Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

БАКУ, БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Серікбол ХАСАН


1926 жылғы 26 ақпан – 6 наурыз аралығында Әзербайжан астанасы Бакуде Бірінші Бүкілодақтық түркітанушылар сиезі өткен еді. Сиез Кеңес Одағы құрамындағы түркі халықтарының тілін, жазуын, әдебиетін, тарихы мен мәдениетін ғылыми тұрғыдан зерттеудің ортақ бағыттарын айқындау және олардың жазу жүйесін реформалау мәселесін талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Биыл осы мәртебелі жиынға 100 жол толды.

Тарихшы ғалым Сәбит Шілдебайдың айтуынша, сиезге Қазақстаннан Елдес Омаров, Біләл Сүлеев, Әзиз Байсейітов ресми делегат болып барған. «Сондай-ақ Татарстанның шақыруымен сиезге Ахмет Байтұрсынұлы да қатысты. Байтұрсынұлы Бакудегі жиынға Қызылордадан барды. Оған мандатты татарлар берді, сөйтіп сиез төралқасына сайланды. Сонымен қатар сиезге Шығыстану ассоциациясының төралқа мүшесі Нәзір Төреқұлов Орталықтың өкілі ретінде қатысты» дейді ол.
Сиез қарсаңында Байтұрсынұлы мен басқа да қазақ зиялылары бірге суретке түскен болатын. Біз ол суреттердің бірсыпырасын осыдан жеті жыл бұрын photoirs.musigi-dunya.az деген сайттан таптық. Сайтта жарияланған әзербайжанның тілтанушы ғалымы, педагог Фархад Ағазаденің қорынан Баку сиезіне қатысушылардың бірнеше суреті шыға келді. Әсіресе Ахмет Байтұрсынұлының қақ ортада қасқайып отырған суреті көзімізге оттай басылды (жоғарыдағы сурет, ЖИ арқылы жаңғыртылды). Кейін ондағы адамдардың кімдер екенін жазып, суретті әлеуметтік желіге жарияладық. Алайда аталған сайтта Ахаңның айналасындағы адамдар туралы жаңсақ мәлімет берілген екен. Біз оны кейін білдік. Осы орайда жоғарыдағы сурет жайында дұрыс ақпарат беруді ұйғардық. Сонымен...


1) Әбділхамид Жәнібеков. Сол жақтан бірінші отырған кісі. Ноғай ағартушысы, этнографы, тіл зерттеушісі. Біз бұл кісіні бастапқыда Бекир Чобанзаде болар деп шамалағанбыз. Алайда тарихшы Сәбит Шілдебайдың айтуынша, суреттегі адам Әбділхамид болуы мүмкін. Әбділхамид ноғай тіліндегі алғашқы әліпбилердің, оқу құралдары мен грамматикалық еңбектердің авторларының бірі болды. 1928 жылы латын графикасына негізделген ноғай жазуын дайындады. Ал 1938 жылы кирилл әліпбиімен ноғай грамматикасын жазды. Сонымен қатар «Сөз қазынасы» атты төрт томдық ноғай фольклоры жинағын құрастырған екен.


2) Ахмет Байтұрсынұлы. Ол Әбділхамидтен кейін отыр. Ұлт ұстазының атқарған қызметі ұшан теңіз. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалады. Сондай-ақ ағартушы, ғалым, әдебиеттанушы, ақын, аудармашы, публицист болды. Байтұрсынұлы 1912 жылы қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бейімделген төте жазуды қалыптастырды. Сонымен қатар «Оқу құралы», «Тіл-құрал», «Әдебиет танытқыш» сияқты іргелі еңбектерін қалдырды. 1913-1918 жылдары Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлымен бірге «Қазақ» газетін шығарып, елдің саяси санасын оятуға, ұлттық бірлігін нығайтуға қызмет етті. Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері болып, ұлт азаттығы үшін аянбай күресті.


3) Біләл Сүлеев. Біләл қазақтың көрнекті ағартушысы, сонымен қатар педагог, журналист болды. Халық ағарту ісіне белсене араласып, қазақ мектептерінің дамуына, ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына үлес қосты. «Қаптағай», «Матай» секілді бүркеншік есімдерімен қазақ баспасөзінде оқу-ағарту, тіл, мәдениет және қоғам мәселелерін көтерді.


4) Әміре Қашаубаев. Екінші қатарда сол жақтан бірінші тұр. Әміре – қазақтың әйгілі әншісі, ұлттық ән өнерін әлемге танытқан алғашқы өнерпаздардың бірі. 1925 жылы Парижде өткен ЕХРО көрмесі аясындағы концерттерге қатысты. Франция астанасында қазақтың халық әндерін орындап, үлкен қошеметке бөленді. Сонымен қатар ол Майндағы Франкфурт, Баку, Мәскеу қалаларында да өнер көрсетті.


5) Елдес Омарұлы. Тілтанушы ғалым, қазақтың көрнекті ағартушысы. Қазақ тілінің емлесін жетілдіруге, ғылыми терминологиясын қалыптастыруға және ұлттық оқулықтар жазуға елеулі үлес қосты. Біләл секілді Елдес те қазақ баспасөзінде ұлттың оқу-ағарту мәселелерін көтерді.


6) Әзиз Байсейітов. Баку сиезіне қатысты құжаттарда оның тегі Бай-Сейдули деп беріліп жүр. Суреттегі адамды бұрын әзербайжан тілтанушы ғалымы Фархад Ағазаде деп ойлап келдік. Себебі жоғарыда аталған photoirs.musigi-dunya.az сайтында оны солай көрсеткен еді. Және де аталған суреттің Ағазаденің қорынан алынғаны да айтылған. Алайда тарихшы Сәбит Шілдебай суреттегі адамның Әзиз Байсейітов екенін айтады. Әзиз қазақтың оқу-ағарту саласына үлес қосты. Деректерде оның Стамбұлда білім алғаны, бес тілді еркін меңгергені жазылып жүр. Өмірінің кейінгі жылдарында Семейдегі алғашқы автожол техникумын басқарды.


Бір ғасыр бұрын Бакуде бас қосқан бұл тұлғалардың тағдыры да, мұраты да ортақ еді. Олардың әрқайсысы ұлтының болашағы үшін қызмет етті. Өкінішке қарай сол арыстардың бәрі де көп ұзамай зұлмат заманның құрбанына айналды. Біз бұл мақалада сарғайған суреттің сырына үңіліп, тарих тасасында қалған тағдырларды түгендеуге тырыстық. Себебі әр суреттің артында бір тарих, әр тұлғаның артында тұтас бір дәуірдің тағдыры жатыр.

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді