Оралда қазақтың дәстүрлі ән өнерінде айтулы оқиға болды. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының әртістері Хатимолла Бердіғалиев пен Қайрат Кәкімов дәстүрлі әндерді ұзақ уақыт бойы үздіксіз орындап, жаһандық рекорд орнатты.
«Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев 120 ән орындады. Ал «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов 132 әнді домбырамен орындап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Қос өнерпаздың нәтижесі Global Best Records (GBR) тарапынан ресми тіркеліп, рекорд иелеріне арнайы сертификаттар мен марапаттар табысталды.
Бұл ауқымды жоба Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының 60 жылдығына орай ұйымдастырылды. Жоба идеясының авторы — филармония директоры, ақын Бауыржан Халиолла. Бастаманың негізгі мақсаты – қазақтың дәстүрлі ән мектебінің бай мұрасын, әншілер репертуарының ауқымын және ұлттық орындаушылық өнердің мүмкіндігін кеңінен таныту.
Рекордтан кейін қос әншіге ерекше құрмет көрсетілді. Хатимолла Бердіғалиев пен Қайрат Кәкімовке «HALYK» қайырымдылық қоры мен Halyk Bank демеушілігімен CHANGAN CS55 PLUS автокөліктерінің кілті табысталды. Қайрат Кәкімовке ел атынан арғымақ та мінгізілді. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткен қазақ әнінің мол қоры осылайша халықаралық рекорд ретінде тіркелді.





