Қазақстандық кітаптар Абу-Дабиде өткен халықаралық кітап көрмесінде шетелдік оқырманға ұсынылды. Қазақстан көрмеге ұлттық стендпен қатысып, онда қазіргі қазақ әдебиеті, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар, сондай-ақ еліміздің мәдени мұрасын танытатын басылымдар қойылды.
Көрмеге әлемнің 95-ке жуық елінен 1200-ден астам қатысушы жиналды. Халықаралық алаңда қазақстандық баспагерлер мен әдебиет өкілдері шетелдік әріптестерімен кездесіп, қазақ авторларының шығармаларын өзге тілдерге аудару, баспа және авторлық құқықтарды халықаралық нарыққа шығару мәселелерін талқылады.
Мұндай кітап жәрмеңкелері ұлттық әдебиетті әлемге танытудың маңызды алаңдарының бірі саналады. Әсіресе қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шетелдік баспаларға ұсыну әдеби байланысты кеңейтіп, отандық авторлардың жаңа оқырманға жол табуына мүмкіндік береді.
Дереккөз және фото : ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.





