Әдебиет әлемінде шығарманың өзінен кем түспейтін таңғаларлық оқиғалар аз емес. Бір жазушы жеті томдық роман жазса, енді бірі бірнеше сөзге тұтас тағдырды сыйғызған. Бір қаламгер шығармаларын өртеп жіберуді өсиет етсе, екіншісінің кітабы сотқа дейін жеткен. Ал кейбір туындылардың тағдыры авторларының өздері күтпеген бағытта өрбіген. Әлем әдебиетіндегі осындай 15 қызықты дерекке назар аударайық.
1. Әлемдегі ең ұзақ роман — Марсель Прусттікі
Француз жазушысы Марсель Прусттың «Жоғалған уақытты іздеу» романы Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең ұзақ роман ретінде енген. Жеті томнан тұратын шығармада бос орындарды қоса есептегенде шамамен 9,6 миллион таңба бар.
Романның алғашқы томы 1913 жылы жарық көрген. Ал соңғы томдары жазушы қайтыс болғаннан кейін жарияланды. Пруст адам жадын, уақыттың өтуін, балалық шақ естеліктерін зерттеуге тұтас әдеби ғұмырын арнады.
Бір қызығы, шығарманың ең әйгілі көріністерінің бірі — шайға батырылған кішкентай мадлен печеньесінің дәмі арқылы балалық шақ естеліктерінің қайта оралуы.
2. Алты сөзге сыйған трагедия
Әдебиет тарихындағы ең әйгілі шағын әңгімелердің бірі небәрі алты ағылшын сөзінен тұрады:
For sale: baby shoes, never worn.
Қазақша мағынасы: «Балалар аяқкиімі сатылады. Ешқашан киілмеген».
Осы алты сөз оқырманға тұтас бір отбасының қайғысын елестетеді. Әңгіме көбіне Эрнест Хемингуэйге телінеді. Алайда оның бұл мәтінді жазғанын дәлелдейтін сенімді дерек жоқ. Соған қарамастан, алты сөздік әңгіме қысқа прозаның мүмкіндігін көрсететін әйгілі мысалға айналды.
Ал «әлемдегі ең қысқа роман» деген атаққа қатысты әдебиетте біржақты мойындалған рекорд жоқ.
3. Оқиғасы бір күнге сыйған алып роман
Ирланд жазушысы Джеймс Джойстың «Улисс» романының негізгі оқиғалары 1904 жылдың 16 маусымында Дублин қаласында өтеді.
Романның басты кейіпкері Леопольд Блум қала көшелерін аралап, түрлі адамдармен кездесіп, күнделікті тіршілігін жалғастырады. Бірақ қарапайым оқиғалардың астарында адамның санасы, жалғыздығы, тарихы мен өмірдің мәні туралы күрделі ойлар жатыр. Бүгінде Джойстың жанкүйерлері жыл сайын 16 маусымды «Блум күні» (Bloomsday) ретінде атап өтеді. Әдеби кейіпкердің бір күндік сапары осылайша халықаралық мәдени дәстүрге айналған.
4. Әдебиетті сақтап қалған орындалмаған өсиет
Франц Кафка дүниеден өтер алдында досы Макс Бродқа жарияланбаған қолжазбаларын өртеп жіберуді тапсырған. Алайда Брод досының соңғы өтінішін орындамады. Керісінше, оның шығармаларын жинақтап, жарыққа шығарды. Осылайша әлем әдебиеті «Процесс», «Қамал», «Америка» романдарымен танысты.
Егер Макс Брод Кафканың өсиетін бұлжытпай орындағанда, ХХ ғасыр әдебиетінің ең ықпалды туындыларының бірқатары оқырманға жетпеуі мүмкін еді.
5. Бір әріпсіз жазылған роман
Француз жазушысы Жорж Перек 1969 жылы «Жоғалу» (La Disparition) атты роман жариялады. Оның ерекшелігі — бүкіл шығармада француз тілінде ең жиі қолданылатын әріптердің бірі, «е» мүлде кездеспейді. Бұл әдеби тәсіл липограмма деп аталады.
Мұндай шектеумен бірнеше сөйлем құрастырудың өзі қиын. Ал Перек осы тәсілмен тұтас роман жазған. Кейін шығарманы ағылшын тіліне аударған Гилберт Адэр де аудармасында «е» әрпін қолданбаған.
6. Кітаптары екі миллиард данамен сатылған жазушы
Агата Кристи — әдебиет тарихындағы ең көп сатылған көркем әдебиет авторларының бірі. Гиннестің рекордтар кітабы оның шығармаларының жалпы таралымын шамамен екі миллиард дана деп көрсетеді. Кристи Эркюль Пуаро мен Мисс Марпл секілді әлемге танымал детектив кейіпкерлерін дүниеге әкелді.
Бір қызығы, ол Мэри Уэстмакотт деген бүркеншік атпен детективке қатысы жоқ психологиялық романдар да жазған.
7. Авторы жұмбақ әйгілі роман
1811 жылы Джейн Остиннің «Ақыл мен сезім» романы жарық көргенде кітаптың мұқабасында жазушының аты-жөні көрсетілмеді. Оның орнына «Бір ханым жазған» деген белгі тұрды.
Кейінгі шығармалары да алғашында автордың толық атымен жарияланбады. Остин өмір сүрген дәуірде әйелдердің әдеби шығармашылықпен айналысуына қоғамның көзқарасы бүгінгідей емес еді.
Бүгінде оның «Тәкаппарлық пен жаңсақ пікір» романы әлем әдебиетінің ең танымал шығармаларының қатарында.
7. Жазушының өмірін сотқа жеткізген роман
1857 жылы француз жазушысы Гюстав Флобердің «Бовари ханым» романы Францияда үлкен дау туғызды. Романдағы Эмма Боваридің некеден тыс қарым-қатынасы мен қоғамдағы екіжүзділік туралы көріністер билік өкілдерінің наразылығына ұшырады. Флобер мен шығарманы жариялауға қатысқан адамдар қоғамдық моральға нұқсан келтірді деген айыппен сотқа тартылды. Сот жазушыны ақтап шығарды.
Бір қызығы, осы жанжал романның танымалдығын арттыра түсті. Бүгінде «Бовари ханым» реалистік прозаның ең маңызды туындыларының бірі саналады.
8. Түрмеде туған әлемдік классика.
Испан жазушысы Мигель де Сервантес өмірінде бірнеше рет абақтыға түскен. Оның «Дон Кихот» романының алғашқы бөліміндегі алғысөзінде шығарма идеясының түрмеде туғанына ишара бар. Алайда романның толықтай түрмеде жазылғаны дәлелденбеген.
1605 жылы жарық көрген «Дон Кихот» әдебиет тарихындағы ең ықпалды шығармалардың біріне айналды. Қызығы, Сервантес бастапқыда рыцарлық романдарды әжуалауды көздегенімен, оның кейіпкері кейін адам арманы мен шындық арасындағы мәңгілік қайшылықтың символына айналды.
9. Бір түнгі әдеби сайыстан туған Франкенштейн
1816 жылы Швейцариядағы Женева көлінің маңында Мэри Годвин (кейінгі Мэри Шелли), Перси Шелли, лорд Байрон және Джон Полидори бас қосады. Ауа райының қолайсыздығынан үйде көп уақыт өткізген олар бір-біріне қорқынышты әңгімелер айтып, сондай шығарма жазуға келіседі. Осы әдеби сайыс Мэри Шеллидің «Франкенштейн» романының тууына түрткі болды.
Шығарма 1818 жылы жарық көрді. Сол кезде Мэри Шелли небәрі 20 жаста еді. Ол романды жазуды 18 жасында бастаған.
10. Авторы өлгеннен кейін табылған әдеби қазына
Америкалық жазушы Джон Кеннеди Тулдың «Ақымақтар астыртын келісімі» (A Confederacy of Dunces) романы көзі тірісінде баспадан шықпады.
Жазушы 1969 жылы қайтыс болғаннан кейін анасы қолжазбаны жариялату үшін табандылық танытты. Ақыры роман 1980 жылы жарық көрді. Ал 1981 жылы шығарма көркем әдебиет бойынша Пулитцер сыйлығын жеңіп алды.
Автордың өзі көре алмаған әдеби табыс оның өмірден өткенінен кейін жүзеге асты.
11. Микроскоппен ғана оқылатын кітап
Әлемдегі ең кішкентай кітаптардың бірі — Teeny Ted from Turnip Town.
Оның өлшемі небәрі 70×100 микрометр, яғни 0,07×0,1 миллиметр. Кітаптың мәтіні арнайы технология арқылы кремний бетіне түсірілген. Оны жай көзбен де, кәдімгі үлкейткіш әйнекпен де оқу мүмкін емес. Ол үшін электрондық микроскоп қажет.
Адамзат бір жағынан миллиондаған таңбадан тұратын алып романдар жазса, екінші жағынан кітапты көзге көрінбейтіндей көлемге дейін кішірейте алған.
12. Жазушының өзі сегіз ай ғана жүреді деп ойлаған пьеса
Агата Кристидің «Тышқан қақпаны» пьесасы 1952 жылдың 25 қарашасында Лондонда алғаш рет сахналанды. Жазушы қойылымның ұзаққа бармайтынын, шамамен сегіз ай ғана жүретінін болжаған. Алайда пьеса ондаған жыл бойы сахнадан түспей, театр тарихындағы ең ұзақ қойылып келе жатқан спектакльдердің біріне айналды.
2025 жылдың наурызында оның 30 мыңыншы қойылымы өтті. Пандемия кезінде спектакль уақытша тоқтағанымен, кейін қайта жалғасты.
13. Әлемге әйгілі ертегі қайық үстінде туған
Льюис Кэрроллдың «Алиса ғажайыптар елінде» шығармасының тарихы 1862 жылдың 4 шілдесіндегі қайық серуенінен басталады. Сол күні жазушы Темза өзенінде Алиса Лидделл мен оның әпкелеріне қиял-ғажайып оқиға айтып берген. Кішкентай Алиса ертегінің қатты ұнағаны сонша, оны қағазға түсіруді өтінеді. Кэрролл кейін әңгімені қолжазбаға айналдырып, суреттерін өзі салады. Ал 1865 жылы шығарма кітап болып жарық көреді.
Сөйтіп, балаларға арналған бір күндік ертегі әлем әдебиетінің классикасына айналды.
14. Баспа қабылдамаған шығарма Нобельге жол ашты
Британ жазушысы Уильям Голдингтің «Шыбындар әміршісі» (Lord of the Flies) романы алғашында бірқатар баспадан кері қайтарылған. 1954 жылы ғана кітап жарық көрді. Бастапқыда аса үлкен коммерциялық табысқа жетпегенімен, кейін әлем әдебиетінің маңызды шығармаларының біріне айналды. Роман өркениеттен оқшауланған балалардың біртіндеп қатыгездікке бой алдыруы арқылы адам табиғатының қарама-қайшылығын көрсетеді.
1983 жылы Уильям Голдинг әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алды. Әрине, марапат бір роман үшін ғана емес, оның тұтас шығармашылығы үшін берілді.
15. Бар болғаны 50 сөзбен жазылған кітап
1960 жылы америкалық балалар жазушысы Доктор Сьюз (Теодор Гейзель) баспагер Беннетт Серфпен ерекше бәске тігеді. Баспагер жазушының небәрі 50 түрлі сөзді пайдаланып, қызықты кітап жаза алатынына сенбеген. Бәс сомасы — 50 доллар. Алайда жазушы бұл сынақтан сүрінбей өтті. Ол «Жасыл жұмыртқа мен ветчина» (Green Eggs and Ham) атты балалар кітабын жазып шықты. Шығармада сөздер қайта-қайта қайталанғанымен, қолданылған бірегей сөздердің саны дәл 50 ғана. 1960 жылы жарық көрген кітап балалар әдебиетінің ең танымал туындыларының біріне айналды.
Сөйтіп, небәрі 50 долларлық бәстен миллиондаған оқырман сүйіп оқитын кітап дүниеге келді.





