Бакуде өткен Түркі әлемі композиторларының І құрылтайында Түркі әлемі композиторлары одағы (Turkic Union of Composers — TUC) құрылды.
Құрылтайға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан және Венгрияның музыка саласындағы ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиын қорытындысында жаңа ұйымның құрылғанын бекіткен Баку декларациясына қол қойылды.
Жаңа одақтың мақсаты — түркі әлеміндегі композиторлар мен музыканттардың кәсіби байланысын күшейтіп, ортақ шығармашылық жобаларға жол ашу. Алдағы уақытта халықаралық фестивальдер мен байқаулар өткізу, композиторлық резиденциялар ұйымдастыру, заманауи түркі музыкасының антологиясын әзірлеу және ноталардың цифрлық кітапханасын құру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ құрылтайда Түркі әлемінің жастар симфониялық оркестрін құру бастамасы көтерілді.
Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова жаңа құрылым композиторлармен қатар музыкатанушыларды, орындаушыларды, консерваториялар мен музыка академияларын бір кәсіби алаңда тоғыстыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Одақтың құрылуы — ортақ тарихи-мәдени тамыры бар түркі халықтарының музыкалық мұрасын сақтап қана қоймай, қазіргі заманғы жаңа шығармалардың дүниеге келуіне мүмкіндік беретін бастама.
Дереккөз: Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, AZERTAC.
«Фото: APA»





