1–2 қазан күндері Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана: цифрлық трансформация және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг өтті. Оған еліміздің 20 өңірінен 1506 маман қатысты.
Іс-шара Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту, зерделі ұлт қалыптастыру және цифрлық трансформацияны ілгерілету жөніндегі бастамалары аясында ұйымдастырылды. Семинар барысында кітапхана ісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, электронды қорларды дамыту, халықаралық тәжірибені пайдалану және оқырманға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар назарына Ұлттық кітапхананың бірқатар цифрлық жобасы ұсынылды. Атап айтқанда, кітапхана статистикасы мен аналитикалық деректерін ұсынатын LABA, деректерді контентке айналдыратын DILIGEN, LibRAG жүйесі, сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейтін NurAI чат-ботының мүмкіндіктері таныстырылды. Соңғысы Ұлттық кітапхананың www.nlrk.kz ресми сайтында қолжетімді. Бұдан бөлек, семинарда Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының (IFLA) тәжірибесі, қолжазбаларды цифрландыру, электронды дерекқорларды пайдалану, авторлық құқықты сақтау және құнды мұраны консервациялау мәселелері қозғалды.
Екі күндік басқосуға кітапхана қызметкерлерімен қатар ІТ саласының сарапшылары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, академиялық және кәсіби қауымдастық өкілдері қатысты. Олардың 1261-і онлайн, 245-і офлайн форматта қосылды. Семинар мамандардың өзара тәжірибе алмасуына, заманауи технологияларды кітапхана қызметіне бейімдеу жолдарын және саланың цифрлық даму перспективаларын талқылауға арналды.





