Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Ақлима САПАРОВА: «Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романындағы интермедиялық байланыстар»

Аңдатпа. Қазақ прозасындағы интермедиялдылық – қазіргі әдебиеттанудағы маңызды зерттеу салаларының бірі. Интермедияның негізгі мәні – өнер түрлерінің (музыка, бейнелеу өнері, кино, театр, сурет өнері, мүсін өнері т.б.) әдеби шығармалармен өзара әрекеттесуін талдау және түсіндіру. Қазақ прозасында әдебиеттің барлық өнер түрлерімен байланысы проза басталғаннан бар, өйткені, қазақ әдебиеті табиғатынан түрлі мәдениетаралық байланысқа ашық. 
Мақалада интермедия ұғымының генезисіне қатысты мәселелер мен оның қазақ әдебиетінде пайда болуы айтылады. Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы материалының негізінде интермедия терминінің қолданылуы теориялық тұрғыдан талданады. Көркем әдебиет стиліндегі шығарманы интермедия тәсілі арқылы талдау мақаланың жаңалығы. Мақалада мүсін өнерінің Рахымжан Отарбаев мәтініндегі көрінісі мен қызметі талданады. Көркем шығарманы талдау барысындағы интермедиялық байланыстың маңыздылығы көрсетіледі. «Бас» романындағы өнер түрлерінің (мүсін өнері, поэзия, драматургия) бірігіп, белгілі бір образды, мағыналық астарды, психологиялық күйді ашуға ықпалы анықталады. Дәстүрлі мәдениеттің элементтерін құрайтын ұлттық код, таным-түсініктер талданады. Жазушының әдеби шығарма әлеміне ұлттық мәдениет элементтерін енгізу нысандары қарастырылады. Әдеби кейіпкерлер әркетіндегі ұлттық көрініс, дәстүрлі этикет ережелері, ата-баба культі, музыка әлемі, мүсін өнерінің әдеби мәтін кеңістігінде байланысуы талданады. Өнер түрлерінің өзара әрекеттесуі негізінде мәтін мазмұнының басқа қырынан ашылуы теориялық тұрғыдан талданады. 
Кілт сөздер: интермедия, мүсін өнері, роман, драматургия, дәстүрлі мәдениет.

Кіріспе 
Интермедиалдылық – бұл әртүрлі медиа (коммуникациялық құралдар, өнер формалары немесе ақпараттық жүйелер) арасындағы өзара байланыс пен шекараларды бұзатын ұғым. Термин әдебиеттану, өнертану, мәдениеттану және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Интермермедиалдылық медиа арасындағы байланысты, олардың бір-біріне ықпал етуі мен интеграциялануын зерттейді. Интермедиалдылық тек медиа арасындағы емес, сонымен қатар бір мәдениеттегі идеялардың басқа мәдениетте өнер каналы арқылы көрініс табуы. Осы замандағы аудитория ақпаратты түрлі медиа арқылы қабылдайды. Интермедиалдылық – жаңа мәдени формалар мен идеяларды түсінуге көмектеседі. Қазіргі заманғы коммуникация жүйелерінің күрделілігін терең түсінуге мүмкіндік береді.

Талдау мен нәтижелер
«Интермедиалдылық» терминін әдебиеттануға 1983 жылы Гамбургтегі «Мәтіндер диалогы» тақырыбына арналған конференция кезінде австрия слависті, ғалым Оге А.Ханзен-Леве енгізді.
«Интермедиалдылық мәселелеріне бағытталған зерттеулердің басым бөлігі оны бір көркемдік форманың екіншісіне (әдетте, әдебиетке) мысалы, музыка, бейнелеу өнері мен киноға, әдебиетке әсерін зерттеумен шектеледі, онда да олардың құрылымдық арақатынасы деңгейінде емес, көркемдік формалардың тақырыптық-мотивтік ұқсастығы деңгейінде қарастырады.» [1, 15,16-б.]. Отандық ғалым Гүлмира Сәулембек «интермедия» терминіне мынандай анықтама береді: «Автордың бір өнер түріндегі мәтінді тудыруда басқа өнер туындысынан «мәтіндерді» пайдалануы интертекст немесе интермедиалдылық деп аталады» [2,7-б.]. Ғалым, терминді интертекст тәсілі тұрғысынан қарастырады: «Әдебиеттегі көркем шығарма мәтіндерінің өзге бір мәтінде қолданылуын ғана емес, кез келген өнер (сурет, музыка, кино, театр т.б.) туындысындағы құбылысты интертекст деп атаймыз. Сондай-ақ бір өнер түрінің басқа өнер туындысынан «мәтіндерді» пайдалануы да интертекст немесе интермедиалдылық деп аталады» [2, 32-б.]. Ғалым С.М. Алтыбаева «интермедия» терминін «интертекст» тұрғысынан қарастырады: «Экфрасис деңгейіндегі интертекстуалдылық, сөз және қозғалыс өнері, сөз және мүсін, сөз және сурет, яғни әдебиет пен балет, кино, кескіндеме, монументалды өнер арасындағы ішкі байланыс.» [3, 41-б.]. Қысқасын айтқанда, термин постмодернизм алып келген тәсіл тұрғысынан қарастырылады.
М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы – музыка мен фольклор элементтері арқылы қазақ мәдениетінің толыққанды панорамасын жасайды. О.Бөкеев прозасы – табиғат суреттері мен бейнелеу өнерінің әсерін айқын сезінуге болады. 
Р. Отарбаевтың «Бас» романындағы өнер түрлерінің (мысалы, музыка, поэзия, мүсін өнері, театр) байланысуы – зерттеудің басты нысаны. Талдау нысаны болып табылатын мәтіндегі барлық көркем өнер мен медиаға тән түрлі сілтемелер, тұспалдар, ассоциациялар мен символдар арқылы ашылатын интермедиалдылықтың шартты түрдегі жасырын жатқан қабаттары қарастырылады. Әдетте, белгілі бір кардиналды өзгерістерді соғыс тудырады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін модернизм, постмодернизм терминдері пайда болды. Бүкіл адамзаттың моральдық құндылықтары қайта қаралып, сол кезеңге дейін абсолютті саналып келген моральдық заңдарға деген сенімнің құлдырауы басталды. Ол тенденция саясаттан басталып, өнердің барлық саласына енді. Осыдан барып, өнер түрлерінің арасындағы шекара жойылды. Осылай, философиялық терминдер мен түсініктер әдебиетке де әсерін тигізді. Оның барлығы бұрыннан қалыптасқан қағидаларды қиратты, яғни әдеби мәтіннің құрылымы бұзылды, автордың беделі түсті, кейіпкер емес, мәтін – басты нысанға айналды. Постмодернизмнің басты ерекшеліктерінің бірі қара юмор, ирония, пастиш, сарказм. Р. Отарбаев осы элементтерді романда қолданған. Жалпы, романның құрылымы классикалық болғанымен, онда постмодернизмнің де белгілері бар. Автор мүсін өнерінің бүгінгі жағдайын ирониямен берген: «Осы үш би бір шалдың шапанынан, бір кемпірдің етегінен шыққан ба? Эскизге зер салыңыз, бір-бірінен аумай тұр. Көз қиығы, мұрны, бет өлшемі. Жо-жоқ, шындап, ұятты көздеріңізбен қараңыздаршы! Бұлардың айырмашылығы тек сақалдарында. Ұлы жүздікі қауметті, ұзын, Орта жүздікі ықшам, ал Кіші жүздікі шұнтиып тұр. Бұл не? Сақалдың көрмесі ме? » [4, 10-б.]. 
Автор осы контекст арқылы мүсіншілердің өз кейіпкерін кейіптемес бұрын зерттемейтіндігін айтқысы келгенін аңғаруға болады. Ары қарай, романдағы басты кейіпкер Ноэль Шаяхметовтің қазақтың арқалы ақыны Махамбет Өтемісұлының мүсінін мінсіз жасау мақсатында Қазақстанға келіп, Махамбеттің басын қазып алып, мүсіншілік жұмысына кәсіби тұрғыдан кіріспек ниетін келесі контекстен көре аламыз: «Ноэль ақжемделіп қалған тері дорбаның аузын ашып, ақын басын столдың үстіне отырғызды. 
- Қойшы, мынау сол бас па? Рас па? – деп профессор алабұртып, алқынып, басты айналдыра қарап тісін жалғыздап санады. – Әлгі өзің көрден қазып алып зерттейтін бас па? Міне, тарих! Тірісінде жүген-құрық тигізбеген асау ақынның басын енді өз қолымызбен ұстап тұрмыз» [4, 35-б.]. 
Қазақ прозасында музыкалық элементтер де жиі кездеседі. Әсіресе, күй немесе ән арқылы кейіпкерлердің ішкі әлемін ашу және оқырманға эмоционалдық әсер ету тәсілі ретінде қолданылады. Мысалы, М. Әуезовтің шығармаларындағы күйшілер бейнесі немесе Абайдың өлеңдеріндегі музыкалық мотивтер. Жалпы, қазақ прозасындағы музыка өнерінің пайда болуы XIX ғасыр әдебиетінен басталып, қазіргі прозада да жалғасып жатыр. Мысалы, Ж.Аймауытовтың «Әнші» әңгімесіндегі Әмірқанның (прототипі Әміре Қашаубаев) ән құдіретінің арқасында қарақшылардың қақпанынан құтылуы, Тахауи Ахтановтың «Күй аңызы» әңгімесіндегі күйдің нарды идірген құдіреті жайлы әңгімелері бүгінде Т.Әсемқұловтың «Талтүс» романымен жалғасып жатыр. Прозадағы музыка өнерінің берілуі арқылы сол өнер саласындағы тұлғаларды танимыз, олардың өнердегі орнын көреміз, күй арқылы ұлттық құндылықтарды танимыз, автордың талғамын таразылаймыз және өлмес, өшпес музыка өнері арқылы ұрпақтар сабақтастығының үзілмес жібін көреміз. Мысалы, ауыз әдебиеті үлгілеріне жататын «жар-жар», «бесік жыры» сияқты тұрмыс-салт жырлары арқылы көшпенді өмірдің тыныс-тіршілігін, салт-санасын көреміз. Р.Отарбаев «Бас» романындағы «О, тоба! Аруақты бабалардан қалған өлең-жырға, аңыз-әңгімелерге ешбірі қамшы салдырмайды. Лыпып тұр. Бірінің аузынан бірі әкетіп, ескі сөзді гөйітеді-ай кеп» [4, 4-б.] сөйлемі осы ойды одан сайын айғақтап тұр. Романда келтірілген келесі бір шумақтан қазақ халқының ақынға, оның өлеңіне табынушылықты емес, өнерді биік бағалағандығын байқатып тұр.
    «Қазағымның намысы едің, жанитын,
    Жау тосумен бұзылыпты сан ұйқың.
    Басың кетті, мынау марғау даланың,
    Адам қылып шығарам деп ір итін. Әй, Махамбет! – деп Мақатай ақын ескерткішті құшақтап жылап жатты» [4, 124-б.]. 
Музыка – бұл шын мәнінде басқа дүниелік арна жеке және жалпы, рухани және мәдени-тарихи, нақтылық пен иллюзияны адамның өз ішінде байланыстырады, оны полифонияның тіршілік ету ортасына айналдырады. Жалпы және арнайы білімнің жиынтығы көркем мәтінде көрсетілген музыка жайлы көп дүниені түсінуге көмектеседі. [5,17-б.]
Қазақтың ән-күй өнері көп қатпарлы. Әрбір әннің, күйдің, өлеңнің өз тарихы, сонымен бірге орындаушылардың тағдыры да бар. Қазақ ән-күй өнерін жасаушылардың, соны шашып-төкпей, байытып бүгінгі күнге өз шығармашылығы арқылы жеткізген жазушылар бар. 
Романда Ноэльдің шәкірті Дәуреннің ақын өнерін биік бағалайтынын мына контекст көрсетеді: «Жастайымнан өлеңіне де, өзіне де табынып өсіп ем... Ақынның басын маған қиыңыздар. Аманаттап беріңіздер. Ғұмыр бойы шаң қондырмай өтер ем.» [4, 136-б.].
Қазақ прозасында бейнелеу өнері мен әдебиеттің байланысы да айқын көрінеді. Көптеген қазақ жазушылары өз шығармаларында бейнелеу өнерінің элементтерін қолданады, мысалы, кейіпкерлердің сыртқы бейнесін суреттеуде немесе табиғаттың көріністерін сипаттауда. Әсіресе, романтизм мен реализм бағытындағы шығармаларда көркем суреткерлік тәсілдер мен пейзаждар маңызды орын алады. Прозалық шығармаларда сурет өнерінің элементтері немесе пейзаждық сипаттамалар арқылы оқырманға көркемдік образ жасау жиі орын алады. Мәселен, жазушылар қазақ даласының табиғатын суреттегенде бейнелеу өнерінің әдістерін қолданады. Р.Отарбаевтың «Бас» романында да табиғатты суреттеу арагідік кездесіп отырады: «Қызыл қанға боялып күн батып бара жатыр» [4, 20-б.]. «Аспан қабағында кіреуке жоқ. Тек бір жапырақ ақша бұлт аулақта желдің екпінімен сырғанақ теуіп барады.» [4, 46-б.]. «Таудың түнгі аңқылдақ самалы есіп тұрды» [4, 109-б.]. Көп жазушыларда табиғат райы атмосферасының мұндай атрибуттары сипатталатын кеңістіктің, не кейіпкердің эмоционалды көңіл-күйіне сәйкес берілуі мүмкін. Әдетте, күз мезгілі адамның қарттығымен, не болмаса көңіл-күйдің құлазуымен асоциациаланады. Сонымен бірге, баяндалғалы жатқан оқиғаның көңілсіз болуынан хабар береді. Теңіз самалы мен жапырақ детальдары жалғыздықты немесе оқшаулану сезімін көрсетеді, кейде бұл ішкі қақтығыстардың, белгілі бір қарсылықтардың айнасы болуы да мүмкін. Осылайша, әңгімедегі пейзаждар, тек фондық атмосфераны құруға ғана емес, кейіпкерлердің эмоционалды күйін көрсету үшін қызмет етеді. 
Кейбір шығармаларда кино немесе театр элементтерінің ықпалы сезіледі. Әсіресе, диалогтар мен сахналық көріністер арқылы оқиғаларды драматургиялық тұрғыда беру тәсілі байқалады. Р. Отарбаев әрі жазушы, әрі драматург болғандықтан прозада драматургиялық тәсілдірді қолданады. Жай баяндаудан динамикалық өзгерістерге, одан өткір эмоционалды толқындарға жиі көшіп отырады: 
«- Осы көлденең қосаяқ салуын қашан қояды?
- Бәлденіп-ақ бітті!
- Үш бидің аруағы атқыр!
- Көре алмай тұр! 
- Бұдан артық не істейді бізге?» [4, 10-б.].
Бұл баяндауға эмоционалды әсер етіп, оқиғаға контраст беріп тұр: 
«Үрейі ұшып кеткен Ықас стол айнала қашты. 
- Таста атаңа ғана нәлетті! Адамның иманын ұшырмай!
- Ықа, соншама қашып не көрінді? Бұл ұлы ақынның басы ғой. Қазақ халқының мәңгілік мақтанышы. 
- Әкет, жасыр, жап! Сал дорбаңа! Айдың-күннің аманында сендер кісіні үркітіп өлтірерсіңдер. Өңшең жынды! Тып-тыныш отырғанда қу басты ала шауып, ала жүгіріп... Сендер ме, сендер!» [4, 32-б.].
 «Таста атаңа ғана нәлетті!» эпизоды оқиғаның шарықтау шегі мен дараматургиялық нүктенің қызған сәтін сипаттайды. Осы тұста мүсін өнері мен драматургияның әдебиет кеңістігінде тоғыса отырып, оқиғаны ашуға қызмет етіп тұрғанын тұжырымдауға болады. Автор театр драматургиясына тән тілді төмендегі мысалда да қолданады, онда ол өз ойын ана үмітін ақтамаған Айымның контексінде ана эмоциясы арқылы көрсетеді:
«-Қорғадың, иә, әлгі Махамбеттің несінен... Қорғамай кет! Махамбеттеріңмен қоса құрыңдар! Сен ғалым болып басыма көк тас қоймайсың. Әкеңнің де жарытқаны шамалы. Бұл дүниені оқсатса мен өстіп тасынам ба?» [4, 56-б.]. Сахна тілі келесі мысалда да көрініс табады:
«- Махамбетіңмен қоса құры, зәнталақ!
- Не дедің? Қайтала!
- Оттама!» [4, 66-б.].
Аталған оқиға оқырман мен автор арасындағы шекара жойылатын театрлық атмосфераға толы. 
 «Не дейді? Алла зекетің кетейін-ай! – деп қарт орнынан опыр-топыр қарғып тұрды. 
- Кемпір қайдасың? Ақсарбас! Әй, кемпір ақсарбас дейм! 
- Әжем көрші үйге шілдеханаға кеткен. 
- Осыдан-ақ көрдім-ау, көресіні, - деп Құрақ жазықсыз кемпіріне кіжінді.
- Оқы!» [4. 117-б.]. 
«Кемпір қайдасың? Ақсарбас! Әй, кемпір ақсарбас дейм!» - деп айқайлау сахна тіліне тән. Әйтсе де, мұндай тәсілмен берудің әсері артық. Мұндай көркемдік құралдарды қолдану оқырманның сезімі мен эмоциясына әсер етіп, шығарманың ауқымын кеңірек ашуға мүмкіндік береді.
Әдетте, прозалық шығармаларда отыр, тұр, жатыр, жүр қалып етістіктері мен сұраулы шылаулар сөйлемнің соңында тұруы тиіс. Мұнда, инверсия, яғни сөз орнын ауыстыру байқалады: «Костюмің не? Бес-алты шапан тұрған жоқ па үйде? Етегін сүйретіп жап соның біреуін. Ата дәстүр деп. Ит ішкірдің суып қалғанын қарашы, - деп Дүрия кеседегі шәйін кері ысыра салды.» [4, 97-б.]. «Кешіресіз. Онда сағынатын да адам қалып жарымады ғой. Сізден басқа.» [4, 117-б.]. «Тақпаған кінәсі жоқ. Бәріне шыдап бақты мен үшін» [4, 40-б.]. «Мұрағат шаңын жұтып отыр деп. Қайта қуанып қалады. Тек кешікпе, күнім!» [4, 25-б.]. «Соғымқа арнаған өгізім бар. Сауыры жылт-жылт етіп тұр, семіз. Сатам соны.» [4,119-б.]. Байқағанымыздай, берілген мысалдарда сөздердің әдеттегі грамматикалық түзілу тәртібі өзгеріп, орындары ауыстырылған. Ондай, өзгеше тіркестер құру драматургиялық, поэзиялық шығармаларға тән тенденция. 
Автор романда драматургиялық тәсілдерден бөлек сюрреализмді де қолданады. Сюрреализм бағытын ұстанушылар өздерінің шығармашылық қайнарын түпсана тереңінен, түстен, қалыпсыз құбылыстардан, алжасу мен елестерден іздеді. Бұл жерде баяндаушы өз шындығын айту үшін елеске жүгінеді: «Екеуі темір кереуетке тізе бүкті. Айым, алдына ақ қағаз жайып, ұшында кішкене жылтырақ шамы бар қаламсабын қолға алды. Көп күттірмеді. Бөлме ішін бозғылт мұнар кептеді. Есік сақырлап ашылып, әлдекім кіргендей болды. Келген тағы да Жәңгір хан еді. Сол зерлі шапанды, айыр қалпақты, қара сұр, қыран қабақты, селдір сақалды қалпы. Махамбетке тағы да таяп барды.» [4, 58-б.]. Үзіндіден байқағанымыздай, автор романда прозалық шығарманың ішіне пьесаны да кірістіреді. Бір жерінде Махамбетті Жәңгір ханмен, екінші жерінде Баймағамбет сұлтанмен айтыстырады. Автор кейде проза көтере алмайтын жүктің салмағын басқа жанрға салады. Сол аманатты автордың осы прозалық шығармаға жүктегенін байқаймыз. 
Р.Отарбаевтың драматургия жанрында, сондай-ақ шағын көлемді эпикалық жанрда өнімді жазылған туындылары көп. Көбіне тарихи тақырыптарға барып, тұлғалардың ғұмыры арқылы адамзатқа сұрақ қоя білді. Бас романында тарихи тұлғаның басын символ ретінде алып оқырманға үлкен ой тастайды. 
Интермедиалдылық – бұл басқа өнер элементтерінің болуы ғана емес, сонымен қатар жазушының жаңа шындықты жасау тәсілі. Р.Отарбаевтың «Бас» романындағы әдеби баяндау драматургиялық экспрессиямен біріктіріледі, өйткені онда: диалогтың өткірлігі, әрекеттің шиеленісі және терең психологизм бар. Мұндай көркемдік құралдарды қолдану оқырманның сезімі мен эмоциясына әсер етіп, шығарманың кең ауқымын ашуға мүмкіндік береді. Одан басқа дәстүрлі мәдениетке жататын ұлттық таным-түсініктер түйісіп, барлығы бірігіп, романның сюжетін ашуға қызмет етіп тұр.

Қорытынды
Қазақ прозасындағы интермедиалдылық байланыс әдебиет пен басқа өнер түрлерінің өзара әрекеттесуін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл құбылыс жазушылардың шығармашылық дүниесінің әртүрлі өнер салаларымен үйлесімділігін, сол арқылы жаңа формада көрініс табатын мәдениеттің көпқырлылығын көрсетеді. Әдебиет, кино, музыка, бейнелеу өнері және басқа да салалардың бірігуі шығармашылық өрісті кеңейтеді, жаңа мазмұн мен түсініктерді қалыптыстырады. Көркем шығарманың ішінен детальдарды анықтау арқылы жаңа формалар мен тәсілдерді ашуға көмектеседі. Бұл тақырыпты зерттеу қазақ әдебиетіндегі көркемдік тәсілдердің эволюциясын терең түсінуге және оны әлемдік контексте талдауға жол ашатыны анық. Интермедиалдылық – бұл шығармада басқа өнер элементтерінің болуы ғана емес, сонымен қатар жазушының шындықты жаңа тәсілдермен жасау тәсілі. Көркем мәтін интермедиалдылық қатынастарды қайтадан қалыптастыруға және кеңейтуге мүмкіндік беретін интерпретацияның жаңа әдістерімен байып, сыртқы символдық жүйелермен әрекеттеседі. Қорытындылай келе, интермедиалдылықтың басты концепциясының бірі – түрлі жанрдағы мәтіндердің мағыналарын түсіндіруге мүмкіндік беретін өнерлер арасындағы семиотикалық үйлесімділіктің болуы.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Ханзен-Леве О. Интермедиальность в русской культуре от символизма к авангарду. – Москва: Издательский центр РГГУ, 2016. – 480 с.
2. Сәулембек Г.Р. Қазіргі прозадағы постмодернизм: монография. – Алматы: Дарын, 2023. – 199 б.
3. Алтыбаева C.М. Казахская проза периода независимости: традиция, новаторство, перспективы. Монография. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ баспасы, 2009. – 352 с.
4. Отарбаев Р. Бас. – Алматы: BRK Press», 2019 – 200 б.
5. Әлімқұлов Т. Кертолғау. –  Алматы: Өнер, 1998 – 192 б.