Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Хамит Ерғалиев – 110: ДАУЫЛДЫ ДӘУІРДІҢ ДАҢҚТЫ АҚЫНЫ

      Бүгін қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, дауылпаз ақын, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің туғанына 110 жыл толды.  Қазақ поэзиясына қуатты екпін, өршіл рух, кең тыныс әкелген қаламгердің шығармашылық әлемі туған даласының тарихымен, халқының тағдырымен терең тамырласып жатыр. Оның жырларынан құм Нарынның құм суырған құба желі, даланың мінезі, уақыттың күрделі тынысы сезіледі.
    Ақынның шығармашылық ғұмырындағы шоқтығы биік туындылардың бірі – «Құрманғазы» поэмасы. Бұл шығармада Хамит Ерғалиев ұлы күйшінің өмір жолын жырлаумен ғана шектелмей, оның тағдыры арқылы тұтас бір дәуірдің болмысын ашады. Құрманғазының қайсар мінезі, әділетсіздікке бас имеген рухы, азаттықты аңсаған жүрегі поэмада кең тынысты эпикалық суретке айналады. Күйшінің жеке басындағы арпалыс пен халықтың тарихи тағдыры осылайша бір арнада тоғысады.
    Құрманғазының домбырасынан төгілген күй мен Хамиттің қаламынан туған жырдың арасында бір тылсым үндестік бар. Бірі жүрекпен шерткенін бірі сөзбен сөйлеткендей. Күйдегі дауыл мен толқын, сағыныш пен сары дала, күрес пен қайсарлық ақынның өлең ырғағынан да бой көрсетеді. Әсіресе, күйдің екпінін, ішкі драматизмін поэзия тілімен жеткізуге ұмтылуы – Хамит Ерғалиевтің суреткерлік шеберлігінің айқын көрінісі.
    Екеуін жалғап тұрған жалғыз өнер емес, туған топырақтың рухы, еркіндікке құштар мінез, халық тағдырына деген терең сезім. Құрманғазы өз заманының шындығын домбыраның қос ішегіне сыйғызса, Хамит Ерғалиев сол рухты жырдың кең тынысына көшірді. Сөйтіп, Нарын даласында туған екі алыптың өнері қазақ руханиятында бір-бірімен үндесіп, мәңгілік жалғасын тапты.

 

АЙЖАН ҚЫЗ

("Құрманғазы" поэмасынан үзінді)


– Сыңқылдап бір ән салады,
Сықылықтап күледі.
Әм шырайлы, әм саналы
Жан тәрізді. Кім еді?..


Кім де болса келе берсін:
Көйлек онсыз жыртылған.
Қайтсін әйел келемешін,
Менің мынау түр-тұлғам?!

Әрілесе қыл самайым қорқытар,
Әрілесе асқақ сұлу қор тұтар –
Отырды Құрманғазы осыны ойлап,
Әлгіде қыл пернесін басып ойнап.
Сөйлеткен домбыраны қойды қайта,
Қыз келді; ақ қолында асыл оймақ.


Жан бар деп әдепкіде қыз ұқпады;
Құлпырды ақ бетінде қызыл қаны.
Өзімен сейілденіп өзі ғана
Сүйріктей саусақтарын қызықтады.


Ұшқалақ тотайлығын жиі қыла
Асылды бәйбішенің иығына
Момақан Құрманғазы кеш ілікті
Ойнақы қара көздің қиығына.


Бір сәтте қалды-дағы тыжырына
Сөйледі бәйбішеге қыз ұрына:
– Бұл ағаш әзідегі дәруіш пе
Әлдекім құшатұғын құзырына?!


Кім бұзған домбыраның мәні, шырқын
Құлағын бұрағансып... Бәлі, шіркін! –
Әулекі жаралмаса адам деген
Өзінің байқамай ма әлі сұрқын?!


Маңдайын ұстағансып сәл бүгіліп,
Бұлайша ару бикеш салды қылық.
Ұшынан аяғының жүгіргіштеп
Ізінше домбыраны алды жұлып.


Алды да,
ерке сұлу пәк түледі
Жетердей бір өзіне бақ - тілегі...
Су жібек жең аузынан суырылып
Асылды күй - шанаққа ақ білегі.


Жүйрік қол періштенің қанатындай,
Жай көзін ұстай алмай қалатындай.
Сұқпатты сұлу төсі көтеріңкі,
Ілгері ұмтылады бала тынбай.


Ол қашан тәңіріне шақты мұңын?!
Ұқпайды ұзатылар шартты күнін.
Адайда Мамырайдың Айжан қызы
Мастана шертті күйін шаттығының:


Тақ күні ту-дым,
Балапаны қу-дың
Өзім болдым. Ай-дын
Көлге төсім шай-дым.
Ұштым,
Кеттім
Үсін
көктің
Аралап ас-тым,
Әніме бас-тым.
Жетпей қалды жерден
Атқан оғы мерген.
Төре де
Көре де
ар-ман-да;
Атада,
Бата да,
бар маң-да.
Та-та-та,
Та-та та,
та?..
«Та-та-та!» - жанның сыры алып қашпа
Әдемі жазылғандай анық тасқа.
Адуын күй тоқтады. кім біледі,
Жолаушы қыз өнерін әлі ұқпас па?!


Мұны ойлап, ақ бетінен алау шыға,
Қараса Айжан сұлу жолаушыға,
Ұқсайды қыс - боранда балық аулап,
Көк теңізде көргені мол аушыға.


Теңіздің душар болсаң тентегіне,
Дәулеттің қарамайды кем, теңіне, –
Шетінен шекпені жоқ, өнері мол
Деуші еді ән салады кең төгіле.


Деуші еді «шын таныса әр ағаны
Перизат құштарына жарағаны»...
Таныдым: өткір екен өр жігіттің
Мұртынан қатал күтті қарағаны?!


«Mici мол бейтаныстан қорынбас кім?»
Дегенше домбыраға қолын қашқын
Ұсынды; жадырады қалың қабақ
Сұранып рұқсатын қарындастың.


Ақ бикеш сындырмады мұның сағын,
Сөкпеді сыры жұмбақ ұрыншағын, –
«Құжырып құлағымен естімесе
Демек пе: «Үйді босат, үнің шағын!»


Жолаушы күлдіреуіш күмбезіне
Көз тікті... одан әрі күн көзіне...
Алдында паң домбыра жатыр шалқақ
Қымсына қыз жасырын күлді өзіне.


Шүбәлі Айжан әлі «атасына»,
Шынымен туған ба деп бақ асыра.
Тықсырып ту басынан домбыраның
Бес үлкен саусақ келді сағасына.


Ал, кетті бебеу сарын ырық бермей,
Бала - қаз, мойыныңды бұрып көрмей
Нетерсің?! Ерен екен жатпайтұғын
Жұртының махаббатын жұрт термей.


Сал - мырза әлденеге күйінген де,
Жұпыны әдейілеп киінген бе? –
Дыбыстың көк дауылын сапырғаны
Дегендей:
«Көркем ханым, күйім кем бе?»


Басталып бір күй кетті асау - бұрқақ.
Қыз ойы:
«Адамзатты жасау, бір хақ,
Қолыңда сенің ғана; сенің пендең
Сен берген асқақ үннен неге қорқақ? –
деуші едім».
Мынау жігіт сескенбейді,
Адамға көкірегі дес бермейді.
«Мен де бір нұр тегінен жаралыппын,
Мұз құйсын жалыныма, өшпен», дейді.
Апыр-ай, мына жігіт селт етпейді,
Аусарым басылмаған тентек дейді
Алдымда жолбарыстай жұмарланып
Бүп-бүтін жүрегімді жентектейді.


Және де өнеріне жүгінемін,
Түскендей иығымнан жүгі ненің?..
Құдды бір желді күні етек, жеңім
Шашылып, ыққа қарай жүгіремін.


Ықтан да жасқанамын, жалт безінем,
Алқынам, жасырынам жат көзінен.
Азаттық ұясында дамыл таппай
Жүрегім арпалысып жатты өзімен.


Үрейлі безіп жұрт күлемін де,
Кесілген кісен бардай білегімде.
Ашамын құшағымды қамқоршыға...
Өңім бе, түсім бе бұл - білемін бе?..


Білдім бе қадірін бір сыйлы бастың?..
Кімге мен құшағымды қидым, аштым?..»
Осынша ойдан сұлу айыққанда
Тамамдап отыр екен күйді қашқын.


Үй жым-жырт жан секілді күйін ұғатын,
Самайын әзер жаңа жиды қатын...
Ілтипат, еткен келіп қонағынан
Сұрады сұлу сонда күйдің атын.


– Жақсы қыз, - деді Құрман,
құрғыр әзіл
Оятып кетті жаңа құрбы назын.
Дариғай-ай, бұзады ғой ақ бетіңді

Сүренің жазуындай бір күн әжім.
Кәдеңе қалсын дедім жарап үнім
Басыннан ауғанда да жаңа күнің.
Дәлудың ақпанындай арсы-гүрсi
«Адай» деп атын қойдым жаңағының.


Заң болды ерегеске ер шешіну,
Емендей жай соғылса ерте сыну.
Асығыс қараңғы үйден қашып келем,
Қолын бер, қоштасалық, ерке сұлу.


Қыз айтты: - затым әйел болса-дағы,
Мен дарқан сайрандағы көл шабағы.
Жақсыны жаяу нағып жіберермін,
Атаның маған рас қонса бағы.


Төзем де суық қатер төне келсе,
Тірелей қаңқу - өсек және көмсе.
Ағажан, отауымда қонағым бол,
Ат мініп, асыл киіп жөнегенше.


...Айжан қыз мамадағы «Өркөжекті»
Мінгізіп жұмсады бір елгезекті –
– Сауық бар! Жиналыңдар, желғабаздар!
Әп-сәтте осы хабар елге жетті.


Әп-сәтте қашқынды бір жер алғандай...
Демейсің оған: «Іште жараң қандай?» –
Өзі де ұқсамайды кіріптарға,
Өзгеше Құрманғазы жаралғандай.


Өзгеше киіндірді озық ана,
Сейілде сыртта Құрман өзі ғана.
Қарайды жақсы түстей төңірекке,
Оп-оңай сұлулықты көз ұға ма?


Әнеки, әр тараптан ән келеді,
Алыстан ноқат дерсің, сан денені.
Бұлықсып жалғыз аяқ бұраң жолда
Келіңдер судан қайтқан сәнденеді.


Қыздардың кешкі шыққа кеңістегі,
Көк сауыр малшынады кебістері.
Атүсті құшақтасқан құрбылардың
Сонадай созылады келістері.


Кең дала көңіл кірін аршығасын
Сен де бір шат өмірде бар шығарсың...
Осылай жасаңытып адай – ауыл
Өнердің қабыл алды қаршығасын.

Ақынның 110 жылдығына орай оқырман назарына «Құрманғазы» поэмасынан үзінділерді Хамит Ерғалиевтің өз дауысымен және актер Ғани Құлжановтың оқуында төмендегі сілтеме арқылы тыңдауды ұсынамыз.


https://kitap.kz/books/xamit-erhaliev-qurmanhazy-poehmasy
Дереккөз: Kitap.kz

 

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді