Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Алты ішектің ар жағындағы Зәмзәм

  (Зәмзәм Дәуітов туралы естелік-эссе)


Амантай Берғалиев
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

      Кейде адам жадында тұтас бір дәуірден жалғыз көрініс қалып қояды. Жылдар өтеді, қаншама қала, қаншама сахна, қаншама адам артта қалады. Бірақ сонау жастық шақтағы бір сапар, пойыздың тар вагоны, қолына гитара ұстаған бір жігіт ұмытылмайды.


     Зәмзәм Дәуітовпен алғаш танысқан кезім – 1975 жыл. Ол уақытта республикада «Алло, мы ищем таланты» деген үлкен байқау өтетін. Сол кездегі қаланың орталық паркінде мәдениет басқармасы сол байқауға іріктеу ұйымдастырды. Жан-жақтан өнерге талпынған жастар жиналдық. Мен ол кезде мектептің 10-сыныбын да толық аяқтап үлгермеген баламын. Төрт емтиханымды ғана тапсырып, аттестатымды алмай жатып байқауға жеткенмін. Бәріміздің ойымызда – Алматы.
      Сол күндердің бір ұсақ көрінісі де есімде қалыпты: парк ішінде үш тиындық газды су ішіп жүрген бозбалалармыз. Бірақ әрқайсымыздың ішімізде үлкен арман бар. Байқау қорытындысында он жеті адамды іріктеп алды. Сөйтіп, ортақ вагонға отырып, Алматыға аттандық. Сол топтың ішінде Зәмзәм де болды. Ол менен төрт-бес жас үлкендеу, өнердің дәмін татып үлгерген, бізге қарағанда байсалды жігіт еді. Музыкалық училищені бітіріп келген болуы керек. Үш жарым күн пойызбен жүріп Алматыға жеттік. Қазір ойласам, сол ортақ вагонның ішінде әрқайсымыз өз тағдырымызға қарай кетіп бара жатыр екенбіз.
     Алматыдағы республикалық байқаудан кейін жастарды қабілетіне қарай түрлі оқу орындары мен студияларға бөлді. Біреулер эстрадалық студияға, біреулер М.Әуезов театры жанындағы театр студиясына, енді біреулер опера өнеріне кетті. Зәмзәм екеуміз және Халес Қапизов, Тұрарбек, Махамбеттен келген Өтеген секілді жігіттер вокалдық-хор студиясына түстік. Арамызда тағы бір-екі қыз бала болды. Сөйтіп, Зәмзәммен бір жыл бірге оқыдық. Оның бойындағы ең бірінші байқалатын қасиет – сыпайылығы еді. Қатты сөйлеп, өзін көрсетуге тырысып жатқанын көрген емеспін. Өте мәдениетті, интеллигент жігіт болатын. Бірақ қолына гитара тигенде мүлде басқа Зәмзәм пайда болатын. Гитара оның жай ғана музыкалық аспабы емес еді. Ол алты ішектің тілін білетін. Қолынан гитарасы түспейтін. Біз гитараны шертіп үйренсек, Зәмзәм онымен сөйлесетіндей көрінетін. Кейін қазақ өнерінің сахнасына гитарамен ән айтатын талай мықты жігіттер шықты. Соның ішінде Табылды Досымовтың орны бөлек. Бірақ Зәмзәм – солардың алдындағы буын. Қазақ әнін алты ішекпен айту мәдениетінің ертеректегі өкілдерінің бірі еді. Кейінгі буынның оған қарап бой түзегені де сондықтан.
      Табылды Досымовтың Зәмзәмді «алты ішектің Құдайы», Қорабай Есеновты «Жеті ішектің Құдайы» деп атағанын кейін естідік. Бұл жай айтыла салған сөз емес деп ойлаймын. Өйткені гитараны қолға ұстау бір басқа да, оның табиғатын сезіну бір басқа. Зәмзәмде сол сезім бар еді. Оның өнерге деген тазалығы да есімде қалды. Біз өнер адамы туралы айтқанда көбіне оның атағын, алған жүлдесін, шыққан сахнасын түгендейміз. Ал мен үшін Зәмзәмнің ең үлкен қасиеті – өнерге адалдығы еді. Өнерді кәсіп немесе атаққа жетудің баспалдағы деп емес, өмірінің бір бөлшегі деп қабылдайтын адамдар болады. Зәмзәм сондай еді. Ол Мәскеуде өткен «С песней по жизни» байқауына қатысып, дипломант атанды. Ол кезеңде Мәскеудегі үлкен сахнаға шығудың өзі жас өнерпаз үшін үлкен белес болатын. Зәмзәмнің гитарамен орындаған әндері жұрттың есінде қалды.
    Зәмзәмнің сырт келбетінің өзі сол кездегі бізге ерекше көрінетін. Ұзын бойлы, сымбатты жігіт еді. Үстіне көбіне плащ киіп жүретін. Ал шашы тіпті бөлек болатын – иығына қарай толқындай төгіліп тұратын ұзын бұйра шаш. Ол жылдары біз жақта ондай шашты жігітті кездестіре бермейтінсің. Тіпті біздің ортамызда мұндай шаш тек Зәмзәмда болған шығар. Өзіне сондай жарасатын. Кейін біз де оған еліктеп, шаш өсіре бастадық. Қазір ойласам, Зәмзәм бізге әнімен, гитарасымен ғана емес, жүріс-тұрысымен, киіну мәнерімен де әсер еткен екен.
     Сазгерлік қыры да бөлек еді. Зәмзәмнің орындауындағы «Серіксіз бе едің, құрбыжан?» секілді әндерді бүгін тыңдағанда оның табиғатын қайта көргендей боламын. Әндерінде айғай жоқ. Артық бояу жоқ. Бір сабырлы мұң, адамға деген жылылық бар. Мінезі қандай болса, музыкасы да сондай еді. Ол Сейдолла Бәйтерековтің кейін елге кең тараған «Дос туралы жыр» әнінің алғашқы орындаушысы болды. Сейдолла әнді әуел баста Зәмзәмға берген еді. Сол кезеңдегі жазбалары Қазақ радиосының Алтын қорында сақталған деп білемін. Мұның өзі оның қазақ эстрадасындағы ізін аңғартады.
      Біздің жолымыз кейін екіге айырылды. Зәмзәм денсаулығына байланысты сырқаттанып жүрді. Мен біраз уақыттан соң әскерге кеттім. Олар оқуын аяқтап, елге оралды. Кейін Зәмзәм Индердегі мәдениет саласында еңбек етті, өнерден қол үзген жоқ. Сексенінші жылдары «Ақжайық» вокалды-аспаптық ансамблін құрып, кейінгі жастардың өнерге келуіне ықпал етті. Мен Алматыда қалып, өнердің басқа жолына түстім. Филармонияда, «Қазақконцертте», кейін Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестрінде қызмет істедім. Өмір әрқайсымызды әр жаққа алып кетті. Бір жолы «Отырар сазымен» гастрольдік сапармен барғанымда Зәмзәмнің үйінде болдым. Бұрынғыдай күн сайын бірге жүрген жастар емеспіз. Тіршілік, жұмыс, қашықтық деген бар. Соңғы жылдары қатты араласып та кете алмадық. Бірақ жастық шағың бірге өткен адамның орны бөлек болады екен. Арада қанша жыл өтсе де, оны көргенде бір сәтте баяғы Алматыға алғаш келген бозбалаларға айналып шыға келесің.
      Зәмзәмнің кейінгі өнерпаздарға қалдырған әсерін мен Нұрлан Өнербаевтан да анық көрдім. Нұрлан бізден кейін келген буын. Ол Зәмзәмды ерекше қадірлейтін. «Ұстазым, кумирім» деп отыратын. Гитара ұстауыма да Зәмзәмның әсері болды деп айтатын. Зәмзәм өмірден өткеннен кейін Индерде оны еске алу кешіне Нұрлан екеуміз бірге бардық. Кешті жүргіздік, отбасымен кездестік. Нұрлан Зәмзәм рухына арнап екі концерт берді. Сол сапарда бір нәрсені тереңірек түсіндім.  Өнер адамының ғұмыры өзі өмірден өткен күні аяқталмайды екен. Егер сенен кейін бір жас жігіт қолына гитара алып, «мен осы адамға еліктедім» десе – сенің жалғасың бар. Егер арада ондаған жыл өткен соң әніңді басқа біреу айтып отырса – даусың өшпегені. Егер бірге жүрген замандастарың сені сағынышпен еске алса – өміріңнің бос өтпегені. Зәмзәм сондай із қалдырды.
     Қазір қазақтың гитарамен ән айту дәстүрі туралы сөз болғанда Табылды Досымовты еске аламыз. Табылды – расында бөлек құбылыс. Бірақ әр үлкен құбылыстың алдында жол салған адамдар болады. Меніңше, Зәмзәм Дәуітов – сол жолды ертерек бастағандардың бірі.  Зәмзәмнің ерекшелігі – тек жақсы әнші немесе шебер гитарист болғанында емес. Ол – композитор еді. Орындаушы еді. Музыкант еді. Ең бастысы – өнерге таза келген, өнерге таза қызмет еткен адам еді. Бәлкім, оның есімі бүгін өзі лайық деңгейде көп айтыла бермейтін шығар. Өнер тарихында сондай тағдырлар болады. Біреулер атақпен қалады, біреулер әнімен қалады. Біреулер туралы кітаптар жазылады, ал біреулер адамдардың жадында өмір сүреді.
      Менің жадымда Зәмзәм – қолынан гитарасы түспейтін, сабырлы жымиып отыратын сол баяғы жігіт қалпында. 1975 жылдың жазы. Горький паркі. Үш тиындық газды су. Он жеті жастың үлкен арман арқалап Алматыға аттанған ортақ вагоны... Бәріміз жас едік. Алдымызда тұтас ғұмыр жатқандай көрінетін. Сол сапарда жанымызда гитарасын серік еткен Зәмзәм бар еді. Жастық шағымыз бірге өтті. Бірге тұрдық, бірге оқыдық, бір сахнаның табалдырығын бірге аттадық. Кейін әрқайсымыз әр жолмен кеттік. Бірақ кейбір адамдар сенің өміріңнен кеткенімен, жастық шағыңнан кетпейді. Зәмзәм - мен үшін сондай адам.

 

Соңғы жарияланған

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

 ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР

ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР "УЛИСС" БАР

                      СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді