19–20 қыркүйекте Астанада Атырау облысының креативті индустрия өкілдері бас қосатын Atyrau Creative Days өтеді. Елорда төрінде өңірдің заманауи мәдениеті, ұлттық қолөнері, сәні мен дизайны және жаңа шығармашылық жобалары таныстырылады.
Шара республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылады. Атыраудан барған жиырмаға жуық креатор мен шебер өз туындыларын көпшілік назарына ұсынады. Олардың қатарында зергерлер, дизайнерлер, қолөнершілер мен заманауи технологияны шығармашылықпен ұштастырып жүрген авторлар бар.
Бағдарламада сән көрсетілімі, театрландырылған қойылымдар, 3D жобалардың таныстырылымы, Creative Talks кездесулері және шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі жоспарланған.
Atyrau Creative Days қарсаңында, 18 қыркүйекте Астанадағы Атырау көпірінің сол жағалауында Open Air форматындағы акустикалық кеш өтеді.
Creative Aimaq аясында бұған дейін еліміздің бірқатар өңірі өз креативті жобаларын елордада таныстырған. Ендігі кезек — Атырауда. Бұл шара өңірдегі жаңа идеялар мен шығармашылық бастамаларды республикалық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.





