Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Айткеш Толғанбаев. Үзілмеген әуен

     Жас Айткештің келешегін үлкен сахнамен байланыстырғандар  көп еді. Бірақ ХХ ғасырдың алапат оқиғалары талантты скрипкашының тағдырын мүлде басқа арнаға бұрды. Майдан. Неміс тұтқыны. Еуропа. Француз Қарсыласу қозғалысы. Елге оралу. Содан кейін – Колыма. Осының бәрінен өткен соң ол қайтадан скрипкасын қолына алды.

     Бұл – қазақтың кәсіби скрипка өнерінің бастауында тұрған музыкант, ұстаз, музыка зерттеушісі Айткеш Толғанбаевтың тағдыры. Ресми деректерде ол қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы, Қазақстандағы скрипка мектебінің негізін салушылардың бірі ретінде аталады. Айткеш Толғанбаев 1924 жылы Семей өңіріндегі Қарауыл ауылында дүниеге келген. Оның өскен ортасы қазақтың рухани тарихымен терең сабақтас еді. Абай атындағы кітапхананың өлкетану дерегінде Толғанбаевтар әулетінің Абай әулетімен туыстық байланысы шежіре арқылы көрсетіледі. Анасы Бибісара Өтелбаева әнші болған, Абай әндерін орындаған. Шәкәрімнің де олардың шаңырағына келіп тұрғаны айтылады. 
    Айткештің музыкаға қабілеті ерте байқалады. Оның абсолюттік есту қабілеті болған: естіген әуенін домбыра, мандолина, гитара немесе сыбызғыда қайталап ойнай алған.  Он жасында ағасы Балтақай Семейден скрипка әкеліп береді. Ауылда бұл аспапты үйрететін маман жоқ еді. Сондықтан бала скрипканы өз бетімен меңгере бастайды. 1936 жылы Семейде өткен балалардың көркемөнерпаздар олимпиадасына қатысқан Айткеш нота сауатын әлі толық меңгермегеніне қарамастан, бірінші орын алады. Қазылар алқасының төрағасы, композитор Латиф Хамиди оның ерекше қабілетін байқап, Алматыда музыкалық білім алуына кеңес береді. Кейін ол Алматыдағы музыкалық оқу орнында скрипкашы Иосиф Лесманнан дәріс алады. Ұстаздары жас музыканттан үлкен үміт күтеді. Жас талантты алда кәсіби музыка әлемі тұрған еді.  Бірақ жер –жаһанды тітіреткен екінші дүниежүзілік соғыс басталды. 1942 жылы он сегіз жасар Айткеш майданға аттанады. Кавказ майданындағы шайқастардың бірінде, Моздок маңында жараланып, контузия алып, тұтқынға түседі. Осы тұстан бастап өнер иесінің маңдайына «қара таңба» болып басылатын ауыр айыптың бастауы, тағдырының күрделі кезеңі осы тұстан басталған еді. Соғыс тұтқыны ретінде ол Түркістан легионына тап болады. Музыканттарды біріктірген топ құрамында Еуропаның бірнеше елінде болады. Кейін легионнан кетіп, француз Қарсыласу қозғалысымен байланысады. Қазақстан тарихы порталындағы зерттеуде Толғанбаевтың осы кезеңдегі өміріне қатысты мұрағаттық және мемуарлық деректер келтірілген. 
     Соғыстың соңына қарай Италияға жетіп, кеңестік әскери миссия қарамағында болады. Римдегі Кеңес елшілігінде жұмыс істеп, оркестрде скрипкада ойнайды.  Ол кезде Айткеш небәрі жиырма бір жаста еді. Еуропада қалып, музыкалық жолын жалғастыруына мүмкіндік болғанымен, ол туған жерге қайтуды таңдады. Бұл шешім оның тағдырын тағы өзгертті. Соғыстан кейін Кеңес Одағында жау тұтқынында болған азаматтарға күдікпен қаралды. Толғанбаевтың Қарсыласу қозғалысына қатысқаны туралы деректер де тергеу кезінде оны қорғай алмады. Қазақстан тарихы порталындағы материалда тергеу барысында оның пайдасына сөйлейтін бірқатар айғақтың ескерусіз қалғаны көрсетіледі.  Айткеш Толғанбаев «Отанға опасыздық жасады» деген айыппен 25 жылға сотталып, Колымаға жіберілді. Алайда ол 25 жылдың бәрін өтеген жоқ. Өмірбаяндық деректерде оның 1946–1955 жылдары қуғын-сүргінде болғаны көрсетіледі.  Лагерьде ағаш кесіп, алтын өндірісінде жұмыс істеді, басқа да ауыр еңбек атқарды. Бірақ музыкадан қол үзбеді. Қуғындалған музыканттардан құралған оркестрге жетекшілік етіп, скрипкада ойнауын жалғастырды. Бір кезде неміс тұтқынында оның өмірін сақтауға себеп болған музыка енді Колымада да рухын сындырмауға медет болды.
     Сталин қайтыс болғаннан кейін саяси ахуал өзгере бастады. Жазықсыз жапа шеккен көп тұтқынның қатарында Толғанбаев та бостандыққа шығып, Қазақстанға оралды. Соғыс басталғанда үзілген кәсіби музыкалық білімін енді отыздан асқан шағында қайта жалғастыруына тура келді. Оған әйгілі Ахмет Жұбанов қолдау көрсетеді. Айткеш Алматы консерваториясына қайта түсіп, 1961 жылы оқуын аяқтайды. Кейін өзі де ұстаздық қызмет атқарады.  Оның өнердегі орны классикалық музыканы орындаумен ғана шектелмеді. Толғанбаев қазақтың әндері мен күйлерін скрипка мен фортепианоға лайықтап өңдеп, ұлттық музыканың табиғатын классикалық орындаушылық дәстүрмен ұштастыруға күш салды. Скрипка мен фортепианоға арналған транскрипциялар жинағын дайындап, музыкалық мектептерге арналған әдістемелік еңбектер жазды. Осы еңбектері арқылы қазақтың дәстүрлі әуендерін скрипка репертуарына енгізуге үлес қосты. Музыкант Иосиф Коган Толғанбаевтың орындаушылық мәнерінде классикалық мектеп пен ұлттық музыка ерекшелігінің үйлескенін атап жазған. Кейін оның атына байланысты «Первая скрипка республики» деген анықтама да кең тарады.  Соғыс пен лагерь үзіп кеткен өнер жолы осылай қайта жалғасты.
      Бостандыққа шығу Толғанбаев үшін толық ақталу дегенді білдірмеді. Соғыс тұтқынында болғаны және Түркістан легионына қатысты өткен өмірбаяны оның соңынан ұзақ жылдар бойы оның «бетіне шіркеу» болады. Ол өзінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін түрлі мемлекеттік мекемелерге бірнеше мәрте өтініш жасаған. Ақталуға қатысты жарияланған деректерде нақты жыл мен құқықтық рәсімнің кезеңдері әркелкі көрсетіледі. Дегенмен тәуелсіздік қарсаңы мен алғашқы жылдарында оның ісі қайта қаралып, Толғанбаевқа тағылған саяси айыптардың күші жойылғаны анық.  Ол бұл күнді ондаған жыл күтті. Бірақ Отанында өткерген қиянаты  оның туған еліне деген ықыласын өшіре алмады.
     Айткеш Толғанбаев 1995 жылы дүниеден өтті. Бүгін оның тағдырына бір музыканттың өмірбаяны ретінде ғана қарау аздық етеді. Оның ғұмырынан ХХ ғасырдағы қазақ тарихының бірнеше ауыр белесін көреміз: Екінші дүниежүзілік соғыс, тұтқын, Түркістан легионы, Еуропадағы Қарсыласу қозғалысы, сталиндік қуғын-сүргін және ондаған жыл күткен ақталу. Ал осы тарихи дауылдардың ортасында бір нәрсе жоғалған жоқ. Ол – музыка. Бүгінде Айткеш Толғанбаевтың есімі қазақтың кәсіби скрипка өнері тарихында аталады, шығармашылық мұрасы зерттеліп, жас музыканттар арасында оның атындағы байқаулар ұйымдастырылып келеді. Әкесінің мұрасын насихаттауға қызы Саулета Толғанбаева да еңбек сіңірді. 
    Айткеш Толғанбаев фашистік тұтқын лагерінен де, сталиндік ГУЛАГ-тан да өтті. Екі жағдайда да оның қолынан скрипка түскен жоқ, нәзік музыка аспабы оның жігерін жанып, рухын сақтап қалды. Мүмкін, оның ғұмырының ең дәл сипаттамасы да осы шығар.


Материал ашық дереккөздер мен Айткеш Толғанбаев туралы жарияланған естелік, мұрағаттық және библиографиялық материалдар негізінде әзірленді.
«Сарайшық» редакциясы

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді