(Жазушы Ғабдол Слановтың туғанына 115жыл)
«Ғабдол – менің сенетін сырлас адамым».
М.Әуезов
Қазақ әдебиетінде даңқы шығармаларынан озып жүретін қаламгерлер де, өзі тасада қалып, сөзі алға шығатын суреткерлер де бар. Ғабдол Сланов – соңғысының бірі. Биыл қазақтың көрнекті жазушысы, журналист, драматург әрі аудармашы Ғабдол Слановтың туғанына 115 жыл толып отыр.
Мұхтар Әуезовтің Ғабдол Сланов туралы айтқан бір ауыз сөзі бар: «Ғабдол – менің сенетін сырлас адамым». Қазақ әдебиетінің алыбы Әуезовтің осы қысқа ғана сөзі Слановтың қаламгерлік беделінен бөлек, адамдық болмысынан да хабар бергендей. Ал жазушы Хамза Есенжанов оны «сырт көрінісі момақан, іші қазыналы, қазақ даласының тап өзі сияқты» деп сипаттайды. Расында да, замандастарының естеліктерінен біз даңғаза мен дақпырттан алыс, әдеби айтыс-тартыстың ортасына ұмтылмайтын, үнсіз отырып өнімді еңбек еткен адамды көреміз. Б.Қорқытовтың айтуынша, Ғабдол Сланов «әдеби майдандағы айтыс, талас-тартыстардан аулақ жүріп, өз шаруасын қамдай беретін» қаламгер болған.
Ғабдол Сланов 1911 жылы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданының Тайсойған өңірінде дүниеге келген. Балалық шағы ауыр өтті: төрт жасында анасынан, он жасында әкесінен айырылды. Кейін Оралдағы кәсіптік-техникалық мектепте білім алып, Мақат мұнай кәсіпшілігінде еңбек етті. Болашақ жазушының өндіріс ортасын, мұнайшылар өмірін ішінен танып өсуі кейін шығармаларының тақырыбына да тікелей әсер етті. 1930 жылы Алматыға келген жас Ғабдол көп ұзамай баспасөз жұмысына араласады. «Еңбекші қазақ», кейінгі «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді. Газет мектебі оны өмірдің өзіне жақындатып, адам мінезін, қоғам тынысын жіті бақылауға үйретті. Осы кезеңде әңгіме, очерк, фельетондар жазып, журналистік шеберлігін қалыптастырды.
Жазушының еңбекқорлығы туралы Әзілхан Нұршайықовтың естелігі ерекше әсерлі. Оның айтуынша, Сланов іссапардан редакцияға бір ғана тапсырманы орындап емес, әр бөлімге қажет материалдарды үсті-үстіне жазып әкелетін. Сондықтан редакцияның байырғы қызметкерлері кейінгі жастарға оны үлгі етіп: «Слановтай сегіз қырлы журналист болу қайда?!» – деп отырады екен. Бұл мінез кейін үлкен әдебиетте де өзгерген жоқ.
Ғабдол Сланов әдебиетке әңгіме, очеркпен келді. 1938 жылы алғашқы жинағы жарық көріп, сол кезеңде жазылған «Арман ағысы» повесі республикалық бәйгеде жүлде алды. Одан кейін «Дөң асқан», «Жанартау», «Кең өріс», «Шалқар», «Асау арна» секілді көлемді туындылары дүниеге келді. Оның шығармаларындағы маңызды тақырыптың бірі – еңбек адамы. Мұның да тамыры туған жермен сабақтас еді. Мақат кәсіпшілігінде жұмыс істеген қаламгер мұнайшының еңбегін сырттай бақылаған жоқ, сол ортаның қиындығын өзі көріп, адамдарын таныды. «Жанартау» романында мұнайшылар өмірі суреттелсе, «Асау арнада» Жетісудағы жұмысшы табының қалыптасу кезеңі бейнеленді. «Шалқар» романы қазақ прозасындағы еңбек, ауыл өмірін кең тыныспен бейнелеген шығармалардың бірі ретінде танылды. Роман кейін орыс тілінде де жарық көрді.
Әдебиеттанушы Серік Қирабаев Ғабдол Сланов шығармашылығының ерекшелігін халқымыздың тарихи жолы мен замана өмірін эпикалық кеңдікпен суреттеуінен, типтік құбылыстарды жарқын бейнелей білуінен көреді. Ал «Шалқар» романын бағалаған орыс жазушысы Юрий Либединский шығармадағы кейіпкерлердің қолдан жасалған сұлба емес, тұтас тұлғалы характерлер екенін атап өтіп, романның «ұлттық колориті мен өмірдің таза лебін» жоғары бағалаған.
Слановтың шығармашылық аясы прозамен шектелген жоқ. Ол очерк пен публицистикада өнімді еңбек етті, Махамбет Өтемісұлына арналған драмалық шығарма жазды. «Махамбет» пьесасы республикалық және облыстық театрлар сахнасында қойылды. Сондай-ақ Александр Фадеевтің «Жас гвардия» романын қазақ тіліне аударды.
Ғабдол Сланов туралы естеліктерді оқығанда бір ерекшелік бірден байқалады: замандастары оның шығармаларын ғана емес, мінезін де қайта-қайта айтады. Ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Иә, сен өзің туралы ойламайтынсың, өзіңді аямайтынсың» деген сөзі де соны аңғартады. Оның шығармашылық жағдай талғамағаны туралы естелік одан да әсерлі. «Арман ағысы», «Дөң асқан», «Жанартау», «Кең өріс» секілді шығармаларын аядай бөлмеде, бес-алты баланың ортасында, жарығы бір өшіп, бір жанған шамның астында отырып жазғаны айтылады. Ал «Асау арнаны» денсаулығына қарамастан, өндіріс орындары мен ұжымшарларды аралап, сапар үстінде аяқтаған.
Осы тұста 1969 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мына бір баға Сланов болмысына дәл келетіндей:
«Шын талант иесі айқай-шуды білмейді... Оның өмір бойы елеусіз жүріп, елеулі романдар бергені де осы асыл мінездің жемісі болса керек». Бәлкім, Ғабдол Слановтың тұлғасын түсіндіретін ең дәл сөз де осы шығар. Ол әдебиетке өзін көрсету үшін емес, өзі көрген өмірді көрсету үшін келгендей. Мұнай кәсіпшілігіндегі жұмысшыны да, ауыл адамын да, тарихи тартыстар ортасындағы кейіпкерлерді де сырттай бақылаушы ретінде емес, сол даланың табиғатын, тіршілігін, мінезін жақсы білетін суреткер ретінде жазды. Замандастары оның қара сөзінің өзінен ақындық әуез сезілетінін айтқан. «Сен жаратылысыңда шынайы ақын адам едің. Қара сөздеріңнің өзі өлеңдей әуенді болатын» деген естелік те содан қалған.
Ғабдол Сланов 1969 жылы дүниеден өтті. Бірақ қаламгердің туған өлкесімен байланысы үзілген жоқ. Бүгінде Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы жазушының есімімен аталады, оның әдеби мұрасы зерттеліп, оқырманға насихатталып келеді. Жазушының 115 жылдығына орай кітапханада «Ұлт үшін туған қаламгер» атты әдеби сағат өтіп, Ғабдол Слановқа арналған музей бөлмесі таныстырылды. Оқырмандар қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолымен танысып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры Гүлзира Борамбайқызы Аяпова жазушы мұрасы туралы арнайы баяндама жасады. Сондай-ақ қаламгер шығармалары қойылған кітап көрмесі ұсынылды. Әдеби шараға Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледждің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Ғабдол Слановты 115 жылдығымен еске алу жәй кезекті іс-шара болмауы тиіс. Бұл – қазақ прозасының қалыптасу кезеңіне, мұнайлы өлкенің әдебиеттегі бейнесіне, жазушылық еңбектің үнсіз де табанды табиғатына қайта үңілу. Хамза Есенжановтың Слановты «іші қазыналы, қазақ даласының тап өзі сияқты» деуінде үлкен мән бар. Өйткені сол қазынаның бір бөлігі – оның кітаптарында. Ал кітаптары оқылған жерде қаламгердің ғұмыры жалғаса береді.





