Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

    1940 жылы нацистік Германиядан қолында жалғыз шабаданы бар әйел қашып шықты. Ал арада 26 жыл өткенде сол әйел әдебиет бойынша Нобель сыйлығын иеленді. Бір қызығы оның өмірін сақтап қалған екінші адам да Нобель лауреаты еді. Бұл — екі әйгілі қаламгердің тағдырын тоғыстырған, әдебиеттің адам өміріндегі орнын өзгеше қырынан көрсететін шынайы оқиға.


    1940 жылдың мамыры. Берлин.
    49 жасқа аяқ басқан Нелли Закс қарт анасымен бірге Германиядан кетуге дайындалып жатыр. Екеуі өздерімен бірге ең керекті заттары мен аздаған киім –кешегі салынған жалғыз шабаданды ғана алуға шешім қабылдайды. Бұл саяхат та, жаңа өмір іздеген ерікті көшу де емес еді. Бұл  тірі қалу үшін жасалған қадам болатын. Германияда нацистер билікке келгеннен бері еврейлердің жағдайы күн өткен сайын қиындай түскен. Олардың құқықтары шектеліп, дүние-мүлкі тәркіленіп, өміріне қауіп төнді. Еврей отбасында дүниеге келген Нелли Закс та осы қуғын-сүргінді бастан кешірді.
     1940 жылдың көктемінде ол анасымен бірге мәжбүрлі түрді ауыр еңбекке жегілуі мүмкін еді. Швецияға кіруге рұқсат алу жұмыстары ұзаққа созылды. Ақыры құжаттары дайын болғанда, Еуропаның басым бөлігі соғыс өртіне оранған болатын. Дәл осы жылы 16 мамырда анасы мен қызы Берлиннің Темпельхоф әуежайынан Стокгольмге ұшып шықты. Бұл соғыс жағдайында екі астана арасындағы әуе қатынасы тоқтар алдындағы соңғы азаматтық рейстердің бірі еді. Олар осылайша нацистік қуғыннан аман қалды.  Бірақ осы оқиғаның артында сол кезде есімі Еуропаға әйгілі тағы бір жазушы тұр еді.
      Нелли Закс 1891 жылы Берлинде ауқатты еврей отбасында дүниеге келген. Жастайынан әдебиетке құмар болды, өлең жазды, ертегілер мен аңыздарды сүйіп оқыды. Оның ерекше құрмет тұтқан қаламгерлерінің бірі швед жазушысы Сельма Лагерлёф еді. Бүгінде Лагерлёфті көбіміз «Нильстің жабайы қаздармен ғажайып саяхаты» шығармасы арқылы білеміз. Ал оның әдебиет тарихындағы орны әлдеқайда кең. 
    1909 жылы Сельма Лагерлёф әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған тұңғыш әйел қаламгер атанды. Жас Нелли әйгілі жазушыға хат жазып, шығармашылығына деген ықыласын білдіреді. Кейін екеуінің арасында хат алмасу жалғасады. 1921 жылы Закс өзінің алғашқы кітабын да Лагерлёфке жібереді. Ол кезде Нелли бұл әдеби байланыстың бір күні өзінің өмірін сақтап қалуға көмектесетінін білген жоқ.
      1930-жылдардың соңында Германиядан кетудің жолын іздеген Закстың достары Швециядағы таныстарымен байланыс орнатады. Олардың бірі Гудрун Денерт Сельма Лагерлёфке барып, Нелли мен анасына көмектесуді сұрайды. Лагерлёф қолдау көрсетеді. Кейін бұл іске швед ханзадасы Евген және басқа да адамдар араласады. Швецияға кіруге қажетті кепілдіктер мен құжаттарды рәсімдеу мүмкін болады. Әрине, екі әйелдің құтқарылуын жалғыз Лагерлёфтің еңбегі деп көрсету тарихи тұрғыдан дәл болмас еді. Оған бірнеше адамның табандылығы, швед билігінің рұқсаты және сәтті аяқталған күрделі ұйымдастыру жұмыстары ықпал етті. Дегенмен әйгілі жазушының араласуы шешуші көмектердің бірі болғаны тарихи деректерде айтылады. 
      Бұл оқиғада әдебиеттің өзі адам тағдырына араласқандай әсер қалдырады. Бір кезде сүйікті жазушысына жолданған хат арада жылдар өткенде көмек сұрауға мүмкіндік берген байланысқа айналды.
      Бұл тарихтың тағы бір көңілге қаяу түсіретін тұсын айта кеткен жөн. Сельма Лагерлёф 1940 жылғы 16 наурызда, Нелли Закс Швецияға жетерден тура екі ай бұрын қайтыс болды. Ол өзі көмектескен жас ақынның Берлиннен аман шыққанын көре алмады.
      Ал Нелли Закс жаңа елге келгенде швед тілін білмейтін. Бұрынғы тұрмысы, таныс ортасы, туған қаласы — бәрі артта қалған еді. Анасы екеуі Стокгольмде қарапайым өмір бастады. Алғашында уақытша баспаналарда тұрып, кейін шағын пәтерге орналасты. Нелли швед әдебиетін неміс тіліне аударумен айналысты. Оның өмірінде бұрынғыдай жайлы тұрмыс та,  әдеби орта да болған жоқ. Бірақ дәл осы эмиграция жылдары оның поэзиясы мүлде жаңа сипат алды.  Нелли Закстың алғашқы өлеңдері романтикалық сарынға, табиғат пен сезім әлеміне жақын болатын. Ал соғыс пен қуғын-сүргін оның шығармашылық бағытын түбегейлі өзгертті. Холокост кезінде ақынның көптеген жақындары мен туыстары қаза тапты. Олардың тағдыры оның шығармаларындағы негізгі тақырыптардың біріне айналды. Енді ол жеке адамның мұңын ғана емес, тұтас халықтың басына түскен қасіретті жырлады. Оның поэзиясында күл, түтін, түн, үнсіздік, жоғалған үй мен өшпейтін жад бейнелері жиі кездеседі.
     Закс қасіретті құрғақ тарихи дерек ретінде баяндаған жоқ. Ол миллиондаған адамның азабын поэтикалық тіл арқылы жеткізуге тырысты. Ақынның «Өлім мекендерінде» (In den Wohnungen des Todes, 1947), «Тұтылу» (Sternverdunkelung, 1949), «Қашу және өзгеру» (Flucht und Verwandlung, 1959) жинақтары оның шығармашылық әлемін танытты. Нелли Закс үшін өлең жазу өткенді ұмыту емес, керісінше, ұмыттырмаудың бір жолына айналды. 
      1966 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығы Нелли Закс пен израильдік жазушы Шмуэль Йосеф Агнонға бірге берілді. Ол кезде Нелли 75 жаста еді. Бір кездері нацистік Германиядан жалғыз шабаданмен қашып шыққан әйел енді әлемдегі ең беделді әдеби марапаттардың біріне ие болды. Осылайша бір-бірімен хат алмасқан екі қаламгердің есімі Нобель сыйлығының тарихында тоғысты.
     Сельма Лагерлёф бұл сыйлықты 1909 жылы алған еді. Ал өзі құтқаруға көмектескен Нелли Закс 57 жылдан кейін дәл сол марапатқа ие болды. Бірақ олардың арасындағы байланыстың ең маңыздысы әдеби атақ та, марапат та емес еді. Бір жазушының екінші жазушыға қиын сәтте қол ұшын созуы болатын.
     Бұл оқиға ұмыт қалған жоқ. 2023 жылғы сәуірде Стокгольмдегі Нобель музейіне ерекше жәдігер тапсырылды. Ол — Нелли Закстың 1940 жылы Берлиннен алып шыққан шабаданы. Шабаданды музейге швед жазушысы Арис Фиоретос сыйға тартты. Ол бұл затты шамамен он бес жыл бұрын Закстың жақын досы, аудармашы Маргарета Хольмквистен алған екен. Фиоретостың айтуынша, чемодан жертөледе сақталып тұрған. Шаң басқан, бір бауы үзілген қарапайым ескі зат еді. Кейін ол Нелли Закстың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмеде пайдаланылды. Ақыры Нобель музейінің қорына өтті. Музей бұл жәдігерді Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі босқындар тағдыры мен нацистік қуғыннан құтылудың тарихи куәлігі ретінде таныстырды. 
Бұл жәдігер бір қарағанда, кәдуілгі ескі шабадан ғана болғанымен, оның артында туған жерінен айырылған әйелдің тағдыры,  өмір үшін күрес, екі жазушының арасындағы байланыс және адамзат тарихындағы ең ауыр қасіреттердің бірі жатыр.
     Әдебиет туралы сөз болғанда біз көбіне оның адамды тәрбиелейтіні, ойландыратыны, рухани байытатыны жөнінде айтамыз. Бұл сөздердің бәрі орынды. Бірақ кейде олардың тым жалпылама естілетіні де рас. Нелли Закс пен Сельма Лагерлёфтің тарихы әдебиеттің адам өміріне ықпалы әлдеқайда нақты болатынын көрсетеді. Жас ақынның сүйікті қаламгеріне жазған хаты, жылдар бойы үзілмеген әдеби байланыс, қиын сәтте жасалған адамгершілік әрекет — осының бәрі бір адамның тағдырын өзгертті. Әрине, Нелли Заксты өлең құтқарған жоқ. Оны нақты адамдардың көмегі, құжат рәсімдеу жолындағы табандылық және дер кезінде қабылданған шешімдер аман алып қалды. Бірақ сол көмектің бастауында әдебиет арқылы қалыптасқан адами байланыс тұрғаны да шындық.
     Бүгінде Нобель музейінде сақталған ескі шабадан осыны еске салады. Оның иесі кезінде сол шабаданға бүкіл өмірін сыйғызуға мәжбүр болды. Ал кейін сол өмірден туған поэзия әлем әдебиетінің қазынасына қосылды. Бәлкім, бұл оқиғаның ең үлкен сабағы да осында шығар: әдебиет әрдайым әлемді өзгерте бермейді. Бірақ кейде бір адамның өмірін өзгертуге себеп болып жатады.


Материал Нобель музейі мен Швецияның ұлттық биографиялық сөздігінің деректері негізінде дайындалды.
«Сарайшық» редакциясы

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді