Атырауда Қазақстанның Халық әртісі, күйші Әзидолла Есқалиев атындағы VII «Алтын домбыра» халықаралық күй байқауы қорытындыланды.
29–30 қазан күндері өткен өнер додасына Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген 23 өнерпаз қатысты.
Байқаудың бас жүлдесін Құлсары қаласының өкілі Нұрдәулет Мұханбетжанов жеңіп алды. І орын алматылық Жантілек Жұмагелдиевке бұйырды. ІІ орынды астаналық Бекнұр Әбдіжәли Маралұлы мен ақтаулық Ерасыл Есет Төлесінұлы иеленді. Ал ІІІ орынға атыраулық Әлішер Өміржан, түрікменстандық Мурад Аширов және алматылық Асылбек Джорабеков лайық деп танылды.
Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған халықаралық байқау жеңімпаздарды марапаттау рәсімі және гала-концертпен аяқталды. Дәстүрлі күй өнерін дәріптеуді мақсат еткен өнер додасында Әзидолла Есқалиевтің шығармашылық мұрасына ерекше мән берілді.
Фото: «Атырау» газеті.





