Ортағасырлық Сарайшық қалашығында 2026 жылғы археологиялық зерттеу маусымы аяқталды. Биылғы қазба барысында XIII–XV ғасырларға жататын құрылыс орындары мен Алтын Орда кезеңінің тиындары табылды.
Зерттеу жұмыстары 15 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен жүргізілді. Екі қазба орнында жалпы 430 шаршы метр аумақ зерттеліп, ортағасырлық тұрғын үйлер мен аула орындары анықталды. Мамандар №1 қазба орнындағы құрылыс қабатын XIII ғасырдың бірінші ширегіне, ал №2 қазбадағы нысандарды XIV–XV ғасырларға жатқызды.
Археологиялық жұмыстар кезінде керамикалық және қыш ыдыстардың бөлшектері, полихромды кашин ыдыстары, бойтұмарлар, моншақтар және басқа да жәдігерлер табылды. Сондай-ақ Алтын Орда дәуіріне тиесілі 15-тен астам мыс және күміс тиын анықталды.
Жаңа олжалар Сарайшықтың XIII–XV ғасырлардағы құрылыс жүйесі, тұрмыс-тіршілігі мен экономикалық байланыстары туралы деректерді толықтыра түседі.
Фото: Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының сайтынан





