2026 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы канадалық ақын, эссеист әрі аудармашы Энн Карсонға берілді. Бұл туралы Швед академиясы хабарлады.
Академия қаламгерді «антикалық дәстүрмен еркін әрі жаңашыл үндестік орнатып, қазіргі әдебиетке тың көркемдік формалар әкелген батыл шығармашылығы үшін» марапаттағанын мәлімдеді. 1950 жылы Торонтода дүниеге келген Энн Карсон – поэзия, проза, әдеби сын мен аударманың арасындағы қалыптасқан шекараларды еркін еңсерген қаламгер. Оның шығармаларында ежелгі грек мифологиясы мен бүгінгі адамның жан дүниесі, классикалық әдебиет пен қазіргі заманның тыныс-тіршілігі өзара астасып жатады.
Карсонның алғашқы кітабы "Eros the Bittersweet" («Ащы-тұщы Эрос») 1986 жылы жарық көрді. Ал оған әлемдік танымалдық әкелген шығармаларының бірі – 1998 жылы жарияланған "«Autobiography of Red»" («Қызылдың өмірбаяны») атты өлеңмен жазылған романы. Ақын бұл туындысында ежелгі грек мифіндегі қанатты құбыжық Герионның тағдырын жаңаша суреттеп, оны махаббат пен жалғыздықты, есейудің алғашқы қайшылықтарын бастан кешірген жасөспірімнің оқиғасына айналдырады.
2001 жылы Энн Карсон "«The Beauty of the Husband»" жинағы үшін беделді Т. С. Элиот атындағы поэзия сыйлығын иеленген алғашқы әйел атанды. Сондай-ақ оның шығармашылығы Гриффин поэзия сыйлығымен бағаланған. Карсон әдебиеттегі тосын ізденістерімен де ерекшеленеді. Мәселен, 2010 жылы жарық көрген "«Nox»" туындысы дәстүрлі кітапқа мүлде ұқсамайды. Қорапқа салынған, сырнай секілді қатпарланып бүктелетін бұл еңбек ақынның өмірден өткен бауырына арналған. Онда естеліктер, фотосуреттер, аудармалар мен жеке толғаныстар тұтас бір көркем дүниеге айналған.
Әлемге әйгілі жазушы әрі әдебиет сыншысы Сьюзен Зонтаг Энн Карсонды ағылшын тілінде жазатын, қандай шығармасы жарық көрсе де оқуға асығатын санаулы қаламгерлердің бірі деп бағалаған. Энн Карсон шығармашылығының басты ерекшелігі – мыңдаған жыл бұрын туған мифтерге бүгінгі заманның көзімен қарап, олардан адам жанына жақын жаңа мағына таба білуінде. Ол көне сюжеттер арқылы махаббат пен жалғыздық, айырылысу мен сағыныш, адам жадындағы естеліктер секілді мәңгілік тақырыптарды өзгеше көркемдік тілмен сөйлетеді.
76 жастағы ақынға Нобель сыйлығының медалі мен дипломы желтоқсан айында Стокгольмде өтетін салтанатты рәсімде табысталады.
Дереккөз: The Guardian.





