Бейжіңдегі Қазақстанның мәдени орталығында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына арналған «Жамбыл – ғасыр ақыны» атты әдеби-мәдени кеш өтті.
Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мәдениет және шығармашылық саласының өкілдері қатысты. Олардың қатарында ақынның немересі, Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музейдің директоры Салтанат Жамбылова, қытай жазушысы әрі аудармашы Акбар Мәжит, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің дипломаттары, Қытайдың ғылыми, шығармашылық және іскерлік орта өкілдері болды.
Кеш аясында Жамбылдың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Экспозицияға ақынның кітаптары, архивтік фотосуреттері, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындылары мен этнографиялық жәдігерлер қойылды.
«Хабар 24» мәліметінше, жылжымалы көрмеде 100-ден астам экспонат таныстырылған. Олардың арасында Жамбылға тиесілі жеке заттар мен тарихи жәдігерлер де бар.
Мәдени шара «Жамбыл – ғасыр ақыны» концертімен жалғасып, сахнада Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары өнер көрсетті.
Айта кетейік, 1846 жылы дүниеге келген Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 180 жыл толып отыр.
Дереккөз: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazinform, «Хабар 24». Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі





