Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Франция кітап бұрышының ашылу рәсімі өтті. Жоба ҚР Ұлттық кітапханасы мен Алматыдағы Француз Альянсының қолдауымен жүзеге асырылды.
Жаңа кітап кеңістігі Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, француз әдебиеті мен мәдениетін кеңінен танытуға және мәдени құндылықтар алмасуын дамытуға бағытталған. Кітап бұрышында Францияның тарихы мен мәдениетіне арналған басылымдар, француз классиктері мен заманауи авторлардың шығармалары, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріне аударылған әдебиеттер ұсынылған. Оқырмандар мұнда француз әдебиетімен танысып, елдің тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін кеңейте алады. Іс-шара аясында ҚР Ұлттық кітапханасы мен Алматыдағы Француз Альянсы арасында мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат тараптардың мәдени-ағартушылық бағыттағы бірлескен жобалар мен әдеби-мәдени іс-шараларды жүзеге асыруына негіз болады.
Шараға Францияның Алматыдағы Бас консулы, Алматыдағы Француз Альянсының өкілдері, мәдениет және кітапхана саласының мамандары, зерттеушілер мен оқырмандар қатысты.





