Бүгінгі Атыраудың орнында бір кездері қандай қала болды? Біз күн сайын жүріп өтетін көшелер бұрын қалай аталды? Қазіргі ғимараттардың орнында не тұрды? Ескі Гурьевтің фотосуреттері осы сауалдарға жауап іздеуге мүмкіндік береді. Бір қызығы, кейде тұтас қаланың тарихын бір ғана суреттен оқуға болады.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған «Атырау қаласының тарихи суреттері» атты көрме осы тұрғыдан ерекше қызығушылық тудырады. Республика күні қарсаңында, 21 қазанда ұйымдастырылған экспозицияға музей қорынан 53 тарихи фотосурет пен ашықхат қойылды. Олардың арасында XIX ғасырдың ортасынан бастау алатын материалдар да бар. Көрмені тамашалаған адам бүгінгі Атыраудан мүлде басқа Гурьевті көреді. Көшелердің көрінісі, ғимараттардың сәулеті, Жайық жағалауындағы тіршілік, сол заманның қоғамдық нысандары – бәрі де уақыт өте өзгерген қаланың бұрынғы бейнесін танытады.
Гурьевтің біз білмейтін көшелері
Қала тарихын зерттеудің қызықты тәсілдерінің бірі – ескі фотосуретті бүгінгі көрініспен салыстыру. Кейде суреттегі ғимаратты бірден тануға болады. Ал кейде оның қай жерде тұрғанын анықтау үшін ескі карталар мен архив құжаттарына жүгінуге тура келеді.
Музей көрмесіндегі «Ескі Гурьевтің сәулеті мен тарихи келбеті» бөлімінде бұрынғы Орджоникидзе көшесінің суреттері, «Қызыл кустар» ательесінің ғимараты және басқа да тарихи нысандар бейнеленген. Мұндай фотосуреттердің құндылығы тек ғимараттардың сыртқы көрінісінде емес. Олар қаланың сол кездегі тұрмысын да көрсетеді. Сауда орындары, шеберханалар, тұрғын үйлер, қоғамдық мекемелер – әрқайсысы белгілі бір дәуірдегі адамдардың қалай өмір сүргенін аңғартады. Мәселен, ателье ғимаратының суреті сол кезеңдегі тұрмыстық қызмет көрсету саласы туралы ойға жетелейді. Онда кімдер жұмыс істеді? Қала тұрғындары қандай киім тіктірді? Мұндай мекемелердің күнделікті тіршіліктегі орны қандай болды? Бір қарағанда қарапайым көрінетін тарихи нысанның өзінен тұтас зерттеу тақырыбы туындайды.
Қаланың жаңаруы – табиғи құбылыс. Ескі үйлердің орнына жаңа ғимараттар салынады, көшелер кеңейеді, бұрынғы атаулар өзгереді. Алайда сол өзгерістермен бірге қаланың өткен өміріне қатысты деректер де көмескілене бастайды. Сондықтан тарихи фотосуреттер кейде жоғалған ғимараттың бізге жеткен жалғыз көрнекі куәсі болуы мүмкін.
Жайықтың екі жағасын жалғаған көпірлер
Атыраудың тарихын ару Жайықсыз елестету мүмкін емес. Өзен қаланың географиялық келбетін ғана емес, тұрғындардың күнделікті тіршілігін де айқындап келді.Бүгінде қаланың қос жағалауын айқыш-ұйқыш жалғап жатқан көпірлерден мыңдаған адам өтеді. Біз үшін бұл – үйреншікті көрініс. Ал өткен ғасырларда өзеннің екі беті арасындағы қатынас әлдеқайда күрделі болған.
Фотокөрменің бір бөлімі арнайы Жайық көпірлерінің тарихына арналған. Экспозицияда Орталық көпірдің 1956–1965 жылдардағы көріністері ұсынылған. Бұл суреттер көпірдің тек инженерлік құрылыс емес, қала өміріндегі үлкен өзгерістердің белгісі болғанын еске салады. Өзеннің екі жағалауындағы елді мекендер мен қоғамдық нысандардың байланысы, адамдардың жұмысқа, оқуға, саудаға қатынауы – бәрі көлік инфрақұрылымының дамуына тәуелді еді. Бүгін көпір үстімен өтіп бара жатқан адам оның астында қаншама тарих жатқанын ойлай бермейді. Ал ескі фотосуреттер сол тарихты қайта еске түсіреді.
Түрме мен теңіз училищесі: ескі қаланың екі белгісі
Көрмедегі назар аударарлық материалдардың қатарында 1891 жылғы түрме ғимараты мен 1904 жылғы Теңіз жүзу училищесіне қатысты фотосуреттер бар. Бірі – сол кезеңдегі әкімшілік-құқықтық жүйенің, екіншісі – кәсіптік білім беру ісінің тарихынан хабар беретін нысан. Әсіресе теңіз училищесінің тарихы Каспий жағалауындағы қаланың тіршілігімен тығыз байланысты. Өзен мен теңіз қатынасы, кеме шаруашылығы, маман даярлау ісі Гурьевтің экономикалық өмірінде өзіндік орын алды. Сондықтан мұндай оқу орнының тарихы тек білім саласы үшін ғана емес, өңірдің өндірістік және әлеуметтік дамуын тану үшін де маңызды.
Ал ескі түрме ғимаратының суреті қаланың біз көп айта бермейтін тарихына назар аудартады. Өткен дәуірдің қоғамдық өмірі тек сауда орындары мен сәулетті үйлерден тұрған жоқ. Оның өз басқару жүйесі, құқықтық тәртібі, әлеуметтік қайшылықтары болды. Міне, тарихи фотосуреттердің ерекшелігі осында. Олар өткенді әдемілеп көрсетуді мақсат етпейді. Кадрға іліккен дүниені сол қалпында сақтайды. Ал оны түсіндіру, тарихи мәнін ашу – бүгінгі зерттеушілердің міндеті.
Көрменің ашылуында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Кипиев тарихи мұраны сақтау мен насихаттаудың маңызын атап өтті. Музейдің Қазіргі кезең тарихын ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ерлан Қоныскерейұлы экспозицияның мазмұны мен тарихи ерекшеліктері туралы баяндады.
Ескі альбомдағы белгісіз тарих
Қала тарихының бәрі бірдей музейде сақталмайды. Оның едәуір бөлігі тұрғындардың үйіндегі ескі альбомдарда жатуы мүмкін. Мәселен, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында түсірілген отбасылық суретті алайық. Алдыңғы қатарда мерекеге жиналған адамдар отыр делік. Бірақ суреттің артқы жағында бүгінде жоқ ғимарат немесе бұрынғы қалпын сақтамаған көше көрінуі мүмкін. Бір отбасы үшін қымбат естелік болған фотосурет арада жарты ғасыр өткенде қаланың тарихи құжатына айналады. Әсіресе ескі мектептердің, өндіріс орындарының, көшелердің, дүкендердің, мәдениет үйлерінің фотосуреттерінің әсері алабөтен. Оларды қазіргі көріністерімен салыстыру арқылы қаланың қалай өзгергенін байқауға болады.
Алайда фотосуретті сақтау жеткіліксіз. Оның қашан, қай жерде түсірілгенін, суреттегі адамдардың кім екенін анықтау да маңызды. Өйткені уақыт өткен сайын сол оқиғаларды білетін адамдардың қатары сирейді. Сондықтан ескі альбомдарды ақтару – жай ғана өткенді сағыну емес, кейде өлкетануға қосылған нақты үлес.
Даланың тарихы атауларында сақталған
21 қазанда музейде өткен тағы бір мәдени оқиға – «Құрманғазы ауданының жер-су атаулары» атты ғылыми-зерттеу кітабының таныстырылымы. Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен облыстық тарихи-өлкетану музейі дайындаған еңбек өңірдің топонимиялық мұрасын зерттеуге арналған. Зерттеу барысында 1864–1945 жылдар аралығындағы тарихи карталар мен архив құжаттары қарастырылып, Құрманғазы ауданы аумағында далалық экспедициялар жүргізілген.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы Арман Жұмағазиевтің мәліметінше, ғалымдар екі мыңға жуық географиялық нысанды зерделеген. Жиырма күндік экспедиция кезінде елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен және көнекөз қариялармен кездескен. Соның нәтижесінде тарихи деректермен нақтыланған 120 жер-су атауы кітапқа енгізілген. Бұл сандардың артында үлкен ізденіс жатыр. Өйткені жер-су атаулары кездейсоқ пайда болмайды. Олардың бірінде табиғаттың ерекшелігі, екіншісінде белгілі бір оқиға, үшіншісінде адам есімі немесе халықтың тұрмыс-тіршілігі сақталуы мүмкін. Кейде бір атаудың өзі тұтас мекеннің тарихын жеткізеді. Ал атау ұмытылғанда, онымен бірге сол жерге қатысты әңгімелер мен естеліктер де көмескіленеді.
Кітаптың таныстырылымында облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов сөз сөйледі. Ғылыми еңбектің тұсауын өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жаңабаев пен тарихшы-өлкетанушы Амангелді Шамғонов кесті.
Бүгінгі Атырау да ертең тарихқа айналады
Бір қарағанда, ескі қаланың фотосуреттері мен даланың жер-су атауларына арналған ғылыми кітаптың арасында қандай байланыс бар? Бірі - көзбен көретін, екіншісі – тілде сақталған тарих. Бірақ екеуі де уақыт өткен сайын жоғалуы мүмкін деректерді бүгінгі ұрпаққа жеткізуді көздейді.
Бұрынғы Гурьевтің суреттеріне қарап отырып, бүгінгі Атыраудың да бір күні тарихи фотосуреттер арқылы танылатынын ойлайсың. Қазір бізге үйреншікті көрінетін көшелер, көпірлер, ғимараттар арада елу немесе жүз жыл өткенде мүлде басқаша көрінуі мүмкін. Сол кезде болашақ ұрпақ біздің бүгінгі қаламызды қалай таниды? Қандай ғимараттардың орнында не тұрғанын, көшелердің қалай өзгергенін, адамдардың қалай өмір сүргенін қайдан біледі? Мүмкін, жауабы бүгін біреудің телефонына түсірілген қарапайым суретте немесе отбасылық альбомында жатқан шығар.
Қаланың келбеті өзгереді. Ал оның тарихы сол өзгерістерді есте сақтай алған адамдардың арқасында жалғасады.
«Сарайшық» редакциясы





