Алматыдан Мексикаға «Алматы кітап» баспасынан жарық көрген «Шексіз музыка» («Бесконечная музыка») басылымының 60 данасы жеткізілді. 29 тамызда олар Қазақстанның Мексикадағы елшілігінде жергілікті Dears қауымдастығының өкілдеріне табысталды.
Рәсімге Қазақстанның Мексикадағы елшісі Алмұрат Тұрғанбеков, дипломатиялық өкілдік қызметкерлері, елшілік кеңесшісі Ерлан Құбашев және мексикалық жанкүйерлер қатысты. Елші Димаш Құдайбергеннің шығармашылығын қолдап, Қазақстанға қызығушылық танытып жүрген қауымдастық мүшелеріне алғыс білдірді. Бұл бастама әншінің Мексикадағы концерттері қарсаңында ұйымдастырылды. Қараша айында Димаш Мехико, Мерида, Монтеррей және Гвадалахара қалаларында төрт концерт өткізеді. Осы шаралар аясында Қазақстанның Мексикадағы елшілігі аталған қалаларда еліміздің мәдениеті мен табиғатын таныстыратын фотокөрмелер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Елшілік өкілдерінің пікірінше, Димаштың халықаралық танымалдығы шетелдік аудиторияның Қазақстанға, оның мәдениеті мен өнеріне деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Kazinform, DimashNews.





