Нью-Йоркте өткен халықаралық сән көрсетілімінде «Әлемді таңғалдырған қазақ әжелері» жобасының қатысушылары дизайнер Раушан Ануарбекованың «Алаша» топтамасын таныстырды.
Ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестірген образдармен подиумға шыққан әжелер көрсетілім алдында Нью-Йорк көшелерін де ұлттық киіммен аралаған.
«Алаша» топтамасы биыл туғанына 100 жыл толған қазақ моделі Алла Ильчунға арналған. ХХ ғасырда әлемдік сән сахнасында танылған Алла Ильчун әйгілі француз модельері Кристиан Диордың музаларының бірі болған. Дизайнер топтамада Dior киімдеріне тән кейбір пішім элементтерін ұлттық нақышпен үйлестірген.
13 қыркүйекте өткен Unique Fashion Show халықаралық жобасына Қазақстаннан Раушан Ануарбековамен бірге Сабина Вольская және Тимур Тұрсынқұловтың топтамалары да қатысқан. Көрсетілім қазақтың ұлттық эстетикасын шетелдік аудиторияға заманауи сән тілі арқылы таныстыруға мүмкіндік берді.
Дереккөз: Kazinform, ҚР Нью-Йорктегі Бас консулдығы
Фото: ҚР Нью-Йорктегі Бас консулдығы





