Амангелді Кеңшілікұлы
СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ
(Эссе)
1850 жылы 18 тамызда Парижде атақты Оноре де Бальзак дүние салды. Күні кеше ғана әр шығармасының жарық көруін сағына күтіп, тағдырлы туындылары ең жақын сырласы, нағыз досына айналған оқырмандар үшін қабырғалы қаламгердің қазасы орны толмас ауыр қайғы болды.
Кез-келген ірі суреткердің дара қолтаңбасы, өнерде өзге ешкімге ұқсамайтын мінезі бар дегенімізбен, шығармалары шындықтың шарайнасындай ғана емес, ар-ұятындай да болған тұлғамен қоштасудың қаншалықты қиын екенін тап сол күні француздардан артық сезінген халық жоқ шығар, сірә.
Қаралы хабарды ести салысымен Бальзакты ақтық сапарға шығарып салуға тайлы-тұяғы қалмай асығып ойдан-қырдан жиналған елде есеп жоқ. Кеуделері өксікке, жәудіреген жанарлары жасқа толып, жүректері қан жылаған жұрттың көзі тірісінде сүйікті қаламгеріне бір жақсылық жасай алмаған немқұрайлықтарына қапаланып, ең құрығанда онымен мәңгілікке қоштасарда аруағына құрмет көрсетіп қалғысы келген періште пейілін түсінуге болатын еді. Сұлулық пен бақыт жайлы асыл армандардың мекеніне жетелеп, бойларына құлшыныс бітіріп, алға ұмтылдарған және рухтандырған том-том кітаптары бөлмелерінің сөрелерінде тұрған француздар сол күні мына дүниедегі ең жақын адамынан айырылғандай аза тұтып, жазушыны жоқтады.
Дәм-тұзы ерте таусылған Оноре де Бальзак бар-жоғы 51 жыл өмір сүрді. Әй, бірақ қарыздан көз ашқызбай, алаяқтардың жемі қылған арсыз тіршілікті, күніне он төрт, он бес сағаттан еңбектенуге мұқтаж етіп, маңдайдың тері шүмектеп аққан адал бейнеттің балын жегізудің орнына, кермек дәмін татқызып, басына бақ құсын қонғызбаған талайсыз тағдырды өмір деуге бола ма, айтыңдаршы?
Бейнет пен жоқшылықтың жанын қинаған қамытынан құтыла алмағанына қарамастан, Құдай берген азғантай ғұмырында артына өлмейтұғын сөз қалдырған француз классигі ұлтының әдебиетіне көп жаңалық әкелді. Роман жазудың аясын кеңейтті, натуралистік және реалистік прозаның негізін салып, романтизмнен малтығып шыға алмай батпақтаған әдебиетке сара жолды нұсқап кетті.
Жеке адамдардың мінездерін ғана емес, қоғамның картинасын айнытпай салған жазушы қаламының құдіреті туғызған, бақыт іздеп адасып материалдық игіліктердің, оңай олжаның, құрмет пен атақтың қыр соңынан қуған аянышты кейіпкерлерді қалай ұмытасың. Уақыт өте келе ұлы суреткер туындыларындағы образдар сөз өнерінің символына айналып (мысалы, Гранде – сараңдықтың, Горио – әкелік махаббаттың), әлем әдебиетінің галереясын байытты.
Бәрінен бұрын Бальзак сомдаған 30 бен 40 жас аралығындағы бір-біріне ұқсамайтын нәзік жандылардың қайталанбас бейнелері қандай! Әр әйел -ерекше құбылыс, теңіздей терең – тылсым әлем.
Өмір шындығын асқан шеберлікпен бейнелеп, қоғамның жалған болмысын аяусыз әшкерелеуден қорықпаған, ақиқаттың алдаспанындай жарқылдаған реалист ақынның әйелдер тағдырын суреттеуге келгенде қатқыл қаламының жұмсарып, жүрегіндегі мұзының еріп сала беретінінің біз білмейтін құпиясы неде екен, ә! Неге оның туындыларында еркектердің көбісі оңбаған, ал, әйелдер...жо, жоқ, басын кесіп алса да әйелдерге деген махаббаты шексіз болған Бальзак олар жөнінде жаман ой айта алмапты.
Құдайым-ау, Лоре де Берни, Сара Гидобони-Висконти, Зюльма Карро, Эвелино Ганскаяларға өлердей ғашық болған сыршыл суреткердің ондай сөздерді айтуы қалайша мүмкін болмақ? Ал, біз білмейтін, жазушының жүрегін оттай жандырған арулар қанша?
Баладай аңғал, сәбидей сенгіш суреткердің гүлдей нәзік сезіміне шоқ тастап, басын шыркөбелек айналдырған сұлулар-ай! Сұлулар! Сендердің арқаларыңда Бальзактың қаламынан Морсоф, герцогиня де Ланже, мадмазел Туш, Беатрис сияқты әйелдер образының галереясы өнерге келді. Бәлкім сондықтан ба екен, қаламгердің қазасына қабырғасы қайысып, оны жоқтап жылағандар, әсіресе әйелдердің арасында көп болыпты. Әйелдердің!
Ормандай оқырмандары, өнеріне сүйсінген халқы болғанына қарамастан байғұс Бальзак өлерінде жүрегін соқадай жыртқан жалғыздық дертін емдей алмай, тағдырымен торға түскен арыстандай арпалысты. Дәм-тұзы таусыларын сезгенде сөнуге айналған үміт шоғын үрлеп «Мына мол мұрамды қайта жазып шығуға бірнеше жыл уақыт берші, Тәңірім!» деп Жаратушыға да жалбарынды.
Ұлы адам өмірден өткенде жасалатын құрметтің бәрі көрсетіліп Оноре де Бальзактің сүйегі 1850 жылдың 20 тамызында Пер-Лашез зиратына жерленді. Жазушымен қоштасу рәсімі кезінде суреткердің мәйіті салынған табытты сол кездегі Францияның атақты әдебиетшілері бірінен кейін бірі кезектесіп көтеріп, зиратқа қарай беттеді. Марқұмның мүрдесі жер қойнына тапсырылғаннан кейін, аза тұтқан халықтың көкейінде өксіктей тіреліп, сыртқа шыға алмай тұрған азалы сөзді Виктор Гюго айтып, жүректерді жылатты.
«Мырзалар!»- деп бастады ол, кейін тарихта қалатын атақты сөзін. Жиналған жұртқа бір қарап, жас тұнған жанарлардан халықтың кімнен айырылып қалғандарын енді түсінгендеріне көзі жетіп, дірілдеген дауысымен сөзін сабақтады. «Жаңа ғана жерленген адам, бүкіл халық болып соңғы, азалы сапарға шығарып салғандардың бірі. Біздің уақытымызда алдамшы ұлылық жоқ. Ендігі кезде халықтың назары патшалық құрғандарға емес, ойшылдарға тігіліп, арамыздан сондай ойшылдардың бірі кеткенде оның өлімі бүкіл елді қайғыға батырады. Бүгінгі күні талантты адамның қазасына қоғамның көптеген топтары, ал, кемеңгердің өліміне бүкіл ұлт қайғырады. Бальзактың есімі біздің дәуіріміз өзінен кейін қалдыратын сәулелі кезеңнің алтын шуағы болып жарқылдайды. Бальзак ұлылардың – ең алғашқысы, таңдаулылардың - ең үздігі».
Қабір басында сөйлеген Гюгоның сөзіне толқымаған жан қалмады, мөлтілдеген көздерге мөлдіреген жас келді. Бальзакты мәңгілік мекеніне аттандырып салуға келген қарақұрым халық суреткердің оқыған кезде біресе қуантып, біресе мұңайтып, енді бірде аяушылық сезімін оятып, өмірді тереңірек түсінуге үйреткен таңғажайып туындыларын еске түсіріп жатты. Әлем әдебиетіндегі барлық формалар мен стильдер, бірін-бірі толықтыра түсетін әдемі әуендердей үйлескен ол шығармалардан алған әсеріңді ұмыту мүмкін бе? Шығармашылық құдіреті Светоний, Бомаршелардан асып түсетін, Раблемен терезесі тең талант француз топырағында енді қайта туар ма екен? Өмірді қырағы бақылаудың және қиялдаудың нәтижесінде дүниеге келген оның кітаптарында тіршіліктің терең сыры барлық қырынан жарқырай ашылды.
Қылышымен емес, қаламымен Парижді жаулап алуға серт берген Бальзак өзі өмір сүрген қоғамның дертімен күресіп, адамдық құндылықтарды ұмытқан пенделердің жараланған жанын зерттеп, жүрегінің түбінде жасырынған жұмбағына терең бойлап, ақыл-ойына парасат сәулесін түсірді.
Бейнетқор Бальзактың өмірі қысқа болғанымен, артына қалдырған мол мұрасындағы ой байлығы кім-кімді де таң қалдырмай қоймайды. Дәл осындай кемеңгердің, ойшылдың, суреткердің, ақынның замандасы болып, оның көзін көрудің өзі Алланың қарапайым адамға сыйлаған зор бақыты емес пе. Қаралы халықтың ендігі жерде дәтке қуат ететін жалғыз жұбанышы осы.
Виктор Гюго дұрыс айтады. Нағыз ақындардың өмірі олар өлгеннен кейін басталады. Суреткер өлімі ғайыптықтың емес – мәңгіліктің көрінісі. Ақын басына қойылған құлпытастар жанның мәңгі бақилығын дәлелдейді. Бальзак сияқты ұлылардың басына зиярат етуге келгенде ғана саналы тіршілік иелері қасірет шегу арқылы тазара түсетін құдайлық тағдырдың бар екенін шын сезеді. Өмірде дүниеқоңыздыққа салынып екі аяқты хайуанға айналудан оңай, Алла адам етіп жаратқан кездегі тазалығыңды сақтап қалудан қиын ештеңе жоқ екенін қаламымен дәлелдеген суреткер жалғыз француздардың емес- адамзаттың ұстазы.
Шығысқа саяхаттап кеткен Флобер ұлы жазушының қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды шетте жүріп естіді. Бальзакты өнердегі ұстазы санағанымен, Флобер ұлы қаламгердің жазу мәнеріндегі автордың позициясын білдіретін ғибраты мен үн қатуы сияқты стилдік ерекшеліктерін қабылдай алмайтын. Флобер «кемелденген өнерде суреткер өзінің нағыз сезімін білдірмеуі, автордың қайда екені шығармашылықта табиғаттағы Құдайдай көрінбеуі тиіс» деп есептейтін.
Реалистік прозаның қандай болуы керек екені туралы көзқарастарында айтарлықтай айырмашылықтар болғанымен Бальзактың қазасына Флобердің қабырғасы қатты қайысты. Ұлы суреткермен бірге әдебиеттің тұтас бір дәуірінің өтіп бара жатқанын түсінді.
1848 жылғы француз төңкерісінен кейін халыққа қоғамның нағыз бет-бейнесін шынайы сипаттайтын, романтикалық иллюзиядан іргесі сөгілген көркем прозаның ауадай қажет екенін сезген ол сол күні досы Луи Буйлеге хат жазды. Ақын досына жолдаған хатында Бальзактың өнер туралы көптеген ойларымен келіспесе де, оның досы болуды армандағанын тілге тиек етіп «Бізге енді басқа музыка керек» деген сөзді кесіп айтты. Келесі күні кітапта автордың бірде-бір сезімі мен ойы қылаң бермейтін, жазушының емес, кейіпкердің көзқарасы арқылы өмір шындығы ашылатын бұрын-соңды әдебиет тарихында болмаған реалистік романды туғызуға серт беріп «Бовари ханымға» кірісті. Көркем прозаның жаңа кезеңін белгілеп берген туындыны жазуға төрт жыл уақыты кетті. Бірақ, әдебиеттің Бальзак деген күнінің батып, Флобер деген таңының арайлап атып келе жатқанын ол кезде ешкім білген жоқ.
***
Көлемді екеніне қарамастан әлемдегі ең көп оқылатын романдардың бірі «Бовари ханымның» алғашқы бетінде ұлы жазушының адвокат Мари-Антуан-Жюл Сенарға арнап ыстық ықыласын білдірген мынандай сөздері мәңгі қонақтап қалған:
«Париж адвокаты, Ұлттық кеңестің бұрынғы президенті мен сыртқы істер министрі Мари-Антуан-Жюл Сенарға.
Қымбатты да ардақты досым!
Кітаптың бірінші бетіне Сіздің есіміңізді жазуға рұқсат етіңіз, өйткені, оның жарық көргені үшін мен өзіңізге қарыздармын. Сіздің шығарманы қорғап сөйлеген сөзіңіз мені тәнті етті. Бұл ілтипат шешендігіңіз бен әділдік үшін басыңызды құрбандыққа шалуға даяр ерлігіңізге көрсеткен - құрметімнің белгісі. Гюстав Флобер. Париж, 12 сәуір 1857 жыл».
Әрине, шығарманың қызығына батып, ұмытылмас әсер алған бүгінгі күннің оқырманы Мари-Антуан-Жюл Сенардың кім екеніне аса мән бере қоймайтын да шығар. Содан бері өткен табаны күректей жүз елу жылдан астам уақыт ішінде мына дүние-дәуренді дүбірлетіп кімдер келіп, кімдер кетпеді дейсің. Қаншама тарихи оқиғалардың аласапыран тасқыны жаһанды жалынымен шарпып, түлен түрткендей тулатып, талай-талай марғасқалардың тағдырын жентектеп кетті.
Жұмыр басты пенде түгіл, тұтас ұлттар жермен жексен етіліп жойыла жаздап, қайран дүние қайта орнына келместей болып көрініп, адамзаттың қалтылдақ қайық мінген қариядай қалтырап күн кешкені кеше ғана емес пе еді, осы? Соған қарамастан, құйқа тамырымызды шымырлатып, жанымызды түршіктірген сол сұрапыл оқиғалардың суреті санамызда көмескілене бастаса да, француз классигінің қаламынан бір жарым ғасыр бұрын туған романы әлі ұмытылмай, шындығы тап кеше ғана айтылған ақиқаттай әлемді толғандырып келе жатуының себебі неде?
Ұлы шығарманы туғызушы таланттың - Тәңірі тектес құбылыс, ал, өнердің – Мәңгіліктің хабаршысы екеніне осыдан кейін сенбей көріңіз. Әйткенмен, әлі күнге дейін ақиқатты толық тани алмай, қорқыныш пен үміттің екі ұдай аралағында өмір сүріп жүрген біз осы ғажайып шығарманы оқу бақыты пешенемізге бұйырғаны үшін Мари-Антуан-Жюл Сенарға қарыздар екенімізді ұмытпауға тиіспіз. Егер ол болмағанда тағдыры қыл үстінде тұрған туындының оқырман қолына тиюі неғайбіл болып, қаламгердің қатал жазалануы да ықтимал-тұғын. Ойымыз жалпақ жұртқа түсінікті болу үшін, сәл шегініс жасап, шытырман оқиғалы әңгімемізді басынан баяндап берейік.
1852 жылы Шығысты аралаған саяхатынан көңіл-күйі көтеріліп, шабыты тасып оралған Флобер тәуекел етіп, ұзақ жылдан бері қазан-миынында қорғасындай қорытып жүрген жаңа дүниесін жазуға белін бекем буып, іске қызу кірісіп кетті. Ойында пісіп-жетіліп, көкейінде сайрап тұрғандай болып көрінгенімен, өмір шындығын обьективті етіп суреттеуді алдына мақсат етіп қойған классикке эстетикасы күрделі, өрнегі өзгеше тоқылған өнер туындысын өмірге әкелу оңай болған жоқ. Романды жазуға құлшына кіріскен ол төрт жылдан астам уақыт күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылып шығармашылық шеберханасынан аттап шықпай, ақ тер, көк терге түсіп тыным таппай еңбек етті. Үміт періштесі мен күдік сайтаны бойында арпалысқан төрт жыл теңдесі жоқ туындыны өмірге әкелуге ұмтылып, оқырманды автордың ойына рухани кіріптар болудан азат етуді аңсаған Флобер шығармашылығының - ең жемісті кезеңі.
1856 жылдың 31 мамырында тың туындысының соңғы нүктесін қойып, жаны сәл саябыр тапқандай болған суреткер, қаламының сиясы әлі кеппеген «Бовари ханымның» қолжазбасын «Ревю де Париге» жолдап, роман журналдың 1 қазан мен 15 желтоқсан аралығындағы сандарында жарық көрді. Қаламгердің жаңа еңбегіне «Нуввелист де Руан» басылымы да қызығушылық танытып, алғашқы бөлімдерін жариялауды бастап жібергенімен, кенеттен кілт тоқтатуға мәжбүр болды. Ұзақ жылдар бойы жүрегінде сәбиіндей мәпелеп, дүние жалғанның қызығын ұмытып, ішкені ірің, жегені желім болып, түн ұйқысын төрт бөліп жазған туындысы халықтың қошеметін емес, қайта керісінше наразылығын туғызып, олар шығарма авторы мен оны жариялаған журналдың жауапқа тартылып, сот алдында жауап беруін табанды түрде талап етті.
Зады талантты суреткердің жауапқа тартылып, туындысын жариялауға тиым салынуы ХІХ ғасырға дейін де тарихта талай орын алған оқиға. Әлем әдебиетінің классиктері Даниэл Дефо немесе Лопе де Вегалар қоғамның ашу-ызасын туғызған еңбектері үшін түрмеге қамалды, Мольердің пьесаларын театр сахналарында қоюға бірнеше рет тиым салынды. Есімдері аталған ұлыларды сергелдеңге салған жағдайдың Флобердің басына да туып, тағдырын тәлкек етпесіне кім кепілдік бере алады? Кім? Баспагер досы Максим дю Кан да бір пәлені іші сезіп, қоғамдық моральды қорғаушылардың сырт қалмайтынын жазушыға ескертудейін-ақ ескертті. Ауызша айтып қана қоймай «жалдамалы жеңіл арбадағы көрініс (онда Эмма бар жан-тәнімен көңілдесіне беріледі) әдептің шеңберіне сыймайды» деп, осындай сюжеттердің кесірінен істің насырға шабуы мүмкін екенін түсіндіріп, досына хат та жазды.
Цензура дәстүрі Францияда бұрыннан бар үрдіс еді. Кітап бизнесі қарқын алғаннан бері ресми билік тарапынан оны ретке келтіру ісіне қатты көңіл бөлінді. Қандай да бір қаламгердің туындысын басып шығару үшін анау-мынау емес, корольдің рұқсаты керек-тұғын. Тіпті, кітап шыққан күннің өзінде егер де одан дін өкілдері өрескел кемшілік тапса, тарих үшін 20 данасы ғана корольдің мұрағатында қалдырылып, қалғаны түгел отқа тасталатын.
Кітап пайда әкелетін бизнеске айналғаннан кейін, жолын тапқан айлакер кәсіпкерлер тиым салынған әдебиетті (саяси, эротикалық немесе тағы да басқа) көрші елдер – Англия, Голландия, Швейцарияда басып шығарып елге тасыды. Франция мемлекеті цензураны айналып өтіп жатқан бұл жолға да тосқауыл қойғанда, баспагерлер ондай еңбектерді жасырып шығарудың айла- әрекетіне көшті. Әрине, ол өз кезегінде қара тізімге енген әдебиетке деген оқырман сұранысын арттырып жібергені айтпаса да түсінікті. Қайтпек керек?
Кітапты өртеу саясатының тиым салынған әдебиеттің басылып шығуына тосқауыл қоя алмай, қайта керісінше, даңқын асырып, оны оқуға құмартқан елдің қызығушылығын арттыра беретініне биліктің көзі енді әбден жетті. Амалсыздан ХІХ ғасырда Франция мемлекеті кітаптарға қолданылатын ең қатал үкімді, яғни, оларды өртеу жазасын алып тастап, оның орнына екі рет тиым салынған туындылардың таратылу мүмкіндігін шектейтін заң қабылдады. Француз классигі дүниеге келіп, шығармашылықтың қызығына берілген 1819-1871 жылдары «қоғамдық немесе діни моральға, адамгершілік қағидаттарына зиянын тигізетін» әдебиет пен бейнелерді насихаттауға және таратуға тиым салу ісі жеке құжаттармен бекітілді.
Тырнақ астынан кір іздейтіндердің пиғылын жақсы білетін Максим дю Кан бекер алаңдамапты. Романды соңына дейін басып үлгермеген «Нувелист де Руан» жауапкершіліктің құрығынан құтылып кетті де, ал, оны толық жариялап оқырман назарына ұсынған «Ревю де Паридің» басына қауіптің қара бұлты үйірілді. Либералдық бағытты ұстанатын «Ревю де Париге» биліктегі атқамінерлер онсыз да қырын қарайтын. Істің насырға шауып, биліктің емес, бұқараның талабымен тым еркінсіп кеткен журналды жаптыру, оларға репрессия жасау үшін табыла кеткен «керемет» сылтау болды.
Француз жазушысы Гюстав Флобер, шығарманы жариялаған басылым мен баспахананың үстінен қозғалған сот ісі 1857 жылдың 31 қаңтарында басталып бір айдан астам уақытқа созылды. Істі сотқа дейін құлағынан сүйреп жеткізгендер романның адамгершіліктен адалығын, идеал тұтатын бірде-бір кейіпкердің жоқтығын, ондағы сипатталатын жалаңаш шындықтың қоғамдық моральға зиянын тигізетінін сөз қылып, авторды айыптады. Сот процессін бақылаған сарапшылар оның нағыз себебі туралы түрлі жорамалдар жасайды. Атақты Андре Моруа мемуарында бұл жөнінде былай деп жазыпты: «Шын мәнісінде үкімет жазушыға қарсы іс қозғай отырып, журналды ауыздықтағысы келгендіктен, бұл істің әдебиден гөрі, саяси сипаты басым болды. Әдебиетшілердің бәрі Флобердің жағында болып, оны қорғады. Өйткені, олар даулы істің жалғыз Флоберге ғана емес, жазушылықтың тағдырына қатысы бар екенін жақсы білді». Мүмкін, сондықтан ба екен, дүниені дүрліктірген іс жазушыны жауапқа тартуды көздеген халықтың пайдасына шешілген жоқ, сот шығарманы жазған авторды да, оны жариялаған баспагерді де ақтап алды. Француз классигінің мүддесін қорғаған білікті де, білімді адвокат Мари-Антуан-Жюл Сенар суреткерге тағылған айыптаулардың негізсіз екенін бұлтартпас деректермен сотта дәлелдеп шықты. Екі айдан кейін роман екі том болып жарық көріп, оқырман қолына тиді.
«Қалауын тапса қар жанады», дегенді дана халқымыз қызыл сөзге қызыққандықтан ғана айтпаған-ау, шамасы. Бүкіл Францияны шулатқан оқиғадан кейін қатардағы жазушының даңқы дүркіреп, елдің «Бовари ханымды» оқуға деген ынтызарлығы бұрынғыдан бетер арта түсті. Романды басып шығаратын жүзіктің көзінен өтетін пысық кәсіпкер де аяқ астынан табыла кетті. Мишель Леви есімді іскер баспагер кітапты бес жыл қатарынан басу құқығын автордан сатып алып, жазушымен келісім-шартқа отырды. Ақшаның иісін алыстан сезетін, түлкі заманды тазы болып шалудың амалын білетін айлакер есебінен қателескен жоқ. Романның алғашқы тиражы құмға сіңген судай көзді ашып-жұмғанша жоқ болып, баспа бір жыл ішінде бірнеше рет кітаптың қосымша тиражын шығарып мол табысқа кенелді де қалды. Азаюдың орнына, керісінше кітапқа деген сұраныстың ұлғая түскені соншама, баспагер 1862, 1866, 1868 жылдары «Бовари ханымды» қайта-қайта жарыққа шығарды.
«Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Ал, Мишель Леви періште емес, бас пайдасынан басқа ештеңені ойламайтын, шық бермес Шығайбайдың тап өзі. Кітаптың арқасында ақшаның астына көміліп қалғанына қарамастан шығарма авторына қайыршының қолына ұстатын садақадай болмашы тиын-тебен ғана берді. Елдің құлағын шулатқан оқиғадан кейін де Флобердің көзі тірі кезінде «Бовари ханым» Францияда үш рет қайта басылды. Бірақ, бірнеше мәрте қайта басылып, қалың оқырмандардың сұранысын молынан қанағаттандырғанына қарамастан, әдебиетшілер шығарманың шын мәнісіндегі шедевр екенін мойындағысы келмей біраз бұлтақтады.
1857 жылғы 4 мамырда «Монитор» газетінде жарық көрген белгілі француз сыншысы Ш.О. Сент-Бевтің мақаласынан кейін ғана жылымықтың желі есіп, сең қозғалды. Өз мақаласында ол романға жақсы баға берді. Соған қарамастан, ашу-ызасы тарқамай қойып, райынан қайтқысы келмеген халық соттағы айтылған айыптауларды тотықұстай қайталаудан жалықпады.
Бәрінің де төрешісі – ұлы мәртебелі уақыт. Жылдар өткен сайын сынаушылардан гөрі, романның ерекшелігіне назар аударып жазушыны қолдаушылардың қатары қалыңдай түсті. Бәрінен бұрын Флоберге шығарманың тереңдігін жақсы түсініп, өз ойын білдірген Шарль Бодлердің мақаласы қатты ұнады. Тағы бірнеше жылдан кейін атақты Эмиль Золя «Гюстав Флобердің «Бовари ханымының» дүниеге келуімен әдебиеттің жаңа дәуірі басталды» деп романның өз заманының ең кемел туындысы екенін мойындап, айдай әлемге жар салды.
***
Кітаптың да адам өміріне ұқсайтын өз тағдыры бар. Баспаханадан исі бұрқырап шыға салысымен бір кітаптар жөнінде лезде жақсы пікір қалыптасады. Жұрт жылы қабылдап, әдебиетшілер зерттеп, сыншылар қиюын келістіріп аяғын жерге тигізбей көкке көтеріп, аузының суы құрып мақтап, тамсанып, әр сөзінің мағынасын талдап мақалалар жазған ондай туындылардың тағдыры кейде адам өміріндей ғана қысқа болады.
Жолы ауыр болған кейбір кітаптардың тағдыры қалыпқа симай, шеңберден шыққысы келіп азап шеккен ақындардың аянышты ғұмырын еске түсіреді. Дүниеге келе салысымен қоғамның ашу-ызасын туғызған ондай кітаптарды оқуға қатаң тиым салынады, кейде тіпті, отқа жағылады. Ондаған жылдар өткеннен кейін ғана онда айтылған көркемдік шындықтың өмірі ескірмейтіні мойындалып, бағы ашылған кітаптардың екінші – мәңгілік ғұмыры басталады. Флобердің «Бовари ханым» романы - мәңгілік ғұмыры жалғасып келе жатқан сондай сирек кітаптардың сойынан.
Күйеуінің көзіне шөп салған әйелдер жөнінде Флоберге дейін де жүздеген көркем шығармалар жазылды. Ой сүзгісінен өткізіп, ақыл таразысына салсаңыз француз классигі өз романында қоғамның намысына қамшыдай тиетіндей пәлендей ештеңе айта қоймаған сыңайлы. Бар-жоғы махаббатқа тұрақсыз бикештің өліммен аяқталатын аянышты тағдырын суреткерлік шеберлікпен баяндап берді. Онда тұрған не бар? Тырнақ астынан кір іздесеңіз атақты Мериме, Бальзак, Стендаль, Золялардан одан жүз есе сорақы, «қоғамдық моральға қауіп төндіретін» туындыларды қиналмай табасыз. «Аты шықпаса жер өртеуге» дайын шуылдықтардың тиісетін танымал тұлға таппағандай, көркем прозадағы тұңғыш қадамы өте сәтсіз болған Флобердің жағасына жармасып, істі сотқа жеткізуін қарасайшы.
Дау өрттей өршігенге дейін «Бовари ханымның» авторын ешкім танымайтын, соттан кейін, оны Руан мен Париж түгіл, бүкіл Францияда білмейтін пенде қалмады. Жұрттың бәрі кітапты сатып алып оқып, француз қоғамын сұмырай етіп көрсеткен суреткерді атарға оқ таба алмай қиналып, зығырданы қайнады.
Әкем-ау, көркем шығарма дегеніміз бар-жоғы қаламгер қиялының жемісі ғана емес пе? Өнерде автордың дүниеге әкелген туындысы арқылы айтқысы келген өз шындығы болады. Егер оны қабылдай алмасаңыз кітапты оқымай-ақ қойыңыз. Соны істеу де қиын ба, тәйірі?
«Иттің қорыған жерге өш келетінін» қарасайшы. Оқырман әлі жыға тани қоймаған жазушы кітабына деген тап осындай қомағай сұраныс Франция тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Романтизм мектебінің өкілі, ақын, жазушы, журналист, әрі сыншы Теофиль Готьенің айтуынша, Флобер жаңа туындысы арқылы өздерінің шын мәнісінде кім екенін мүлде білмейтін, зиялылықтың маскасын киген ақсүйектердің зымиян болмысын аяусыз әшкереледі.
Романға тағылған айыптаулардың алынып тасталғанына қарамастан, оған шүйлігушілердің қатары азаюдың орнына, қайта жыл өткен сайын жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейе түсті. 1888 жылы «Қырағылардың ұлттық қауымдастығы» оқырманды азғындыққа үндейтін туындыны жақтаушыларды жазғырып, жоғары биліктен цензуралық заңнаманы қатайтуды сұрады. Флобердің романын жарыққа шығарған ағылшын баспагеріне айыппұл салынып, денсаулығына қарамастан төрт айға түрмеге қамалды. 1893 жылы Америка қауымдастығы тұңғыш рет дүниежүзіндегі кітапханалар мен оның бөлімшелеріне арналған бес мың атаудан тұратын кітаптардың анықтамасын жасап, ол, тізімге ұлы жазушының бірде-бір дүниесін енгізбей тастады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, француз классигінің әлемге танылуына таудай тосқауылдар қойылып, «Бовари ханымды» елдің қолына тигізбеу үшін астыртын әрекеттердің бәрі іске қосылды.
Қоғамның наразылығына, биліктің сынына қарамастан аты-шулы романды оқуға деген елдің ынтызарлығы артып, сұраныс көбейе түсті. Шығарманы жамандаған, одан қандай да бір мін тапқан сайын оны оқуға қызыққан халық қара ормандай көбейе берді. Флобердің жаңа шығармасы Ресей зиялыларының да назарынан тыс қалған жоқ. 1857 жылы «Современник» журналы «Шетел жаңалықтары» бөлімінде осы романның француз басылымдарында шығып жатқаны туралы сүйінші жаңалықты жариялады. «Русский вестник» те шығарманың оқиғасын мазмұндап беріп, француз қоғамындағы ізгіліктің күйрегенін ашына жазды. Ал, «Отечественные записки» басылымында тұңғыш рет «Бовари ханымға» арналған материал шықты. Бірақ, шетел әдебиетіне шолу жасаған К.Штахел романды сынап, Флобердің диллетант екенін дәлелдеп, кітапқа деген оқырман сұранысының көбейе беруінің себебін «Бовари ханымға» байланысты болған сот процесімен байланыстырды. Алайда, екі жылдан кейін журнал райынан қайтып романды жоғары бағалады. «Бұл расында да таңғажайып роман; Рабледен басқа француз жазушыларының бірде-біреуі Флобер сияқты бізге тап осындай кемелденген туындыны ұсына алған емес... Француз сыншылары мен француз қоғамы бұл туындыға лайықты бағасын бере алмай отыр», - деп жазылды онда жарық көрген мақалада.
«Вестник Европы» басылымы да романды мақтап, орыстың классик жазушысы И.С.Тургеневтің «Бовари ханым» жаңа француз әдебиетінің ең озық туындысы» деген сөздерін мысалға келтірді. 1858 жылы ұлы суреткердің туындысы орыс тіліне тәржімаланды. 1881 жылы жаңа аудармасы жасалып, жеке кітап болып шығып, оқырманға жол тартты.
Міне, содан бері аттай бір ғасырдан астам уақыт өтті. Жазушының жүйкесін жұқартып романды жер-жебіріне жетіп даттаған данышпандардың да, қоғамдық моральға зиян тиіп кетпеудін қамын ойлап алаңдап, кітапты шығаруға кедергі келтірген шенеуніктердің де, түрлі қауымдастықтар мен қоғамдастықтардың да тарихта ізі қалған жоқ. Адамзаттың ортақ қазынасына айналған «Бовари ханым» болса әлемнің барлық тілдеріне аударылып, дүниежүзінің беделді баспалары жыл сайын романды кітап қылып шығарып, әлі күнге дейін ол бізбен бірге өмір сүріп келеді. Шығарманың желісі бойынша сахналанған драмалық қойылымдар қаншама.
Бір айта кетерлігі көзі тірісінде өз романының сахналануына Флобер үзілді-кесілді қарсылық танытты. Атақты жазушы, әрі актер Анре Моньеге де көркемдік табиғатына нұқсан келтіресің деп, шығармасын сахналауға рұқсат етпей қойды. Француздардың ғана емес, көркем прозадағы әлем әдебиетінің жаңа кезеңін бастап берген ұлы жазушы дүние салғаннан кейін ғана 1906 жылы «Бовари ханым» сахналанғанымен, көрермен көңілін қанағаттандырмады. 1936 жылы Париждегі Монпарнас театрында спектакльдің жаңа қойылымы өтті. Соңғы он жыл ішінде ғана шығарманың желісі бойынша бірнеше көркем фильм түсірілді.
***
Әділін айтсақ, «Бовари ханым» есіңді алып, еліктіріп әкететін таңғажайып оқиғадан да, қызығушылығыңды туғызатын керемет сюжеттен де ада туынды. Сөзіміздің шындығына елдің көзін жеткізу үшін көлемі кере қарыс романның мазмұнын қысқаша тәпсірлеп бергенді жөн санадық.
Романдағы негізгі оқиғаның өрбуі фермер Руоның аяғын сындырып алып, үйіне келген жас дәрігер Шарль Боваридің оның қызы Эммамен танысатын сәтінен басталады. Шәші де, күлімдеген көзі де көмірдей қап-қара, қызыл шырайлы сылқым бикешті ұнатпау мүмкін емес еді. Фермердің жарақаты ауыр болмаса да сүйкімді қызын бір көру үшін дәрігер сылтау тауып оған қайта-қайта келуін тоқтатпайды. Күйеуінің бөтен біреуді ұнатып қалғанын сезген әйелі қызғаныштан жарылып кете жаздайды.
Кенеттен әйелі қайтыс болып Шарль сүйгеніне қосылды. Енесі жаңа түскен келінін салқын қабылдап, жақтырмады. Эмма үй шаруасына пысық екен. Ал, бақыт құсын қолына қонғызған дәрігердің қуанышын сөзбен айтып беруге тіл құдіреті жетпейді.
Әйткенмен, Эмманың көңіл-күйі қобалжулы. Үйленген кезде дұрыс таңдау жасағанына сенімді болған сұлудың көңіліне күмән тығылып, шықпай қойғанын қарасайшы. Сиқырлы әуендей сезіміңді баурап алатын романдарды ынты-шынтысымен беріліп оқитын бикеш оңаша қалғанда жүрегін елжіреткен шығармалардағы суреттелетін сәнді сарайлардың бірінде тұрып, ақылына көркі сай азаматпен өмірде қол ұстасып жүруді қиялдайтын, нәзік жүрегін жандырып жіберетін сұлу да, күшті сезімдердің тасқынын аңсайтын. Өмір шындығы қиялын нұрландырған әлемнен мүлде өзгеше болып шыққаны қандай өкінішті.
Әрине, Құдай қосқан қосағы өте мейірімді, ақкөңіл, еңбекқор жан. Бірақ бойында қайсарлық түгіл, нағыз еркекке тән кесек мінездің жұғыны да қалмаған. Өз ойы жоқ, сөзі сылбыр, ынжық, ештеңені ұқпайтын, еш нәрсені қаламайтын, мансапқа да, байлыққа да ұмтылмайтын қоңыртөбел тірлігіне дән риза көптің бірі.
Мұнар мұңнан арыла алмай жүрген көңілсіз күндерінің бірінде Эмманың өмірінде ерекше оқиға болды. Жұбайы дәулеті тасыған маркизді емдеп, ол Боварилерді салтанатты сарайында өтетін балға қонаққа шақырды.
Сол күні ат шаптырымдай әсем залдарды аузының суы құрып тамашалап, атақты қонақтармен танысып, көздің жауын алған сан-алуан гүлдердің хош иісінен санасы тұманданған әдемі келіншектің көңіл-күйі тәтті сезімнің құшағында балқыды. Ұмытылмас әсер сыйлаған кеште ол Парижге кетіп бара жатқан виконтпен вальс биледі.
Жанын жадыратқан жақсы кештен кейін ол тағы да бір осындай шақырудың болуын сарғая күткенімен, үкілеген үміті ақталмады, өмір қалыпты арнасына түсіп, баяғы ескі бағытымен зымырап аға берді.
Сүреңсіз тіршіліктен жалығып, жаны жабырқаған ол кенеттен сырқаттанып, жүрегінің соғуы жиілеп, тұншығып, құрғақ жөтел мазалап, бойында енжарлық пайда болды. Сары уайымға салынған жұбайы бұл жақтың ауа райы әйелінің денсаулығына жақпағанына көзі жетіп, басқа бір елдімекенге көшудің қамын қарастыруға кірісіп кетті. Жер аяғы кеңіп, көктем шыға салысымен Шарль аяғы ауыр әйелін алып Руан маңындағы Ионвиль қалашығына қоныс аударды.
Жас жұбайлар қоныс тепкен жаңа мекен бұрынғыдан да бетер сүреңсіз өңір болып шықты. Орталық алаңға белгілі бір уақытта үнемі жұпыны пәуеске тоқтайтын. Қала тұрғындары бір мезгілде тосап қайнатып, келер жылдың қамына кірісіп кететін. Шағын қаладағы оқиғалардың бәрін жұрт лезде біліп қойып, өсектей жөнелетін.
Амал нешік, бір күнде бөтен қоғамның жаңа мүшесіне айналып шыға келген Боварилер отбасының араласатын кісілері түрінен өзімшілдіктің белгісі байқалып тұратын дәріханашы Оме мырза, мата сатушы Лере мырза, дін қызметшісі сияқты бірнеше адам ғана болды. Тек, нотариустың көмекшісі аққұба жүзді жиырма жастағы сыпайы жігіт Леон Дюпюи ғана өзгелерге ұқсамайтын. Ол кітап оқығанды жақсы көретін, сурет салатын, пианионда да ойнайтын. Алғаш көрген сәттен-ақ жас жігітті Эмма ұнатып қалды. Жалғыздық пен зерігуден азап шеккен екеуі бір-біріне мұңын шағып, мауқын басып, көңілсіздіктің тұманын сәл сейілткен тәрізді.
Эмма ұл сүйгісі келді, бірақ, қыз тапты. Атын Берта қойып, күтуші әйелдің қолына берді. Көңілсіз тіршілік жалғасып жатты. Әкесі күйеу баласы мен қызына жыл сайын көктемде бір күркетауық жіберіп тұрды. Кейде олардың шаңырағына ысырапшыл келінін жақтырмайтын енесі де бас сұғып қалатын. Леонмен сырласу ғана жас келіншектің жанын жадырататын жалғыз жұбанышы болды.
Бойында күш-қуаты тасыған сері жігіт те Эммаға ғашық еді, басы бос емес әйелге ішіндегі лапылдаған оттай сезімін білдіре алмай қатты қиналды. Леонның көзіне мына сұлу сонау бір алыстағы, қанша созсаң да қолың жетпейтін қиялдың биік аспанындағы армандай болып елестеді. Бірақ ол оңаша қалғанда жас келіншектің де өзі туралы жиі ойлап, арманның ақ теңізіне шомылып жүргенін қайдан білсін.
Леон оқуын жалғастыру үшін Парижге кетіп қалды. Ол қалаға аттана салысымен Эмманың жаны жабырқап, тағы да күйзеліске ұшырады. Бола алмай қалған бақыты туралы желімше жабысқан ойлар оны кеміріп, жанын жегідей жеп жатты. Көңілін көтеру үшін Леренің дүкенінен жаңа заттар сатып алды.
Лере өте пысық, зымиян саудагер болатын. Сұлу бикештің қымбат заттарға жаны құмар екенін жақсы білетін ол үнемі оған неше түрлі бұйымдарды ұсынып, жас келіншекті қарызға белшесінен батырды. Әйелінің мойнында берешегі бар екенін отағасы білмейтін.
Шарльдың үйіне бір күні қызметшісін қарату үшін помещик Родольф Буланше бас сұқты. Бір көргеннен-ақ ол Эмманы ұнатып қалды. Ұялшақ Леондай емес, отыз үш жастағы бойдақ Родольф өзіне сенімді, нәзік жандылардың жүрегіне жол табудың тәсілін жақсы білетін - тәжірибелі еркек.
Родольф жалғыздықтан жаны жабырқаған қияли әйелдің басын тез айналдырып алды, ақыр соңында Эмма күйеуінің көзіне шөп салып, біреудің көңілдесіне айналды. Бойында құмарлық сезімі тұтанып, ғашықтық жыланына арбалған әйел үшін құпия кездесулер өмірінің жалғыз мағынасы болды. Қиял патшалығындағы нағыз батырларға тән кесек мінездердің бәрін де ол көңілдесінің бойынан тапқандай қуанып, арман сағымның ішінде боранда қалған күшіктей адасты. Родольфтан өзін мәңгілік сүйіп өтетіні, керек болса жанын құрбандыққа шалуға даяр екенін айтып серт беруін талап етті. Көңіл-күйі романтикалық сезімдердің тұңғиығында тұншыққан жан ақыл-есін жоғалтып, күйеуіне білдірмей Лереден қымбат заттарды қарызға алып Родольфқа бағалы сыйлықтар жасады.
Нағыз махаббатты аңсап жаны аласұрған әйел бойындағы құмарлық жалыны өршіген сайын Родольфтың сезімі керісінше суи берді. Бетінің қызылы бар ұрғашы көрсе өзін ұстай алмай қалатын ол арамдығы жоқ аңқау, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл Эмманы шынымен де ұнататын. Бірақ жеке басының тыныштығы мен абырой-беделін бәрінен жоғары бағалайтын. Ал, күйеуі бар қатынмен байланыс мансапқұмар еркектің беделіне нұқсан келтіруі әбден ықтимал. Оның үстіне Эмма да соңғы кездері мүлде сақтықты ұмытып, Родольфтың қайта-қайта ескерту жасауына тура келді. Тіпті, сабақ болсын деп, қатарынан үш рет уағдаласқан жердегі кездесуге келмей қойды. Содан кейін Эмма намыстанып, көнбіс күйеуін неге сүймейтінін ойланып, оны жақсы көруге тырысқанымен еш нәтиже шығара алмады. Ал, дәріханашының кесірінен болған бір оқиғадан кейін өз күйеуін иттің етінен жек көріп кетті.
Дәріханашы Оме мырза Ионвилдегі прогресті жақтаушылардың бірі болып саналатын. Үнемі ғылымдағы жаңалықтарды бақылап, «Руон шамшырағы» газетіне мақалалар да жазатын. Не түлен түрткені белгісіз, бір күні аяққа жасалатын жаңа ота туралы оқып, оны Ионвильде іске асыруға болатыны туралы ой Оменің басына кіріп алып, шықпай қойды. Күні-түні маза бермеген желімше жабысқан ойын ол Шарль мен Эммаға айтып, оларды азғырып, бір күнде байып кетуге болатынына сендіріп, ақыры екеуін де көндірді. Отандық ғылымдағы бұрын-соңды болмаған жаңа отаны өзіне жасатуға, табаны қисық болып туған ат күтушісі келісім берді.
Отаны жасап болғаннан кейін қалай байып кететіндерін ойлаған ерлі-зайыптының қуаныштан жүректері жарыла жаздады. Кеш батқанда төсекте жатып сырласып, сан-алуан жоспарлар құрды.
Бес күннен кейін ат күтушінің жаны қысылып қиналып, аяғы іріңдей бастады. Жан тапсыруға сәл қалған байғұсты құтқару үшін амалсыздан жергілікті жердегі белгілі дәрігерді шақыруға тура келіп, ол осы отаны жасағандардың бәрін қарғап-сілеп, аурудың аяғын тізесіне дейін кесіп тастады.
Шарль не істерін білмей торығып, Эмма ұяттан жерге кіріп кете жаздады. Шыбын жаны шырқыраған ат күтушінің құйқа тамырыңды шымырлататын жан түршіктіретін зарлы айқайын қала халқының бәрі естіді. Күйеуінің қолынан түк келмейтін мүсәпір екеніне Эмманың енді әбден көзі жетті. Сол күні кешке ол тағы да Родольфпен кездесіп, екеуінің бір-біріне деген ынтызарлығы қайта оянып, бұрынғы ашу-ызалары айқасқан құшақтарының ыстығында көктемгі қардай еріп кетті.
Енді ол күйеуін тастап, ашынасының етегінен ұстап бұл жақтан біржола кетуді армандап, сүйіктісінің аяғына жығылып, жалынып-жалбарынып оны қашуға көндіргендей болды. Екеуі қалай қашатындарын ойластарып жоспар құрды. Эмма тірі жанға білдірмей саудагер Лередан шекпен, чемодан мен жолда керек болатын ұсақ-түйектерге тапсырыс берді. Алайда, кенеттен Родольф ойынан айнып қалып, Эммамен қарым-қатынасын біржола үзуге бел буып, көңілдесіне бір тілім қоштасу хатын жазып, тез арада табанын жалтыратты.
Эмма тағы да сырқаттанып қалды. Күйеуі қырық үш күн бойы миының қабынуы басталған әйелінің қасынан кетпеді. Көктемге таман ғана Эмманың беті бері қарап, денсаулығы түзеле бастады.
Енді ол мына дүниедегінің бәріне де немқұрайлы қарайтын болды. Қайырымдылықпен айналысып, Құдайға құлшылық етуге ниеттенді. Дәл осы кезде Руанға атақты тенор гастрольмен келіп жатқан-тұғын. Дәріханашының кеңесіне құлақ асқан Шарль көңілін сергіту үшін жұбайын театрға апарды.
Вальтер Скоттың «Ламемур қалыңдығы» романының желісі бойынша жазылған Доницеттидің «Лючия де Ламемур» операсын ұйып тыңдаған Эмма жалған дүниенің бәрін ұмытып кетті. Ең соңында қайтыс болатын Лючияның жан күйзелісінен ол өз басындағы тарқамай қойған қайғы-қасіреттің бұлтын көргендей әсер алды. Үзіліс кезінде Эмма күтпеген жерден Руанда тәжірибе жинап жатқан Леонмен кездесіп қалды.
Уақыт қандай зымыран! Екеуінің бір-бірін көрмегеніне үш жыл заулап өте шығыпты. Үш жылда Эмма қатты өзгерген, бірақ, Леон да бұрынғыдай ұялшақ жігіт емес. Кезінде ұнатқан әйелдің жүрегіне қалай шоқ салудың амалын іздеген ол Лагардиді тыңдау үшін Бовари ханымның тағы да бір күнге Руанда қала тұруын өтіне сұрайды. Әйелінің денсаулығын ойлаған Шарль оның бұл ұсынысын қызу қолдап, Ионвильге жалғыз аттанды.
Амал нешік, Эмма тағы да біреудің көңілдесі болып, тағы да күйеуін алдап, ақшаны суша шашты. Бейсенбі сайын музыкадан сабақ аламын деген сылтаумен Руанға кетіп, Леонмен қонақүйде кездесіп тұрды. Айлакер Лере осы кезде Эммадан қарызын қайтаруын табанды түрде талап ете бастамағанда екеуінің арасындағы махаббат драмасының әлі қанша жылға созыларын бір Құдай біледі.
Қол қойылған векселдер бойынша қомақты сомма жиналып қалыпты. Іс насырға шапса Боварилер отбасына бүкіл дүние-мүліктерінен айырылу қаупі төніп тұр.
Суға кеткен тал қармайды. Не істерін білмей алаңдап басы әбден қатқан әйел Леоннан көмек сұрады. Қорқақ Леон жәрдемдеспек түгіл оны алдап, қашып кетті. Нотариустан да, инспектордан да қайыр болмады.
Міне осы кезде оның есіне Родольф түсті. Аптығы басылған бұрынғы көңілдесінің қайтып оралғанын ол білетін. Дегенмен, оны көргенде қатты қуанғандай сыңай танытқан Родольф, қандай мақсатпен Эмманың өзін іздеп келгенін естігенде күрт өзгеріп «Менде ондай ақща жоқ» деп сүйіктісінің бетін бірден қайтарып тастады.
Родольфтың шіріген бай екенін жақы білетін Эмма жынданып кете жаздады. Үмітінің бәрі тасқа соғылып, быт-шыты шығып қирады. Әрі қарай өмір сүруде еш мағына қалмады. Әдемі өмірді аңсаған оны ендігі қалған ғұмырында жек көретін күйеуімен бірге әркімнің есігіне телміріп, мына жалғаннан қайыршы болып өту бақытсыздығы күтіп тұр.
Дүниеден әбден түңілген Эмма үйіне әзер жетіп у сақталған қаңылтыр қалбырды тауып алып, ұн сияқты ұнтақтан асап-асап алды. У ішкен әйел бірден емес, бірнеше күннен кейін, қатты қиналып дүние салды.
Әйелінің қазасы жаны жібектей нәзік Шарльді қатты күйзелтіп жіберді. Ал, Родольф пен Леонның әйеліне жазған хаттарын тауып алу оған бәрінен де ауыр тиіп, жүрегін жазылмастай етіп жаралаған соққы болды. Сақал-мұрты өсіп кетіп, үсті-басы кір-кір болып көше кезген ол өксіп-өксіп жылаудан көз ашпады. Күндердің бір күнінде ол да ауладағы сәкілердің бірінде Эмманың бір уыс шәшін қолына қысқан күйінде жан тапсырды.
Кішкентай Берта әуелі әжесінің, ол қайтыс болғаннан кейін апасының қолында тәрбиеленді. Эмманың әкесі де өмірден өтті. Көк тиын ақшасыз қалған Берта тоқыма фабрикасына жұмысқа тұрды. Леон өте сәтті үйленді. Лере жаңа дүкен ашты. Дәріханашы арманына жетіп, Құрметті легионның орденімен марапатталды.
***
Қош. Сонымен, шығарманы талдау барысында керек болатын маңызды детальдарды ұмытып кетпеу үшін «Бовари ханымды» осымен үшінші мәрте бас алмай оқып шықтық. Тұңғыш рет көлемі төрт жүз беттен асып кететін нән кітаптағы баяндалатын оқиғалармен мектеп қабырғасында таныстым. Студент кезімде «Шетел әдебиеті» пәнінен емтихан тапсыруға дайындалғанымда оған тағы да көз қырымды салуыма тура келді. Енді міне Гюстав Флобердің шығармашылығы жөнінде үлкен еңбек жазуға ниеттеніп, романда баяндалатын әр эпизодты қадалып зерттеп, мүсіндеген әр кейіпкерінің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын, сөйлеу мәнерін ойша саралап, сыртқы фабуласына, композициялық құрылымына, стиліне шұқшиып, ситуация жасау шеберлігі мен нарратологиялық (әңгімелеу) тәсілін зерделеп, полифониялығына (көп дауыстылық) баса назар аударып, оқиғалары ойымда көбейту кестесіндей жатталып қалған туындымен тереңірек танысып жатқан жағдайым бар.
Реалистік прозаны дамытуға ұмтылған өркениетті елдердің бәрінде де «Бовари ханым» жан-жақты талқыланып, жүздеген кітаптар мен мыңдаған мақалалар жарық көргенімен, өкінішке қарай, біздің ұлттық әдебиетімізде осы романның ерекшелігін егжей-тегжейлі талдаған еңбектер әлі күнге дейін жазылған жоқ. Көзге көрініп тұрған осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, миллиондаған оқырмандардың жүрегіне жол тапқан туындының жұмбағын іздеп, оны майын тамызып талқылаған әлем әдебиетінің мүйізі қарағайдай данышпандары Эмиль Золя, Альбер Тибоде, Андре Моруа, Сомерсет Моэм, Дмитрий Мережковский, Владимир Набоковтардан бастап, жілігін шағып талдаған Т.В.Грудкина, О.Еременко, З.Зенкин, А.Иващенко, О.Половинкина, А.Пузиков, Б.Реизов, М.Теплинский т.б. ғұламалардың еңбектерін де назардан тыс қалдырмай шолып шықтық. Шамамыз жеткенше, қолымыздан келгенше енді біз де сол жұмбақты табуға әрекет етіп көрмекшіміз.
Жарық көргеніне жүз елу жылдан асса да әлі күнге дейін дүниежүзінің беделді баспаларының осы кітапты қайта-қайта шығарып, оны жұрттың құмартып оқи берулерінің құпиясы неде? Шынайылығы мен шыншылдығында ғана десек қатты қателесеміз. Жүз жерден Флобер әулие болса да француз әдебиетінің алтын ғасырын жасаған Виктор Гюго, Проспер Мериме, Александр Дюма, Франсуа-Рене де Шатабрион, Альфонс де Ламартин, Жерар де Нерваль, Шарль Нодье, Альфред де Мюссе, Теофиль Готье, Альфред де Виньи, ағайынды Гонкурлардың прозасында ондай қасиеттер жоқ деп айтуға аузымыз бармайды. Ал, соңына атан түйеге артатын жүк боларлық әдеби мұра қалдырған Стендаль, Бальзак пен Мопассандардың том-том кітаптарын қайда қоямыз, сонда? Ертегідей әдемі өмірді аңсаған ұшқалақ қатынның оны өліп-өшіп сүйген күйеуіне опасыздық жасап, тірнектеп тапқан тиын-тебенін көңілдестеріне шашып, ақыр соңында барлық нәзік үміті шіріген жіптей үзіліп, өзіне қол салып өлуі де жұрт соншама еліріп, бас алмай оқитындай, қызық оқиға болғаны ма?
«Өзіне де сол керек. Сауап!», деп көңілі көншігендей масаттанар еді, қоғамдық моральға зиян тиіп кетуден қауіптенетін ХІХ ғасырдағы Францияның ақсүйектік ортасында тәрбиеленген «мәдениетті» оқырманы ондайда. Сосын кітаптан алған уытты әсерінен ұзақ уақыт арыла алмай ой теңізіне батып, күнделікті тіршілікте істеп жүрген «тәтті» қылмыстары есіне түсіп, Эмманы қу нәпсісінің жемі қылған сұмырай кейіпкерлердің іс-әрекетінен өзінің еш ойланбастан жасап жүрген зымиян тірлігін айнадай көргендей қуыстанып, көңілі нілдей бұзылып, ызадан жарылардай бұлқан-талқан ашуланар еді.
«Елдің көңіліне қарамай, кейіпкерінің жан сырын түк қалдырмай ақтарып, өзінше, залым қоғамның тамырын тереңге жіберген бүкіл қылмысын қопарып, жалаңаштап тастағандай болған, мынау Флобер деген қайдан шыққан данышпан өзі? Ешкімді аямапты. Еркегін де, ұрғашысын да масқаралап, тіпті, бүкіл қоғамды шытыр жеген сиырдай қылыпты. Бұл не сұмдық? Не деген бетімен кеткен бассыздық?
Ақсүйектер - алаяқ, зиялылар – зымиян, асқар таудай әкелеріміз бақуатты еркек көрсе жалғыз қызын соның етегінен ұстата салуға асыққан - тоғышарлар, ал, абзал аналарымыз болса баласының бақытын ойлағаннан гөрі, байлыққа құныққан - дүниеқоңыздар. Өзге түгіл, өзі сияқты жазушыларды да оңдырмапты. Егер де Флобер том-том романдарды балалатып, қара ормандай оқырмандарының сезімін баураған танымал талант болса – әңгіме басқа. Әлде, қаламы сирек жорғалайтынына қарамастан, әлі күнге дейін бір жақсы дүние туғыза алмаған ақымақ атын шығарғысы келіп, ұрынарға қара таппай жүр ме?
«Бовари ханымды» оқысаң құдды Эмманың өліміне романтикалық романдарды ермек қылып, санасында мұнарланған сағым арманы мен нағыз өмірдің ара-жігін ажырата алмай қалған қияли қатынның өзі емес, біздің бәріміз кінәлі сияқтымыз. Бәріміз. Шынымен де мына елде ақылына сәуле қонған адам қалмағаны ма? Жо, жо, жоқ. Мүмкін емес. Сенбеймін ондай сандырыққа.
Қайдан шыққаны белгісіз мына бір жолы болмаған жазушы өшін қоғамнан алғысы келіп, бірдеңені шатып-бұтып жұртқа жала жауып отыр. Жала! Менің ұлым – алтын, қызым – періште. Әкем мен шешемдей асыл жандарды Жер шарын жүз айналып шықсаңыз да таппайсыз. Көршілерім - ибалы кісілер. Достарым соңғы бір үзім нанын бөлісіп жеуге даяр - жомарт жандар».
Француз қоғамындағы қамысқа тиген өрттей қаулаған наразылықтың себебін түсінуге болатын еді. Өйткені, Флоберге дейін ащы шындықты дәл осылай шымбайға батырып айтқан суреткер болған емес. Ал, ар-ұяттан безген қоғамның нағыз бет-бейнесін айнытпай суреттеп, асқан шеберлікпен баяндап берген шығарманы қабылдау романтизм рухында тәрбиеленген жұртқа ауыр соққы болып тиді. Сол замандағы романтиктер махабатты асқақтатып, көкке көтеріп аспандатып жіберсе, Флобер оны жерге түсірді. Жердегі тіршіліктің том-томдап тоқтаусыз шығып жатқан романдарда сипатталатын өмірдегіден әлдеқайда күрделі және қиын екенін көрсетіп, шындықтан қашпауға шақырып, ояту үшін, қалғып кеткен қоғамның ұятына қамшы жүгірткендей болды.
Хәкім Абайдың отыз алтыншы қара сөзінде «шын ұяттың адамды кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмайтындай етіп жіберетіні» айтылады. «Ұят деген –адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты» дейді ұлы ақын. Алайда, өз иттігін іштей мойындау кім-кімге болса да оңай емес. Ендеше пенде баласының шын ұятына қамшыдай осып түсетін ащы уәж айтылғанда, алдымен оның қасына ең жақын серігі ашу-ызаның бәрінен бұрын далақтап жетіп келетіні заңдылық болса керек. Бірақ ашу-ыза тарқағаннан кейін, былыққа батқан қоғамнан да ұяты оянған жандар табылып, шығармадағы шындықты мойындаушылардың қатары көбейе түсті. Міне, осылайша сөз өнеріндегі романтизм дәуірі аяқталып, Флобер оқырмандарға өмірді тым асқақтатып әсірелеуден ада қатал реализмнің есігін айқара ашты. Қанша қимаса да ақиқаттың ауылынан алыстап бара жатқан ертегі көңіл-күймен қоштасуға тура келді. Флобердің келуімен «өмірдің қатігез шындығы үшін өнерге жол ашылып» (Андре Моруа) әдебиеттің жастық шағы аяқталып, есею кезеңі басталды.
«Бовари ханымға» дейін авторлық баяндауға айрықша мән берілсе, енді проза ондай өктемдіктен біржола адаланды. Ендігі уақытта шығармадағы жазушы позициясы әлсіреп, кейіпкердің позициясы алға шықты. Автордың шығармаға өз ойын тықпалау құқығы шектеліп, полифония (көп дауыстылық) күшейді. Өмірге өнер туындысын әкелген суреткердің емес, кейіпкердің көзімен қарау басымдық алды.
Өнер тек елдің құлағын елең еткізетін айрықша оқиғалар мен ерекше ситуацияларға ғана баса назар аудармай, қарапайым өмірдегі момақан тіршіліктен де бүкіл адамзатты толғандыратын трагедияның көрінісін таба білуі тиіс. Себебі, «қоғам тек өңшең шідер үзген жүйріктер мен аузымен құс тістеген сұңғылалардан түзілмейді». Ендеше осы кезге дейін қалыптасқан және үстемдік етіп келе жатқан өнерге деген дәстүрлі көзқарасты түбірімен өзгерту қажет. Суреткер өз талантының құдіретіне оқушысын табындырып, эстетикалық ләззат алдырып қана қоймай, оны ар азабын кешкендей хәлге түсіре білгені ләзім. Прозалық шығарманың мәтіндік бітімін құрайтын авторлық баяндау, суреттеу, ішкі монолог, полифония т.с.с. элементтердің ара-жігі айқын сараланбай баяндаушы мен кейіпкер синтезделіп, бір тұлғаға айналып кетуі қажет. (Кейін орыстың ұлы суреткері Чехов өзінің барлық шығармаларын біржола осы тәсілмен жазуға көшті. ХХ ғасырда ағылшын жазушысы Ричард Олдингтон «Қаһарманның қазасы» романында, бейсаналы түрде болса да ұлттық прозамызда Бейімбет Майлин «Күлпәш» әңгімесінде Флобердің өнерге әкелген жаңалығын қайта жаңғыртты).
Өмірді барынша обьективті етіп суреттеуге ұмтылған Флобердің натуралистік мектепке арқа сүйегені жасырын емес. Дегенмен, достық қарым-қатынаста болғанына қарамастан Эмиль Золяның натуралистік мектебін аса мойындамайтын ол өз кейіпкерінің көңіл-күйін, іс-әрекетін, мінез-құлқын замандастарынан әлдеқайда шынайы етіп жеткізуге ұмтылды. Шығарманың кульминациясында у ішіп өлетін Эмманың дүние салар алдындағы азапты арпалысын жазушы қандай медициналық дәлдікпен, кәсіби дәрігердің көзімен көрген оқиғасындай етіп қалай егжей-тегжейлі сипаттап берген десеңізші. Француз классигіне дейін тал бойында бір міні жоқ, күш-қуаты тау суындай тасыған әдемі әйелдің ажалын тап осылай суреттей алған қаламгерді сіз айтпасаңыз, мен білмеймін.
Флобер өнерде ғылыми тәсілге сүйенуді жақтап, қиял мен жорамалға қарсы шықты. Кез-келген детальдың өз орнында тұрып, математикалық дәлдікпен берілуін қалады. Кезекті дүниесін жазуға отырар алдында күні-түні жұмыс істеп, өзін қызықтырған деректерді ықтиятты зерттеп, көз майын тауысып жүздеген томдарды шолып шығудан ерінбеді. Мысалы, Эмманың ажал алдындағы жан арпалысы суреттелетін оқиғадан біз ұлы қаламгердің адамның уланып өлуіне байланысты медициналық еңбектерден жан-жақты хабардар болғанын анық көреміз.
Нағыз суреткер үшін ұсақ-түйек дүниенің атымен болмауы керек екеніне кәміл сенген ол бұрын-соңды ешкім жазбаған, кемеліне келіп, шаршысына толған туындыны өмірге әкелуді аңсады. Қиялындағы арманына қол жеткізу үшін шығармашылық шеберханасында ақ тер, көк терге түсіп, бейнеттің ащы теріне малшынған Микеланджелодай қиналып, кейде үш күн қатарынан тапжылмай отырып жазғаны жарты беттен аспады. Қағаз бетіне түсіргенін мың мәрте өңдеп, жүз рет көшіріп күні-түні мәтінді өңдеумен арпалысқан жазушы жаны бір мезетке тыныштық таппады.
Жарық дүниеге «іңгәлап» келген сәбиге ананың сүті қалай керек болса, өмірдің есігін енді ашқан реалистік өнерге де жаңа эстетикалық көзқарастың ауадай қажет екенін ол қатты сезді. Сондықтан да өзіне дейінгі реалист жазушылардың туындыларында болған автордың тақырыпқа қатысты көзқарасын білдіретін портеттік мінездеме, әсірелеу сияқты тәсілдерінен бас тартты. Француз прозасына бұрын-соңды болмаған көркемдік жаңалықтар әкелді. Реалистік сипаттаудың тап осындай тәсілін жазушыдан жаңа дәуірдің сұранысы талап етті. Өнердегі сипатталатын орта сол баяғы буржуазиялық қоғам болып қалғанымен, оны суреттеудің басқа әдістері дүниеге келді.
Зұлымдық пен ізгіліктің күресі, әділеттілік іздеп қылыштасқан жекпе-жектер бейнеленетін Шекспирдің драмалары, Бальзактың «Адамдық комедиясындағы» қорқынышты кейіпкерлері үрейіңді ұшыратын романдары, Стендаль, Мериме, Гете мен Диккенстің биік армандарға жетелеп, жүрек қылын шертіп, сезіміңді шабақтайтын романтикалық туындалары әдебиеттегі Флобер алып келген жаңа бағытқа жолын берді.
Ой еңбегі туындысының тап осындай кемелдіктің заңғар шыңына көтерілгені таң қалдырмай қоймайды. Қалай таңданбайсыз? Оқиғасы қарапайым романдағы сюжеттер өте жақсы ойластырылған, автор суреттеп отырған ортаны бүге-шігесіне дейін зерттеген, бір ауыз артық сөзі жоқ кетпектей романдағы бір детальды орнынан қозғай алмайсың. Сыншылар шығарманың стилінен иненің жасуындай мін таба алмай қиналған мұндай оқиға Франция әдебиетінің тарихында бұрын-соңды болған емес.
Әйткенмен, «Бовари ханымды» өмірдің айна-қатесіз көшірмесі ретінде қабылдау – өнердің жұмбағын түсінбеуге әкеліп соқтырар еді. Владимир Набоков дұрыс айтады. «Романдағы суреттелетін қоғамдық ортаны да, Эмманы да жазушы ойдан шығарған». Өмірдегі сәйкестіктердің бәрі – кездойсоқтық. Сондықтан да шығармадан қоғамда болған қандай да бір оқиғаны, ал, кейіпкерлерден сол заманда өмір сүрген адамдардың түпбейнесін іздеудің беретін нәтижесі шамалы.
Мұны айтып отырған себебіміз, «Бовари ханым» жарық көрген кезде осындай сауал туып, кейбір сыншылар әлі күнге дейін соған ерекше назар аударып, оқырманның басып қатырып жүр. Ол жөнінде көптеген еңбектер мен мақалалар жазылып, түрлі-түрлі болжамдар мен жорамалдар жасалды. Француз журналисі, «Revue Nationale» журналының редакторы, 1849-1851 жылдары Флобермен бірге Шығысқа саяхаттап қайтқан досы Максим дю Кан «Естеліктер» кітабында романның сюжетін француз классигіне өзінің айтып бергенін тілге тиек етеді. Сол кезде шыққан тағы бір жорамалға жүгінсек, бұл туындыда мүсіншінің әйелі, Прадье ханымның тағдыры көрініс тапқан. Флобердің романдағы кейіпкерлердің қандай да бір нақты түпбейнелерінің жоқ екенін, шығармасынан өмірбаяндық қайнарларды іздеуге болмайтынын талай мәрте ескерткені мәлім. «Кітаптағы кейіпкерлердің бәрі де толығымен ойдан шығарылған, ал, Ионвиль-л' Аббей деген жер өмірде жоқ. «Бовари ханымда» айтылғандардың бәрі де өмірде мүлде болмаған. Ондағы оқиғалардың бәрі ойдан шығарылды. Мен онда өзімнің сезімімді де, өмірімді де бейнелеген жоқпын», дейді жазушы бір сөзінде.
Дегенмен, романның әдебиеттегі алатын орны мен шыға салысымен оқырмандардың ыстық ілтифатына бөленген даңқын шығарманың стилімен немесе одан әлдекімдердің түпбейнесін іздеген жұрттың қызығушығымен ғана байланыстыруға болмайды.
Француздардың әдебиет сыншысы Альбер Тибоде ұлы жазушы туралы монографиясында Сервантестің «Дон Кихоты» мен Флобердің «Бовари ханым» шығармаларының бірден даңқының аспандап кетуінің басқа себептері бар екеніне егжей-тегжейлі талдау жасайды. Тибоденің айтуынша, әлем әдебиетінің жауһарына айналған екі ұлы туынды да антиромандық романдар. Егер де Сервантестің «Дон Кихоты» сол кездегі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен рыцарлық романдарға қарсы жазылған шығарма болса, Флобердің «Бовари ханымы» махабатты асқақтатып жырлаған - романтизмге күйрете соққы берген туынды.
Екі шығармада да адамның мәңгі өзгермейтін табиғатының архетипі бар, көтерген проблематикасы да бір-біріне қатты ұқсайды. «Дон Кихотта» да, «Бовари ханымда» да кітапта жазылған идеалдар мен нағыз өмірдің арасында жер мен көктей айырмашылық бар екені суреттеледі. Рыцарлық романдарды оқып алып жәбірленгендер мен жапа шеккендерді қорғағысы келіп батырлық іздеген Дон-Кихот та, романтикалық шығармалармен санасы уланып, шын махабатты аңсаған Эмма Бовари да - өз идеалының тұтқыны.
***
«Бовари ханымның» әдебиет тарихындағы алатын орнына баға беру үшін, өнердегі реалистік бағыттың қалай өзгеріп, жаңа арнаға қалай түсе бастағанына қысқаша шолу жасай кеткеннің артығы бола қоймас.
ХІХ ғасыр Францияның мәдени тыныс-тіршілігінің сорпасы қайнап, интеллектуалдық потенциалының кемерінен асып, сан-алуан бағыттардың дүниеге келіп, өнердегі қолтаңбалары бір-біріне ұқсамайтын кесек таланттарды үсті-үстіне туғызып жатқан алтын дәуірі болды. Сол жылдары рухани өмірдің барлық саласында ғылыми тәсілге сүйенуге деген қызығушылық артып, ол үлкен үзденіс үстінде жаңа эстетиканы толғатып жатқан әдебиетке әсерін тигізбей қалған жоқ.
Шығармашылық ізденісін жұрт дұрыс қабылдай алмай, қоғамдық көзқарастың төпелеген сынының астында қалған «Тереза Ракен» романына жазған алғысөзінде Эмиль Золя былай деген болатын: «Мен бұл шығармаға отыратын кезімде алдыма бірінші кезекте ғылыми мақсат қойдым. Екі кейіпкерді сомдау арқылы мен белгілі бір проблеманы көрсету немесе шешумен емес, мінездері мүлде ұқсамайтын екі түрлі адамның бір-біріне деген құштарлығын тануға тырыстым... Хирургтер мәйітті қалай зерттесе, мен де тап солай екі тірі тәнді зерттедім».
Золяның тілімен тәпсірлесек, «атақты Бальзак та ақындық қиялдан гөрі ғылыми бақылауға сүйенгенді жөн көрген». Бірақ ол өзін қоғам тарихын жазушы суреткермін деп есептеді. «Адамдық комедияға» жазған алғысөзінде ғұлама ғалымдар Жорж Леопольд Кюве, Жоффуа Сент-Илер Этьен, Жорж-Луи Леклерк де Бюффонның еңбектеріне сілтеме жасауы, Бальзактың қоғамды организм ретінде зерттеп, әрекет ету заңдылығын түсінуге тырысқанын аңғартады. Ағайынды Гонкурлар, одан кейін Эмиль Золя да барлық психикалық әрекеттердің қайнарларын адам физиологиясынан іздеді. Басқаша сөзбен айтқанда, адамның қандай жағдайда өмір сүруі оның тағдырына әсерін тигізбей қоймайды.
Золяның туындылары арқылы көрініс тапқан әдебиеттегі натурализмде адам табиғатқа оралып, оның органикалық бөлігі ретінде қабылданады. Натурализм терминін Золяның өзі ұсынып, жаңа эстетикасының мән-мағынасын «Өнер туындысы дегеніміз суреткердің арқасында үзіп алынған табиғаттың бір кішкентай бөлігі» деп тұжырымдады.
Натурализмде орта деген түсініктің мағынасы түбегейлі өзгереді. Натуралистердің туындыларында әлеуметтік ортаның тыныс- тіршілігі биологиялық ортаның кіндігіне мықтап байланған. Ол тәрбие, қоғамдық шарттылық, қаржылық ахуал арқылы кейіпкерлерінің мінез-құлқына ғана әсер етіп қоймай, олардың физиологиялық ерекшеліктерін де қалыптастырады. Мысалы, Эмиль Золяның «Наурыз» романында бейнеленетін ортаның шығармадағы кейіпкерлердің сыртқы кескін-келбетіне де әсер еткенін айқын көреміз. Шахтадағы ауыр еңбек адамдардың жігерін жаншып қана қоймай, оларды әбден жүдетіп, бойларын тапал етіп тастаған.
Натуралистік орта түсінігін қисындаған француз сыншысы Ипполит Тэн еді. Позитивизмнің негізін қалаған философ Огюст Конттың ілімін жалғастырған Тэн «позитивті», яғни, шүбәсіз анықталған деректердің ақиқатына сеніп, олар адам өмірінің барлық қырын түсінуге мүмкіндік береді деп топшылады. Тэннің уәжіне сенсек: «Адам бойындағы кембағалдық пен адамгершілік те химиялық процесстердің өнімдері саналатын мыстың күкірт қышқылындай - әлеуметтік процесстердің өнімі». «Ағылшын әдебиетінің тарихы» кітабында ол адам өмірін айқындайтын үш шешуші фактордың бар екенін айрықша атап өтті, олар - нәсіл, орта және кезең.
Натурализм сәнге айналып, романтизм дәуірі асқақтап, реализм өз мүмкіндігін әлі толық ашып үлгермеген өліара мезгілде шығармашылығы кемелденіп, ақыл-ойы толысқан Гюстав Флобер әдебиеттегі осы үш бағыттың артықшылығын да, кемшілігін де көре білді.
Француз классигі ғылымнан бас тартпайды, қайта керісінше ондағы көптеген тәсілдердің өнерге де келуі керек екенін құптайды. Әйткенмен, позитивистер сияқты ғылымның қоғам өміріндегі алатын орнын тым асырып жіберіп, оны дін мен әлеуметтік сенімдердің негізі ретінде қарастыруға болмайды. Натуралистерден көп нәрсені үйренгенімен ұлы жазушы реализм дәстүріне адал болып қалды. Дегенмен, өнердегі реалистік бағыт та қалыптасу кезеңінен өтіп, кемелденуі керек. Бір орнында тұрып қалмай қарға қадымдап болса да алға жылжуы тиіс.
Қоғамның назары күннен-күнге Эмил Золяның экспериментшілік романдарына қарай қатты ауып бара жатты. Жұрттың қызығушылығын туғызғанына қарамастан, ондай туындылардың ғұмыры ұзақ болатынына Флобер сенбеді. Әрине, Золяның басына ондай идеяның француз физиологы Клод Бернардың «Экспериментшілік медицинаны зерттеуге кіріспе» еңбегін оқып шыққаннан кейін келгені айдан-анық. Бірақ, бақылаған деректерді қаз-қалпында қағазға түсіріп, жазушының қиялына саңылау қалдырмау қаншалықты дұрыс? Адамның рухын ғылыми тұрғыдан тану әдебиеттің ісі емес сияқты еді ғой. Атағы жер жарып тұрған Золяның «экспериментшілік роман абстрактылы адамды зерттеуді қойып, физико-химиялық заңдардың әрекетіне бағынатын табиғат жаратқан нағыз адамды зерттеумен айналысады» деген болжамына жол болсын. Жұмыр басты пендені табиғаттың бір бөлшегі ретінде көрсетуге ұмтылған натуралистердің адам физиологиясына ғана баса назар аударуы сөз өнерінің мұратын дұрыс түсінбеу емес пе? Өнер – өмірдің көшірмесі емес қой.
Флобердің эстетикалық концепциясында өнер - адам рухының ең биік көрінісі. Өмірдің көшірмесін шимайлап беру кез-келген жазушының қолынан келеді. Ал, нағыз өнерді бойында ерекше таланты мен қабілеті бар тұлғалар ғана туғызады.
Өнер – өркениеттің рухани тірегі, сондықтан оны туғызушы суреткердің бойында көріпкелдік, тіпті, керек десеңіз, әулиелік қасиет болуы тиіс. Нағыз суреткер әлеуметтік шарттылықтың арифметикасымен емес, адам тағдырын зерттеумен айналысады.
Флобер шығармашылық кемелдікке қол жеткізген жылдары француз суреткерлері Стендаль да, Жорж Санд та романтик жазушылар болатын. Ұлы Бальзактың туындыларында да романтизмнің белгілері қылаң беріп қалып жататын. Әділіне жүгінсек, романтизм ақиқатты айтқысы келген суреткердің адымын аштырмайтын тұсау болды, өйткені, романтиктер нағыз өмірдің шындығынан қашып, қиял әлемінде өмір сүрді.
Талантының әлі мойындалмағанына қарамастан Флобер өз шығармасының жалғыз француздардың ғана емес, жалпы әлем әдебиетінің тарихында алатын орнының қандай болатынын жақсы түсінді. Сондықтан да өз дәуірінің жанын терең ұққан Бальзактың шығармашылығын жоғары бағаласа да, ол қайтыс болған кезде, қаралы хабарға қайғырған елдің көңіліне қарамай «Бізге енді басқа музыка керек» деген пікірді батыл айтты.
Оқырманның келешекте өз суреткерінен мүлде басқа ұстанымды, шығармасынан жаңа эстетикалық көзқарасты талап ететінін сезіп, осындай сөздерді айтуға барған жазушы жағдайының нешік болғанын көзге елестету қиын. Ол заман түгіл таланты мойындалған тұлға жөнінде ондай ой айту қазір де аса қауіпті. Қоғамда орнығып қалған танымға қарсы шығудың суреткерге абырой әперген кезін көрдіңіз бе? Адамзат баласының зор құрметіне бөленген Толстой өзі жөнді білмейтін Бетховен мен Вагнердің таңғажайып музыкалық мұрасын сынап, өнердегі бәсекелесі Шекспирге тиісіп елге күлкі бола жаздағанын есіңізге түсіріп көріңіз.
Ендеше оқырманға талантын әлі мойындата алмай жүрген талапкердің бүкіл Еуропа шығармаларын сүйсініп оқыған Бальзак дүние салғанда осылай данышпансуы асылық емес пе? Барлық қазақ ұлылығын шүбәсіз мойындаған Әуезов өмірден өтіп жатқанда бір жас жігіт тап осындай ой айтқан болса, сіз ондай ауыр сөздің салмағын көтере алар ма едіңіз? Дегенмен, ащы ақиқат айтылып, алпысыншы жылғы жылымықтан кейін әдебиетке ат ізін салған Мағауин мен Кекілбаевтар бастаған талантты ұрпақ қоғамның қоясын қопарған «Бовари ханым» сияқты шектен тыс көркемдеу мен әсірелеуден ада туындыны өмірге әкелгенде, прозамыздың табысы бүгінгі жеткен биігінен де жоғары болар ма еді, кім білсін?
Біздің ойымызды дұрыс түсінуіңізді сұраймыз, қымбатты оқушым. Ешкім де Әуезов, Нүрпейісов, Ахтанов, Кекілбаев, Мағауин, Жұмаділов т.б. көптеген талантты суреткерлеріміздің шығармашылығына шүбә келтіріп жатқан жоқ. Француздардың Гюгосы, Бальзагі, Меримесі, Дюмасы сияқты олар да біздің ұлттық әдебиетіміздің қазығын қадаған - ірі суреткерлеріміз. Дей тұрсақ та классиктердің қолы тиіп кеткен дүниелердің бәрін алтын көру өнерді өрге бастыра қояр ма екен?
Неге біз үнемі аға буынның жетістіктерін асырып, кемшіліктерін жасыруға құмбылмыз? Мерейтойларында жер-көкке сиғызбай дәріптеп, олардың қаламынан туған шын асыл шығармаларымен қатар, ортақолдан төмен туындыларын да асыра мақтап өнерге қиянат жасап, ұрпақты адастырғанды қашан қоямыз? Шектен тыс мақтаншақтықтың сырқатына шалдыққан әдебиетіміз өзін-өзі қызықтаудан арылып, атақты қаламгерлеріне де сын көзбен қарай алатын дәрежеге қашан жетеді, өркениетті елдерден үлгі алып өнердің ұлы мұраттарына қашан қолын созады? Айтыңызшы, қашан?
Соңғы отыз жыл ішінде мақтана-мақтана өсіп аспандап кеткен кеудемізден кісі шошиды. Бірақ, сол өсіп кеткен кеудемізге лайық әдебиетіміз бар ма? Қазір сыйлық алғаннан гөрі, оны алмаған ақын-жазушыны күндіз қолыңа шам алып іздесең де таппайсың. Ал, оны кездейсоқта алмай қалған шетінен «классик» жастардың, бүгінгі таңдағы түк қадірі қалмаған сыйлық мәселесін көтеріп, жанұшырып айқайлаған дауыстарын естігенде дүниеден безіп кете жаздайсың. Даңғойқұмарлықтан іргесін аулақ салған, мақтанға, сыйлық пен атаққа құмар емес, Гюстав Флобердей өнердегі өз жолын омбылап салуға шын ниетімен, таза пейілмен кірісетін талантты да, адал ұрпақ енді әдебиетке қашан келер екен? Қашан?
Заманның еркіне кеткен кеңшілігін пайдаланып, қазақ ақын-жазушыларының бәрі шетінен асыра дәріптеліп жатқан «әдемі» уақытта, анау-мынау емес, дүниежүзінің ұлы суреткерлері талантына табынған Достоевскийдің де шаңын қағып алып, тас-талқанын шығарған Набоковы бар орыс әдебиетінің сыннан қорықпайтын бақытына қалай қызыға қарамайсың? Ал, содан кейін әлемді айтпақ түгіл, қазақ оқырмандарын да тәнті ете алмаған халтуралардың пәленбай елдің тіліне аударылғанына балаша қуанып, ешкім танымайтын шетелдік ақын мен жазушының пікіріне өлердей зәру болған бүгінгі ұлттық әдебиетіміздің бейшаралығына қалай жерге кіре жаздап ұялмайсың?
Өкінішке қарай, біздің қаламгерлеріміз Абай негізін салып кеткен реалистік әдебиетті ауыз толтырып мақтанарлықтай биікке көтере алған жоқ. Мұхтар Әуезовтың «Қараш-Қараш» оқиғасы, «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», Бейімбет Майлиннің «Күлпәш», «Айт күндері» шығармалары арқылы шындықтың көрінісі ұшқындаған реалистік проза өз деңгейінде дамымады. Намысыңыз ұстап, айтып отырған сөзімізді өтірік десеңіз, Эрих Мария Ремарктың «Батыс майданында өзгеріс жоқ», Михаил Булгаковтың «Иттің жүрегі» немесе Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелері» сияқты империяның қылышынан қорықпай шындықты қоғамның көзіне көрсетіп айтқан шығармаларымыз қайда біздің? Қайда? Әрине, шындықты астарлап, тұспалдап айтатын өнер туындылары қандай қоғамнан болса да табылады. Бірақ, ақиқатты алдаспандай жарқылдатып жеткізген, жарық көрмек түгіл, атылып кетуі мүмкін екенін біле тұра нар-тәуекелге барып, сондай туындыны үстеліне болса да жазып кеткен суреткерді сіз маған көрсете аласыз ба? «Әдебиет – ұлттың жаны» (Ж.Аймауытов) екені рас болса,сол шындықты айта алмаған халықтың жаны қалай ұлы болады?
Тарихи деректерге жүгінсек, ХХ ғасырда қазақтан артық азап шеккен халықтың болмағанына көзіңіз анық жете түседі. Біз ұлт ретінде жойылып кетуге сәл қалған елміз. Өткен жүзжылдықтың қапырық ымыртында ел қамын ойлаған оқымысты азаматтарымыздың бәрі шетінен атылып, аман қалғандары итжекенге айдалды. Миллиондаған адамдар аштықтан қырылды. Дінімізден безіп, тілімізді жоғалтып ала жаздадық. Еліне, жеріне жаны ашымайтын мәңгүрт ұрпақ арамшөптей қаулап өсіп шығып, билік басына келді. Соның зардабынан рухы жанышталған қазақ ассимилияцияға ұшырап, халықты қан жылатқан орыстың отарлау саясаты әлі күнге дейін өктемдігін жүргізіп келеді. Жер-Анамыз ядролық сынақтан көз аша алмай, мүгедек болып туған балалардың санында есеп жоқ. Бірақ, осы шындықтардың бәрі әдебиетімізде өз деңгейінде көрініс тапты ма?
Артық кеткен болсам, аға буыннан кешірім сұраймын. Мүмкін, тоталитарлық қоғамда өмір сүріп, әр қадамы аңдулы болғанына қарамастан әдебиетіміздің алтын ғасырын жасаған, біздің Бальзак пен Толстойларымыз іспетті қадамгерлерімізге кешіріммен қарағанымыз да дұрыс шығар. Алайда, сол ұлы суреткерлеріміздің тәуелсіздіктің таңы атып, цензурадан біржола құтылып, еркіндікке қол жеткізген уақытта қоғамның дертін қопарып зерттеп, халықтың зар-мұңын көркем шығармаларына арқау етудің орнына, өз руынан шыққан батырлар мен билер туралы адам сенбейтін романдарды мысықша балалатып, шындықтан ат-тонын ала қашқан әрекеттерін қалай түсінеміз? Неге біздің әдебиетіміз өркениетті елдерден үлгі алып, алға ұмтылудың орнына, сонау Сервантес дәуіріндегі рыцарлық романдарды жазуға құмартып, кері кетіп барады? Неге?
Кешегі күннің көрінісін де қиялмен сомдаған дұрыс шығар, бірақ, дәл бүгін ұлтымызға көз алдымызда болып жатқан әлеуметтік әділетсіздіктердің тереңіне үңілген реалистік проза ауадай керек болып тұрған жоқ па. Ауадай! Жазғырсаңыз тағы да өзіңіз біліңіз, бірақ қазір қоғамды баяғыда өмір сүріп, сүйегі күлге айналған хандар мен билерден гөрі, осыдан бір жыл бұрын ғана бес бірдей періштесі өртеніп кеткен ананың аянышты тағдыры қатты толғандырады. (Сол ананың тағдырын зерттеген суреткер қайда?) «Шыңғысхан» қазақ немесе моңғол ма?» деген сауалдан гөрі, кешегі Қордайдағы адам өлтіруге дейін барған жастардың тағдыры жұртты көбірек алаңдатады. Бәлкім совет заманында қалыптасқан, өнердегі романтикалық сентиментализмнің балалық ауруынан әлі толық арыла алмаған классиктерімізге де, тәуелсіздік жылдарында келіп, өнердің ұлы мұратын дұрыс түсінбей, оны мақтансүйгіштікпен, атаққұмарлықпен шатастырып, өздерін қызықтап кеткен менің замандастарыма да «Бізге енді басқа музыка керек» деп айтатын уақыт келген шығар. Осындай батырлыққа барудан сескенбейтін, даңғойқұмарлыққа емес, сөз өнерінің шын дертіне шалдыққан алтын ұрпақ өнерге тезірек келсе екен. Тезірек!
***
Өнердегі өз жолын ұзақ іздеген Флобер салғаннан реалист-прозаик болып кеткен жоқ. Ұлт әдебиеті романтизмнің өртіне оранып, оқырманның ыстық ықыласы осы бағытта еңбектеніп, бағын сынаған таланттардың туындыларына ауғанда оған құмартқан қызығушылықтың жыланы жазушылардың жанын арбап, сезімін сиқырламай тұра алмады.
Жүрегінде жастық оты жалындап, оңы мен солын әлі жөндеп тани қоймаған сөз шеберінің дүниетанымында екі түрлі – романтикалық және реалистік өнердің қағидалары ой жарыстырып, пікір таластырып жатты. Сондықтан да «ол әрі романтик, әрі антиромантик болды» (Моруа). Гете мен Гюгоны сүйсініп оқып, «Фауст» пен «Париж Құдай-анасы шіркеуінің» идеясымен сусындап, нәрін бойына сіңіріп, рухымен тәрбиеленген талапкердің тырнақалды туындыларынан романтикалық сарынның самалы соқпауы мүмкін емес-тін. «Суреткер өз творчествосында табиғаттағы Құдайдай көрінбеуі тиіс» деген қисынды қорытындыны ол кемелденген шағында көңіліне түйді. Классиктің өмірге жолдама алғанымен, әлі де толық пісіп-жетілмеген, «әттегенайлары» кездесетін туындыларында авторлық позициясы айшықталып, субьективті көзқарасы менмұндалайды.
2005 жылы мәскеулік «Текст» баспасы Гюстав Флобердің реалист суреткер ретіндегі мүмкіндігі әлі бүр жармаған мезгілдегі «Алғашқы «Сезім тәрбиесі» романын, ал, 2009 жылы ертеректе жазған прозалық дүниелерін жарыққа шығарды. Француз классигінің шығармашылық әлемінің сан қырлы табиғатын тереңірек тануға тигізетін игі ықпалы көп осы еңбектерді оқығанда жазу стилі де, баяндау мәнері де «Бовари ханымдағыға» еш ұқсамайтын басқа суреткермен сырласқандай әсер аласың. Ең қызығы жанын жабырқатқан интимдік ойларын шығармаға тықпалай бергенді аса қаламайтын суреткер осы екі кітаптағы әңгімелері мен повестерінде тұрмыстық, мистикалық жағдайлардың бәрін бірінші жақтан баяндап, ішкі сезімін жасырмай, ағынан ақтарылады. «Мен Атлас тауында болып, сол жерден дүниені көрдім, қайыршылықты да, ізгілікті де. Маған Сайтан келді де «Менімен бірге жүр, қара және бақыла! Сен менің патшалығымды, менің әлемімді көресің» деді». («Тозаққа саяхат»). Ал, қаламының сиясы ақ өлеңдей төгілген одан кейінгі өмірінің өліарасындағы хикаяларында бірінші жақтағы авторлық «меннің» мұрты бұзылмағанымен, айналасындағы құбылыстарды, жан-жағындағы көріністерді обьективті беруге ықылас танытқан талпынысы айқұлақтанып тұр.
Жазушылық кәсіпке тым ерте бейімделіп, тоғыз жасынан айналысқан Гюставтың кәмілетке толғандағы «Есалаңның естеліктері» повесіндегі кейбір эпизодтарда әңгімелеуші-нарратордың екі түрлі позициясы қылаң беріп қалады. Бұл туындыдағы сюжеттерде күш-қуаты тасыған жастығына қарамастан, он алтыдағы Флоберге қай-қайдағының бәрін білетін зияткер мен көпті көрген адамның позициясы тұрғысынан әлемді суреттеу маңызды бола бастапты.
Міне, осылайша ол шерін тарқатып, жеке басының сары уайымын тілге тиек ете келіп, әңгімелеп берумен ғана шектелмей, кей жерлерде сезімін шідерлеп, суреткерліктен гөрі ендігі уақытта адам өмірінің эволюциясын зерттеп, талдап қорытуға көшіп, дүниені обьективті бағалауға деген ынтасы оянады. «Еркектің өмірінде махабаттан көп нәрсе жоқ. Төрт жасында ол аттарды, күнді, гүлдерді, жарқ-жұрқ еткен қару-жарақтарды, әскерилердің киімін жақсы көреді. Онға толғанда өзімен жасты бір қызды ұнатып, он үшке келгенде емшегі дәу ересек әйелдерге құмартады. Жасөспірімдердің тап осындай әйелдің омырауына қалай еліре қарағандары жадымда жатталып қалыпты... Әйелдің жалаңаштанған емшегін алғаш көргенде мен де есімнен танып қала жаздағанмын. Он төрт жасқа толғанда бозбалалардың көбісі үйлеріне қонаққа келген қызды сүйіп қалады. Он алты мен жиырма бес жас аралығында әр түрлі қыз-келіншектермен көңіл көтеріп, сауық-сайран құрады. Сосын, солардың ішінен біреуін таңдап, үйленеді. Бес жылдан кейін бөксесі бұлтыңдаған бишілерге есі ауады. Отыздан асқанда қатындардан гөрі депутаттық лауазымға, атақ-даңққа, байлыққа аңсары ауады, ал, елуінде министр немесе мэрдің үйінен ас ішіп, аяқ босатқанына мәз-мәйрам болады. Алпысында ақша үшін тәнін сататын көшенің қыздарына қызығып, өтіп кеткен өмірін өкінішпен есіне алады» («Есалаңның естеліктері»).
Экзистенциалист-жазушы Ж.П.Сартр «Жанұядағы есалаң. Гюстав Флобер» атты эссесінде ұлы қаламгердің шығармашылық психологиясының жұмбағын шешуге, оқиғаны баяндап беру стратегиясының құпиясын ашуға ниет танытыпты. «Гюстав оқиғаны бірінші жақтан суреттегенде шынайы бола алмайды. Керісінше, бірдеңені ойдан шығарғанда нағыз талант екені көріне бастайды», - дейді Сартр. Шығармашылық жолды бастаған сәтінен жазушының дүниеге көзқарасы жақсы болған жоқ. Егер оның себебін іздесеңіз, көңіліне кір жасырмай айтқан қаламгердің өмірбаяндық мәтіндерінен адаспай табасыз. Сартрдың айтуынша, он үш жасында Гюстав өзін шалдай сезінген. «Және жылдан жылға жасарудың орнына оның жаны қартая берді. Сондықтан биологиялық жасы қаншаға келгеніне қарамастан ол он үште де, елу сегізінде де өмірге жүздегі қарияның көзімен қарады».
Шығармашылық шеберлігі шыңдала бастаған жылдардағы «Алғашқы «Сезім тәрбиесі» романында француз классигі романтизм мен реализмнің поэтикасын үйлестіруге әрекет етеді. Оқырман шатасып кетпеуі үшін Гюстав Флобердің «Сезім тәрбиесі» деген, аты бірдей болғанымен, заты бөлек екі роман жазғанын айта кеткен ләзім. Біріншісін ол 1845 жылы, одан кейінгісін, 1869 жылы аяқтады. Біз өз әңгімемізде 1845 жылғы тұңғыш кесек туындысына тоқталып жатырмыз. Жас кезіндегі бірсыпыра шығармаларындай бұл роман да ұлы жазушының көзі тірісінде жарық көрген жоқ.
Флобер алғашқы ірі туындысын шығармашылық жолдағы үлкен сәтсіздігі санады. 1852 жылы Луиза Коле есімді әйелге жазған хатында ол былай дейді: «Қайта жазып шығуды қажет санамадым, бірақ, оған дәл қазір кіріссем әлдеқайда жақсы жазар едім деген ойдамын. Кітабымда әуесқойлыққа жол беріп қойыппын, ойымды шашыратып алмай, жинақтай түсуіме болар еді».
Роман тұңғыш рет 1910 жылы жарық көріп, кейін бірнеше рет жеке кітап болып шықты. Ұзақ жылдар бойы әдебиетшілер оны Флобердің кемеліне келген шағындағы жазған «Сезім тәрбиесі» романының алғашқы нұсқасы ретінде қарастырды. Алайда, бүгінгі таңдағы флобертанушылар екі романның бір-біріне еш қатысы жоқ дербес туынды екенін анықтады. Осыған орай француз әдебиеттануы мен кітап басу ісінде ұлы қаламгердің ең бірінші тырнақалды ірі туындысын «Алғашқы «Сезім тәрбиесі» деп атау дәстүрі қалыптасты.
Тұңғыш рет роман орыс тіліне 2005 жылы тәржімаланып, кітапқа жазған алғысөзінде белгілі әдебиеттанушы Сергей Николаевич Зенкин былай дейді: «Кейде жазушының бір шығарманы түрлі атпен кітап қылып шығаратын кездері бола береді. Мүлде бөлек екі туындының бір ортақ атты еншілеуі өте сирек кездесетін - ерекше жағдай». Зенкинге дейін осыған ұқсас пікірді әдебиетші, әрі аудармашы Борис Георгиевич Реизов та тәпсірлеген. Ал, француз әдебиетінің маманы Татьяна Викторовна Соколова болса, орыс тілінде басылып шыққан кітапқа жазған ескертпесінде «Екі романның әр қайсысы өз сюжеті, өз кейіпкерлері бар - дербес туынды» деген қисынды тұжырымды шегелеп берді. Француз әдеби сынында «Алғашқы «Сезім тәрбиесі» романы Флобердің шығармашылық таланты қалай қалыптасқаны айқын көрініс тапқан - ең бірінші ірі туындысы ретінде қарастырылады.
Расында да бұл роман суреткерлік жолдың азабын таңдаған Гюставтың жазушылықтың әліппесін үйренген - тұңғыш мектебі. Он жылдан кейін, «Бовари ханымда» нәші айқындалып, өрнегі жарқырап көрінген жаңа тәсілдердің негізі жазушы өмірден өткеннен кейін ондаған жылдардан соң ғана оқырман қолына тиген осы романның өзегінде қаланды. Әрине, романтизмнен әлі толық арыла алмаған суреткер бұл туындысында салыстырушылық, сезімге берілушілік сияқты стилдік тәсілдерден біржола қол үзіп кете алмапты. Соған қарамастан, одан портреттік мінездерді беруде мейлінше обьективті болғысы келген прозаиктің реалистік шеберлікке ыңғайланған талпынысы байқалады.
Флобердің тырнақалды ірі туындысындағы баяндау стилінің жаңалығы ретінде кейіпкерлердің қысқаша жауаптасып, әр қайсысы жағдайды өзінше қабылдап, бір-бірінің айтқан сөздерін естімей жататын жарыспалы диалогын атауға болады.
«Абайлаңыз, - деді үйдің қожайыны. – Сіз менің көйлегімнің шілтерін бүлдіріп тастайсыз!
- Ах, Морель, менің көңіл-күйім сондай жаман болып тұр!
- Тұрыңызшы, сіз менің шалбарыма отырып қалдыңыз!
- Мен өте бақытсыз жанмын, - деп тынышталмады қонақ.
- Сайтан алғыр, қызыл етігімді мен қай тесікке тығып жібердім екен, - деп міңгірлей берді Морель.
- Сіз менің қандай қасірет шеккенімді білсеңіз ғой!
- Комодтың астын қарап көрейінші». («Алғашқы «Сезім тәрбиесі»).
Кейін «Бовари ханымда» әйелі мен күйеуінің әңгімесі, балдан кейінгі ұрыс-керісі, Эмманың дін қызметшісіне келіп мұңын шағуы, Родольфтың ауыл-шаруашылығы жәрмеңкесінде Бовари ханымның көңілін табуға тырысқан әрекетіндегі диалогтор осындай тәсілмен құрылатын болады. Әңгіменің орайы келіп тұрғанда, орыс классигі Антон Павлович Чеховтың «Шие бағы» пьесасында кейіпкерлердің бір-бірінің сөзін естімей жататын диалогтардың осы тәсілімен түзілгенін айта кеткіміз келеді.
Флобердің өзіне ғана тән қолтаңбасын, дара стилін әлі таппаған, шығармашылықтың шымылдығын енді ғана түрген шағындағы беташар туындыларында пессимистік көңіл-күйдің қоңыр әуені басым. Әйгілі әдебиет зерттеушісі А.Ф.Иващенко осыған байланысты мынандай ой түйеді: «Флобердің алғашқы шығармаларының кейіпкерлері өмірге екі түрлі көңіл-күймен қарайды: бір жағынан өмір оларды алыстан арбап, қызықтыра түседі, бірақ, сонымен бірге, өмірдің көлеңкелі жақтарын тани түскен сайын олар тіршіліктен түңіліп, одан жиіркене бастайды».
Жаны жібектей нәзік, қиял патшалығы бай Флобер бала кезінен тым әсершіл болды. Жалғыздық дертімен жүрегі жастайынан жараланып, жаны күйзеліп, жалғаннан жұбаныш таба алмай қиналды. Дүниеден баз кешу сол жылдары сәнге айналып, тай-құлындай тебісіп өскен құрдастары өздеріне қол салып, біреуісі атылып, тағы біреуісі асылып өлді. «Мен мектеп табалдырығын он жасқа толғанда аттап, көп уақыт өтпей-ақ бойымды барша адамзатқа деген жиіркеніш сезімі биледі», деп мұңға батқан күйреуік сезімін ақ параққа ақтарды ол жалғыздықтың жабысқақ желім ойынан құтыла алмай.
Сән-салтанаты жарасқан жайлы үйі, барақат тірлігі, жандары жаздың күніндей жадыраған мейірімді әке-шешесі, жақсы көрген туыстары мен достары да болған болашақ жазушының басынан көңілсіздік тұманының тарқамай қоюының жұрттың көбі біле бермейтін басқа себебі бар еді. Егер шынымен де француз классигінің кейбір туындыларындағы азалы әуендей күңіреніп қоя беріп, суық желдей тұла-бойыңызды түршіктіріп жіберетін көңілсіз ойларының сырын білгіңіз келсе, бозбала дәурен шағындағы шығармаларына көбірек көңіл бөліп, себебін сол жақтан іздеңіз. Айталық, сыршыл суреткердің шығармашылық ізденісінің елең-алаңындағы «Есалаңның естеліктері» повесіне көз қырыңызды салсаңыз, классиктің көңіл қоңырауын күңірентіп, қайғы теңізінің тұңғиығына батырып жіберген ол жұмбақтың сыры – әйел заты екеніне көзіңіз жетеді. Жазушының өмірімен жақсы таныс оқырманның, повесте суреттелетін әйелдің образынан Флобердің ғашықтық дертін қоздырып, ұлы шығарма жазуға серт берген классикке шалқар шабыт сыйлаған махаббаты Элиза Шлезенжердің мінезіне тән белгілерді адаспай табарына бек сенімдімін.
***
Флобердің өмірінде тағдыр жолықтырған арулар аз болған жоқ. Бірақ, ол бір-ақ әйелді - Элиза Шлезенжерді ғана шын көңілімен беріліп сүйіп, онымен бірге болуды көзі жұмылғанша армандады. Әдемі бикештің бейнесін ол жүрегінде мәңгі сақтап, шығармаларында суреттелген арулардың кескін-келбетіне ғашығының жаратылысына тән сұлулықтың белгілерін сыйлады. Эмма Бовари, Саламбо, Мари Арну т.с.с. кейіпкерлерінің қайталанбас образын сомдағанда үнемі сағым бұлттарының арасынан мұнарлаған сүйіктісінің сұлбасы суреткерлік қиялының бесігін тербеп, сезіміне қанат бітіріп, көз алдынан кетпей тұрып алды. Әрине, ол кейіпкерлердің бәрінен Элизаның түпбейнесін қазымырланып іздеуден аулақпыз. Әйткенмен, жүз жерден обьективті болуға тырысса да еркіне көнбей қойып, тасжүрек сұлудың тәтті лебізіне зар болған бозбаланың үмітсіз азабы, назасы мен үнсіз толғаған зары суреткер шығармаларында ізін қалдырмай тұра алған жоқ.
«Ол ерекше жаратылған сұлу әйел болды, - деп есіне алады Элизаны ұлы қаламгердің досы Максим дю Кан. – Сопақтау келген беті әдемі мүсініне жарасып, тегістеліп таралған қара шәші желбіреп, езуіне күлкі үйіріліп тұратын. Бірақ көзінде ерекше мұң бар еді. Баданадай қара көздері күлімсіреп, ақ тістері маржандай жарқырайтын. Ол үнемі Неро атты дәу төбетін ертіп жүретін».
Шын махаббат асықпай келіп, адамның ақыл-ойы мен жүрегін бірте-бірте жаулап, өзіне бағындырады. Ал, ғашықтық дерті шырпыдай тез тұтанып, пенде баласының есін алып, еркін билеп сезімін көзді ашып-жұмғанша өртке орандырады.
Флобер әлі бұғанасы бекіп, қабырғасы қата қоймаған он бес жасында Элиза Шлезенжерді кездейсоқ жолықтырып, ғашық болып қалғанда, жүзі жылы кербез келіншектің өмір бойы сүйіп өтетін бақытсыз махаббатына айналарын білген жоқ. Ұлы махаббат көрінген гүлге қона беретін көбелек емес. Бал арасы гүлдің ең әдемісіне, ең тәттісіне қонатынындай, ұлы махаббат та өз ұясын жаны сұлу, рухы биік адамдардың жүрегіне салады.
Жаздың күнгі сол бір оқиғаны ол кейін Элизаны жүрегі езіле жаздап, елжіреп сағынғанда қайта-қайта есіне алды. Бір көруді армандағанда, кешегі күннің әйнегін сүртіп, өткен уақыттың терезесінен сығалап, іштей егілді. Бәрі де, жаңа ғана аяқталған тойдағы шаттыққа толы көңіл-күйдің әсеріндей есінде сақталып қалыпты.
Жер аяғы кеңіп, Табиғат-Ана жазғы көйлегін кие салысымен Флоберлердің үй-іші жалғыз ғана қонақ үйі бар Трувиль қалашығына қонақтап келген еді. Кездейсоқтық па, әлде тағдыр ма, кім білсін, олардың отбасы сол жылы әйелімен және баласымен осы жақта демалып жатқан, музыкалық баспагер Морис Шлезенжерді жолықтырып, жазғы демалыстарын бірге өткізді. Күйеуі мен емшектегі сәбиі бар әйелге ғашық болу Гюставтың өңі түгіл, үш ұйықтаса да түсіне кірмеген – ұятты іс. Бірақ ақылдың әміріне көнбей кететін сезімді ауыздықтауға кейде парасат құдіретінің де күші жетпей қалатын кездері болады екен-ау!
Түбіт мұрты енді тебіндей бастаған бозбала бір көргеннен Элизаға құлай ғашық болып қалып, ұйқысы қашып, таң атқанша кірпіктері желімденбей қойды. Қолын қанша созса да алыстағы айға жеткізе алмасын білгенімен, лапылдап жанып бара жатқан оттай сезімі басқа ештеңені ойлатпай, түнде төсекте жатып сөз құдіретінің сиқырымен сүйген жанының сүгіретін салды. «Ұзын бойлы, сымбатты, қыр мұрынды, көркіне ақылы сай – сұлу келіншек. Әдемі, сәнді таралған шәштары иығына төгіліп түсіп тұр. Қиғаш қастарының астындағы көздері жұлдыздардай жымыңдайды».
Замандастары жас кезінде Гюставтың өте көрікті, бойы ұзын, қасы көмірдей қара, әдемі жігіт болғанын айтады. Жазушының көзін көрген бикештердің бірі «Ол гректердің Құдайындай сұлу еді» деп Флобердің жігіттің сұлтаны болғанын есіне алады. Әрі дәулетті, әрі талантты, әрі көрікті азаматқа талай қыздар сыртынан ғашық та болып жатты. Алайда, кәмілетке толмаған бозбаланың жүрегіне өзінен бес жас үлкен, емшектегі баласы бар әйел біржола ұялап алды. Жатса да, тұрса да ол тек Элизаны қиялдап, аңсап, армандап, бір көруге асық болып, сүйген жүрегі тозақтың отында жанып, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылды.
Ғашықтық дерті рухын қаусыратып, жігерін құм қылғанымен ұялшақ, әрі кісікиік жігіттің ертең-ақ жібек матадай қолынан сусып кетуі мүмкін қымбаттысының қасына барып тілдесуге тәуекелі жетпеді. Жұлдыздары сүйіктісінің жанарындай жымыңдаған түндерде ойлап тапқан сұлу сөздерді айтуға қайта-қайта оқталып, батылы жетпей орта жолдан талай мәрте тоқтады. Амалы таусылып, Элизаға қалай жақындарын білмей жүрген күндердің бірінде ондай мүмкіндік аяқ астынан туа кетті.
Элизаның күйеуі тышқанның мұрнын қаната алмайтын адал, аузын ашса жүрегі көрінетін Гюставты жақсы көретін. Кейде екеуі кешке атпен серуендеп, көңіл көтеретін. Бір күні ол әйелімен теңізді тамашалап қайтуды ұйғарып, Гюставты да өздерімен бірге демалуға шақырды.
Жаны жай таба алмай жүрген бейбақ сол күні тұңғыш рет ғашығымен тілдесіп, ақ желкеннің астында иықтары түйісіп, бір-біріне жақын отырды. Махаббаттың аласапыран дауылы ішінде аласұрып жатқан бозбаланың қолы рабайда Элизаның көйлегіне тиіп кетіп, қасіреттің тәтті сезімі жүрегінің нәзік талшықтарын толқытып жіберді. Сұлу бикештің сыңғырлаған күлкісінен ләззат алып, тал шыбықтай бұралған мінсіз мүсініне ол сол күні көзі тоймай қайта-қайта қарады. Көңілі шаттанған Элиза мақпал дауысымен оған талай сыр шерткенімен, айдай сұлу арудың айтқан сөздерінің ешқайсысы да бақыттан басы айналып, абдырап қалған Гюставтың есінде қалмапты.
Ерлі-зайыпты Шлезенжерлер жаз аяқтала салысымен Трувильден кетіп қалды, Флоберлер де Руанға оралып, оқу жылы басталып Гюстав қайтадан мектеп партасына отырды. Сүюдің азабын ғана емес, енді міне айырылысудың күйігін де тартқан бозбала Элизаны ұмыта алмай, кеудесіне кептелген дыбыссыз өкісігін, сезім бұрқасынын кімге айтарын білмей қапаланды. Жүрегіндегі сынағын салған махаббат өрті өрши түсіп, есін жоғалтып, жынданған сезімімен арпалысты.
Екі жылдан кейін он жеті жасқа толған Гюстав сүйген жанына сөз айта алатын жасқа келгеніне көзі жетіп, өмірлік серігі болуға ұсыныс жасау үшін Элизаны іздеп Трувильге келді. Өкінішке қарай, қалаға құстай ұшып жеткенде Шлезенжерлер ол жақтан біржола кетіп қалған екен. Жанын қоярға жер таппаған Флобер дертіне дауа болатын емді енді шығармашылықтан іздеп, мұңын қаламға, жан сырын ақ параққа ақтарып ақынға айналып, кезінде бастап, кейін тастап кеткен «Есалаңның естеліктері» кітабын қайта жалғастырып, жазғы демалыста Элиза Шлезенжерді жолықтырып, оған қалай ғашық болғаны туралы повесін жазуға құлшына кірісті. Махаббат поэмасын жазып болғаннан кейін де ғашықтық дауылының бораны басылмай, қайта үдей түсіп, сезімін сүргілеп, санасын сансыратты. Неше түрлі ойлар жанын шырмауықтай шырмап алды.
О, Элиза! Элиза! Әлемнің сендей сұлулығын сүймеу мүмкін емес екен. Өзіңді өмірімнің өларасында жолықтырғанымда Жаратушының нұрынан жаратылған періште бейнені көрген бейбақтай есеңгіреп қалдым. Сол күннен бастап шын ғашық болудың қандай азап екеніне көзім жетіп, өзіңді аңсағанда жүрегім сағыныштан талай рет өртеніп кете жаздады.
Жаным, Элиза! Сенші маған. Мен сенің махаббатыңа бөленіп, жүрегіңді жаулап алу үшін ауыр-ауыр азап шектім. Сені кездестірмегенде бұлақтың суындай тұп-тұнық кіршіксіз сезімге өмір бойы шөліркеп өтер ме едім. Кім білсін?
Махаббат – Құдай екен. Өзіңді алғаш көргенде Құдайдың құдіретін сезгендей ақыл-ойым дуаланып, есімнен тана жаздадым. Сен менің жанымнан да ардақты,өмірімнен де қымбатты асылымсың.
Өмір деймін-ау! Бірақ сен жоқ жерде өмірде қандай мағына бар, Элиза. Мына жалған дүниені Сенің сәулең ғана жарық қылып тұрған жоқ па.
О, Элиза! О, Тәңірім! О дүниеден хабар келген күні менің де Сені аңсаумен өткен жанымның мәңгілікке тыныштық табарын білемін. Мәңгілік сапарға аттанарда жанымның сені ғана көргісі келіп, аласұратынын сезеді жүрегім. Жаным аспанға ұшып бара жатқан сол бір қайғылы сәтте Сен ғана мені аяп, өксіп-өксіп жылашы, Элиза!
Жанары жәудіреген Гюстав мұңға батқан түнгі аспандағы сынған бір семсердің шетіндей болып туған айға телміре қарады. Ғашық жүректің сырын біліп қойғандай болып жымыңдаған жұлдыздар көңілдің шыңырауында тұншыққан сезімдерін түрткілей түсіп Элизаны көргісі келген қомағай құштарлығы таң атқанша басылмай қойды.
***
Уақыт құстай ұшып, көзді ашып жұмғанша шашасына шаң жұқпай тағы екі жыл заулап өте шықты. Мәртебелі уақытты Құдайға теңегенімізбен оның да жүректі жаралаған ғашықтық дертін жазуға құдіреті жетпейтініне Гюставтың көзі анық жетті. Күн артынан сынаптай сырғанап күндер өтсе де Элизаны ұмыта алмады. Айлы түндерде тәтті ойлардың тылсымында жаны қысылып, оны ойлаумен жыл артынан жылды шығарып салды.
Он тоғызға толғанда мектепті бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсті. Төбелері көкке жеткендей болған әке-шешесінің қуанышы қойнына сыймай кетіп, ұлдарын Пиренея мен Корсикаға саяхаттауға жіберді. Бойы әжептәуір өсіп, бойжеткен қыздардың бәрі қызыға қарайтын сұлу жігіт ел көріп, жер көріп Корсикадан қайтарда Марсель қаласына аялдады. Ойыңда ештеңе жоқ ол сол күні таңертең теңізге түсуге барғанда қонақ үйдің жанындағы сәкіден Элизаны көріп қалғандай болып, жүрегі асау аттай тулап, көңілі алып-ұшып жас келіншектің жанына жетіп барды. Өкінішке қарай, сәкіде отырған Элиза емес, Элали Фуко есімді бөтен әйел болып шықты.
Екеуі танысып, әңгімелері жылдам жарасып кетті. Жас келіншек кемеде қызмет істейтін күйеуінің келуін тосып жүр екен. Талай-талай аққудай арулардың арманы болған сұлу жігіт тән рахатының дәмін татып үлгеріп, еркектің иісін аңсаған қатынның басын тез айналдырып алды. Бойларын билеп қуана ойнақ салған нәпсінің жыландарын жеңе алмаған екеуі құшақтары айқасып, тар төсекте табысып, сол түнді бірге өткізді.
Жас денесі аршылмаған жұмыртқадай әппақ әйелдің ыстық қойнынан жаны байыз тапқандай болған жігіт тасқындап келген сезімін тұсаулай алмай, сұлу келіншектің шиедей қызыл ернінен тістелеп сүйіп, төсін иіскеп, балдай тәтті тәнінің шәрбатына мейірін қандырып жатып Элизаны ойлап, кескін-келбетін көз алдына елестетті. Сүйіктісін аңсаған шақтарында көр азабына түскендей қинап, таңды-таңға ұрғызған азапты түндердің қарымтасын мына түн сәл де болса қайтарғандай ма, қалай? Әйткенмен, тұла бойын билеп алып, тамыр-тамырын қуалаған сезім толқындары басқа біреуді аңсайды. Сағынады. Үміт жалауын желбіретіп, қолын бұлғап алыстан шақырғандай болады.
Шыдамынан айырып, желіге мастанған нәпсісін қанағаттандырып, жалғыздықтан жабырқаған жүрегін жұбатқан мына әйелдің Элиза болып шықпағаны қандай өкінішті. Сүйген жанының тәніне тән сұлулықтың бәрі – түндей тұңғиық көздері, сымбатты мүсіні, толқынданып иығына төгілген қолаң шәші, қыпша белі, сыңғырлаған тәтті күлкісі.. бәрі- бәрі – құмарлықтың мастығына еліріп, қойнында торға түскен ақ сазандай тулап жатқан мына келіншектің бойында бар. Құдды, сойып қаптап қойған Элизаның сыңары ма, дерсің. Тек, жаны, жаны ғана Элизанікі емес. Нәпсіңді алдағаныңмен, жүрегіңді алдай алмайсың. Элали Фуконы көңілі ұнатқанымен, жүрегі сүймейді. Тәні тоят тапқанымен, сезімі қанағаттанбады.
Таң сібірлеп ата салысымен Гюстав кездейсоқ жағдайда жолыққан келіншекпен асыға қоштасты. Көңілінде өшпестей із қалдырған Марсель қаласындағы басынан кешкен махаббат оқиғасын ол өлгенше ұмыта алмады. Кейін бармағын шайнап өкініп, жұрттан сұрастырып Элали Фуконың қайда жүргенін сұрастырған кездері де болды.
Тіршілік қалыпты арнасына түсіп, таудың тентек өзеніндей сарқырап аға берді. Есіңнен тандыра жаздап, еркіңді билеп алатынына қарамастан, адамның өмірі махабаттан ғана тұрмайды. Екі аяқты пендеде одан басқа да міндеттер толып жатыр. Солардың бірі жоғары білім алып, өз жолыңды тауып, көңілің қалайтын сүйікті ісіңмен шұғылдану.
Өмірде өз орныңды таба алмағаннан үлкен қасірет жоқ. Өнерде - екібастан. Мейірімі мол Алла-Тағала адамның бәрін де талантты етіп жаратады. Алайда, жұрттың көбісі өз жолын таппай адасып, әуре-сарсаңға салынып, әбігерге түседі. Жақсы ғалым болуға қабілеті мол талантты адамдар кейде бойындағы біліміне сеніп қолынан келмейтін ісі – жазушылыққа, ақындыққа ұмтылып жібі түзу бір шығарма туғыза алмай, өмірден өтеді. Әрине, ақын немесе жазушы болу үшін білімнің керек екенін ешкім де жоққа шығармайды. Дегенмен, білімді адамдардың бәрі шетінен үлкен ақын немесе аса көрнекті жазушы бола алмайтыны да айдай ақиқат. Кейде, елге ұнағысы келген көңілшек сыншылардың біліміне бола кейбір қаламгерлерді аяғын жерге тигізбей мақтай жөнеліп, халықты адастыратын кездері бар. Француз классигі өмір сүрген уақытта жазушылықтың не екенін түсінбей адасып жүргендер француз әдебиетінде көп еді. Өмір шындығынан алыс шығармаларды мысықша балалатқан графомандар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптай бастаған болатын.
Жазушылықтың шытырман шырғалаңына түсіп кетпеуін ойлап алаңдаған Флобердің ата-анасы өз балаларының болашағы бұлыңғыр шығармашылықтан гөрі, пайда әкелетін нақты іспен айналысып, заңгер мамандығын алғанын ақыл көрді. Жүрегі қалағандықтан емес, қандай да бір кәсіпке бейімделу қажеттілігі туғандықтан Флобер білімін жетілдіру мақсатында құқық пәнін одан әрі тереңдете оқи түсу үшін Парижге аттанды.
Заңгер емес, пешенесіне ұлы жазушы болу тағдыры жазылған суреткер іш пыстыратын ғылыми кітаптарды оқи алмай көңілі құлазып, университеттегі темірдей тәртіптен жалығып, атақтан, байлық пен мансаптан басқа ештеңені ойламайтын, талғамы төмен, санасында сәуле жоқ замандастарын жек көре бастады. Тоғышарлықтың торына түскен байғұстардың ішінде мұңдасуға тұрарлық бір тірі жанның табылмағанын қарасайшы. Кіммен сөйлесерін білмей қапаланған Флобердің ақымақ тобырдың дауыстары естілмейтін қиял патшалығының мекеніне кіріп алып, есігін құлыптап тастап, жан сырын ақ параққа ақтарғаннан басқа амалы қалмады. Элизаны сағынып жүргенде Элали Фуконы қалай кездестіргені, әдемі әйелдің оттай ыстық құшағында қалай балқығаны ойына оралып «Қараша» атты повесін шабыттанып жазып тастады. Шығармада Элали Фукомен екеуінің арасындағы болған бір күндік махаббат ойынының оқиғасы суреттелгенімен, басты кейіпкердің кескін-келбетін ол Элизаның көркіне тән сұлулық нәшімен өрнектеді.
Айтпақшы, сол жылы тағдырдың бұралаң жолы Элиза екеуінің жолын тағы да түйістірді. Сүйген жанының ай дидарлы жүзін көруді құмартып жүрген Гюстав бір күні сылтау тауып Морис Шлезенжердің кеңсесіне бас сұғып, бұрынғы таныстығын қайта қалпына келтірудің амалын тапты. Ойында ештеңе жоқ Морис жас жігітті үйінен түскі ас ішіп кетуге шақырды.
Элизаны қайта көру бақытына қолы жеткен Гюставтың таңданысында шек болмады. Дауылды жылдардың жаңбыры да, өткен уақыттың бұрқасындатқан бораны да ғашығының сұлу сымбатына сызық түсіре алмапты. Қайта ол бұрынғысынан да әдемі болып, гүлдей құлпырып кеткен бе, қалай? Жүрегіне шоқ салған уыздай жас келіншекті алғаш көргенде ол бозбала еді, ал, қазір ат жалын тартқан - зіңгіттей азаматқа айналды. Бойындағы құмарлықтың құштарлығы әлі басылмаған жігіт жүрегінде махабат оты қайта маздады. Сүйгеніне қосылатын күн туса оның жолына шыбын жанын құрбан етуге ол дайын. Шешендік пен шеберліктің бәрі бойында бар болғанымен жүрегінің түбінде жасырынған асыл сөздерін жеткізуге гауһар тілінің шамасы келмей қойғанын айтсайшы. Жанына жақындап қалса не дерін білмей сасқалақтап, тілі күрмеліп, жүрегінің түйінін жаза алмай азаптанғанын қарасайшы.
Ғашықтық дерті қайтадан жанын жалындай шарпыған бұл күндер Гюставтың өміріндегі ең бақытты кезеңі болды. Шеленжерлердің отбасымен баяғыдай араласып, үйлеріне жиі барып, кейде олармен бірге саяхаттады. Амалын тауып ақыры бір күні Гюстав ғашығына сезімін білдіріп, сөз айтты. Ішінен қатты қобалжыған ол бәрінен бұрын сүйіктісінің өкпелеп қалатынынан қатты сескенген. Бірақ, Элиза өзіне деген ойы бар ғашық жігітке ренжіген жоқ. Алайда, «достық қарым-қатынастан басқа еш нәрседен дәмеленбеуін» албырт жасқа қатаң ескертті.
Гюставтың көзіне сүттен ақ, судан таза періштедей болып көрінген Элиза Шлезенжер тағдыры қызық әйел болатын. 1836 жылы Флобер онымен алғаш танысқанда жұрттың бәрі оны Морис Шлезенжердің жұбайы санайтын. Алайда сұлу бикеш ол жылдары алаяқтығы үшін қаржылық дау-дамайға ұшыраған Эмиль Жюдза деген біреумен заңды некеде тұрған болып шығады. Бас бостандығынан айырылу қаупі төніп, сотты болған азаматтың берешек ақшасын Морис Шлезенжер өз қалтасынан төлеп, оны түрмеден құтқарып қалады. Жасаған жақсылығы үшін ол Жюдзеге әдемі әйелін оған тастап, Франциядан біржола кетуін сұрайды. Жюдзе келісіп, Элиза заңды емес екінші күйеуімен өмір сүре бастайды. Ерлі -зайыптылардың ажырасуына ол кездері заң жүзінде рұқсат етілмегендіктен 1840 жылы яғни, Эмиль Жюдзе қайтыс болғаннан кейін ғана Морис пен Элиза некелерін заңдастыра алды.
Шлезенжерлердің шаңырағымен жақын араласқан адамдардың айтуынша кербез келіншек Мористы жақсы көрмеген. Елден кетіп қалғанына қарамастан алғашқы алаяқ күйеуін өлердей сүйіп, оны бір көруге асық болған. Неліктен Элизаның өзін жанынан да артық жақсы көріп, тағдырын талақ етуге дайын Гюставтың қолынан ұстап кете салуға тәуекел етпегенін түсіну қиын емес. Баспанамен қамтамасыз етіп, жеке басына жасаған жақсылықтары үшін ол екінші күйеуіне шексіз қарыздар-тын. Оның үстіне Мористен сүйген баласы да бар.
Ғашықтық дерті бойды жеңбей қоймайды. Біреуді бар ынтасымен сүйген адамның жанары маңдайында емес, жүрегінде болатыны шындық шығар. Ал, ғашық жүрек аспандағы шырақтай жанған жұлдыздардың ішінен біреуін ғана көріп, одан басқа ештеңені байқамай есінен танады. Гюстав та қаптаған қыз-қырқындардың бірде-біреуіне назар аудармай Элизаның қыр соңынан көлеңкесіндей қалмай қойды. Екі байының ортасында басы қатып, миы ашып жүрген сұлу қатын сөзін жауапсыз қалдырса да үмітін үзбеді.
Бетінің қызылы бар ұрғашы көрсе сезімін тежей алмайтын Морис Шлезенжер әйелінің көзіне жиі шөп салатын. Күйеуінің осындай жаман әдеті бар екенін Элиза жақсы білетін. Екеуі сол үшін жиі-жиі ұрысып та қалатын. Махабатқа тұрақсыз күйеуінің жеңілтек мінезінен шаршаған келіншек бір күні Флобердің сезіміне жауап беріп, жігіттің пәтерінде кездесуге келісімін берді.
Жабырқаған қайғының тұсауында жүрген жігіттің көңілі жаздай жадырап кетті. Алыстағы сағымдай мұнарланған арманына қолы жеткенін ойлағанда сәулелі сұлу жарды аңсаған жүрегі лүпілдеп, көңілі тыныштық таппай, жүзінде ыстық қан ойнады. Элизаның белінен қапсыра құшақтап, ажары таймаған тұңғиық қара көздерінен, ақ тамағынан қалай сүйетінін қиялдағанда іштегі ыстық жалыны сыртқа шыққысы келіп тіленіп, жанына маза бермей аласұрды.
Асау сезімін отқа салған жігіттің арманы орындалмады. Уәдесін бергенімен екеуі кездесуге уағдаласқан пәтерге Элиза келмеді. Француз классигінің өмірінде болған бұл оқиға «Сезім тәрбиесі» романында көрініс тапты. Ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдар, бар жан-тәнін салып тырысқанына қарамастан Элиза Шлезенжердің еш уақытта да Флобердің көңілдесі болмағанын айтады.
Флобердің өмірінде Элиза Шлезенжер мен Элила Фукодан басқа Луиза Коле есімді әйелдің болғаны да бізге белгілі. Екеуінің арасындағы болған махаббат драмасына біз сәл кейінірек тоқталармыз. Оқырманды тап қазір Луиза Коледен гөрі, француз классигінің еркін билеп алып, есінен тандыра жаздаған ғашығы Элиза Шлезенжердің тағдыры қызықтырып жатқанын іштей сезіп, осы бір махаббат оқиғасының қалай аяқталғанына тоқталып, әңгімеміздің нүктесін қойғанды жөн санадық.
Сөзіміздің басында біз Гюстав Флобердің бір ғана әйел – Элиза Шлезенжерді ғана өмірден сүйіп өткенін айтқанбыз. Өмірінің соңында оны жазушының өзі де жұртқа жария етіпті. Бір күні әдебиеттегі әріптестері Теофиль Готье, Ипполит Тэн және Эдмон Гонкурлармен бірге мейрамханадан кешкі ас ішіп отырып, ол өте қызық мәлімдеме жасайды. Ұлы жазушы өмірінде бір ғана келіншек - Элиза Шлезенжерді ғана шын ниетімен сүйгенін, басқа әйелдердің бәрімен де жүрегін оттай жандырған жалғыздық дертінен арылу үшін ғана көңілдес болғанын мойындайды. Бірақ тағдыр жолықтырған бірде-бір әйелдің қиялындағы қол жетпес арманы болған Элизаның орнын алмастыра алмағын айтып, мұңға батады.
1871 жылы Морис Шлезенжер дүние салды. Элизаның екінші күйеуі болған, алаяқтыққа жақын азаматтың биржадағы авантюралары сәтсіз аяқталып, ол әйелімен бірге Баденге қоныс аударып, сол жақтан ажалын тапты.
Күйеуі өлгеннен кейін, екеуінің ең алғаш кездескеніне отыз жыл өткенде Флобер өз ғашығына өмірінде тұңғыш рет махаббат хатын жазды. Элизаға жолдаған хатының алғашқы сөйлемін әдеттегідей «Мадам» деп емес, «Менің ең алғашқы, өмірдегі жалғыз махаббатым!» деген сөздермен бастады.
Флобердің хаты Элизаның жүрегін елжіретіп, сезім толқынысына салды. Өзіне ғашық болған ұялшақ жігіттің кескін-келбеті көз алдына келді. Ашық теңізде, ақ желкеннің астында иықтары түйісіп, бір-бірінің демін сезіп сырласқан бақытты күндері есіне түсті. Құштарлық сезімін жүгендей алмаған ниеті жаңа жауған қардай әппақ есалаңның көңілінде сол күні қандай жынды құйынның құтырып, жанына тыныштық бермегенін Элиза қайдан білсін. Бәрі де көрген түстей өте шықты.
Хатты оқи салысымен Элиза жылдам жиналып ертегі жылдардың елесін қуып Флоберді бір көру үшін Круассеге келді. Отыз жыл бұрынғы аласұрған сезімдері қайтадан көңілінің бір түкпірінен жыландай басын көтеріп, Гюстав та өз ғашығымен кездесуге асықты. Алайда сұлулықтың да Уақыт-Құдаймен тіресуге шамасы келмейді екен.
Элиза қатты қартайып кетіпті. Жарық жұлдыздардай жымыңдаған жанары суалып, майы таусылған шамдай сөне бастапты. Тажал тағдыр байғұс әйелдің сұлулығын аямай талқандап, бұрынғы әдеміліктің ізін де қалдырмапты. Шәші ағарып, бетін әжім басып, салдырап қу сүйегі ғана қалыпты.
Ертегідей әдемі өмірді армандаған байғұс қатын тиген екі байынан да опа таппады. Бірінші күйеуі, түрмеден басын аман алып қалу үшін, керек емес кезде сатып жіберетін асыл бұйымдай оны бөтен еркекке қиып, бере салды. Екіншісінің де айдай сұлу аруды ұшпаққа жеткізгені шамалы. Еркек біткеннің бәрі қызыққан әдемі қатыны болғанына қарамастан, бөксесі бұлтыңдаған ұрғашы көрсе, өзін ұстай алмайтын жаман әдетінен арыла алмай қойды. Оны мына жалғанда шын сүйген, ол үшін жанын құрбан етуге дайын бір ғана адам болыпты. Ол – Флобер. Жасы алпысқа таяп қалған кемпірдің енді ғана осы шындыққа көзі жетті. Әлде, он екіде бір гүлі ашылмаған бозбаланы бақытсыз еткісі келмегендіктен, кезінде оны әдейі түсінгісі келмеді ме?
Жендет уақыт Флоберді де аямады. Өмірінің соңғы жылдарын Круасседе өткізген француз классигі шығармашылықтың қызығына беріліп, сыртқа көп шыға қоймайтын. Күніне он төрт, он бес сағаттан жұмыс істеу оны қатты қалжыратып, жүйкесін жұқартып, қартайтып жіберді. Оның үстіне ол бұрқыратып темекіні де көп шегетін. Қатыны жоқ еркектің күтімі де болмайды. Отыздан асқанда Флобердің шәштары түсе бастап, дұрыстап тамақтанбағандықтан денесі де тез толып, семіріп кетті. Бір сөйлемді жазуға кейде бір күнін арнайтын суреткер қаржылық тапшылықтың азабын да қатты тартты. Ал, «Бовари ханым» романының төңірегіндегі дау-дамай жазушыны бұрынғыдан бетер қатты күйзелтіп жіберді.
Өткен-кеткенді еске түсіріп, екеуі ұзақ сөйлесті. Ұлы жазушыны бақытты ете алатын Құдай берген мүмкіндікті өз қолымен қиратқанын Элиза енді ғана түсінді. Бұл Флобер мен Элизаның ең соңғы рет кездесуі болды. Көп уақыт өтпей ұлы суреткер дүниеден өтті.
Флобер қайтыс болғаннан кейін бір жылдан кейін француз классигінің досы Максим дю Кан жаз кезінде Баденде демалады. Сауық-сайран құрып жүрген күндерінің бірінде ол адасып Илленауда орналасқан жындыхананың жанынан бір-ақ шығады. Ақыл-есі ауытқыған науқастар жататын аурухананың ауласында сырқат әйелдер серуендеп жүр екен. Бір топ әйелдің ішінен егде тартқан біреуі оған ізет танытып, басын изеп қасынан өте шығады. Максим дю Канмен амандасқан бейтаныс кемпір француз классигінің жүрегін оттай жандырып, өмір бойы сүйіп өткен ғашығы Элиза Шлезенжер болатын.
***
Тіршілікте адамды дүниәуи қызығынан құр қалдырып, жан тыныштығына зар қылып қоятын қауіпті дерттің бірі – сөз өнері. Ойдың дәнегі өзегіне түсіп кетіп, бүршік атқаннан бастап, ақынның пенделік азаттығы кісенделіп, ол бүкіл сезімін, ақыл-ойын, ерік-жігерін билеп-төстеп алатын шығармашылығының тұтқынына айналады. Әлемге әйгілі қаламгер Габриэль Гарсиа Маркес «Өмірді жырлау үшін өмір сүру» атты естеліктер кітабында жазу үстеліне отырмау үшін үнемі сылтау іздеп өткенін жасырмапты. Өйткені, құйрығы орындықты иіскеген күннен бостандығы құрықталатын қаламгер айлар, кейде жылдар бойы мүлде басқа әлемде өмір сүріп, тәуелсіздіктің таза ауасымен тыныстай алмай, рахат іздеген жанын тар бөлмеде тұншықтырып, өз еркімен оны шығармашылықтың түрмесіне қамайды.
Жазушылық дегеніміз бақытсыздық қана емес, сонымен бірге, «жүрегіңде туған асыл сезімдеріңнің бәрін жалмап жеп қоятын – қауіпті дерт» екенін Бальзак жақсы байқаған. Зады, ұлы талант дегеніміз жұрт айтып жүргендей ешқандай да Алланың елшісі емес, маңдайында елге көрінбейтін тағы бір жанары бар – Құдайдың үшінші көзі болса керек. Шығармашылық дерті асқынғанда дүние-жалғанның пенделік қызығын ұмытып кететін, жанын тозақтың пешіне лақтырып сынап, өнерін ғана өліп-өшіп сүйетін әпендені дені сау адамдардың қатарына қосу қиын.
Жапон жазушысы Рюнеско Акутагаваның «Тозақтың азабы» әңгімесі есіңізде шығар. Таңдаған тақырыбымызды талдап, ойымызды өрнектеуге қажет материал болғандықтан және шығарманы оқымағандардың да бар екенін ескеріп, ондағы қорқынышты оқиғаны мейлінше ықшамдап мазмұндап бергенді жөн көрдік. Акутагаваның әңгімесінде ертеректе сарайда қызмет істеген, түрі маймылға ұқсайтын ұсқынсыз, жасы елуден асқан Есихидэ есімді суретшінің тәлкекке ұшыраған тағдыры баяндалады.
Қылқалам шеберінің туындылары туралы ел ішінде неше түрлі қауесет тарап, желдей есетін. Жаныңды түршіктіретін сондай өсектердің біріне сенсеңіз, ол салған әйелдердің бәрі шетінен азап шегіп, қырылып қала беретін көрінеді. Талантын көре алмайтын тағы біреулердің айтуынша, оның картиналарында адамның сезімін сиқырлап, басын айналдырып алатын дуа бар. Қауесетке құлақ аспайтын суретшінің мына жалғанда екі үлкен бақыты болатын - сүйікті қызы мен өнері.
Ұлы мәртебелі бір күні Есихидэні шақырып, оған тозақтың азабы бейнеленген картинаны салуға тапсырыс береді. Екі-үш апта бойы сарайға ат ізін салмаған суретші шын тозақтың қандай болатынын елестете алмай, қатты қиналады. Шәкірттеріне тәжірибе жасап, оларды азаптап өлтіріп қоя жаздайды.
Жиырма күннен соң Есихидэ ұлы мәртебелінің қабылдауына сұранып, неліктен картинаны аяқтамағанының себебін түсіндіреді. Ол картинадағы көріністің қақ ортасында отқа оранған күйменің ішінде жанұшыра айғайлап өртеніп бара жатқан әйел бейнесін салғысы келетін тілегін айтады. Көзімен көрмегенді қиялымен жеткізе алмайтынын мойындап, ұлы мәртебеліден осындай қорқынышты оқиғаның куәгері болғысы келетін ниетін білдіреді.
Бірнеше күннен кейін ұлы мәртебелі оны қала сыртындағы үйіне шақырып, түн ортасында оған ішінде қол-аяғы мықтап байланған әйел отырған күймені сыртынан көрсетеді. Күймені жағып жіберуге бұйрық берерінің алдында пердені ашқызып, ішінде кімнің отырғанын көрген суретші есінен танып қала жаздайды. Мына сұмдықты қараңыз. Күймедегі орындыққа арқанмен көгенделіп тастаған еш жазығы жоқ бейшара Есихидэнің жанындай жақсы көретін жалғыз қызы болып шықты. Енді бәрі де кеш. Ұлы мәртебелі райынан қайтпайтын, ойлаған ісін соңына жеткізетін - қатыгез әмірші.
Бұйрық берілгенде Есихидэ қызын құтқару үшін отқа оранған күймеге қарай жүгіргісі келіп, кенеттен бір орнына тапжылмай тұрып қалады. Байғұс қыздың қалай азаптанып өлгеніне куә болғандар, шын мәнісінде де тозақтың азабын көздерімен көргендей жаман әсер алып, төбе шәштары тік тұрады. Алайда, дәл осы сәтте бойындағы сезімін шығармашылықтың сайтаны жеңген суретшінің жүзі бал-бұл жайнап қоя береді. Жалғыз қызының қаза табуының себепкері және куәгері болған Есихидэ тапсырманы орындап, өнер туындысын аяқтап, келесі күні өзіне қол салып, дарға асылып өледі.
Шығармашылық дерттің қандай қасірет екенін білмейтін қарапайым адамға неліктен суретшінің қызын құтқаруға тәуекел ете алмағанын түсіну қиын, әрине. Жо, жо, жоқ. Есихидэнің өлімнен қорқып немесе ұлы мәртебелінің қаһарынан қаймығып тұрғаны шамалы. Бастапқыда оның бойында қарапайым пенденің бәріне тән әкелік сезімі оянып кетіп, қызын ажалдан аман алып қалу үшін отқа оранған күймеге қарай жанұшыра жүгіре жөнелгісі келді. Әйткенмен, келесі мүйнетте қиялындағы болашақ картинасының материалын көргенде оның бойындағы адамдық инстинктті шығармашылықтың эстетикалық құдіреті жеңіп кетті.
Өнер адамының - үшінші көзі, суреткердің бағы ғана емес, сонымен бірге соры да. Ол өмірдегі кез-келген құбылысты, тіпті, халықты қынадай қырып, зар илеткізген қайғы-қасіреттер – табиғи апат, індет, ашаршылық, қанды-қырғын соғыс т.с.с. бәрін де алдағы уақытта жазатын шығармасының тақырыбы ретінде зерттейді. Ұлы суреткер бөтен біреу түгіл, өз жүрегінде болып жатқан құбылыстарға да эстетикалық қызығушылықпен қарамай тұра алмайды. Қарапайым адам бір әйелді жан-тәнімен сүйіп, жүрегінің құпиясын ашып, сезімін білдіргенде ол оны еш есебі жоқ, риясыз көңілмен жеткізеді. Басқаларға қарағанда сезімге көбірек берілетіндей болып көрінетін шығармашылық тұлға әйелдің оттай ыстық құшағында балқып жатып та үшінші көзімен осының бәрін де сыртынан бақылай алатын қабілетін жоғалтпайды. Шын суреткер итжеккенге айдалып кетсе де, науқастанып қалса да, өлім жазасына кесілсе де.. соның бәрін сыртынан бақылап, жан-тәнімен берілген сүйікті ісіне адал болып қалады.
Жазушы ұлы психолог. Ол бөтен біреу түгіл, өз жүрегіндегі жалғандықтарды да аяусыз әшкерелеп, оны да шығармашылық материал ретінде пайдаланып, шындығына оқырманды шүбәсіз сендіреді. Набоковтың сөзімен айтқанда, суреткер дегеніміз болмаған оқиғаны болғандай етіп суреттеп беретін - ертегіші. Сондықтан да ол кісі өлтірген қылмыскердің, күйеуінің көзіне шөп салған әйелдің.. бір сөзбен айтқанда күнәға белшесінен батқан бейбақтардың әңгімесін мына біз сияқты жиіркеніш немесе аяушылық сезіммен емес, құдды сол оқиғалардың ортасында өзі жүргендей еліріп, эстетикалық ләззат алып, есі кете жаздап, айызы қанып тыңдайды. Шын мәнісінде сырт көзге мейірімді, жүрегі жұмсақ болып көрінетін суреткер расында да өмірде сондай адам болуы мүмкін, ал, өнерінде аяушылықтың не екенін білмейтін - қатыгез талант. Мінездері өте биязы, жандары жібектей нәзік болған ұлы қаламгерлер Гюстав Флобердің «Бовари ханым», Антон Чеховтың «Ұйқым келеді», Бейімбет Майлиннің «Күлпәштағы» адамның үмітін тас-талқан етіп қиратудан тайынбаған өнердегі шектен шыққан рақымсыздығы есіңе түскенде, жаның түршігіп қана қоймай, бойыңды үрей билейді.
Көпшілікке қызықты болу үшін, біз өз еңбегімізде Гюстав Флобердің басын мұнарлаған махаббат драмасын шамамыз келгенше жазушылық (суреткерлік деп өтірік мақтанбай-ақ қояйын) тәсілмен баяндап беріп, шындығына сендіртуге тырыстық. Әлбетте, қаншалықты оны жүзеге асыра алғанымыздың бағасын беретін өзіңсің – қымбатты оқушым. Оқиғаға әдебиетшінің емес, жазушының көзімен үңілгендіктен, француз классигінің өмірінде болған махаббат драмасын мейлінше шынайы етіп көрсетуге бар күшімізді салғанымызды жасырмаймыз. Жазушылық жанармен үңілгенде суреткердің Элизаны шын сүйгеніне байланысты біздің күпті көңілімізге күдік ұялаған жоқ. Дегенмен, ұлы шығармалар туғызған ақындардың қандай өтірікші халық екенін жақсы білетін сыншы ретінде осы оқиғаны егжей-тегжейлі саралап ой сүзгісінен өткізгенде Флобердің күйеуі мен емшектегі баласы бар қатынға деген сезімінің риясыз болғанына деген сенімімізге селкеу түсті. Неге дейсіз ғой?
Әлімсақтан белгілі. Прозаиктің көп ретте оқиғаны таразылау мен талдаудан гөрі, майын тамызып әңгімелеп беруге жаны құштар. Жазушы үшін солай болған немесе тіпті болмаған дүниені шынайы етіп шеберлікпен жеткізу - бәрінен де маңызды. Міне, осы тұрғыдан алғанда Флобер мен Элизаның қарым-қатынасы мен бір-біріне деген сезімін жазушылық көзбен баяндап беруде өз міндетімізді адал атқардық деп ойлаймыз.
«Парасаттың құдіреті бәріне сене беруде емес, күмәнмен қарауда» (Мишель Левассар) екенін көңіліне түйген сыншының шынайылықтан гөрі, шындыққа бүйрегі бұрып тұратыны бесенеден белгілі. Ал, шындық сіздің ойдан шығарған әдемі ертегіңіздің күлін көкке ұшырады. Тіпті, кейде елдің көңілінде күмән туғызбайтын сұлу сезімдерден де жалғандықтың ұшқынын көріп қалады.
Гюстав Флобер артына Бальзак пен Толстой сияқты том-том туындылар қалдырмаған суреткер. Ұлы қаламгердің 1956 жылы «Правда» баспасынан жарық көрген толық томдық шығармалар жинағы бес томды құрайды. Сол бес томдықтың екеуі француз классигінің хаттары екенін ескерсек, оның барлық әдеби мұрасы үш-төрт роман, бірнеше повесть пен әңгіме ғана. Ақ сөйлеп, адалын айтсақ, жазушының «Бовари ханымнан» басқа шығармаларының бәрі – кемеліне жетпеген сәтсіз туындылар.
Шындықты іздеген сыншы ретінде шығармаларынан гөрі Флобердің хаттары біздің қызығушылығымызды көбірек туғызғанын несіне жасырайын. Асылы, шынайылыққа жаны құштар суреткер шындығын шығармаларынан гөрі, күнделіктері мен хаттарынан іздеген ләзім. Сол себептен де француз классигінің екі том хаттарын шолып шыққаннан кейін, оның Элизаға деген сезімінің риясыз болғанына қатысты біздің күдігіміз бұрынғыдан да күшейе түсті. Көңіліміз нілдей бұзылып, ұлы жазушының мына дүниеде Құдайдан тілеп алған дерті – сөз өнерінен басқа ешкімді де, ештеңені де сүймегеніне көзіміз жетіп, көңіліміз сенгендей болды. Флобердің хаттары шығармашылық тұлғаның жан дүниесіндегі қарама-қайшылықтарды түсінуге көп пайдасын тигізді. Классиктің эстетикалық және философиялық дүниетанымында «өнердің өмірден де биік болғаны» туралы шындығын ашып берді.
Он үшке енді ғана толған бозбала Гюстав мектепте оқитын достарының біріне жазған хатында «Егер де менің ақындық қиялымда он бесінші ғасырдағы француз королевасы болмаса, мен мына өмірден түңіліп, атылып өлер едім» деп мұңын шағады. Тағы бір жылдан соң «Құдайлық сұлулығымен жер жүзіне мәңгі патшалағын құрған барлық халықтардан да, тәждерден де, билік құрушылардан да биік ұлы өнермен айналысайық» деп әдебиетке адал қызмет етуге шақырады. Қырық жыл өткеннен кейін ажал сағаты соға бастағанда да өнеріне ғана адал болып қалған суреткер «Адам құндылық емес, өнер - құндылық» деген ойынан танбады.
Ендеше өнерден басқа еш құдіретті мойындамаған және шын пейілімен беріліп сүймеген француз классигінің жалғыз Элиза Шлезенжерді ғана емес, өмірдің шырғалаңында жолықтырған біз білетін Элали Фуко, Луизе Коле, сонымен бірге біз білмейтін көптеген әйелдердің бәрін де риясыз көңілмен жақсы көргеннен гөрі, шығармашылығына керек құнды материал ретінде қарастырғанына қатысты қандай күмән болуы мүмкін.
Атақ-даңқ дәметіп, қызмет қуып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болуды ғана армандайтын тоғышар пенде жазушылықты қолы жеткен бақыты санап, одан тобырдың құрметі мен қошеметіне бөленетін ләззат іздейді. Нағыз суреткер үшін өнер – жаныңды азапқа салатын дерт. Шығармашылықпен алаңсыз айналасу үшін кейде ол отбасы құру бақытынан да бас тартып, өз өмірін өнерінің алдында құрбандыққа шалудан тайынбайды.
Ұлы жазушылардың, суретшілердің, музыканттардың көп жағдайда мінездері жеңілтек, махаббатқа тұрақсыз, қатынқұмар жандар болып келетіні құпия болудан қалғанына қай заман. Адамгершілікті жырлаған ақынға деген махаббаты шексіз оқырманның сезімін құрметтегендіктен көп ретте біз тұлғаның шығармашылық психологиясын (психология творчества) ашудағы кілті болып табылатын бұл тақырыпқа маңайламауға тырысып, оған жолап кетуден ат-тонымызды ала қашамыз. Сау басына сақина тілеп алғысы келмейтін ғалымдар, сыншылар мен әдебиетшілер өнерден гөрі, оның төңірегіндегі өтірікпен айналысқанды ақыл санап, бүгінгі таңда шығармашылық тұлғаны әулиеге, абызға, тіпті, пайғамбарға айналдырып жібергеннен тапқан пайдамыз – өкініш. Мәденнеті төмен қоғамдық пікірге немесе тарихи себептермен қалыптасқан моральға қарсы шығудан қаймыққандықтан біз өнердегі тұлғалардың бәрін аяғын жерге тигізбей, көкке көтере өтірік мақтап, көзсіз табынып шындықтың ауылынан алыстап барамыз. Өнердің басты тақырыбы адам екенін біле тұрып, біз шығармашылық тұлғаны мінсіз етіп көрсетуге бар күш-жігерімізді салып, оның табиғатындағы шындықты іздеп адасқан адамды жоғалтып алдық. Ал, адам жақсы істердің жаршысы болған әулиелігімен, абыздығымен, пайғамбарлығымен ғана емес, сонымен бірге күнә жасап қойып одан арылғысы келіп азап шеккен қасіретімен де адам. Дей тұрсақ та айтуға ғана жеңіл, ал, ақиқатында өте нәзік, сонымен бірге абайламасаң қолыңды ұстарадай қиып кететін бұл тақырыпқа адамдық моральдың емес, өнердің заңғар биігінен қарағанда ғана аңызға айналған ақын шындығының шеті менмұндалайды.
Шығарманың ең қатал да, кірпияз сыншысы оқырманға суреткердің өз туындысын қандай жолмен өмірге әкелетіні бәрібір. Сұлулыққа көңілі құштар ол барлық уақытта да ақыннан ұлы сезім мен ұлы идеяны талап етеді. Дегенмен, суреткердің сол ұлы идея мен ұлы сезімді жақсылықтарға ғана емес, сонымен бірге жамандықтарға да жанаса жүріп іздейтініне ол көп мән бермейді.
Әлем әдебиетінің тарихында әйелдің нәзік сезімін, психологиясын, бір сөзбен айтқанда жан әлемін асқан шеберлікпен жеткізген екі ұлы суреткерді ерекше жақсы көремін. Олар - Тургенев пен Флобер. Бір қызығы екеуі де жанұялық бақыттың дәмін татпай, өмірден бойдақ болып өтті.
Флобердің замандасы Тургеневтің тіпті ер-азамат үшін жеке басының азаттығынан артық бақыттың жоқ екенін айтып, бойдақтығын мақтан еткенін де жақсы білеміз. Бойын кәрілік жеңген шағында ғана ол бұл ойынан айнып, керісінше, отбасы құрудың маңыздылығын насихаттап, үйленбеген азаматтың қартайғанда ешкімге керегі болмай қалатынын өкінішпен мойындады.
Екі ірі суреткердің де қолдарына құсын қондырып, перзент сүйгізіп, жандарын жәннат бағына айналдыратын серігін таба алмағаны өкінішті әрине. Алайда оған, Тургенев пен Флобердің өздері кінәлі. Тағдыр жолықтырған арулардың бірінен өз бақытын тапқанда, өмірлері гүлдей жайнап басқаша болар ма еді? Кім білсін? Әйткенмен, олар өз өмірлерін өнер жолында құрбан етпей, бір әйелге ғана арнағанда қаламдарынан нәзік жандылардың қайталанбас образдары тумауы да ықтимал емес пе? Бальзактың әйгілі романдарының бірінде «ұлылықтың – қауіпті дерт» екенін айта келіп, «адам дертті жеңе ме, әлде дерт адамды жеңе ма?» деп өнердің жанды арбап алатын сиқырынан қауіптенетін тұстары да бар. Тургенев пен Флобердің жағдайында өнердің дерті адамды жеңді. Әйтпесе, адам баласы үшін сүйген жаныңмен фәниді бірге өткізіп, перзент сүйгеннен артық қандай ғанибет болуы мүмкін. Айтыңызшы, қандай?
Әйткенмен, нәзік жандылардың шынайы бейнелерін сомдау үшін тағдырын талақ етіп, әйел көрсе ақыл-есінен айырылып, жан денесін бергенше байыз таппаған Тургенев пен Флобердің өмірде ғашық болған аруларының мінездері де, табиғаты да, моральдық көзқарастары да бір-біріне ұқсамайды. Тургенев жаны кіршіксіз таза, сүйген жанына деген сезімі адал, ішкі мәдениеті биік әйелдерді жан-тәнімен сүйіп, махаббаттың ғаламаттығын жырлады. Флобердің керісінше өмір бойы, байдан байға тиіп жүрген, сезімі тұрақсыз, мәдениеті төмен, мінездері жеңіл тоғышар қатындарға қарай көңілі магниттей тартылып тұрды. Француз классигінің Элиза Шлезенжер мен Элали Фукодан кейінгі, сүйген дегеннен гөрі, келешекте дүниеге келетін туындысына керек шығармашылық материал ретінде зерттеген әйелі – Луиза Коле болды.
***
Луиза Колемен екеуінің арасындағы махаббат драмасын әңгімелемес бұрын, ұмытпай тұрғанымда Флобердің тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберіп, жазушылық жолға түсірген бір маңызды оқиғаның тарихына қысқаша тоқтала кетейін.
1844 жылы ағасымен бірге Руанға келе жатқан түнде Гюстав кенеттен талып, құлап қалады. Сүт пісірім уақыттан кейін есін жиып, көзін ашып қараса үсті-басының бәрі қызылжоса қан. Бауырын үйге кіргізгеннен кейін дәрігер ағасының жаны қалмай, қолынан келген ем-домын істейді. Шарап ішіп, темекі шегіп, еті бар тамақ жеуіне тиым салады. Соған қарамастан ұстамалы ауруы бірнеше мәрте қозып, бауырының жаны жаман күйзеліп кетті.
Кездейсоқта тап болып, елді аң-таң қылған белгісіз дерттің шын себебін ешкім анықтай алмай қойды. Бұл не ауру өзі? Неге бұрын-соңды сырқат белгілері байқалмаған сап-сау жігіттің денсаулығы кенеттен сыр берді? Әлде бұл жан тыныштығын ойламай, салы суға кетіп, сарыуайымға салына бергендіктің нәтижесі ме? Мүмкін бақыт құсын қолына қондыра алмағандықтың залалы шығар? Материалдық игілікке аса қатты алаңдамайтын және қызықпайтын, бір басына жетерлік дәулеті бар жігіттің жүйкесін жұқартып, жанын кемірген не қайғы? Шынында да адам түсінбейтін ақылға симайтын – қызық жағдай.
Дәрігерлер түрлі болжам жасап, сан-алуан қырынан талқыласа да қауіпті дерттің нағыз себебін анықтай алмады. Көптің ішінде «бәлкім қояншық ауруы шығар», деп ойлағандар да жоқ емес.
Әдетте, мұндай жағдайда суреткердің туған-туыстарының айтқанына жүгінуге тура келеді. Неге екені белгісіз, Гюставтың немере қарындасы өз естеліктерінде бұл тақырыпты айналып өтіп, науқас ағасының дерті жөнінде бір сөз айтпапты. Әлде әлем мойындаған бауырының абырой-беделіне нұқсан келетінінен қауіптеніп, әдейі үндемеді ме? Француз классигінің о дүниеге өзімен бірге алып кеткен, анық-қанығына көзіміз жетпей тұрған ұстара сауалдарымыздың бірі осы.
Әрине, ұлы суреткер жөнінде жазылған мақалалардың, зерттеулердің, кітаптардың бәрін оқып тауысу әсте мүмкін емес. Күні бүгінге дейін француз классигінің шығармашылығын шемішкеше шағып, өмірбаянымен егжей-тегжейлі таныстырған еңбектердің есебі жоқ. Алайда, мамандығы дәрігер болғандықтан жазушы жөнінде жазылған телегей-теңіз дүниелердің ішінен Рене Дюменильдің кітабына ерекше назарымыз ауды. Оның айтуынша, Флобер бала күнінен долылықты қоздыратын қояншық дертіне шалдыққан.
«Дерт – көп, денсаулық – біреу». Бір басына жазушылықтың азабы аз уайым әкелгендей, енді оған денсаулықтың дерті қосылды. Дәрі-дәрмекке тәуелді болып, оны уыстап ішемін деген ой Флобердің өңі түгіл, үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін. Амал нешік, басқа түскеннен кейін пешенеңе жазылған тағдырыңның әміріне көнбеске айлаң кәне?
Туған-туыстары жанын күтпейтін, шығармашылықтан басқа ештеңені де ойламайтын Флобердің қиын жағдайға ұшырауы мүмкін екенін, іштерінен сезіп жүрген-тұғын. Моппасанның айтуына қарағанда, бала кезінен--ақ Флобердің денсаулығы аса жақсы болмаған. Ұлының өміріне алаңдаған әкесі жаны сергіп қайту үшін, қасына дәрігер қосып, оны саяхаттап қайтуға жібергені белгілі. Дәулеті тасып бара жатса да шет аймақта өмір сүретін байлардың бәрі де шетінен тиын-тебен санап қалған сараңдар. Сондықтан да емтиханды жақсы тапсырғаны үшін ғана әкесінің жүрегі елжіреп, ұлын ел көріп, жер көріп, көңілін сергітіп қайтуға жібергеніне сену қиын.
Ұмытпасаңыз, жастық шағында француз классигінің көңіл-күйі болмай, сарыуайымға жиі салына беретін жігіт болып өскенін бұдан бұрын айтқанбыз. Гюставтың жаны жабырқап, көңілі құлазып, торығушылыққа жиі-жиі ұшырай беруінің басты себебі денсаулығына байланысты еді.
Түндегі оқиғадан кейін қауіпті дертінің асқынып кеткеніне көзі жеткен Флобер жақсы табыс әкелгенімен, денсаулығы көтермейтін заң саласындағы жұмысын біржола тастап, енді тек жазушылықпен ғана айналысуға белін бекем буды. Бірақ, сөз өнерінің азабы мен дертінің қаншалықты ауыр болып, қалай қиналатынын ол білген жоқ. Дертінің қаншалықты қауіпті екеніне көзі жеткен ол үйленбеуді ұйғарып, көзі жұмылғанша өнерге адал қызмет етуге серт берді. Дүниенің басқа ләззаты оны қызықтырған жоқ.
1845 жылы Гюставтың әкесі өмірден өтті. Дүние саларының алдында ол Сена жағалауынан үлкен үй сатып алған еді. Болашақ жазушының ендігі қалған өмірінің бәрі осы жерде өтті. Үйдің бірінші қабатында Флобердің шығармашылықпен айналысатын ат шаптырым бөлмесі болды. Жаңа қонысқа көшіп келе салысымен «талант дегеніміздің төзімділік пен табандылық» екеніне мойынсұнған ол бойын да, ойын да, жүріс-тұрысын да қатаң тәртіпке бағындырды.
Тәртіп жоқ жерде шығармашылықта береке болмайды. Өнерде шабыттың құдіретіне ғана сену барып тұрған ақымақтық. Ұлы дүние туғызу үшін мұрныңнан қан кеткенше тыным таппай еңбектену керек.
Таңертең тұра салысымен Флобер түске дейін кітап оқыды. Сағат бірден бастап шығармасын жазуға отырып, түн ортасына шейін орындықтан құйрығын көтермей, күніне 12-14 сағаттан тапжылмай жұмыс істеді. Шығармашылықтың қызығына қатты берілген уақытта оның ешкімді көруге зауқы соқпады. -
Әкесінің өлімі аздай, бірнеше айдан кейін жалғыз қарындасы Каролина да кенеттен көз жұмды. Өнерден басқа құндылықты мойындамаған және сүймеген, жан-тәнімен оған берілген Флобердің тасжүректігі таң қалдырады. Қарындасы қайтыс болғанда бір туындысын бастап қойып, шығармашылық дерттің сиқыры оның бүкіл ерік-жігерін, ақыл-ойын билеп, сезімін жаулап алған-тұғын. Каролинаның қазасы туралы естелігінде, ол сол күні оны бір ойлардың жанына тыныштық бермей қайта-қайта мазалап қоштасу мен жерлеу рәсімінің аяқталып, жазу үстеліне тезірек жетуге асыққанын айтады.
Флобердің аса көп досы да болған жоқ. Өмірде араласқан ат төбеліндей азғантай достарын да ол өз мақсатына тиімді пайдалануға тырысып, қаламының сиясы әлі кеппеген жаңа шығармасын олармен бірге талқылауды үйреншікті әдетіне айналдырды. Пікірлеріне құлақ асып, шынайылығына күмән келтірсе шығармасын жыртып тастап, оны қайтадан жазып шығудан ерінбеді.
Негізінен оның жақсы араласқан үш досы болды. Біріншісі Альфред Лепутавеннің жасы жазушыдан біраз үлкен, екіншісі Максим дю Канмен ол жоғарғы оқу орнында жүргенде танысты. Үшіншісі Луи Буйле латын және француз тілдерінен сабақ беріп, нәпақасын тауып жүрген мұғалім. Үшеуі де әдебиетті жақсы көретін, ал, Луи Буйле кейде өлең де шығаратын.
Каролина қайтыс болғаннан кейін қарындасының мүсінін жасатуға тапсырыс беру үшін белгілі мүсінші Прадьеге жолығу үшін Флобер Парижге аттанды. Тағдыр дегенді қарасайшы. Атақты мүсіншінің шеберханасында ол Луиза Колемен танысып, уақыт өте келе ол әйел де жазушының шығармашылық қиялына шабыт берген музасына айналды.
***
Дүниеде әйелден әдемі әлемнің жоқ екені қандай рас болса, одан құдіретті күштің жоқтығы тағы да сондай шындық. Дәуірдің аласапыран дауылы соқса есеңгіреп қалатын жұмыр басты пенде түгіл, адамзаттың қанын суша төгіп, төрткіл дүниені қылышымен бағындырған патшалар да әйел сұлулығының алдында дәрменсіз. Шығармашылықтың сиқырына жаны арбалған суреткер ғана өнердің әсемдігін бәрінен биік қойып, оған көзсіз табынады. Әйткенмен, олар да көркем туындысына қажет құнды материал болатын аруды жолықтырғанда оны тереңірек тану үшін барын салып, біраз уақыт Мәжнүннің кебін киіп жүреді.
Махаббат жырлары оқырман жүрегіндегі тоң болып қатып қалған мұздарды ерітіп жіберетін Петрарканың мәңгілік музасына айналдырған Лаураны шын ықыласымен сүйгені шамалы. Шығармашылық адамы да ара сияқты, көзіне көрінген әдемі гүлдердің дәмін татып көрмейінше жаны байыз таппайды. Егер ұлы ақынның Лаураны сүйгені рас болса, одан басқа да аруларға да көңілі кетіп, жүрегін ашып, сырын ақтарып, есінен тана жаздап ғашықтық ғазалдарын арнағанын қалай түсінеміз?
Ақиқатында ақын бір символдық көріністі тауып алғанда, оны өлеңдеріне арқау ете отырып, адамдардың санасына сұлулықтың сәулесін түсіруге тырысатын болса керек. Байрон бір сөзінде «Егер ұлы ақын Лаураға үйленгенде, тап осындай алапат сезіммен оны өмір бойы жырламас еді» деген екен. Карамзин де ағылшын шайырының ойын жақтап «Петрарка арманына жетіп Лаурамен некелескенде оттай ыстық жалынды жырлар ақындық жүрегінен тумасы айдан-анық» дегенді шегелеп айтыпты.
Ұлы Мағжанның шығармашылық психологиясының құпиясын тани түсудегі кілті іспетті бір ғажайып өлеңі бар. Онда ақын былай дейді:
Әйел сүйем, бірақ емес сендерше,
Мен сүйемін жан - денесін бергенше.
Жан - денесін бірдей алам, улаймын,
Қысып сүйем құшағымда өлгенше.
Тұла бойын ғашығына деген алапат сезімнің құмарлығы шарпыған шайыр шабыттанып отырып, абайламай шынын айтып қалды. Расында да ол шығармашылығының тақырыбы ретінде зерттеп жүрген аруды жан-денесін бергенше ғана өліп-өшіп сүйеді. Әйелдің амал қамалы алынып, тәні жеңілген түннен кейін ол сұлу ақынға қызық болмай қалуы да әбден ықтимал.
Қоғамдағы тоғышар әйелдің бұрын-соңды болмаған теңдессіз образын өрнектегісі келген Флобердің де күйеуінің көзіне шөп салып жүрген қатындарға ынтыға беруінде адамдық сезімнен гөрі, эстетикалық қызығушылық басым. Луиза Коледей мінезі де, жүрісі де жеңіл әйелді де ол шын пейілімен сүйген жоқ.
Зады өнерде де, саясатта да, ғылымда да алып бара жатқан таланты мен білімі жоқ болса да, тамыр-таныстықтың арқасында атын шығарып, көп дүниеге қол жеткізуге болатынына кәміл сенетін тоғышар әйелдер көп. Өмірде де, өнерде де орны бар белгілі тұлғаның көңілдесі болғанды олар мақтаныш көріп, мәртебе санайды. Ауыз толтырып айтарлықтай маңызды ештеңе бітірмесе де ірі суреткерлердің көлеңкесінен пана таба жүріп, тарихта атын қалдырғысы келеді.
Аздап ақындыққа жақындығы бар, ақшасы болғанымен таланты жоқ Луиза Коле сондай жандардың бірі-тұғын. Танымы таяз, талғамы төмен болғанына қарамастан Құдай ерекше сұлу етіп жаратқан бикеш «Муза» деген салон ашып, атақты ақындар мен жазушылар онда бас қосып, әңгіме айтып, түрлі-түрлі мәселелерді талқылап тұрды.
Луизаның күйеуі Ипполит Коле музыка пәнінен сабақ беретін. Күйеуінен басқа сылқым бикештің Виктор Кузен есімді философ, әрі саясаттанушы ашынасы мен одан тапқан бір баласы болды.
Ел аузына ілінген еркектердің басын шыркөбелек айналдырып алатын Луиза Коле қырыққа келіп қалғанын ұдайы жасырып, көрікті жігіттерді көрсе көзі оттай жайнап кететін.
Тоғышар әйелдердің психологиясын бес саусағындай жақсы білетін, сөзге шешен, мінезге бай Флобер көп қиналмай-ақ Луизаның жүрегіне шоқ тастап, жүрегін жаулап алды. Оттай ыстық сүйісімен талай еркекті тәтті құшағында тұншықтырған келіншек танысқанының екінші күні-ақ Флобердің қақпанына түсіп, көңілдесіне айналды.
Жазушының замандасы Альфред Мюссе жылы мрамордан жасалған Венераға теңеген Луиза Коле көркіне қанша қарасаң да көзің тоймайтын сұлу қатын еді. Флобер де жігіттің сұлтаны болатын. Бойы ұзын, дауысы барқыттай жұмсақ, мінезі сыпайы, білімі мол, бойы сымдай тартылған сымбатты жігіт қыз-қырқынға қалай ұнамасын.
Еркек көрсе ет-жүрегі елжіреп, бойындағы асыр салған құмарлықтың жыландарын жеңе алмай кететін әйел жалғыз Гюставпен ғана емес, сонымен бірге Виктор Кузенмен де құпия кездесіп, екі еркектің де тәнінен тоят тауып, нәпсісін тойдырып жүрді. Сұлу бикештің асты-үстіне түсіп аймалаған балдай тәтті сүйісіне мас болып, өне бойын өрттей жандырған ыстық құшағында балқып жатып та Флобер осы көріністердің бәрін зерттеп, көңіліне түйді. «Бовари ханымдағы» Эмманы алдап кететін алаяқ еркектер шын мәнісінде - жазушының өзі. Суреткер «Эмма Бовари мен өзіммін» деген сөздерді қызыл сөзді қуғандықтан айта салған жоқ. Әрине, «Бовари ханым» автобиографиялық роман емес. Классиктің ақындық қиялының жемісі болғанына қарамастан, атақты шығармасында ол өзгелердің емес, өзінің күнәсін жасырмай суреттеп, аяусыз әшкереледі.
Луизаның бойындағы моральдық принциптердің жоқтығы, күйеуіне жасап жүрген опасыздығы, есалаңдығы мен өзімшілдігі сияқты жаман мінездердің бәрі де уақыт өте келе Эмманың табиғатынан көрініс тапты. Луиза да жүрегінің түбіне кір жасырмаған тұнық сезімді іздегендіктен емес, өз қиялындағы махаббатты аңсағандықтан дәулетті еркектердің қойнында адасып жүрген - байғұс қатын еді. Алайда, осыған қарап, Эмманың образын Луиза Коленің түпбейнесі деп ойлап қалмау керек. Асылы Эмма Бовари материалдық игіліктерден басқа құндылықтарды мойындамайтын тоғышар әйелдердің - жиынтық образы
Іздегенге - сұраған аяқ астынан табыла кетті. Француз классигі де тап осындай тоғышар бикештің образын өнерге әкеліп, ондағы сеңдей сіресіп қалған қағидалардың тас-талқанын шығаруды ойластырып жүрген еді. «Неге біз жаны кіршіксіз таза, моральдық принципі биік аруларды ғана шығарманың бас кейіпкері етіп аламыз. Өмірде адасып, адамдық қасиетінің бәрін жоғалтып алған әйелдердің жан-дүниесіне біз неге үңілмейміз? Мүмкін біз шеше алмай жүрген Құдайлық сұрақтардың жауабы солардың жүрегінде жасырынып жатқан шығар» деген ойға бататын ол оңаша қалғанда.
Сезімге қанағатсыз ұрғашының жұмағына тәнін жылытып, жанын жұбатқан Флобер үш күннен кейін Луизаның қасында қалуын сұрап, көзінің жасын көлдетіп, жалынып-жалбарынғанына қарамастан Круаске аттанып кетті. Бара салысымен қызығы мол махаббатты қиялдаған сезімтал әйелдің көңілін толқытып, жүрегін елжіретіп жіберетін ұзақ хат жазды. Хатында оны қалай өліп-өшіп сүйетінін, жалғыз тал шәші үшін жанын құрбандыққа шалуға даяр екенін айтып, жас жігіттің түндегі ыстық сүйісінен әлі есін жия алмай отырған ақылы аздау қатынның басын одан бетер қатырып жіберді.
Жазушы болған оқиғаны шынайы етіп, суреткерлік шеберлікпен баяндап беретін ертегіші. Ал, ертегіші адам қиялындағы дүниесіне тыңдаушысын ұйытып, шындығына иландыру үшін ең әуелі оған өзі сенуі тиіс. Суреткер үшін көркем шығармадағы шындығына оқырманын сендіре алмағаннан асқан қасірет жоқ. Әсіресе, өзің күнде көріп, куәгері болып жүрген өмір шындығын шынайы етіп жеткізу - қиынның қиыны. Өйткені, шындық ешкімге де ұнамай, үнемі қоғамның наразылығын туғызады. Бүгінгі күннің шындығын суреттегеннен гөрі, тарихи тақырыпты кемірген әлдеқайда оңай.
Келешекте жазатын шығармасының шындығына сендірту үшін Флобер өз тақырыбын зерттеуге қатты беріліп кетті. Бірнеше жылдан кейін ол досы Эдмон Гонкурге сырын ашып, Луиза Колені жан-тәнімен сүйгенін мойындайды. Қиялының қақпанына түскенде ылғи да асыра сөйлейтін Флобердің қай сөзіне сенеріңді білмейсің. Біресе ол Элиза Шлезенжерге өлердей ғашық болады, енді біресе Элали Фукомен көңіл көтереді. Енді міне қияли әйел Луиза Колені жынды қылып қойды. Сөйте тұра моральдық принциптен ада, материалдық құндылықтан басқа ештеңені ойламайтын тоғышар қатынның образын егжей-тегжейлі зерттеген жазушының жезөкшелер үйіне барғанын да, Шығыста болғанда мерез (сифилис) ауруын жұқтырып алғанын да білеміз.
Басынан кешкен қандай да бір оқиғаны тым әсірелеп жіберу қиялы ұшқыр Флобердің табиғатына тән қасиет. Луизаны сүймесе де ғашық жандай түр танытып, көңілі көбелектей ұшқалақ бикешті өзіне ынтық етіп қойғанды ол теріс көрмеді. Үміт оты ұшқындағанымен, ұлы махаббатты армандаған Флобер оны тек қиялдаумен, армандаумен және өзін-өзі алдаумен ғана күндерін өткізді. Бәлкім, сондықтан ба екен, нәпсілік құмарлығын тежеп, одан сәруар сезімді дәметкен от-әйелден алысырақ жүргенді мақұл көрді. Бірақ, екеуінің арасындағы құмарлықтың нәзік жібін біржола үзіп жіберуге де батылы барған жоқ. Қайта керісінше, шын ғашық екеніне Луизаны сендіріп, бұрынғыдан да бетер оны өзіне зарықтырып, ынтықтарып, ойландарып, әуре-сарсаңға салды.
Дәулеті асып-тасыған бай әйел махаббат дәметіп, оны қайта-қайта Парижге шақырды. Жиған-тергенінің бәрін де ол ғашығының жолына суша шашып жіберуге дайын еді. Флобер болса күйеуінен және қызынан айырылып қалған шешесінің жағдайын айтып түсіндіріп, оның қасына біржола көшіп барудан тартыншақтай берді. Өзінен он үш жас кіші жігітке жан-тәнімен ғашық болып, басы айналып қалған Луиза ақ төсінен аймалап, ақ балтырынан сипалап, денесін дірілдетіп жіберетін ыстық сүйістерді, айсыз қара түндерде көзін ілмей сағына күтті. Шыдамы таусыла жаздаған кездерде әйелдік намысты ұмытып, Гюставтың жиірек келіп тұруын өтініп, жалынып-жалбарынуға дейін барды. Ашу-ызаға булығып «Сені немене, күйеуге беретін қалыңдықтай шешең күзетіп жүр ме?» деп жігіттік намысына тиетін хат та жазды.
Іштегі лапылдаған ыстық сезімін жасырмай жайып салған Луизаның қасына бара алмауының жесір қалған шешесінен басқа да себебі бар-тын. Денсаулығы сыр беріп, жыл өткен сайын Флобердің дерті асқына түскен болатын. Жұмбағын ешкім де білмейтін ұстама ауруы қайталанған сайын жалғыз ұлынан айырылып қалудан қатты қорыққан шешесінің зәре-құты қалмады. Әр сырқаттанған сайын Флобер жаман әлсіреп, өзіне-өзі келе алмай, сарыуайымға салынып, жүдеп-жадап кетті. Тамақ ішуге де, біреумен әңгімелесуге де зауқы болмады. Ұлының денсаулығына есі кетіп алаңдаған шешесі оған суға түсуге рұқсат етпей қойды. Емін-еркін жүруіне де тиым салды. Сонау алыстағы Парижге бармақ түгіл, ол тұсаулы аттай үйінен алты қадам аттап шыға алмай қалды.
Егер Флобердің өзіне ғашық жанды сүйгені рас болса, оны көру үшін астанаға барып келуге сылтау табылар еді-ау! Луиза да жас жігіттің оны дәл өзі сияқты өліп-өшіп сүймейтінін түсіне бастады.
«Бұл ешқандай да махаббат емес. Сенің өміріңде махаббат үшін орын болған жоқ», деп, кездесуден қашқалақтаған жас жігітке ойын жасырмай айтып салды бір күні Луизе өз хатында. «Сен, мен сені сүйемін бе?,- дегенді білгің келіп тұр ғой. Әрине, қолымнан келгенше сүйемін. Бірақ махаббат менің өмірімде екінші орында тұр», - деп жауап берді жазушы оның сөзіне салқынқандылықпен, құдды екеуінің арасында дәнеңе де болмағандай.
Бұл өнерді бәрінен де биік қойып, оған Құдайдай табынған Флобердің ақиқаты болатын. Бала күнінен мына жалған дүниеден өнер әлеміне қарай қашып, одан басқа құдіретті мойындамаған суреткердің басқаша жауап беруі мүмкін емес-тін. «Біржола өнерге сіңіп кетіп, одан өзгенің бәрін де жек көру – бақытсыз болмаудың жалғыз жолы осы... Мен байлықты да, махабатты да, ләзатты да қаламаймын. Бүгіннен бастап маған өз бөлмемдегі бес-алты сағат тыныштық пен қыста пеште отымның, кешке таман үстелімде екі-үш шырағымның жанып тұрғаны жеткілікті», деп ағынан ақтарылған еді ол бозбала кезінде досымен сырласқанда. Бір жыл өткеннен кейін сол досына ол тағы да мынандай ақыл-кеңес береді. «Мен сияқты – сыртқы әлемнен байланысыңды үзіп таста, аю сияқты өмір сүріп, ойыңдағыдан басқаның бәрін де, тіпті, өзіңді де атасына нәлет қуып шық. Қазір менің және басқа әлемнің арасында үлкен ор қазылып тұрғаны соншалықты, мен кейде қарапайым дүниелерді естігенде таң қалатын болып жүрмін».
Флобердің шынайылық пен шыншылдықтан гөрі қатігездікке көбірек ұқсайтын кейбір мінезі таң қалдырмақ түгіл, кейде тіпті, шошытады. Бір күні ол Луизадан оның Француз Гвинеясында тұратын құрбысы арқылы кезінде Марсельде бір түн көңілдесі болған Элали Фуко жайында біліп беруін өтінеді. Ол аздай, жеңіл жүрісті қыздарға көңілі тартып тұратынын да мойындап, жезөкшелермен қалай сауық-сайран құрғанын да Луизаға жасырмай жайып салады. Флобер мен Луизаның арасындағы махаббат драмасы екі жылға созылды, осы уақыт ішінде олар алты рет қана кездесті. Ақыры еш нәтиже шықпасын түсініп қош айтысты. Әйткенмен, енді бірін-бірі көрместей болған екеуі де, бірнеше жылдан кейін тағдырдың соқпағы оларды тағы табыстыратынын білген жоқ.
***
Кез-келген өнер адамының шығармашылық психологиясының тереңіне үңілу үшін оның өмірлік ұстанымын жақсы білмек парыз. Ал, өнерден басқа құндылықты мойындамаған Флобер сияқты жалғандыққа жаны қас суреткерлер бөтен біреу түгіл, өз жүрегінде жасырынған өтірікті де аяусыз әшкерелеп, ар сотына салудан тайынбайды.
Таланты да, танымы да, адамгершілігі мен ар-ұяты шамалы ақын мен жазушы кінәнің бәрін өзгелерден көріп, өз кемшілігіне көңіл бөлмей, үнемі оқырман көзіне сүттен ақ, судан таза періштедей болып көрінуге құштар. Мүмкін сондықтан ба екен, соңғы жылдардағы ұлттық әдебиетіміздегі ірі қаламгерлеріміздің өз жамандығын жасырып, жақсылығын асырып, әлдекімдерді кінәлай сөйлейтін өмірбаяндық шығармаларының шындығы мені аса сендірмейді. Ал, ақиқатында жазушы-психолог өз бойындағы жақсылықтардан гөрі, жамандықтарға көбірек үңіліп, одан шығармасына қажетті құнды қазынаны таба біледі. Толстойдың «Хайуан сияқты өмір сүріп жатырмын» немесе Абайдың «Жүрегімді байқасам, инедейін таза емес» деп ар-азабын тартуының құпиясы неде? Жұртқа көрінбейтін үшінші көзіңмен өз мініңді бақылап, жамандық атаулыны өзгеден емес, өз бойыңнан іздегенде ғана шығармашылығыңды шынайы ете түсетін ұлы сезімдердің қайнарын адаспай табасың. Мұқағалидың айтатыны бар емес пе:
Ойым бар менің,
Ойым бар менің ерекше.
Жақсылық жауып,
Дүниені мынау сел етсе,
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын
Көрге алып кетем керексе.
Адамның бүкіл айыбын
Арқалап алып,
Азабын өзім көрер ем.
Жамандық басқан денемен,
Жандырып жатқан,
Тоңдырып жатқан тамұққа
Жамандығыммен төнер ем.
Жақсылықтарға қарағанда, жамандықтардың адамдарды өзіне тартып тұратын дуасы әсерлірек, сиқыры күштірек болып келеді. Біз көп жағдайда ақындардың зұлымдық тікеніне жүрегін жаралай жүріп сұлулықты іздейтініне, жауыздық, жамандық атаулының барлығымен жанаса жүріп шындықты зерттейтініне аса мән бермейміз.
Француз классигі «Бовари ханымда» Эмманың өз күйеуіне жасаған опасыздығын баяндай келіп, әйелдерге істеген өз қиянаты, олардың сезімін алдап, жүрегін жаралаған өз жамандығын сүзгіге салып, ақырының неге әкеліп соқтыруы мүмкін екенін таразылайды. Шығармашылықта ақ параққа берген сертін адал атқара алмай, өзінің жасаған күнәсін жасырғысы келетін суреткердің сәтсіздікке ұшырайтынына Флобердің көзі әбден жетті. Өйткені,
«Бовари ханымды» жазуға отырғанға дейін дәл осындай жағдайды ол басынан кешірген-тұғын.
Өзіне өліп-өшіп ғашық болған Луиза Колемен қарым-қатынасы үзілгеннен кейін Флобер қайтадан шығармашылыққа жан-тәнімен беріліп, біраз уақыттан бері қазан-миында қорытып жүрген «Әулие Антонидің адасуы» драмасын жазуға құлшына кірісіп кеткен болатын. Денсаулығының мәз еместігіне қарамастан, бір бет түгіл, бір сөйлемді қағаз бетіне түсіру үшін ақ тер, көк терге түсіп, дүниенің қызығын ұмытып шығармашылық шеберханасынан аттап шықпай жұмыс істейтін суреткер, драманы жазу барысында, көркем туындысының қиюын келістіре алмай, қатты қиналды. Жазғандырына көңілі толмай, қайта-қайта өңдеуден жүйкесі тозып, шаршап кетті.
Шығармашылықтан асқан рахатты іздемейтін және білмейтін Флобер мына қолға алған туындысын аяқтағаннан кейін досы Максим дю Канмен бірге Таяу Шығысқа саяхаттап, көңілін сергітіп, демалып қайтуды ұйғарды. Күндіз-түні тыным таппай еңбектенудің арқасында жаңа драмасының нүктесі қойылып, Флобер әдебиетті жақсы көретін достары Максим дю Кан мен Луи Буйлеге бірнеше күн түскі астың алдында төрт сағат бойы қаламының сиясы әлі кеппеген жаңа туындысын дауыстап оқып берді. Соңына дейін оқып бітіріп, демін алғаннан кейін ол шығармасының қаншалықты шынайы шыққанын білу үшін аса қатты таңданыстарын танытпаған достарының жүздеріне үрейлене қарады. Қаупі бекер болмапты. Жазушылыққа таласпаса да күрішті күрмегінен ажырата білетін екеуі де драманың өте сәтсіз шыққан туынды екенін жасырмай, «Мына шығармаңды отқа тастай сал. Бізден басқа ешкім оны оқымай-ақ қойсын» деп досының алып-ұшқан көңілін су сепкендей басты.
«Іштен шыққан шұбар жыланыңның» нашар екенін мойындау кімге оңай тисін. Флобер достарымен келіспей, ұзақ уақыт пікір таластырғанымен, ақырында олардын дәлелді қисындарынан жеңіліп, шындықты мойындады. Басқалардан емес, жанындай жақсы көретін достарынан осындай ауыр сөздерді естимін дегенді ол мүлде күтпеген. Бірақ, кемшілігіңді көріп тұрып, оны өтірік жасырғанның несі достық? Ондай өтіріктің шын аты - бақай есеп. Ал, нағыз дос кемшілігіңді жасырмай айтып, оны көзіңе шұқып көрсетіп қана қоймай, көмектесуге даяр тұрады. Сондықтан да шындықтың арқанынан аттап кете алмаған Луи Буйле досына Бальзак романдарының рухында әдебиетте үлкен жаңалық болатын реалистік туындыны жазуды қолға алуға ақыл-кеңес берді. Ұзаққа созылған қызу айтыс-тартыстпен қалай таңның атқанын да аңғармаған достар әңгімені жалғастыруды кейінге қалдырды.
Алаңсыз ұйқы мен шуақты күлкінің не екенін ұмытып, тынымсыз жұмыс істеп, жаны күйзеліп кеткен Флобер денсаулығын жақсартып, көңілін сергітіп, қайту үшін досы Максим дю Канмен бірге Таяу Шығысқа аттанды. Екеуі Египетте, Палестинада, Сирия мен Грецияда болып 1851 жылы еліне оралды.
Әңгімеміздің орайы келіп тұрған ұрымтал сәтті пайдаланып, оқушымызды француз классигінің ең жақын достары Максим дю Кан және Луи Буйлемен таныстыра кетейін. Максим дю Кан 1829 жылы құрылған «Ревю де Пари» журналынан үлес сатып алған дәулетті адамдардың бірі. Жұмыстан қолы босағанда ол да қағаз шимайлап, жазуды ермек қылатын. Атақты досы дүние салғаннан кейін Максим дю Канның екі том естеліктер жинағы жарық көрді. Онда ол былай дейді: «Жазушылар екі топқа бөлінеді. Біріншілері үшін жазушылық - ақша табудың көзі, екіншілері үшін ол шығармашылық кемелдікке жету жолындағы - үлкен мақсат. Мен өзімді бірінші санаттағы қаламгерлердің қатарына жатқызамын. Мен өзім үшін әдебиетті сүю құқынан басқа ештеңені талап етпей, қолымнан келгенше оның дамуына ат салыстым».
Жазушыдан гөрі, беллетрист деп айтуға келетін Максим дю Кан сияқты қаламгерлер қай заманда да өнерде көп. Шын жүрегімен әдебиетті сүйетін оларда шығармашылыққа бейімділік те, талғам да, білім де, айтар ой да, оқиғаны суреттеп бере алатын қаламның жеңілдігі де бар, бірақ ең басты нәрсе - Құдай берген талант жоқ. Бала күнінде ондай бейталанттар әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңнен бастайды, сосын көркем прозада бағын сынап новеллалар, ортақолдан төмен романдар жазады. Ең соңында әдеби сынға ауыз салып, жібі түзу шығарма туғыза алмағандарына қарамастан көркем прозаның қандай болуы керек екенін айтып, жұртқа ақыл-кеңес беруге көшеді.
Француз классигінің тағы да бір досы – Луи Буйле де шығармашылыққа жақын адам болды. Флобер оны үлкен ақын санап, қатты қателесетін. Шындығында оның бойында ақындық талант атымен болған жоқ. Ұлы жазушы досының талғамына шүбәсіз сеніп, пікіріне құлақ асатын. Егер осы екі досы болмағанда әлем әдебиетіндегі ең ұлы шедеврлардың бірі «Бовари ханымның» дүниеге келуі екіталай еді.
Суреткер келешекте жазатын романына қажетті сюжетті таба алмай, шығармашылық ізденістің үстінде жүрген шағында достары оған Эжен Деламар есімді дәрігердің тарихын әңгімелеп береді. Деламар Руандағы ауруханалардың бірінде әлде хирург, әлде терапевт болып па, жұмыс істеген көрінеді. Өзінен әлдеқайда ересек бірінші әйелі қайтыс болғаннан кейін, ол екінші рет көршісінің қызына үйленеді. Қолына қондырған құсы мінезі жеңіл, қияли қатын болып шығады. Әдемі өмірді аңсап, мына іш пыстыратын тіршіліктен тез жалыққан бикеш можантопайлау, тоңмойын, көнбіс күйеуінің көзіне шөп салып, көңілдестер табады. Отағасының тірнектеп жиған табысын оңды-солды шашып, қарызға белшесінен батып, ақыр соңында у ішіп өледі. Бірнеше жылдан кейін Эжан Деламар да өзіне-өзі қол салады. Флобер достары айтып берген тұрмыстық оқиғаға аса көп ештеңені қоспай және өзгертпей оны сол қалпында «Бовари ханымда» суреткерлік шеберлікпен баяндап берді. Еліктіріп әкететін сюжеті де, алып бара жатқан драмасы да жоқ қарапайым тұрмыста жиі кездесетін оқиғадан ол шығармасына қажетті материалдың кенішін тапты.
Таяу Шығысқа сапар шеккен саяхатынан орала салысымен Флобердің жалғыздықтан жалыққан жүрегі жабырқап қайтадан Луиза Колені іздеп аласұрды. Мына жарық жалғандағы жалғыздығы туралы ойлары миының бір түкпірінен қойша қоздағанда, оны шын ықыласымен сүйген әйелді себепсіз ренжіткені есіне түсіп, қатты өкінді. Енді бірін-бірі көрместей болып айырылысардағы ашуы тарқап, көкірегіне тас болып қатып қалған сіреспе мұз еріп, әйелдің жібектей нәзік алақанын сағынған сәби көңілі өксіп, жанары жасаурады. Әтірдей исі бұрқыраған арудың тұла бойыңды қанттай ерітіп жіберетін жұпарын аңсаған қанағатсыз сезімі көңілінің зымыран шыңыруында тұншыққан түсініксіз ойларын түрткілеп, әлдеқандай сиқыр құштарлық қайта оянғандай ма, қалай? Қанша тырысса да ол қызылды көргендегі аш бүркіттей адуын ойын сабырға жеңгізе алмады. Алыс сапардан келе жатқанда дегбірі қашып, көз алдынан Луиза кетпей тұрып алып, кірпіктері желімденбей қойды. Ғашығының оттай ыстық құшағында балқыған түндер, жалаңаш тәндері тар төсекте табысқан кездегі сұлу келіншектің әлденеге байыз тауып рақаттанған дауысы, өліп-өшіп ентіге шыққан демі еміс-еміс есіне түскен сайын, көзі шырадай жанып, ұйқысы қашты.
Көңілі ұнатқанмен, жүрегі сүймесе де әр еркектің қойнында адасып жүрген ұрғашыға неге желімше жабысып қалғанының себебін өзгелер түгіл, кейде өзі де ұқпайды. Неге өзін-өзі алдап жүргеніне ақылы жетпейді. «Егер мен сені ұмытсам, басыма найзағай түсіп өлейін. Өмір бойы мен сендікпін» деген сыңайдағы өтірік хаттарды неге жазғанына ақылы жетпейді. Махаббат деп айтуға келмейтін, жалғыздықтан қашып, біреудің көңілінен су ішкісі келіп шөлдеген үркек сезім оны Луизаға қарай қайта-қайта магниттей тартады да тұрады. Неге?
Қолтығына қанат біткендей болып, құстай ұшып Францияға жете салысымен ол бірінші кезекте Луиза Колені іздеп тауып алды. Флобер туған елінен жырақта жүрген жылдар ішінде байғұс әйел тағдырдың талай теперішін көріп үлгеріпті. Күйеуі қайтыс болып, көңілдесі Виктор Кузен оған ақша беріп көмектесуін біржола тоқтатыпты. Жазған пьесасын театрлардың бәрі де қоюдан бас тартыпты. Тап осындай өмірінің өларасында Флобердің бұрынғы қарым-қатынастарын қайтадан қалпына келтіргісі келген ниетін байғұс келіншек қуана-қуана қабыл алды.
Әуелі екеуі бір-бірімен хат жазысып, кейін жазушы Парижге келіп, қайтадан Луизаның көңілдесіне айналды. Бірақ алыста жүріп сұлу бикешті сағынғанда асау арғымақтай тулай жөнелетін от сезімі, оны көргенде су сепкендей басылды. Тұрмыстың ауырлығы титықтатып жіберген жасы қырықтан асқан әйелдің жүзінде баяғы әдеміліктің ізі де қалмапты. Өздерін мәдениетті санайтын француз әйелдері ол кездері опа-далапты пайдаланбайтын. Беті-қолын әжім басып кеткен бикешті ол бастапқыда танымай қала жаздады. Сұлулықты да аямай талқандайтын уақыт қандай қатыгез жендет еді, десеңші!
Жақсы көргендіктен емес, мына жалғанда сүйеу болар ешкімі қалмаған әйелді аяп кеткендіктен ғана Флобер бұрынғы қатынастарын қалпына келтіруге барды. Қалай десек те француз классигін шын беріліп сүйген, оған тұрмысқа шығуды армандаған жалғыз әйел болса, ол, осы Луизе Коле еді. Ол Флобердің біржола Парижге жанына көшіп келіп, ендігі қалған өмірлерін бір шаңырақтың астында өткізуді қиялдады. Алайда, жазушы оны іздеп астанаға жетуге асықпады, оған үйленуден мүлде ат-тонын ала қашты.
«Сен ғажайып қатынсың, күндердің күнінде мен сені есімнен тана жаздап сүйетін боламын», - деп уәде бергенімен, Флобердің күн өткен сайын әйелдерден гөрі, әдебиетке деген құштарлығы күшейе түсті. Қайта кездескен кездегі сезімнің қызуы да бірте-бірте суи бастады. «Сенің жазған нәзік сезімге толы ұзақ хатыңа баяғыда жауап беруім керек еді, бірақ мен қымбаттым қазір қатты шаршап, әлсіреп жүрмін» (1851 жыл қараша).
Флобердің анасы Луизаны жақтырмағандықтан, екеуі жасырынып, құпия жағдайда кездесіп жүрді. Шешесінен қаймығып, үйден шығуға уақытты әрең табатын жігітті Луиза қатты қызғанып, басқа біреуді тауып алғанынан қауіптеніп, көзінің жасын көлдеткен кездері де бар. Луиза бекер қауіптенбеген екен. Шынында да екеуінің арасында бір әйел, дәлірек айтсақ, Бовари ханым есімді күйеуі бар келіншектің образы пайда болды. Шығармашылықтың құдіреті әйелге деген құмарлықты жеңіп, Луизенің отбасылық бақытты армандаған үмітінің отын біржолата өшірді.
Көздеген мақсатына жету үшін барын салатын от-әйел ұлы жазушыға тұрмысқа шыққысы келетінін жасырмай, ойын ашық айтып тастады. Әйткенмен, өмірін өнерге ғана арнауға серт берген Флобер әйеліне тәуелді болып, отбасылық бақыттың құлдық қамытын мойнына кигісі келмеді. Мәңгілік өнердің жанында әйел, бала-шаға дегеніңіз не тәйірі? Тіпті, Луиза екеуінің арасындағы махаббат оты енді ғана тұтанып, құмарлықтың тәтті сезіміне мас болып жүрген жылдарда да «Сен мені емес, өнерді сүй. Оған деген махаббат сені еш уақытта да алдамайды. Ауру да, ажал да оның көзін құрта алмайды. Идеяны ғана Тәңіріңдей қастерле, тек сонда ғана ақиқат бар. Өйткені, идея мәңгі өлмейді», - дегенді айтқан суреткерді райынан қайтару қалайша мүмкін болмақ. Тәйірі, оны істеу бойындағы бар байлығы - сұлулығынан да айырылған Луиза Коленің қолынан келе қояр ма екен?
Өнерге жақын әйел болғандықтан Луиза Коленің да анда-санда бірдеңені шимайлайтын әдеті бар-тын. 1852 жылы «Бовари ханымды» жазуға бар күшін салып кірісіп кеткен Флобер уақыт тапшылығына қарамастан, Луизаның қолжазбаларын қарап, сөйлемдерін түзеп беріп отырды. Шыдамсыз әйел шығармасын жібере салысымен сүйіктісінің қайта-қайта мазасын алып, жынына тиіп, асықтыра беретін.
Өмірде қанша ойлансаң да ақылың жетпейтін талай-талай қызықтар бола береді екен-ау! Өз басым өнердегі ұстанымдары да, мінездері де ұқсамайтын Флобер мен Луизаны сегіз жыл қатарынан қандай құдіреттің бір-біріне жіпсіз байлап қойғанының себебін түсіне алмаймын. Ұлы жазушының Луизаны о бастан шын ықыласымен ұнатпағаны басы ашық әңгіме. Сұлу бикештің өзі де оны іштей сезген. Жә, жә, жарайды шын махаббат болмаған күнде шығармашылыққа жақын әйел мен еркекті ең құрығында ұлы өнерге деген мүдде мен мақсат табыстыруы керек қой. Жоқ. Бұл жағынан алғанда Луиза Колені француз классигінің өнердегі антогонисі десек те қателеспейтін шығармыз.
Флобер әдебиетке аса үлкен жауапкершілікпен, ал, Луиза керісінше салдыр-салақ қарады. Француз классигі елдің көзіне түсе бергенді ұнатпаса, көңілдесі, керісінше, баспасөз бетінен түспегенді жақсы көретін. Бала күнінен стиль тазалығына қатты мән берген суреткердің шығармасына керек маңызды сөйлемді табу үшін түні бойы ұйықтамаған кездері бар. Ал, Луиза стильге аса басын қатырмай, сөзді суша сапырып, мылжың туындыларды мысықша балалататын. Шығармашылыққа жүрдім-бардым қарайтын Луизаның мінезін Флобер жақтырмайтын. Оған жазған хаттарының бірінде «Сендер Париждегілердің бәрі, атақты болуға неге сонша құмарсыңдар? Үйлеріңнің шатыры дайын болмай жатып, тұрғындарды оған шақыруға асығасыңдар. Горацидің кеңесіне құлақ асып, елге көрсетердің алдында өз туындысын тоғыз жыл жасырып ұстай алатын адамдар қайда кеткен?» деп, ашу-ызаға булығады.
Бұл француз классигінің Луиза Колеге жазған ең соңғы хаты. Біз оқып отырған хат 1854 жылы жазылыпты.
Әйел екеніне қарамастан, сүйіктісінің шығармаларындағы шамадан тыс сентментализмі жынына тигенде «Мүмкін сен өз жынысыңды өзгертсең, кемелдікке жететін шығарсың» деген ауыр сөздерді айтуға дейін барған кездері болды.
Бойында суреткерлік қабілеттің жоқ екенін өзі де жақсы білетін Луиза Коленің алға қойған өмірлік мақсаты шығармашылық емес, Флоберге тұрмысқа шығып, әйелдік бақытты сезіну еді. Классиктің қасында жүріп, махаббатқа тоймайтын әйелдік көңілімен оны өмір бойы аялап өткісі келді. Ал, Флобер өз жүрегін отбасылық бақыттың құлдығынан азат етіп, мына өмірдің еш қызығына да айырбастай алмайтын ең сүйікті ісі – өнерге ғана адал қызмет етуден басқаны қаламады. Бір күні Теофиль Готье досынан неге оның Луиза Колеге үйленбегенінің себебін сұрағанда ол: «Ондай әйел менің бөлмеме – қасиетті де, киелі мекеніме кіре алады деп ойлайсың ба. Жоқ, ешқашан», - деп жауап береді.
Өкінішке қарай, Флобер өзін өліп-өшіп сүйген әйелдің хаттарын жойып жіберді. Луиза Коле болса керісінше, француз классигінің жазған хаттарының біреуін де жоғалтпай, бойтұмарындай қастерлеп, көзінің қарашығындай сақтады. Флобердің оған үйленбек ойы жоқ екеніне әбден көзі жеткенше, үмітін үзбей, көңілдесі Виктор Кузеннің бірге тұруға жасаған ұсынысынан да бас тартты. Не істерін білмей, амалы таусылған әйел ақыр соңында Флоберге тұрмысқа шыққалы жүргені туралы жұртқа өсек таратты. Шыдамның да шегі бар, Флобер шарт кетіп, екеуі ұрысып қалды. Оңайлықпен жеңілгісі келмеген Луиза бірнеше күннен кейін Круаске келіп, жанжал шығарды. Қатты ашуланған жазушының оны итеріп есіктен шығарып жіберуден басқа амалы қалмады. Арманының орындалмайтынына көзі әбден жеткен ашынасы осы оқиғадан кейін Флоберді жексұрын етіп суреттеген бір нашар роман жазып, кегін қайтарғандай болды. Алайда Луиза Коле француз классигінің өзі сияқты тоғышар әйелдердің мінез-құлықтары айнадағыдай көрініс табатын шедеврі - «Бовари ханымды» жазуды аяқтап қалғанын ол кезде білген жоқ...





