Атырауда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабының таныстырылымы өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, тарихшылар, философтар, әдебиеттанушылар, профессор-оқытушылар мен жастар қатысты. Басқосуды Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов жүргізді.
Жинаққа Мемлекет басшысының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бергі баяндамаларында, мақалалары мен сұхбаттарында айтылған ой-тұжырымдары енгізілген. Еңбекте мемлекеттілікті нығайту, әділеттілік пен заң үстемдігі, білім мен ғылым, ұлттық құндылықтар, тарихи сана, тіл мен мәдениет, руханият және ұрпақ тәрбиесі секілді маңызды мәселелер қамтылған.
Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов кітапта жастар мәселесіне ерекше мән берілгенін атап өтті.
– Елдің ұзақ мерзімді дамуы білімді, еңбекқор әрі жауапты жас буынға байланысты. Сондықтан жастар үшін мұндай еңбектердің маңызы зор, – деді ол.
Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Әлия Дәулетбаева жинақтағы ұлттық құндылықтар мен мәдениет мәселелеріне тоқталды.
– Тіл, әдебиет, тарих, дәстүр мен мәдениет – ұлттың рухани тірегі. Ұлттық мәдени кодты сақтау – өткенді ғана дәріптеу емес, оны заман талабына сай жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Бұл тұрғыдан алғанда, кітаптағы ойлар жастардың ұлттық санасын қалыптастыруға ықпал етеді, – деді ол.
Кездесу соңында «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы атыраулық жастарға тарту етілді.





