Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

БІР ӨЛЕҢНІҢ ТАРИХЫ

Нәсіп Мұстахқызы Нәжімеденкеліні


     Төлеген Айбергенов 1965 жылы Алматыға көшіп келіп, Қажымұқан көшесінде Ж. Тәшеновпен көрші тұрғанда, бізді және тағы да 4-5 үйді қосып, қой сойып қонаққа шақырды. Менің Төлегенді және оның жары Үрнисаны алғаш рет көруім сол кез еді. Төлеген ақкөңіл, аңқылдаған адам екен. Өз өлеңін де, басқа ақындардың өлеңдерін де, сол сияқты өлеңді басынан бастап және керісінше аяғынан басына дейін жатқа оқитын керемет өнері бар екенін сол кезде көрдім. Біз Төлегеннің отбасымен тез тіл табысып кеттік.
     1967 жылдың жазғытұрым кезі болатын. Күн жылы дегенмен суықтың ызғары толық қайтқан жоқ. Жұмекен жұмыстан кейін Төлеген Айбергеновті ертіп, үйге келді. Төлеген костюмшең жүр екен. Біз онда бұрынғы Интернациональная, қазіргі Мәуленов көшесіндегі 129 үйдің 24 пәтерінде Сафуан ағалармен бірге тұрамыз. Жұмекен 20-пәтерде тұратын Мұқағалиды шақырып келгенде «Мұқағали үйде екен» деп қуанып кіргені есімде. Біраздан кейін үстінде ақ көйлегі бар Мұқағали келді. Үшеуі таңға дейін әдебиет, поэзия жайында қызу әңгіме-дүкен құрды. Төлегеннің егіз қызы бар. Біздің Мағжанымыз 2 жасар кезі. Олар отырған бөлмеге кіре береді. Төлеген Мағжанды көтеріп алып: «Осы сенің ұлыңа егіз қызымның таңдағанын беремін. Құда түсесің бе, Жұмекен келісіп отыр, сен ше?» деп қолын ұсынды маған. Ақкөңіл ақын ілтипатпен менің қолымды алып еді.
     Бұл отырыс Төлеген ақынның біздің дастарханнан соңғы рет дәм татқаны екен. Көп кешікпей туған жеріне барған Төлеген қайтыс болды. Мұқағали жерлеуге барып қайтты, Жұмекенді жұмысынан босатпай, бара алмады.
     Досқа адал Жұмекен жолдастық қарым-қатынаста да әріптестерімен, өзі құрмет тұтатын ақын-жазушылармен пікір бөліскенді жақсы көретін. Ақынға керегі шабыт болса, шабытты әсер тудыратыны сөзсіз. Осындай ізгі ниетті басқосулардың бірінен кейін «Түрленбеші, түрленбе, түрленбе өлең,...» деген керемет өлең жазып еді:


Түрленбеші, түрленбе, түрленбе, өлең,
жұрт мақтамас түрленіп жүргенменен.
Бір сюжеттің үш жолы секілденіп,
отырмыз ғой үш жыршы бір бөлмеде.


Үшеуміз де жазған соң сылқым жыр көп,
бірімізді-біріміз түрту міндет.
Секілдіміз үшеуміз үш қара шың
бір-бірінің жататын бұлтын күндеп.


Үшеуміз де ұлы ақын, ұлы кеуде –
ұнамайды ешкімнің жыры кейде.
Тірі Пушкин біріміз, ал біріміз
тірі Данте, біріміз тірі Гейне.


Әзілдейді жұрт бізді: «үш ұлы ақын...»
ұлы десе несі бар қысылатын?!
Екшеп айтар еріңнен, жанымызға
ойнаса да мақтаған кісі жақын.


Бірімізді біріміз, ей, бөсіңіз:
мақтаймыз-ау жата ғап кейде осы біз.
Сондай кезде есіктен енген адам,
тірі классиктермен сөйлесіңіз!


Іштен үшем туғандай, іштен егіз,
айтылмаған қалмайды ештеңеміз.
Үш бөлеміз әлемнің даналығын,
«жартыны да» тең етіп үш бөлеміз.


Содан кейін... үш парақ аламыз да
ұлылар боп қараймыз даламызға.
Үш қара шың бола ғап түйілеміз
ұлы деген бір сөзге бола мұздап.


Қиялдайды, бас байғұс қиялдайды,
төбе жайлы, су жайлы, қияқ жайлы.
...Ұлы ақындар жазса да өлең бірақ
жаман болып тууға ұялмайды!
     Бұл өлең Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов үшеуінің біздің үйдегі бір кездесуден кейін дүниеге келген туынды. Бұл үшеуі де бір-бірін мойындаған, бір-біріне табынатын ақындар еді ғой. Үшеуі де ешкімнен көшірмей, ешкімнің идеясын ұрлап, аты шыққан жоқ. Таза, күнәсіз өткен, әрқайсысы өз соқпағынан шықпаған ұлы құдіреттер еді ғой. Үшеуі де жырлап, жылап өткен біртуар тұлғалар еді.
    Бір күні радио тыңдап отырсам, белгілі бір жазушы: «Түрленбеші, түрленбе, түрленбе өлең...» деген Жұмекеннің өлеңінде екі жазушының бірі мен, екіншісі – Әбіш, үшіншісі – Жұмекен» деп өтірікті соғып отыр екен. Мен таң қалдым, ол өлеңнің қалай шыққанын жоғарыда айтып кеттім ғой. Мен тірі отырғанда, Жұмекен туралы өтірік естелік айтқандар, жазғандар құдайдан қорықпайды екен. Біздің бала кезімізде көкем айтушы еді: «Құдайдан қорықпайтындардан қорқыңдар» деп. Біздің ата-бабамыз әулие ғой.

Нәсіп Нәжімеденкелінінің "Жұмекен- Құдірет" атты естелік кітабынан

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді