Қазақстандық баспалар ұсынған кітаптар Минск қаласында өткен XXIII «Искусство книги – 2026» халықаралық байқауында тоғыз жүлделі орынға ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша отандық басылымдар екі бірінші, төрт екінші және үш үшінші орынды иеленді. Бірінші орынға «Моя страна» номинациясы бойынша Қымбат Қараеваның «Көшпенділер ойындары», ал «Наука и образование» номинациясында Кенжехан Матыжановтың «Абай» үш томдығы лайық деп танылды.
Екінші орынды Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары», Нелли Бубэнің «Амандос Ақанаевтың ғаламы. Суретшілер әулеті», Кәдірбек Сегізбайұлының «Қазақы дастархан» және Айдархан Жадыковтың «Герои-Казахстанцы. Краткий библиографический справочник» кітаптары иеленді. Үшінші орын Марат Әзілхановтың «Ветераны Ассамблеи народа Казахстана», Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» және Баянғали Әлімжановтың «Абылай хан мен батырлар» басылымдарына бұйырды.
Сонымен қатар Гүлмира Амандықованың «Абай Құнанбайұлының қара сөздері. Ұрпаққа ұлағат» кітабы номинант дипломымен марапатталды. Ә. Дүзелхановтың «Момунбай и семеро разбойников», Максим Зверевтің «Золотой сайгак» және Жүсіпбек Қорғасбектің «Кельндағы көкжал» кітаптарына арнайы дипломдар табысталды. Жалпы Қазақстан байқаудың негізгі номинацияларына 10 кітап, арнайы дипломдарға үш басылым ұсынған.
Дереккөз және фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі





