Қаршыға Ахмедьяров – қазақ күй өнерінде орындаушылық шеберлігімен ғана емес, күй мұрасын жинап, зерттеп, нотаға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізген еңбегімен де айрықша із қалдырған тұлға. Оның репертуарында қазақтың әр өңіріндегі күйшілік мектептердің мұрасы тоғысты. Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина күйлерін орындап қана қоймай, олардың нұсқаларын хаттап, жинақ етіп шығарды.
Қаршыға Ахмедьяровтың 80 жылдығына орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кәрима Сүндетқызы Сахарбаевамен күйшінің өнері, болмысы, шығармашылық мұрасы және көпшілік біле бермейтін өмір деректері туралы әңгімелестік.
– Кәрима Сүндетқызы, сіз Қаршыға Ахмедьяровтың шығармашылығын ұзақ жылдар зерттеп, өзін де жақыннан таныдыңыз. Сахнадағы әйгілі тұлғаның тасасында көпшілік біле бермейтін қандай адам, қандай болмыс тұр еді?
– «Ғалым» деген атау жоғарылау дәреже ғой. Алдымызда ұлыларымыз бар. Маған күйтанушы, зерттеуші деген дұрыс шығар. Консерваториядан алған мамандығымыз – домбырашы-жеке орындаушы, музыкалық оқу орнының оқытушысы, дирижер. Біздің кезімізде зерттеуді, күй хаттауды, күй шығаруды, тарихқа үңілуді арнайы үйрететін пән болған жоқ. Бізді домбырамен бірге қолға қалам алуға жетелеген – өмірдің өзі, зерттелмей жатқан домбыра мен күйдің тарихы, қиямет-қайым өмір кешкен бабалардың аманаты еді. Үлкендеріміздің жанында жүріп, үйренгенімізді қағазға түсірдік, олардың ісін барынша жалғастыруға тырыстық. Сол топтан қара үзіп шыққандардың бірі – Қаршыға аға. Біз оны әуелі аламан күйші ретінде таныдық. Құрманғазы оркестрінің бірінші пультінде Бақыт апай екеуі отыратын. Екеуінің де орындауы құдірет еді. Ел соны әңгімелейтін. Біз атыраулық жерлестеріміз деп мақтанатынбыз, студент кезімізде гүлімізді алып, концерттерінен қалмайтынбыз.
Кейін Қаршыға ағаның сахнадағы өнерінен де үлкен әлемін таныдым. Нағыз орындаушы кең жүректі болуы керек. Өйткені оның жүрегіне күй ғана емес, заманның өрнегі, күй шығарған адамдардың тағдыры қонуы тиіс. Қоғамдағы құбылысты да жан дүниесінен өткізе білуі керек. Күйге кінәрат келтіретін бір сөз немесе қате қағыс болса, аяулысына қол тигендей шошынып, төл өнерімізді көзінің қарашығындай қорғайтын Қаршығаны көрдім. Бір тыным таппайтын, қолынан домбырасы түспейтін ізденімпаз, еңбекқор адам еді. Демалатын ауасы да, ішер асының тұздығы да күй секілді болатын.
Ел десе елжірейтін, ата-ананы ерекше құрметтейтін, бала десе бауырындағы барын беретін, шәкіртін қанатымен қорғайтын, талант көрсе қолдайтын, дос-жаранына шуақ шашатын ақберен адамды таныдым. Қазақта күйші көп. Бірақ өзім оқыған, білген, көрген адамдардың арасынан күйге Қаршығадай берілген жанды кездестірмедім. Оның таңы күймен атып, күні күймен бататын. Мұны түсіндіру үшін өмірінің соңғы күндерін еске алудың өзі жеткілікті.
2010 жылдың 28 мамырында Астанадағы Құрманғазы атындағы республикалық сайыс аяқталып, гала-концертке шақырылған Қаршыға Ахмедиярұлы сол күні Астанаға ұшып келді. Қонақүйге заттарын қоя салысымен жүрегіне ота жасалған інісі Ғалым Ахмедияровтың жағдайын білуге барды. 29 мамырда Алматыда халықаралық «Бозторғай» балалар байқауы басталды. Қазылар алқасында Бибігүл Ахметқызы бастаған өнер адамдары отырдық. Қаршыға аға ұшақтан түсе сала сонда келді. Жүзі сынық, ісіңкі еді, тамаққа да тәбеті болмады. Бибігүл апай да, Роза Қуанышқызы да денсаулығына алаңдап, демалуын өтінді. Мен де: «Сіздің орныңызға бағаны мен көтерейін, демалыңыз», – дедім. Бірақ тыңдамады, байқаудың соңына дейін отырды. 30 мамырда: «Бүгін Абай атындағы опера және балет театрында Төлеген Қажғалиевтің 60 жылдығы. “Гауһар” күйін орындап беруімді Шамғон аға сұрап еді. Тіріміз ғой, бармасам болмайды», – деді. Концерттен оралғанда жеті-сегіз баспалдақтан әзер көтерілді. Соған қарамастан: «Концерттің соңғы нүктесін мен қойдым, халық жібермей тұрып алды», – деп қуанып отырды.
1 маусым күні консерваторияға келгенде жас әріптестерге жұмыстың жайын түсіндіріп: «Бәрін үйренсін, олай-бұлай болып кетсек, сан соғып қаласыңдар», – деді. Артынша Төлепберген Тоғжан туралы айтып: «Біздің орнымызды осылар басады. Қамдану керек, қарманып қалып жүрмеңдер», – деген еді. Кейін осы аманатын орындап, Төлепберген Тоғжанды Домбыра кафедрасына жұмысқа шақырдық. 2 маусымда кафедраға келіп, құжаттарын реттеді. Меңдігерей күйшінің «Аманат» күйін өзі хаттап, қолтаңбасымен кафедра меңгерушісіне тапсырды. Қолға алған «Қазақтың 1001 күйі» жобасын қадағалауды өтінді. Атырауға кететінін айтып, жұмыстан босату туралы өтінішін қалдырды. Сол өтініш менің жазу үстелімнің тартпасында әлі сақтаулы. Шығып кеткеннен кейін біраз уақыттан соң: «Қоштаспай кетіппін», – деп қайта оралды. 5 маусым күні кешкісін автобуспен үйге қайтып келе жатқанмын. Атыраудан телефон соқты. «Жаңбырбай күйшінің Мыңтөбедегі жерленген жерін білесің бе? “Қоштасу” күйін естіп пе едің? Ерғалидың “Қоштасуымен” шатастырып тұрған жоқсың ба? Оны орындайтын Сырым Бердібековті танисың ба?» – деп сұрақты жаудырды.
Жазғы демалыста Жаңбырбайдың жерленген жерін тауып, басына ескерткіш қойып қайтатынымызды айтты. Мен сол ауылда туғандықтан жер жағдайын білетінімді айтып, күйді даусыммен айтып бердім. «Дұрыс қой, неге кітабыңа енгізбедің?» – деді. Себебін түсінгеннен кейін үнтаспаны алып келетінін айтты. Жарты сағаттай күй туралы сөйлестік. Бұл Қаршыға ағамен соңғы тілдесуім екен. Өмірінің соңына санаулы сағат қалғанда да күй іздеп, күй аңсаған адамды мен бұрын-соңды көрмедім.
– Қазақтың домбыра өнерінде небір дәулескер орындаушылар өтті. Сол үлкен дәстүрдің ішінде Қаршыға ағаны даралап, өз биігіне көтерген басты қасиет не еді? Оның орындаушылық қолтаңбасын неден бірден тануға болады?
– Анасы Қаршыға ағаның ерекше бала болғанын ерте сезген екен. «Кіші ұлым Қаршығаны жылатпаңдар, бетінен қақпаңдар. Ерекше бала, түбі бір нәрсе шығады», – деп айтып отырады екен. Әрине, оның болашақта осындай күйші боларын білді деу қиын. Бірақ ана жүрегі баласының бір биікке шығарын сезген шығар. Қазақтың күй өнері ғасырлар бойы шығарушы, орындаушы, таратушы күйшілер арқылы жетті. Орындаушы күйші-композитордың болмысын, заманын, тарихын түсінбесе, оның шығармасын келешекке толық жеткізе алмайды. Нағыз орындаушы – ойшыл да, тарихшы да болуы керек. Ол күйші жасаған көркем бейнені тыңдаушыға сезіндіре алғанда ғана өз міндетін атқарады.
Қаршыға аға орындаушылық пен шығармашылықты қатар меңгерген синкретті өнер иесі еді. Сондықтан халық оны «Қазақтың Қаршығасы» деп атады. Оның мұрасы ауқымды. Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина күйлерін орындап, жинақтарын шығарды; Қазақстанның әр күйшілік мектебін меңгеріп, өз орындауындағы мол мұрасын қалдырды. Артында 130-дан аса төл туындысы, әндері мен күйлері қалды. Қытай радиосына 53 күй жаздырды. Әлемнің бес құрлығында күй тартты. Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина мұрасына арналған күй сайыстарының қалыптасуына атсалысты. Күй өнері туралы жүзден аса ғылыми-әдістемелік мақала жазды. Ол – Ахмет Жұбанов қалыптастырған үлкен күйтанушылық жолдың ізбасарларының бірі.
– Өнер адамының шығармаларынан көбіне өз тағдырының, мінезі мен жан дүниесінің ізін көреміз. Оның төл туындыларынан өмір жолы мен адамдық болмысы қаншалықты танылады? Адам Қаршыға мен өнерпаз Қаршығаны қатар танытатын бір шығарманы бөліп атар ма едіңіз?
– Адам Қаршыға мен күйші Қаршығаны бөліп қарауға болмайды. Оның бүкіл болмысы бала күнінен күймен астасып кеткен. Өзінің айтуынша, үш жасында анасынан айырылған. Анасын сұрап жылаған баланы әкесі анасының мүрдесіне алып барып: «Анаң енді қайтып келмейді», – деп, кебін сыртынан аяғын ұстатқан екен. Қақаған қаңтар айы. Мұздай денеге қолы тиген кішкентай Қаршыға: «Сол кезде есім кірді», – деп айтатын. Төрт жасынан домбыраны серік етті. Анаға деген сол сағыныш кейін оның орындаушылығында да, өз күйлерінде де көрініс тапты. Күйлерінде қуаныш та, жоқтау да, шабыт та, тұйыққа тірелген сәт те бар. Ұлыларды ұлықтау, замандастарын, жақсы көрген адамдарын күй тілімен бейнелеу бар. Сондықтан Қаршығаның шығармашылығын өзі туралы жазылған роман деуге болады. Оны бір ғана күймен сипаттау қиын. Қаршығаны ерекшелейтін қасиет – жойқын екпін, тыңдаушының жүрегін бірден дүр еткізер тылсым шеберлік. Байсалды күйлерінің өзінен бөлек дыбысы, иірімі, демі сезіледі. Қай күйін тыңдасаңыз да, қолтаңбасын танисыз. Өйткені ол өзгені қайталаған жоқ.
– Махамбет мұрасын жаңғыртып, қалың жұртшылыққа жеткізуге ерекше еңбек сіңірді. Бұл мұраға соншалық терең ден қоюының ар жағында не жатты: туған өлкенің тарихы ма, рухани жақындық па, әлде бабалар алдындағы аманат сезімі ме?
– Біз халық мұрасына адал болуды ұстанған ұрпақпыз. Әсіресе ауызша жеткен күй мұрасына қиянат жасауға болмайды. 1982 жылы Махамбет күйлері «Шашақты найза – шалқар күй» деген атпен баспадан шыққанға дейін жазушы, ақын Қойшығұл Жылқышиев қазақ телерадиосында Махамбет күйлеріне байланысты ғалымдар мен қаламгерлерді жинап, күйші ретінде Қаршыға Ахмедиярұлын шақырған. Ол кезде Махамбет халыққа батыр, ақын ретінде кеңінен танылғанымен, оның күйлері болғанына күмән келтірушілер де бар еді.
Махамбет мұрасының бірнеше арнасы анықталды. 1958 жылы Орал өңірінің күйшісі О.Сүйімбеков Ахмет Жұбановқа «Қайран Нарын», «Жұмыр, Қылыш» күйлерін жеткізген. Кейін оларды Қаршығаға Ғазиза Жұбанова берген. «Өкініш» күйін 1965 жылы күйші Ө.Жұмашевтің орындауынан күйтанушы Тмат Мерғалиұлы тапқан. Соғыста контузия алып, сол қолының бір саусағынан айырылған Қанаш Иманбаев та Махамбет күйлерін орындаған. Оны тарихшы Нәумет Көшекбаев тапты. Кейін Қанаш Иманбаев Алматыға жеткізіліп, оның орындауындағы алты күйдің төртеуі және бұған дейінгі үш күй – барлығы жеті күй Қаршыға Ахмедьяровқа тапсырылды. Олардың қатарында «Жұмыр, Қылыш», «Қайран Нарын», «Қиыл қырғыны», «Жайық асу», «Шілтерлі терезе», «Исатайдың Ақтабаны-ай» секілді күйлер болды. Аттарының өзінен Махамбеттің жорық жолдарының тарихы көрініп тұр.
Қаршыға аға күйді алдымен өзі орындап, жүрегінен өткізетін. Концертте тартатын. Халық қабылдағаннан кейін күйтабаққа жазып, теледидарда орындап, содан соң ғана нотаға түсіріп, жинақ дайындайтын. Бұл жерде «жаңғырту» дегенді «өзгерту» деп түсінбеу керек. Қаршыға күйлерді сахналық орындау үлгісіне келтірді. Соның арқасында олар өміршең болды. Кейде бір күйдің басы бір ауданнан, сағасы екінші ауданнан табылатын жағдайлар да кездесті. Кейін 2003 жылға дейін М.Ысмағұловтан, мемлекеттік мұрағаттардан және Б.Аюпов, М.Байтілеу, С.Мұхатов, М.Дәулетов, К.Байшашақов, С.Өмірәлі секілді орындаушылардың репертуарынан тағы төрт күй хатталды. Махамбеттің 200 жылдығына орай жаңа деректермен толықтырылған жинақ «Өлке» баспасынан қайта жарық көрді.
Әрине, «Махамбеттің күйі» деп ұсынылғанның бәрін ала берген жоқпыз. Оның бірнеше орындаушыдағы нұсқаларының бір арқаулы мазмұны болуы керек. Қаршығаның Махамбетке ерекше ден қоюының тағы бір себебі – өзі Исатай мен Махамбет жортқан өлкеде өсіп-жетілді. Сол бабалардың күйін келешекке жеткізуді аманат санады. Өзі: «Махамбеттің күйлерін орындағанда, бабам қасымнан қалың қолын самсатып өтіп бара жатқандай, шапанының етегімен желпіп, серпіп жібергендей сезінетінмін», – дейтін.
– Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Махамбет – әрқайсысының өз дәуірі, өз мектебі, өз үні бар. Осындай сан алуан мұраны орындағанда өзіндік қолтаңба мен бастапқы рухтың арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтады? Орындаушы ретіндегі басты ұстанымы қандай еді?
– Қаршыға Ахмедиярұлы Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина күйлерін орындап қана қойған жоқ, олардың үн-бейне жазбаларын қалдырып, жинақтарын шығарды. Әр күйшінің орындаушылық деңгейі, шеберлігі әртүрлі. Қаршыға өзіне дейінгі дәулескер күйшілердің нұсқаларын сақтады, мұраға қиянат жасаған жоқ. Сонымен бірге интерпретаторлық қасиеті өте мықты еді. Мәселен, «Төремұрат» секілді күйлерде ерекше жігерленген тұсында иірім соңын сыпырта, жымдастыра қайыратын өз мәнері бар. Бірақ одан күйдің негізі өзгеріп кетпейді.
Құрманғазының «Байжұма», «Аман бол, шешем, аман бол», «Балқаймақ» және басқа күйлерінде Оқап Қабиғожин, Қали Жантілеуов, Рысбай Ғабдиев, Әзидолла Есқалиев секілді күйшілердің нұсқаларын қатар ұсынатын. Мұндағы мақсат – әр орындаушының интерпретациялық ерекшелігін көрсету және күйдің негізін сақтау.
Біздің сүйенетін үлкен арнамыздың бірі – Ахмет Жұбанов қалдырған мұра. Ол Құрманғазы күйлерінің нұсқаларын анықтау үшін оның шәкірттерін салыстырып тыңдаған. Қаршыға да өзінен бұрынғы мықтыларды мойындай білетін. «Динаға жету қайда, өле-өлгенше қолы жібімеген құдірет қой», – дейтін. Рысбай, Әзидолла секілді ағаларының орындаушылық ерекшеліктерін де үнемі айтып отыратын. Өзінен кейінгі жастардың жақсы қасиетін көрсе, оны да бағалайтын. Оның басты ұстанымы – ұлыны бағалай білу және күй мұрасына титтей де қиянат келтірмеу.
– Ол сахна шебері ғана емес, мол мұраны жинап, зерттеп, нотаға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізген тұлға. Осы еңбектің ауқымын бүгін толық бағалап жүрміз бе? Оның арқасында қандай қазына сақталып қалды?
– Қаршыға күйшінің арқасында өткен ғасырлардан өзіне дейін жеткен мол рухани қазынаның үлкен бөлігі сақталып қалды. Бірақ күйді сақтау деген нотаны немесе дыбысты ғана сақтау емес. Оның артындағы өмірді түсіну керек.
Бірде консерваторияда «Арнайы аспаптарды үйрету» пәнінен сабақ беріп тұрдым. Студенттерге «Боз інгеннің бүлкілі» күйі түсті. «Інген деген не?» деп сұрадым. Топ үнсіз қалды. Біраздан кейін бір студент телефонға қарап алып: «Түйе», – деді. «Қандай түйе? Неге бүлкілейді?» – десем, тағы үн жоқ. Келесі күй – «Торы жорғаның бөгелек қағуы». Тағы да тосылыс. Сонда: «Оқу бағдарламасындағы күйлерді орындап жүріп, оның не туралы екенін өздерің білмесеңдер, ертең оқушыға қалай үйретесіңдер?» – деп ренжідім. Сөйтіп, бүкіл курсты жексенбі күні ипподромға апардым. Аттың түсін, жүрісін – жорғасын, желісін, шабысын – өзім көрсеттім. Біз ауылда өстік. Атқа міндік, пішен шаптық, өрмек тоқыдық, киіз бастық, сиыр да, түйе де, бие де саудық. Сондықтан күйде айтылатын өмір бізге етене таныс еді. Ал күйлердің бәрі – халықтың басынан кешкен тұрмысы, тіршілігі, тарихы. Бұрынғы бабаларымыз бен алдыңғы буын күйшілерінің өнерінің жүрекке жетуінің бір себебі де осында. Қаршыға тірілткен мұра халықтың басынан өткен сол өмірлік арқауымен құнды.
–Әр шығарманың артында бір тағдыр, бір оқиға, кейде тұтас бір кезеңнің ізі жатады. Сіз зерттеу барысында осындай көптеген тарихқа кезіктіңіз. Солардың ішінде өзіңізге ерекше әсер еткен, шығармашылық табиғатын тереңірек танытатын бір оқиғаны айтып берсеңіз.
-Қаршыға күйшінің адам жанын тебірентетін күйлері көп. Бірақ «Табынуды» тыңдаған сайын: бір адамның жүрегіне осыншама ғұмыр-дария қалай сыйды екен деп ойланамын. Бұл – тұтас философия. Қаршыға аға Қытайға бүйрек ауыстыруға барып, ұзақ уақыт донор күтіп қалды. Бір кезде елге қайтқысы келіп, сол кездегі облыс әкімі Иманғали Нұрғалиұлына телефон соғады. Сонда ол: «Еліңіз сізді, сіздің күйлеріңізді күтуде. Қанша уақыт болса да күтіңіз, жағдайыңыз жасалады», – дейді. Бесінші айға кеткенде Қаршыға аға түсінде анасын көреді. Елге хабарласып, Төре ағасына анасының басына барып дұға етуін өтінеді. Келесі күні қанын тазалатып, палатаға келгеннен кейін Төре ағасына телефон соқса: «Бала, міне, үйге қазір кірдім. Тапсырмаңды орындадым», – дейді. Дәл сол сәтте аурухана қызметкерлері Қаршыға ағаны зертханаға алып кетуге асығады. Жұбайы Нұрбике апай екеуі не болып жатқанын түсінбей қалады. Тілмаш келгеннен кейін ғана донорлық бүйрек табылғанын, оны отаға дайындауға алып бара жатқанын біледі. Ота сәтті өтеді. Жансақтау бөлімінде есін жиған Қаршыға ағаның көмейіне күй сазы оралады. Осылай «Табыну» туады. Артынша өзіне қолдау көрсеткен Иманғали Нұрғалиұлына деген ризашылық сезімі тағы бір сарынға ұласып, «Имаш-Байжұма» күйіне жалғасады.
Бірнеше күннен кейін палатаға шыққанда домбырасын алдырып, үш күйді тізбектеп орындайды. Содан кейін Иманғали Нұрғалиұлына жеделхат жолдатады: «Имаш! Мақаш правитель Құрманғазыны бұғаудан құтқарды, бас бостандығын алып берді. Құрманғазы “Мақаш-Байжұма” деп күй шығарды. Сен мені ажалдан құтқардың, өмір сыйладың. Менің күйім – “Имаш-Байжұма”». Кейін осы үш күй концерттерінің финалында орындалатын. Елге келгеннен кейін Қаршыға аға шетелде ұзақ жатудың ең ауыры сағыныш болғанын айтатын. Төрт қабырға, тіл білмеу, елді, бала-шағаны, достарды аңсау... «Сағыныштың ең үлкені – ата-жұртты аңсау», – дейтін. «Бар сырымды домбырама айттым, күйіммен тілдестім, елге, сіздерге ауған аңсарымды пернеге жаздым», – деген сөзі есімде.
– Үлкен тұлғалар туралы сөз болғанда шығармашылық жетістіктерін алға шығарамыз да, күнделікті өмірдегі адамдық болмысы тасада қалып жатады. Сіз жақыннан таныған Қаршыға аға қандай адам еді? Оның мінезін дәл танытатын бір оқиға есіңізде қалды ма?
– Қаршығаның өнері мен адамдық болмысын бір-бірінен ажырату қиын. Аңғал, сенгіш, қолы ашық, ақжарма, қонақшыл, кісі аяғыш адам болатын. Талант көрсе, оның өнер керуеніне қосылуына барынша көмектесетін. Ал күйге кінәрат келтірген адамға қатты ренжитін. Қамқорлығы ерекше еді. Шәкіртінің, әріптесінің бойынан жақсы қасиет көрсе, соны өсіруге тырысатын. Өзі қанша биікке көтерілсе де, қарапайым қалпынан айныған жоқ. Өнерге деген құштарлығы оған үнемі қанат бітіріп тұратын. Сондықтан өмірінің соңына дейін ізденіс үстінде жүрді.
– Бүгінде техникалық мүмкіндігі жоғары, өте жылдам әрі шебер орындайтын жастар аз емес. Ал Қаршыға қалыптастырған орындаушылық дәстүр тұрғысынан қарасақ, шеберлік техникамен ғана өлшене ме? Домбырашының қолынан бөлек, ойы мен дүниетанымына қандай талап қойылады?
– Қаршыға Ахмедьяров – күй өнеріндегі орындаушылық үрдістің айтулы шебері. Оның репертуарында Атыраудан Алтайға дейінгі қазақ күйшілік мектептерінің мұрасы бар. Қазақ радиосының «Алтын қорында» әр жылдары орындаған 500-ден аса күйі сақталған. Теледидарда арнайы тақырыптық бейнетаспалары бар. Оннан аса күйтабағы мен үнтаспасы жарық көрді, өзі орындаған күйлерді нотаға түсіріп, бірнеше жинақ етіп шығарды.
2011 жылы жылдық асына орай консерваторияның «Радио-KZ» кешенінде Жәния Әубәкірованың басшылығымен, біздің құрастыруымызда 14 CD-ден тұратын «Күй Қаршыға» альбомы жарық көрді. Оған Қазақстанның күйшілік мектептері бойынша орындаған және өзінің төл туындыларын қосқанда 400-ге жуық шығарма енді. Осы жазбалардың өзінен орындаушылықтың үлкен мектебін көруге болады. Күйді қуып, тез тарта жөнелу – шеберлік емес. Мұндай орындаушылықты Ахмет Жұбановтың өзі кезінде сынға алған. Жылдам тартқанда кейбір қателік байқалмай кетуі мүмкін. Ал жай, байсалды күйді орындау әлдеқайда қиын. Өйткені күйді сөйлете білу керек. Техника – құрал ғана. Оның ар жағында күйдің тарихын, мінезін, тынысын түсіну, күйші-композитордың жан дүниесіне ену жатыр.
– Онымен замандас болған буын үшін Қаршығаның өнердегі орны түсінікті. Ал бүгін оны алғаш тыңдай бастаған жаңа ұрпақ бар. Жас тыңдарман Қаршыға әлеміне неден бастап енгені дұрыс? Оны шын түсіну үшін нені тыңдап, нені білуі керек?
– Күйді түсінетін адамға кейде бір күйдің өзі жеткілікті. Ал күй әлеміне енді бет бұрған жас бір ғана шығармадан Қаршығаның ауқымын бірден тани алмауы мүмкін. Сондықтан алдымен Махамбетті, Құрманғазыны, Дәулеткерейді, Тәтімбетті, Сүгірді, Динаны, Маңғыстау күйшілік мектебін тыңдау керек. Тыңдап қана қоймай, сол күйшілер туралы оқу керек. Сонда ғана күй тылсымына тереңірек енуге болады.
Қаршыға – біздің заманымыздағы сол ұлы дәстүрдің жалғасы. Бірақ ол бұрынғы дәулескерлердің өнеріндегі терең философияны, сыршыл лириканы, дауылдатқан екпінді, виртуоздық мәнерді бір бойына тоғыстырды. Ол күйдің көңіл күйін, сыр-сымбатын сезініп, ырғақ пен өлшемге, әр иірімге жан бітіретін. Бір қағыспен тұтас әлем туғыза алатын күйші еді. Қаршыға Ахмедиярұлы – қазақ күй өнеріндегі бірегей болмыс. Қанша биікке көтерілсе де, «мен мынаны тындырдым» деп көкірек қаққан емес. Ғасырлар бойғы рухани құндылықты шанағында сақтаған қоңыр домбырадай қарапайым қалпынан айнымады.
Қаршығаның күйге айналған ғұмыры кейінгі ұрпаққа терең ойды, биік талапты, халқы мен өнерін сүйген жалынды жүректі аманат етіп қалдырды.
Сұхбатыңыз үшін рахмет!





