Күн батуға таяу қалған шақ. Күрең қызыл сәулесін жер бетіне шашыратып, батысқа қарай аунап бара жатқан күннің алқызыл шапағы Ұлысу аталған өзеннің толқындарын нешетүрлі түске бояп, құбылтып ойнап тұрғандай. Дәл осы сәтті күні бойы су астында тағатсыз күтіп отырған су перісі тығылған жерінен шықты. Енді бір аунаса, күн көзі жалқын жолақтарын соңында қалдырып, солтүстік жарты шарды жарық нұрға бөлейді. Су перісі судың астында тұрып осы бір ғажап көрінісіке қызыға қарап, өзін-өзі ұмытып, бар күшімен күнді ұстап қалғысы келгендей су бетіне шоршып шықты. Су жағасында жағалаудың құмдауыт сазды топырағына талдың түсіп қалған бұтағымен сурет сызып бір сұлу қыз отырған. Ол әлденеге ренжулі кейіппен кейде көкжиектегі батып бара жатқан күнге тесілсе, енді бірде Ұлысудың бірін-бірі қуып, еркелеген толқындарына шағылысқан мың құбылған бояуды көзіне көшіріп алғысы келгендей қарайды.
Алаулап батып бара жатқан күннің Ұлысу толқындарына сынып, шағылысқан көрінісін тамашаламаққа су бетіне шыққан су перісі әлгі қызды көрді де, аяқ астынан жүрегі дүрсілдеп қоя бергеніне таң қалды. Ол жер басып жүрген екі аяқтылардың арасында мынадай сұлу қыздың қалай жүргеніне таң болып, басы қатты. Ұлысудың үстіне салынған алып көпірдің жақтауына сүйенген су перісі әлгі қыздан көзін ала алмады. Егер өзіне су перісінің қарап тұрғанын білсе, шошынып қалар деп ойлап, демалуға да қорықты. Дәл солай тұра берер ме еді егер ерке қарындасы келіп, құйрығымен соғып жібермесе!
- Тссс. Тұра тұршы, қарындасым, - деді су перісі өтінішпен. Су астындағы патшалықтың ерке қызы оның өтінішін құлағына ілгісі де келмеді. Ол ағасының бұрынғыдай жайраңдап, мұны неге еркелетіп, су бетінде билей жүзіп, алыстарға саяхаттауға ұсыныс жасамай тұрғанына таң қалды. Кенет оның көзі ағасының көзімен түйісіп қалды.
- Еееех! Сен ғашық болып қалыпсың ғой, Аға,- деді су перісінің қарындасы өзіне тән сезімталдықпен.
- Біздің патшазадамыздың назарын өзіне аударған кім екен? Ол – біздің су асты патшалығының айдай сұлу жас бикешінің бірі шығар! – деп күле қарап тұрған оның да назары жағалаудағы қызға ауды.
- Өте өкінішті!- деді су перісінің қарындасы. Біз оны Толқынбике атайық.
- Адамзатқа ғашықтық өте қайғылы жағдайларға апарып соғатынын қалай ұмыттыңыз, Аға?!- деген Толқынбике келесі сәтте жаңалықты патша сарайындағыларға жеткізу үшін жүзіп бара жатты.
Су перісі, біз оны Теңізхан деп атай тұрайық. Теңізхан болса, барлық заңдылықтардың бәрін есінен шығарып, тек мына қызбен бір тілдесіп қалғысы келді. Ол үшін түн ортасын күтуі керек еді. Тек түн ортасында ғана, таң ағарып атқанға дейін ол адам кейпіне ене алатын. Мына жағалаудағы қыз оған дейін кетіп қалмаса екен деп тіледі. Міне, түннің иесі алтын ай да аспан төріне әдемі сырғадай болып іліне қалды. Енді азғана уақыттан кейін ол адам кейпіне енеді. Жағалаудағы қыз болса, тып-тыныш түннің адам тек түйсігімен ғана сезіп, білетін әдемі әуеніне елтігендей, Ұлысудың бетіндегі жыбыр қаққан толқындардан көзін алмайды. Нақ бір әдемі мүсін дерсің!
Міне, Теңізхан көптен күткен сәт те жетті. Көпірдің бағанасына жасырынып тұрған ол әдемі жігітке айналды. Судың бетінен өзінің бейнесін көрген ол разы кейіппен қызға қарай жүзіп бара жатты.
- Сәлеметсіз бе, бикеш,- деген дауыс шыққан жаққан жалт қараған қыз өз көзіне өзі сенбеді.
Ай астында, Ұлысу толқындарымен ойнап ғажап бір сұлу жігіт өзіне қарап тұр еді. Біздің сұлу бикешіміз, оны енді Әдемі деп атайық, Әдемі деген қызымыз су бетінде ойда – жоқта пайда болған жігітке таң-тамаша болды.
- Кешкілік, ақшам уақытында жағаға бармаңдар, онда су перілері жүреді, олар адамдарды ұрлап әкетеді, кейде естерінен адастырады,-деп отыратын атасының айтқан сөзі есіне түсті.
Бірақ мына жігіт су перісіне ұқсамайды. Ол осы ойлардың жетегінде тұрғанда Теңізхан жағалауға шықты. Оның балық қабыршағына ұқсап жалт-жұлт етіп тұратын сыртқы терісі киімге айналыпты. Киімінен су сорғалап тұрған жігітке қарап, жаны ашыған Әдемі:
- Сіз ауырып қаларсыз, үсті-басыңыз малмандай болыпты,-деп еді, ол тек күлімсіреді де қойды.
Қыздың жанына келіп орналасқан Теңізхан Әдемінің сұлулығын енді жақыннан көрді. Оны көптен бері білетін адамдай, әңгімені емін-еркін жалғастырып кетті.
- Неге мұңайып отырсыз? Сіз сияқты аруға мұңайған жараспайды,- деді Теңізхан,- Маған айтыңыз неге ренжулі екеніңізді. Мен жан адамға сыр шашпаймын,-деп күлімдей қарады.
Әдемі өзінің суретші екенін, Ұлысу өзеніннің жағалауына келгенде, ерке толқындардың мың бұралған биін тамашалаған кезде ерекше шабыттанатынын айтты. Қыз әңгімесін жалғастыра берді. Ал, Теңізхан болса, оның сөзін бөлместен тыңдады. Ол мынау бейкүнә қызды өзімен бірге көктеңіздің ең түкпіріндегі алтындатқан сарайына алып кеткісі келді. Бірақ Әдемінің сөзінен оның ата-анасы үміт күткен жалғыз қыз екенін білді, Әдемі онымен бірге жердің бетінен жыраққа кетпейтінін түсінді.
Енді азғана уақыттан кейін жер бетіне рауандап таң атады, алтын күн солтүстік жарты шардағы сапарын аяқтап, шығыс жақтан алаулап шыға келмек. Теңізхан болса, уақыттың аз қалғанын түсінді. Ол Әдемінің сүйріктей саусақтарын қыса ұстап, жүзіне қадала қарады. Бейне бір өзіне қатты ұнаған арудың нұр сипатты жүзін қарашығына көшіріп алғысы келгендей. Міне, күншығыстан таңның алғашқы белгілері білінді. Теңізхан да Әдеміге өзінің кім екенін айтты. Сонау көктеңіздің ең тереңіндегі су асты патшасының жалғыз ұлы екенін де жасырмады.
- Анда-санда Ұлысудың буырқанған көктеңізге құяр сағасынан өзен арнасына шығап, саяхаттап, жердегі екіаяқтылардың тірлігін тамашалайтын әдетім бар еді. Бүгін өзіңді көрдім. Сенімен бір тілдесіп қалғым келді. Өзіңді су асты патшалығына менімен бірге жүр деп қинағым келмейді. Бірақ кейде жаныңды мұң басқанда осы жерге келіп отырсаң, мен де жаныңнан табылармын...,- деген ол Әдеміге естелік болсын деп су астынан олжалаған інжу-маржанды ұсынды.
Бұл кезде Теңізханның жер бетіндегі адамзат баласына ғашық болғанын естіген су асты әлемінің барлық тұрғыны жиналып, оларға тамсана да таңқала қарап тұрған еді. Күн алғашқы сәулесін жер бетіне шашырата шыққан кезде, Теңізхан жағадан алыстай берді. Ол өзін қимай қарап тұрған Әдеміге алыстан ғана шолп-шолп еткен дыбыспен қош айтып бара жатты.
Содан бері нешеме ғасыр, нешеме жылдар өтсе де су перісі сол бір ғашығын ұмыта алмай, түн ортасы ауа Ұлысудың жағасында отырып, таң қылаң бере өз мекеніне қайтып кетеді екен.