Мақалада XXVII-XXVIII ғасырларда өмір сүрген атақты Есболай батырдың ұрпақтарының 20-30- жылдары совет үкіметі тарапынан саяси қуғын-сүргіндерге ұшырағандығы баяндалады.
Олардың ешқандай сот үкімінсіз атылып, қайда жерленгендігі белгісіз болғандықтан, мемориал қоюдың қажеттігі ұсынылған.
Кілт сөздер: Есболай батыр еңбегі, Қарабау байларының тәркіленуі, босқындар тағдыры, сайлау құқынан айыру, жазықсыз атылғандар.
Атырау өлкесі тарихында XXVII-XXVIII ғасырларда өмір сүрген атақты Есболай батырдың алатын орыны ерекше. Өзі өмір сүрген кезеңде сыртқы жаулардың басқыншылығының кесірінен ұзақ уақытқа жылы орындарын тастап Қаратау өңірі мен Сыр бойына босып кеткен Кіші жүз халқын ата қонысына қайтадан орналастырған Есболай батырға Атырау қаласының өркендеп өсіп келе жатқан Самал мөлтек ауданындағы сәулетті де сәнді бір көшесіне облыстық онамастикалық комиссиясы ұсынысымен оның есімін 2021 жылы берілуі тегіннен тегін еместі. Сонда Есболай батыр дегеніміз кім еді? Есболай-батыр – жоңғарлар мен қалмақтарға қарсы талай қанды жорықтарға қатысып, Кіші жүз территориясын жаудан азат еткен, Байұлы руларын ата жұртқа қайтадан қоныстандырған, аштық, жұт жылдары халыққа қол ұшын беріп Атымтай жомарт атанған тарихи тұлға. Бұл жөнінде Мұрат:
«Бұл жерге содан кейін қазақ қонған,
Әдірә талай жұртқа азап болған.
Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы,
Бойына үш қиянның қарап қонған.
Екі адам қарай шыққан ауылынан,
Кеңесіп Әлімұлы, Байұлынан.
Көзіммен көргенім жоқ ешбіреуін,
Айтамын бұрынғының дабылынан.
Есболай, Кете Әжібай қарай келген,
Қасына батыр Жары Шотан ерген.
Әжібай Сарыарқада қыстап қалып,
Керелді Есболай бай белгілеген», - дейді[1].
Есболай өзінің үзеңгілес жолдастары Кете Әжібай, Адай Шотанмен біріге отырып, әрбір ұлыс, руларға жер бөліп, қоныстандырумен шектелмей, ең бастысы, ата мекенді қалмақтардан тазарту ісіне тікелей араласқан. Сонысымен қоймай, Есболай қазіргі Қарабау. Тайсойған, Борсық өңірінде мыңғырған мал өсіріп, айналасындағы әлеуметті жарылқаған. Бұл жөнінде тағыда Мұратқа жүгінсек:
Нарғозы құдығы еді Есболайдың,
Отырған күнін көріп жарлы, байдың.
Жылқыны Тұзбұлаққа айдап тастап,
Су еді жалдандырған құлын-тайдың.
Су ішіп Нарғозыдан шыққан жылқы,
Бәйгелмен басушы еді Жездібайдың.
Сыймаған ен далаға сонша малдан,
Құдайым тастамады жалғыз тайды.
Алланың құлы болсаң бізге күлме,
Ісіне кім көнбейді бір құдайдың?![2].
Есболайдан жүз жыл кейін өмір сүрген Мұраттың кезінде жағдай мүлдем өзгеріп, отаршылардың кесірінен халық қолдарына тек таяқтарын ғана ұстап қалыпты. Есболайдың « ақтабан шұбырынды» жылдары сыртқы жауларға қарсы Кіші жүздің халқын ұйымдастырып, елді өзінің ата қонысына қайтадан әкеліп орналастыру ісіндегі жанқиярлық еңбегін Мұрат өзінің мына өлең жолдарында әсерлі бейнелеген:
Сауранда ел шабылып, жұрт бүлінген,
Баласы Кіші жүздің адасқанда,
Есболай әулие еді, атқа мінген![3].
Мұрат толғауларында кеңінен жырланатын Есболай ұрпақтары атасының ерлік дәстүрін қатаң ұстанған, оларда кемінде жеті атасына дейін батырлық, шешендік, билік үлгісін үзбестен жалғастырып келген.
Белгілі өлкетанушы Сабыр Ғабдолкәрімұлы атап көрсеткендей, Есболайдың ұлы Итемген де халқының тәуелсіздігі үшін күрессе, Итемгеннің Қарасы Сырым заманында патшаның отарлау саясатына белсенді қарсылық көрсеткен батыр. Қараның Есеті – белгілі би, ақын-жырау, алшынның үш Есетінің бірі. Есболайдың шөбере, шөпшектері – Құлбарақ, Жапарберді (Дәрі қауымында жерленген), Жұматай, Дәрі, Кебіс, Құлшар жоңғарлармен, Маңғыстау түбегі үшін түрікпендермен болған қанды шайқастарға қатысқан атышулы батырлар[4]. Есболайдың ерен ерлігі, қара қылды қақ жарған әділ билігі оның қисапсыз байлығымен қатар аталады. Есболай заманында өз байлығымен тек ет жақын ағайындарымен ғана емес, бастарына ауыртпалық түскен, жұтқа ұшырап, тігуге тұяғы қалмаған бүкіл әлеуметпен бөліскен жомарт адам болыпты. «Аққа құдай жақ», - дегендей Есболай әулетінің атадан балаға мұра болып келе жатқан, аңызға айналған байлығы советтік дәуірге міні құрамай жетіпті. Алайда, кешегі байларға аш қасқырша шапқан заманда мал-мүлкі талан-таражға түсіп, тағдыры тәлкек болған Құрық, Дәулетияр, Қөреғұл,Патшағұл,Байбосын, Тәлкен секілді Қарабау өңірінің ірі байлары Есболай әулетінің ұрпақтары көрінеді. БІз Көреғұлдың есімін 1923 жылы Қарабау болысында сайлау құқынан айырылған азаматтардың тізімінен кездестіріп, ол кісіні ақтауға ұсындық[5]. Ол кісі 1928 жылы өзінің ұлы Патшағұлмен бірге тәркілеуге ұшыраған. Есболай бидің халыққа жасаған қамқорлығына совет үкіметі осындай қатыгездікпен жауап берген. Бүкіл Атырау өңірінің халқын Сыр,Қаратау бойын сағалап босып жүрген жерінен еліне қайтарып, ата қонысына қайтадан қоныстандырған бидің ұрпақтарын совет үкіметі бүкіл зәу затымен құртып жіберуге шақ қалыпты! Есболай ұрпақтарының XX ғасырдың 30 жылдары Қарабау, Тайсойған өңірінде тәркілеуге ұшырап Ресей, Батыс Қазақстан жерлеріне босып кеткенін біз олардың қазіргі буынына жататын азаматтардың аузынан жазып алған мәліметтерден білдік. Мәселен, 1928 жылы Қарабауда тәркілеуге ұшыраған Көреғұл байдың ұлы Патшағұлдың қазір Орал қаласында тұратын шөбересі Сәбен Патшағұлов былай деп жазыпты: - Аталарым туралы жазбалай дерек жоқ. Естуім бойынша аталарым тәркіге түсіп,жер аударылғаннан кейін,елде қалған бала-шағасы, ағайын туыстары жергілікті белсенділердең көп қуғын көрген. Қалай еткенде олар аталарымның ағайындарын абақтыға қамау шараларын ойластырады.Елде Көреғұл атамның ұсталған Патшағұл баласынан басқа Көбеген,Әмір деген ұлдары бар еді, соларды ұстауға жасырын шешім келген.Ол хабарды Қази атамыздың(біз Есет бидің Шаухар атты баласынан тараймыз, Шаухардан-Көреғұл,Дәулетияр,Қази,Едірек,Шабаз тарайды) Шабаз деген баласы өзінің естігенін Көбеген атамызға түнде жасырын жеткізген.Содан ағайындар,бір түнде елден көшіп кеткен.Ол қай жылдары екенін білмеймін.Көш Жайықтың Бұқар бетімен Ресей бағытына беттейді.Көш арып-ашып Батыс Қазақстанның бұрынғы Тайпақ ауданының Өлеңтісіне арып-ашып әзер жеткен сияқты.Көп жан-ұялар жолдағы елді-мекендерде ілесе алмай қалып қойған.Дәулетияр , Едірек ,Көбеген аталарымыз Жайықтың орыс бетіне өтіп,сол жерді қоныстап қалды, ұрпақтары сол жерде, қалған ағайындар Өлеңті жерінде.Патшағұлдың үлкен ұлы Оразды Көбеген атамыз бауырына басқан.Ол кезде менің әкем Қойлыбай 12-13 жаста болса керек , оған басқа тек беріп,тәркіге ілікпеген бір байдың малын баққан сияқты,өздерімен алып кетуге қалдері болмағасын,әкемді сол байдың қолында қалдырған.Әкемнің Қамима деген қарындасын бесікте Есентемірлерге аттастырған екен,алып жүре алмайтын болғасын апамызды да сол Есентемірдің қолында қалдырады.Апамыз сол Есентемірге тұрмысқа шықты. Әкем 1933 жылға шейін Қарабау өңірінде қой баққан.1933-1938 жылдары Дендерде құрылыста қара жұмыс істеген. 1938 жылы бұрын босып кеткен Ілбішіндегі ағайындарын тапқан. 1940 жылдарға шейін әр салада қызмет атқарады. Атасы Көреғұлмен бірге туған Дәулетияр, Едірек,өз әкесі Патшағұлмен бір туған Көбеген,Әмір, өзінің туған ағасы Оразда осында Ілбішінде еді.Өкініштісі өзінің туған қарындасы Қамиманы сол кезде таба алмапты. Әкем қарындасын тек 1957-1958 жылдары тапты.Әкем 1940 жылы әскер қатарына шақырылып,Фин соғысына,соңынан Ұлы Отан соғысына қатысты.1942 жылы ауыр жарақат алып елге оралды.Соғыстан кейін әкем Ілбішінде мал фельдшері болды, соңынан шопан болып, өмірің соңына шейін қой бақты.Сол еңбегі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумының 1961 жылы 27июньдегі шешімі бойынша "Құрмет грамотасымен", 1964 жылы 18 февральда СССР Жоғары Кеңесі Президиумының шешімі бойынша "Құрмет белгісі"орденімен марапатталды.Әкеміз өмірінің соңына шейін мал соңында болды. 1970 жылы дүниеден 54 жасында өтті. Атасы,әкесі туралы бір сөз айтпастан кетті. Біздің 30- шы жылдары тағдырдың талқысымен жан-жаққа тарыдай шашылып көшіп кеткен басқа ағайындарымыз туралы менің сұрастырып білгенім: Орал өңірінде Есеттің Шаухарынан туған төрт ұлының үшеуінен тараған ұрпақтар тұрады. Яғни, олар Көреғұл,Дәулетияр,Едіректен тарағандар. Төртінші ұлы Қази атамыздан тараған Тоқаш,Мақаш,Шабаз атадан тараған ұрпақтар Атырау өңірінде. Ертеректе 60-70 жылдары Қазиев Хангерей,Жангерей деген ағайлар мұнай өндіру саласында, Атыраудағы бір техникумда директор болды.
Үлкендердің айтуы бойынша Ілбішін өңірінде Шаухар атамыздың ұрпақтары тату тұрды, бір-біріне көмек беріп ел қатарлы өніп өсті.Көп аталар соғыста қалды.Аман келгендері елде қызмет етті.Бірақ та біреуі де өздерінің бай тұқымы екенін, аталарының болыс болғаны туралы тіс жарып ешкім бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бертін келе тегімізді біле бастадық[6].
Есболай батырдың тағы бір ұрпағы Құрық есімді байдың ұрпақтарының тағдыры да өте аянышты өрбіген. Ол туралы Құрықтың Ақтөбе қаласында тұратын ұрпағы Мұрат Қойлыбаев: Құрық атамның 4 ұлы болған, қыздары туралы білмейміз.
Ең үлкен ұлы Мырзағали. Одан соң егіз ұлдар Есенбай, Түгелбай. Ең кішісі Дәрібай. Бәрі де конфискацияға ұшырап жер аударылған. Мырзағали атам елге келіп дүниеден өткен, бейіті Құлсарыда, Басшы қорымында.
Есенбай атам мен Түгелбай атам тұтқындалып, естуіміз бойынша Жаманқалаға айдап бара жатқан кезде қашып, екеуі де оққа ұшқан. Сүйектерінің қайда қалғанын да білмейміз.
Кенжесі Дәрібай атам жер аударылған жерінен қашып келіп, Жайықтың бойында отырған бір малшысының үйіне паналайды. Фамилиясын сол адамның атына өзгертіп, Елешов болып жазылады. Бейіті Құрманғазы ауданында.
Мен Есенбай атамның шөбересімін. Менің атам Қойлыбай 1906 жылы туған. Ең кіші баласы Жаңбырбай көкем 1925 жылғы.
Құрық атама ас берген кезде бәрі де елде болған сияқты.
Біз Құрық атамыздың бейітін де таба алмадық. Біраз уақыт бұрын Дәрібай атамның немересі Серік Қозбақов ағам бір адамдар арқылы Қарабауда бір жерде бейітін таптық деп тас та қойған. Бірақ артынан ол жер қате деген хабар естідік.
Атамыздың асын Нарқозы құдығы деген жерде өткен деп естідік. Көп мағұлмат таба алмай жүрміз. Сізге өтініш атамыз туралы білгеніңізді бөліссеңіз. Білетін адамдар болса хабарласар едім[7].
Есболай батыр мен оның ел қорғаған ұрпақтары туралы өзінің жалынды жырларымен бүкіл Алаш зиялыларын ауызына қаратқан Мұрат Мөңкеұлының баласы, өзі де мықты ақын Дәулетқали Мұратов та Кеңес үкіметінің көз қырына ілініп, біршама қорлық көріпті. Ол 1924 жылы Есбол өңірінде болған сайлау кезінде жеке меншігінде оншақты ірі қарасы болғаны үшін бай ретінде сайлау құқынан айырылып, сіңірі шыққан кедейге айналыпты[8]. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары ол кісінің жағдайының ауыр болғандығы сондай, үйінде бірде бір малының жоқтығынан шәйіне салатын сүтті бала құсап, көршілерінен сұрап алуға мәбүр болғандығы өз алдына, өзі өмір сүретін № 8 ауылдағы ең нашар жер үй осы ақын Дәулетқалидың үйі болғандығын қазір республикаға белгілі қайраткерлерден естіп білдік.
Есболай атаның ұрпағы, Ақтөбелік азамат Қойлыбаев Мұраттың Құрық есімді байдың төрт баласының тағдыры туралы «Есенбай атам мен Түгелбай атам тұтқындалып, естуіміз бойынша Жаманқалаға айдап бара жатқан кезде қашып, екеуі де оққа ұшқан. Сүйектерінің қайда қалғанын да білмейміз» - деген мәліметін бей жай, толқымай оқу мүмкін емес. Бұндай заңсыздық ол кезде өте көп болған. Оның бәрін анықтау мүмкін емес, себебі ондай деректер архивтерде сақталмаған. Десекте, біз осындай мәліметтерді ұрпақтарынан сұрап біліп, жазықсыз қазаға ұшыраған азаматтарды арнайы заңмен ақтауға, немесе оларға мемориал орнатуға тиістіміз.
Пайдаланған деректер:
1. Мұрат Мөңкеұлы. Шығармалары.Алматы, « Ана тілі» баспасы. 2013 жыл. 287 бет. 34 бет.
2. Мұрат Мөңкеұлы. Шығармалары.Алматы, « Ана тілі» баспасы. 2013 жыл. 287 бет. 36 бет.
3. Мұрат Мөңкеұлы. Шығармалары.Алматы, « Ана тілі» баспасы. 2013 жыл. 287 бет. 81 бет.
4. Шахман Нағымұлы. Мұрат ақын мұрасы. Алматы. « Арыс» баспасы. 2023 жыл. 276 бет. 188-189 беттер.
5. Қарабау болысы бойынша сайлау және сайлану құқынан айырылғандардың 1923 жылғы тізімі. 2-қор, 4-тізім, 6-іс.
6. Орал қаласының тұрғыны, Есболай ұрпағы,зейнеткер Патшағұлов Сәбеннен жазып алынды.
7. Ақтөбе қаласының тұрғыны Есболай ұрпағы Қойшыбаев Мұраттан жазып алынды.
8. Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты. № 2 қор, № 4 жазба, №3 іс.
1924 жыл. Есбол болысы, 4- ауыл




