүрегімді 
Мөп-мөлдір 
Көз жасыңа алақанын төсеген?.. 
Ұмытсам ба сенің ыстық күлкіңді 
Көңілімнің қоламтасын көсеген! ? 

Сүю қандай азап еді, сор еді, 
Бөлінгенде бүріп жейтін жаныңды!
Қаным да енді аққан сынды жабығып, 
Қайғысымен кеміріп жеп тамырды…


*  *  * 
Сағынғанда алыс болмай алысың, 
Бұзып-жарып кедергінің табытын.
Қайтушы едім тамағыңнан таң иіскеп, 
Сезім толы омырауыңды ағытып… 

Қазір бәрі қолға қонбас армандай, 
Тәтті дәмнен кермек қалған таңдайда.
Төлегеннің аспаны жоқ амал не?
Сәлем жолдар зарымды айтып қаздарға! .. 

Бітеп алған меңіреу маң құлағын, 
Жүрегіме сіңіп жатыр түн ағып.
Тоқып отыр саған барар құсжолын, 
Өшпес үміт сәулесінен қиялым…