Қазақстанда жаңа оқу жылында мәдениет және өнер саласы бойынша білім алатын жастардың саны артты. Биыл осы бағыттағы білім беру ұйымдарына 3662 оқушы мен студент қабылданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп.
Жастардың шығармашылық мамандықтарға қызығушылығының артуы мәдениет саласына келетін жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Биыл талапкерлерге жаңа бағыттар да ұсынылды.
Атап айтқанда, Қазақ ұлттық өнер университетінде «Инклюзивті театр әртісі», ал Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде эстрада жанры әртістерін даярлау бағдарламасы іске қосылды.
Жаңа оқу жылында мәдениет және өнер саласына 1747 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Бұл – театр, музыка, хореография, бейнелеу өнері, мәдениет және басқа да шығармашылық бағыттар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Өнерді таңдайтын жастардың көбеюі – бір жағынан, шығармашылық мамандықтарға сұраныстың барын көрсетсе, екінші жағынан, ұлттық мәдениеттің болашағы жаңа буынмен тікелей байланысты екенін аңғартады.
Дереккөз: 24KZ





