Бүгін, 2 қазанда қазақтың көрнекті режиссері, ұлттық кинематографияда балалық шақтың қайталанбас әлемін жасаған Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толды. Оның есімі аталғанда, ең алдымен, көз алдымызға кекіл шашы желбіреген, тентектігі мен аңғалдығы қатар жүретін Қожа келеді. Бір қызығы, арада тұтас ғасыр өтсе де, режиссердің есімі мен өзі экранға әкелген кейіпкері бір-бірінен ажыраған жоқ. Қарсақбаев қазақ киносына бірнеше көркем туынды ғана емес, тұтас ұрпақтың балалық шағына айналған мәңгі өлмес бейнелер қалдырды.
Мерейтой тұсында режиссердің өмірбаянын тағы бір қайталап шығуға болар еді. Бірақ одан маңыздырағы – ол қалдырған баға жетпес мұраға бүгінгі күннің көзімен қарау. Қарсақбаев шығармашылығы бізге қазір не айтады? Оның алпыс жыл бұрын жұртшылық жүрегін жаулаған Қожасының бүгінгі замандағы құрдасы қандай?
1963 жылы түсірілген «Менің атым Қожа» арада алпыс жылдан астам уақыт өтсе де, көрерменін жоғалтқан жоқ. Сол Қожаның ойындағы бар қылық бүгінгі қазақ баласына да тән. Өйткені Қожа – белгілі бір дәуірдің ғана емес, балалық шақтың өзінен туған кейіпкер. Қарсақбаевтың үлкен табысының бірі де осында болса керек. Ол баланы мінсіз етіп көрсетуге тырыспады. Режиссер Қожаның сотқарлығының ар жағындағы оның кіршіксіз жан дүниесін, өзімен-өзі арпалысын көре білді. Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы бойынша түсірілген фильм Қазақстан шекарасынан да асып, 1967 жылы Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Сөйтіп жердің бір шетіндегі қазақ ауылындағы қара баланың өмірі жердің екінші шетіндегі басқа мәдениеттегі көрерменге де түсінікті болып шықты. Демек, Қожаның бойындағы шындық тек қазақ баласына ғана тән емес еді.
ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемдік кинода балалық шаққа деген көзқарас жаңаша сипат ала бастады. Режиссерлер баланы оқиғаның қосалқы кейіпкері немесе ересектер тәрбиесінің нысаны ретінде ғана емес, өзіндік ойы, қайшылығы мен драмасы бар жеке тұлға ретінде көрсетуге ден қойды. Мәселен, Франсуа Трюффоның «400 соққысы» (1959) ересектер әлемінен түсіністік таба алмаған жасөспірімнің тағдырын экранға шығарды. Кейін иран режиссері Аббас Киаростами «Досымның үйі қайда?» (1987) фильмінде досының дәптерін қайтаруға тырысқан баланың қарапайым сапарын үлкен адамгершілік хикаясына айналдырды. Ал Маджид Маджидидің «Аспан балалары» (1997) бір жұп аяқкиім арқылы кедейлік, бауырмалдық, намыс пен балалық үмітті көрсетті.
Былай қарап тұрсаң, үш түрлі ел, үш түрлі қоғам, үш түрлі балалық шақ. Бұларды Қарсақбаевтың «Қожасымен» жақындастыратын ортақ қасиет бар: бұл фильмдердің авторлары балаға жоғарыдан қарамайды. Оның қуанышын да, қайғысын да ересек адамның өлшемімен бағалауға тырыспайды. Бала үшін үлкен болып көрінген мәселенің шынымен де үлкен екенін мойындайды. Қазақ киносының өзінде де балалар тақырыбы Қожамен тоқтап қалған жоқ. Абдолла Қарсақбаевтың өзі «Балалық шаққа саяхат», «Алты жасар Алпамыс» секілді фильмдер түсірді. Кейін балалар мен жасөспірімдер тағдырына арналған өзге де картиналар дүниеге келді.Бірақ бір сұрақ бәрібір қалады.
«Менің атым Қожа» түсірілгеннен бері бірнеше ұрпақ ауысты. Қожаның кезіндегі бала мен бүгінгі баланың өмір сүретін ортасы мүлде бөлек. Қожаның күнделігі қағазға жазылса, бүгінгі баланың ішкі әлемінің бір бөлігі телефон экранында қалыптасады. Оның ауласы әлеуметтік желіге дейін кеңейді, достығының бір бөлігі онлайн кеңістікке көшті. Алғашқы сезімнің де, жалғыздықтың да, қатарластарымен қарым-қатынастың да жаңа өлшемдері пайда болды. Буллинг, ата-анамен тіл табыса алмау, әлеуметтік теңсіздік, виртуалды беделге тәуелділік, қала мен ауыл арасындағы айырмашылық, өзін өзгелермен үздіксіз салыстыру – қазіргі балалық шақтың шындығы. Оның үстіне бүгінгі бала бұрынғыдан әлдеқайда көп ақпарат тұтынады. Бірақ бұл оның өзін бұрынғыдан жақсырақ түсінетінін немесе ересектер тарапынан көбірек түсіністік табатынын білдіре ме?
Әлемдік кино балалық шақтың өзгерген болмысын әр қырынан зерттеп келеді. Ал біз бүгінгі қазақ баласының ішкі әлемін қаншалықты көріп жүрміз? Оның қорқынышын, қуанышын, арманын, жалғыздығын, кейде ересектерге айта алмайтын құпиясын экраннан тани аламыз ба? Мәселе «Менің атым Қожаның» екінші нұсқасын түсіруде емес. Қожаны қайталаудың қажеті де жоқ. Оның үстіне, бүгінгі Қожаның міндетті түрде тентек болуы шарт емес. Бүгінгі Қожа партада тыныш отырғанымен, ішкі әлемінде мың сұрақпен арпалысып, өз орнын іздеп жүрген бала болуы да мүмкін. Қарсақбаев фильмдерінің құндылығы сол, ол өз дәуірінің жеткіншегінің жанына үңіліп, оның шынайы болмысын суреттей алды. Бала туралы кино түсіру үшін ең алдымен сол баланы түсіну керектігін көрсетті. Жалпы , балалар туралы әдеби шығарма жазу да оңай нәрсе емес. Қожаның өміршеңдігі де оның мінсіздігінде емес, шынайылығында.
Абдолла Қарсақбаев 1983 жылы небәрі 56 жасында өмірден өтті. Бірақ оның кейіпкерлері алпыс жылдан астам уақыттан бері экраннан түскен жоқ. Әлі де күлдіреді, ойландырады, кейде өз балалығымызды есімізге салады. Драма театрлары ностальгиялық сипаттағы Қожаны, Алпаысты сахналап жүргені тағы бар. Режиссердің жүз жылдығында оның фильмдерін қайта көрсетіп, шығармашылық мұрасын дәріптеу, әрине, қажет. Дегенмен сол мұраның бүгінгі күнмен байланысын іздеу де маңызды. Өйткені жақсы кино өткен уақытты сақтап қана қоймай, келесі дәуірге де сұрақ қоя біледі.
Ендеше, бүгінгі қазақтың Қожасы қайда? Бүгінгі баланың экраннан көрінбеуі – киноның мәселесі ме, әлде бала жанына үңілуге мұршасы жоқ қоғамның қателігі ме?..
Лия БЕКЕЖАН





