Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің елуінші томын баспаханаға тапсырып, көпжылдық баспа жобасын аяқтаған кезде Мұрат Әуезов: «Осы бір нәзік әйел затынын бойында зор редакторлық күш-қуат, кәсіби шеберлік және баспа ісінің қыр-сырына қатысты мол тәжірибе қалай тоғысқан? – деді маған таңданыc білдіріп. Сосын сәл үндемей тұрды да: – Балжан Хабдина – великий редактор!» – деді.
Мен Балжан Хабдинамен ширек ғасырдан астам уақыт бұрын, 1998–1999 жылдары, яғни өткен ғасырдың соңында, Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш Президенті, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың алдағы жүз жылдық мерейтойына байланысты басылымдарын дайындап жатқан кезімде жақыннан таныстым. Міне, содан бері баспадан жарық көріп жатқан қазақ тіліндегі кітаптардың басылымдары үшін ешқашан уайым жеген емеспін, өйткені олар Балжан Хабдинаның қырағы редакторлық көзінің сүзгісінен өтетін.
Ол біздің «Жібек жолы» баспасының көпұлтты ұжымымен алғаш келген күннен бастап тез тіл табысып, жарасым тауып кетті және қазіргі уақытта еңбек демалысында болғанына қарамастан, бізбен және Алматының басқа да баспаларымен ынтымақтасып, достық қарым-қатынасты жалғастыруда.
Ал ол еңбек жолын 1978 жылы Қазақ университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін Көкшетау қаласындағы облыстық газеттің тілшісі болып бастады. Содан соң Алматыдағы «Өнер» баспасына редактор болып ауысып, көп уақыт өтпей-ақ аға редакторлыққа көтерілді. Бұдан кейін баспагерлік жұмысын «Ғылым» ғылыми баспа орталығында жалғастырды.
Сол жылдары Қазақстанда өз дағдылары мен дәстүрлері бар жақсы баспагерлік-редакторлық мектеп қалыптасқанын ерекше атап өткен жөн. Балжан Хабдина өзінің сыни-талдамалық ақыл-ойы мен редакторлық іскерлігінің арқасында қолжазбаны болашақ кітап форматында дайындау және басып шығару мәселесінің мәні бойынша жылдар бойы авторлармен және олардың қолжазбаларымен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтай отырып, жазушылар мен ақындар, ғылым мен өнердің белгілі бір саласының өкілдері және мамандары – көптеген кітап авторлары арасында лайықты құрметке ие болды. Олардың баспадан шыққан кітаптарының беттерінде «редакторы Балжан Хабдина» деген жазу басылымның сапа белгісіне айналды. Баспагерлер арасындағы рсспубликалық «Жыл редакторы» атты кітап-әдеби байқауларында жиі жеңіске жетіп жүрді. Осы жылдар ішінде бірнеше кітап құрастыруға тер төкті, көптеген шетелдік басылымдарды Абай тіліне аударды. Оның қаламынан балаларға арналған «Жезкиік» атты түпнұсқа кітап дүниеге келді. Оның тікелей қатысуымен және аударуымен «Қаныш елі» фотоальбомы, Жетісу мен Алматының тарихына арналған көптеген альбом-кітаптар жарық көрді, редакторлығымен қазақ детективінің негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың бес томдық шығармаларының толық жинағы шықты.
Мен өзімнің баспагерлік тағдырымда бір кездері Балжан Елубайқызы Хабдина сияқты адаммен танысқаныма және оның баспамыздың көптеген кітаптарында «Жібек жолы» брендінің жанында «Редактор Балжан Хабдина» деген аты-жөні қатар тұратынына ризамын.
Мұхтар Әуезовтің елу томдық еңбектерінің толық жинағын осы томдарды дайындаумен айналысқан М.О. Әуезов мұражай-үйінің директоры Диар Қонаев бастаған қызметкерлерімен бірге шығарғанымыз есімде. Осы көпжылдық жобаны бастаған баспа банкротқа ұшырауына байланысты жабылып, бірақ діңгек-палуба арқылы елудің он бір томын шығарып үлгергендіктен, біздің «Жібек жолы» баспасы алдағы томдарды шығару бойынша тендерде жеңіске жетті. Бас редактор Балжан Хабдинаның бастапқы томдардың көркемдік сапасына көңілі толмайтынын сезіндім. Біріншіден, біз бірінші томнан емес, он екінші томнан бастадық, екіншіден, кейінгі томдардың дизайны мен безендірілуіне тәуелді болдық, ал бастапқы томдар нашар дизайнмен шыққан-ды.
Бағымызға орай директивалық органдардың (Министрлік пен М.О Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының) шешімі бойынша бізге бірінші томнан бастап елуінші томға дейін толық қайта шығару бойынша тендерге қатысу ұсынылды. Бұл ең алдымен осы басылымның түпнұсқа қазақ мәтіндерінің редакторы болған Балжан Хабдина үшін зор қуаныш болды. Мен оның нұрлы көздерінен бұл жобаның, Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің елу томдық академиялық толық басылымының ұлы редакторы Балжан Хабдинаның өміріндегі басты басылым екенін ұқтым. Жылдар бойы Әуезов әлемімен тыныстаған ол өмірінің осы кезеңін тағдыр тартқан үлкен сый, «екінші университетім» деп біледі.
Осы орайда мына бір жәйтті ерекше бөліп айтқым келеді. Балжан көлік апатына ұшырап, қолына ота жасатуға ауруханаға түскенде де өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Ол кезде біз М. Әуезовтің елу томдығының екінші басылымын баспаға дайындап жатқанбыз. Оны шығаруға Министрлік тарапынан екі ай ғана уақыт берілді. Сонда өз ісіне әбден берілген жанкешті редактор отадан шыққан келесі күні оң қолын дәкемен таңып алып, аурухана палатасында Мұхаңның кезекті томдарын дайындаумен айналысты. Және бір айта кететін жәйт, еліміздегі белгілі баспалар оны жалақысы жоғары қызметке жұмысқа шақырған кезде өзі бастаған ісін – Мұхаңның мұраларын жарыққа шығаруды орта жолдан тастап кете алмай, бұл ұсыныстардан бас тартты. Сөйтіп сөз зергерінің ұлы мұрасына адалдық танытты.
Мұхтар Әуезовке сіңірген тағы бір елеулі еңбегі – біздің баспадан шыққан «Абай жолы» роман-эпопеясының жаңа аудармасына көрнекті қаламгер Герольд Бельгермен бірге арнайы кеңесші-консультант болды. Төрт томдық эпопеяны қазақша нұсқасымен салыстыра отырып, сын-ескертпелерін айтты, жекелеген қазақы ұғымдарға түсініктеме берді. Аударманың мән-мазмұны мен ұлттық реңкінің түпнұсқадағы қалпында сақталуына тигізген септігі үшін ресейлік аудармашы Анатолий Ким оған ерекше ризашылық білдіріп, алғысын айтты. Ол сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің ата-тегі туралы күрделі еңбекті жарыққа шығаруда аянбай тер төкті.
Жалпы алғанда, редакторлық – жауапкершілігі, қиындығы, бейнеті мол жұмыс. Ол сауаттылықпен қатар жоғары эрудиция, ізденіс, ыждағаттылық пен тиянақтылықты талап етеді. Автордың жазғанына сын көзбен қарап, оны өңдеп-жөндеу үшін редактордың өзінің де оған жете-қабыл өресі мен білімі болуы шарт. Ал редакторлық шеберлік пен біліктілік жылдар бойы ерінбей-жалықпай жинаған тәжірибемен, үлкен ізденіспен келеді. Бұл қасиеттердің бәрі де Балжанның бойында бар.
Балжан Хабдина Қазақстанның классиктері мен замандастарының бірнеше жүздеген кітаптарын редакциялап қана қоймай, тақырыпты жете білу қабілетіне орай шығармашылық пен ғылым саласы өкілдері туралы толымды мақалалар мен эсселер, әдеби портреттер мен суреттемелер жазды. Оның редакторлығымен елімізге белгілі адамдардың, атап айтқанда, Досмұхамед Кішібеков, Алтай Сәрсенов, Зәки Ахметов, Өзбекәлі Жәнібеков, Карл Байпақов, Тынымбай Нұрмағанбетов, Қойшығара Салғарин, Ұзақбай Доспанбетов, Уахит Шәлекенов, Мұрат Әуезов, Кәкімбек Салықов, Медеу Сәрсекеев, Сарбас Ақтаев, Оралбек Қожанов және басқа да көптеген адамдардың кітаптары жарық көрді.
Ол сонымен қатар бірнеше кітаптар құрастырып шығарды. Атап айтқанда, ұлы ақын Абайдың екі томдық шығармалар жинағы, Қазақстандағы өткен ғасырда орын алған үлкен нәубет – ашаршылық туралы «Қызылдар қырғыны» (З. Қыстаубаевпен бірге) жинағы, Саттар Ерубаевтың шығармалар жинағы, Балуан Шолақтың шығармалар жинағы, «Өнер» баспасынан әр жылдары жарық көрген көптеген ән жинақтары, Мұрат Әуезовтің «Ділім» кітабы, елімізге белгілі педагог М. Қанапиянов туралы «Ұстаз», педагог Х. Әміров туралы «Ұстаз. Азамат. Қайраткер» кітаптары, «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген белгілі жазушы Д. Исабековтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап, «Қазақстан-Беларусь» әдеби альманағы, т.б. басылымдардың құрастырушысы болды.
Б. Хабдинаның тәржімесімен «Шикула» баспасынан бірнеше әдістемелік оқу құралдары, Алматы қаласының тарихы туралы кітап-альбомдар, көрнекті археолог К. Байпақовтың ғылыми еңбектері, белгілі дәрігер А. Байгенжиннің «Коронавирус» кітабы, менің «Төретұмсық» повесть-хикаятым жарық көрді. Ал жақында ол менің Мұрат Әуезов туралы «По ту стороны Луны» («Айдың арғы беті») кітабымды аударуды аяқтады.
Көп жылғы баспагерлік еңбегі лайықты бағаланып, Б. Хабдина «ҚР баспа және полиграфия ісінің қайраткері» құрметті атағына ие болды. Сондай-ақ «Кітап мәдениетіне қосқан үлесі үшін» медалімен, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Қазақ баспа ісінің дамуына зор еңбек сіңіріп келе жатқан Б. Хабдина – өз ісінің шебері, ол өз міндетіне асқан жауапкершілікпен және адалдықпен қарап, қандай шаруаны болсын жеріне жеткізе орындайды. Баспагерлік қызметімде тағдыр мені осындай ізгі жанмен жолықтырғанын өзімнің бақытым деп білемін.
Балжан Елубайқызы жақында туған аймағында ел құрметіне бөленген ата-бабасы жайында «Тамыры терең әулет» деген танымды кітап жазды, енді міне, өзінің шығармашылық ғұмырынан беретін есебі сынды «Қаламым түзген әлемнен» атты мақалалар, сұхбаттар, аудармалар жинағын оқырман назарына ұсынып отыр. Осы тамаша жинақ ойшыл қаламгеріміз Мұрат Мұхтарұлы Әуезов «великий редактор» деп бағалаған замандасымызды кім-кімге де толық танытатынына сенімім зор.




