Қазақстанда алғаш рет «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны өтеді. Еліміздің барлық өңіріндегі оқырмандарды біріктіретін жобаға қатысушыларды тіркеу басталды.
Марафон 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін жалғасады. Жоба қазақ және орыс тілдерінде ұйымдастырылып, оған мектеп оқушысынан бастап студенттер, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер мен отбасылық командаларға дейін қатыса алады. Марафон жеті бағыттан тұрады: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зиялы». Қатысушыларға арнайы жасақталған 330 кітаптан тұратын қор ұсынылады. Оның 165-і қазақ, 165-і орыс тіліндегі шығармалар. Әр қатысушы өзі таңдаған бағыт бойынша осы қордан 15 кітап оқуы қажет. Ұсынылған әдебиеттер қатарында отандық қаламгерлердің шығармалары, әлем классикасы, заманауи әдебиет пен әлемдік бестселлерлер бар. Сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы лауреаттарының туындылары мен жалпыұлттық дауыс беру нәтижесінде «100 кітап» тізіміне енген шығармалар ескерілген.
Негізгі оқу кезеңі 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Қатысушылар оқыған кітаптары жөніндегі қысқаша пікірлерін жеке кабинетінде жариялап отырады. Ал наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер ұйымдастырылады. Өңірлік кезең жеңімпаздарына ақшалай сыйлық қарастырылған. Бірінші орын иегері – 600 мың, екінші орын – 450 мың, үшінші орын иегері 300 мың теңге алады. Финалистер дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады. «Кітап оқитын ұлт» марафоны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – кітап оқуды насихаттап қана қоймай, қоғамда тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру және түрлі жастағы адамдарды кітап төңірегіне біріктіру. Марафонға тіркелу басталды. Қатысу тәртібі, кітаптар тізімі мен әр бағыттың ережелері жобаның ресми сайтында жарияланған.





