Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Қазақ сыныбына бала іздеген директор

Айжан Қарабаева


Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің директоры

Әйгілі ұстаз Қатира Дүтбаева туралы бір үзік сыр


    Бір кездердегі ескі Гурьевтегі мектептердің бірінде қазақ сыныбы болмапты. Қатира Дүтбаева немересін сол мектепке берер кезде осы мәселеге тап болады. Басқа біреу болса, қалыптасқан жағдайға көндігіп, баласын бар сыныптардың біріне орналастырар ма еді. Ал Қатира апай олай етпейді. Ата-аналармен сөйлеседі, балаларын қазақ сыныбында оқытқысы келетін отбасыларды іздейді, қажетті бала санын жинайды. Ақыры мектепте қазақ сыныбы ашылады.
    Бүгінгі күннің призмасынан алып қарағанда, күнде кездесетін қарапайым ғана оқиға секілді. Бірақ кейде адамның бүкіл болмысын ұзақ өмірбаяннан гөрі осындай бір әрекеті дәл танытады. Қатира Дүтбаева үшін білім беру қызметтік міндетпен шектелмеген. Ол өз немересінің қай тілде білім алатынына қалай алаңдаса, өзгенің баласының ертеңіне де сол жауапкершілікпен қараған. Оның бүкіл ғұмырына көз салғанда осы мінезді қайта-қайта аңғаруға болады.
     Қатира Ермекқызы Дүтбаева 1927 жылы Гурьев қаласында дүниеге келді. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында білім алып, еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Ол мұғалімдік жолды таңдаған кезеңде қазақ даласындағы білімнің жағдайы бүгінгіден мүлде бөлек еді. Ауылдарға мұғалім керек. Бастауыш мектептерге маман керек. Балабақшаға тәрбиеші қажет. Жаңа білім алған жастарды шалғай елді мекендерге жіберу керек. Сондықтан ол уақытта ұстаз болу бір мамандықты игеру ғана емес еді. Ауылға барған жас мұғалім кейде сол жердегі білім мен мәдениеттің негізгі ұйытқысына айналатын. Қатира Дүтбаеваның ұстаздық ғұмыры осындай кезеңмен тұспа-тұс келді.
     1949 жылы ол педагогикалық училищені басқаруға келеді. Бұл қызметті 1956 жылға дейін атқарады. Сол жылдары оқу орны уақыт талабына қарай жаңа бағыттарға бет бұрды. 1954–1955 оқу жылында бастауыш сынып мұғалімдерімен қатар балабақша тәрбиешілерін және 5–7 сыныптарға дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін мұғалімдерді даярлау қолға алынды. Қазір бұл деректер тарихтың құрғақ статистикасы болып көрінуі мүмкін. Бірақ әр санның ар жағында адам тұр. Бір мұғалім даярланды деген сөз – бір ауылға білімді маман барды деген сөз. Бір тәрбиеші даярланды деген сөз – ондаған баланың алғашқы ұстазы табылды деген сөз. Қатира Дүтбаева басқарған оқу орнының сол кезеңдегі маңызын осындай қарапайым өлшеммен де түсінуге болады.
     Қатира Ермекқызынан қалған мына бір сөз бар: «Азаматтық, қайырымдылық, мейірімділік, білімділік — бәріміздің өміріміздің шамшырағына айналсын». Осы төрт ұғымның өзінен оның ұстаз туралы түсінігі көрінеді. Бұл тек білім туралы сөз емес. Оның жанында азаматтық бар. Қайырымдылық бар. Мейірімділік бар. Бұл өлшем бүгін де ескірген жоқ. Мектеп өзгерді. Бор мен тақтаның жанына компьютер, интерактивті экран келді. Ақпаратты мұғалімнен бұрын интернеттен тауып алатын ұрпақ өсті. Енді білім кеңістігіне жасанды интеллект те кірді. Бірақ технология қанша дамыса да, ұстаздың ең күрделі міндеті өзгерген жоқ. Ол – білім берумен бірге адам қалыптастыру. Сондықтан Қатира Дүтбаеваның осы бір қарапайым сөзі арада ондаған жыл өтсе де бүгінгі мектепке айтылғандай естіледі.
    Осы тұста әлгі қазақ сыныбы туралы оқиғаға қайта оралғың келеді. Қатира Дүтбаеваны «ана тілінің жанашыры болды» деп бір сөйлеммен сипаттай салуға болар еді. Бірақ ондай анықтама адамның өзін көрсете бермейді. Ал ата-аналармен сөйлесіп, қазақ сыныбын ашуға жететін бала санын жинап жүрген әжені елестетсеңіз, азаматтық мінез көрінеді. Тіл туралы жақсы сөз айту оңай. Ал бір сынып ашылуы үшін әрекет ету – басқа нәрсе. Оның қоғамдық қызметі де ұстаздық болмысынан бөлек тұрған жоқ. Қатира Дүтбаева облыстық халыққа білім беру жүйесінде басшылық қызмет атқарды, білім саласындағы қоғамдық жұмыстарға араласты. 1958 жылы Гурьевте өткен мұғалімдердің алғашқы съезіне қатысты. Сол жиында білім беру жүйесін жетілдіру, оқулықтарды жаңарту, білім сапасын көтеру мәселелері сөз болды. Қызмет атаулары өзгергенімен, оның өміріндегі негізгі арна өзгермеді. 
     Қатира Дүтбаеваның еңбегі өз дәуірінде жоғары бағаланды. Ол Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген педагогі атанып, Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1992 жылы оның есімі Атыраудағы педагогикалық колледжге берілді. Бүгінде Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінде жаңа буын педагогтері білім алып жүр. Осының өзінде тарихтың әдемі бір сабақтастығы бар. Бір кезде өзі жас мұғалімдерді үлкен өмірге аттандырған ұстаздың есімі енді жаңа мұғалімдер даярлайтын оқу орнының маңдайшасында тұр. Бірақ адамның есімін ғимаратқа беру бір бөлек те, оны ұрпақ жадында сақтау бір бөлек. Ол үшін тұлғаның атқарған қызметтерін тізіп шығу жеткіліксіз. Оның қандай жағдайда қандай таңдау жасағанын айту маңызды.
    Неге ол бір қазақ сыныбын ашу үшін ата-аналарды өзі іздеді? Неге ұстазды тек сабақ беретін маман деп қарамады? Неге білімділіктің жанына азаматтықты, қайырымдылық пен мейірімділікті қойды? Осындай сұрақтар қойылғанда ғана архивтегі өмірбаян тірі адамның тағдырына айналады. Қатира Дүтбаеваның ғұмырынан қалатын сабақ та осы шығар.
    Ұстаздың еңбегі өзі сабақ берген жылдармен ғана өлшенбейді. Оның шын нәтижесі кейде ондаған жылдан кейін көрінеді: алдынан өткен шәкірттен, сол шәкірт тәрбиелеген баладан, ашылған мектептен, сақталған тілден, жалғасқан дәстүрден. Ал кейде үлкен ғұмырдың мәнін түсіну үшін бір ғана оқиға жеткілікті. Бір кезде ашылмай қалуы да мүмкін болған бір қазақ сыныбы...

 

Соңғы жарияланған

Махамбеттен Высоцкийге жеткен ән

Махамбеттен Высоцкийге жеткен ән

ЕРТЕҢ ДЕ ӨМІР СҮРУІМ КЕРЕК

ЕРТЕҢ ДЕ ӨМІР СҮРУІМ КЕРЕК

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...»   (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...» (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...»   (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...» (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

Айткеш Толғанбаев. Үзілмеген әуен

Айткеш Толғанбаев. Үзілмеген әуен

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді