- Бақытгүл! Сізді елімізге танымал, өзіндік стилі қалыптасқан, оқырман іздейтін жазушы деп қана емес, өзіңіз өмір сүріп жатқан қаладағы кітап клубтарының бірінің жетекшісі екеніңізді де білеміз. Біздің сізге қояр сұрақтарымыз мотивациялық, ашық реңктен гөрі тереңдеу болса дедік... Кітап клубын жүргізу — бұл хобби ме, миссия ма, әлде өзіңізді құтқару тәсілі ме? Сосын клуб неге қыздардан тұрады?
- Кітап клубын жүргізу - хобби. Керемет кітап оқысам оны басқалармен бөліскім келіп тұратын әдетіммен жаныма адамдар жинай бастадым. Солай орта қалыптасты. Бірақ әйел адамдардың, қыздардың сезімталдығы маған қызық болып көрінді. Жалпы әңгімелесудің өзі терапия ғой, қазіргі уақытта кез келген уақытта отыра қалып сөйлесетін мүмкіндік жоқ. Әлемдегі адамдардың бойындағы қазіргі уақыттағы дағдарыс, өзін- өзі түсіне алмау, жанына не керек екенін білмеу, жан ауруы дегендердің барлығы сол адамдардың бір-бірімен сөйлеспеуінен деп ойлаймын. Бұрында шешелеріміздің көрші әйелдермен әңгімелесіп отыратыны керемет еді негізі... Біз соны жаңа заманға қарай форматтап жатырмыз деп ойлаймын. Қазір әйелдер арасында ретрит, психологиялық ойындар, өзара менторлық байланыстар коммерциялық негізде дамып жатыр. Коммерциялық негізде дамитын себебі – сұранысқа ие. Ал, кітапты негізге ала отырып, соның айналасында әңгіме өрбіту қазіргі уақытта әйел жанына ең керегі деп ойлаймын.
- Клубқа келген адамның өмірі шынымен өзгереді деп сенесіз бе, әлде бұл тек романтикалық иллюзия ма?
- Өзгеріс күтіп келу, немесе осы орта арқылы біреуді тәрбиелеп жатырмын десем, сіз түгілі өзімнің де күлкім келеді. Біз- саналы, есейген адамдардан құралған ортамыз, ол жерде біреуді біреу өзгертуге, тәрбиелеуге ешқандай да себеп жоқ, бұл жай ғана жақсы демалатын, миың тынығатын немесе ішіңдегі ойларды еркін шығара алатын орта деп білемін. Және кітап оқуға шақырғанмен , “Біз сізге рухани байлық береміз, көзіңізді ашамын” деп те айтпаймын.
- Қатысушылар арасында кітап арқылы “қауіпті” пікірлер немесе конфликт туған кездер болды ма?
- Иә, бұндай конфликтті кездер болды. Және ол маған ұнайды. Қарсы пікір туындаған кезде, оны қайтару үшін аргумент іздей бастайсың, ми басқаша қорғаныс жүйесіне шығады, басқа ойлар , пікірлер туындайды. Осы уақытқа дейін дұрыс деп келген көзқарастарыңа өзің күмәнданатын кез болады. Есімде қалғаны Дулат Исабековтың “Қарғын” романын талдау кезінде болған. Бұл роман маған мүлде ұнамайды, потреттер тым жасанды, асыра сілтеп, әдемі етіп көрсеткен. Басты кейіпкердің өзінің бойында бір адам сендіретіндей қасиет жоқ деп айтқанмын. Сол кезде басқа оқырман қыз қарсы пікір айтты. “Басты кейіпкер не үшін тым идеальный? Өзі әдемі, өзі өте тәртіпті, иманды, білімді. Аяғы да түзу екен тіпті” деп күліп едім. “Не үшін Бағиланың аяғы қисық болуы керек?” деді.

- Қазіргі жастар кітапты шынайы түсіну үшін оқи ма, әлде өзін интеллектуал көрсету үшін бе?
- Қазіргі екі-үш кітап оқып алып, әлеуметтік желіде желпілдеп, әдебиет туралы ой қозғап, мен дамып жатырмын дейтіндер де көп. Әркімнің өз еркі ғой бірақ. Жаман ештеме көріп тұрған жоқпын. Түсініп оқымаса да, әйтеуір кітап оқуды насихаттап жүргендері үшін қуанамын. Кітап оқу модный болып кетсе екен деймін, мейлі, мақтаныш үшін де оқи берсін.
- Өзіңізге мүлде ұнамайтын, бірақ бәрі мақтайтын кітап болды ма? Сол кезде не істейсіз?
Мысалы, маған Мұхтар Мағауиннің бірнеше кітаптары ұнамайды. Мысалы, «Жармақ». Ашу, ызадан туған кітап деп ойлаймын, көркем әдебиетке жатқызғым келмейді, тағы да соған ұқсас бірнеше кітаптары бар. Бірақ, біздің қазақ әдебиеті, қазақ оқырмандарына деген құрметім үшін ол туралы дауласпаймын. Культке айналған жазушы ғой.
- Кітап талқылау кезінде адамдар шын ойын айта ма, әлде бір-бірінен қысылып, “әдепті пікір” айта ма?
- Не үшін қыздар клубы екені осы жерде ашыла түседі? Біз әдетте ер адамдардың алдында ашық ойымызды айтуға қысылатынымызды білемін. Еркін, батылмын деп жүргенімізбен ішімізде бүгіп қалатын ойларымыз болады. Ал, біздің ортада көбіне шынайы пікірлер айтылады. Тіпті кітап тақырыбынан ауытқып, саясатты да жолда қалдырып, кәдімгі тұрмыс деңгейіндегі қарапайым әңгімелерді айтып та кетеміз.
- Егер бір кітап клуб мүшесінің отбасын, қарым-қатынасын немесе өмір бағытын өзгертіп жіберсе - сіз өзіңізді жауапты сезінесіз бе?
- Жалпы, кітап клубына келген қыздар “Жақсы орта таптым, қазақша сөйлеуім жақсарып қалды” десе қуанамын, әрине. Бірақ өзімді керемет бір ағартушы, жол бастаушы ретінде бағалап жатса ыңғайсызданамын. Мен сол атақ, мақтау үшін жүргендей болып сезініп қаламын. Сондықтан барынша кітап клубындағы адамдар өздерінің таңдауы, өздерінің қалауы ретінде көргенін қалаймын.
- Бүгінгі қоғамда кітап оқитын адам — шын мәнінде еркін ойлайтын адам ба, әлде жай ғана басқа тәуелділіктің түрі ме?
- Қазір шынымды айтайын, кітапты жан қалауыммен оқитын кезеңнен, уақыттан өтіп кеттім. Қазір қарын ашқан адамның әрекеті сияқты, қорыққаннан оқимын кітапты. Себебі, ақыл-ойға жүк түсірмесе қарайып қалатынын білемін. Неге жан қалауыммен оқымай жүрмін? Себебі бала күнімде, жас күнімде қазіргідей қызықты дүниелер аз болды, смартфон жоқ болды өмірімізде. Бар қызық кітапта еді. Қазір әлеуметтік желі жарты уақытымызды ұрлап жатыр және бір апта оқитын кітабыңның қызығының құнын он бес секундтық стористер, рилстар беріп тастайды. Әрине, жасанды, бір сәттік иллюзия әрқашан оңай, қызықты, бірақ уақытша екенін де мойындауымыз керек. Мен қазір кітапты өзіме міндеттеп оқытамын, қызық кітап тап келсе қуанамын, себебі жаным қиналмай оқылады. Жазушы басыммен мен өзімді қинап оқытып жүргенде, басқалардың жағдайы да белгілі шығар.
- Кітап клубы — бұл интеллектуал элитаның “жабық шеңберіне” айналып кету қаупі бар ма?
- Жалпы, иә, мүмкін. Бірақ маған мына тенденция ұнамады. Басында қыздарға арналған кітап клубын құрамыз дегенде жанымызда бес-алты адам болды. Барлығы да білімді, оқығаны көп, олармен кез келген тақырыпта сөйлесіп кету өте тамаша. Ай-кьюі жоғары қыздар ғой. Бірақ маған басқа әйелдердің, қыздардың “Бұлар өте білімді, ақылды, біздің олармен әңгімеміз жараспай қалады” деген қорқынышы болатынын білдім. Ортаға еніп кетулері қиын болады деп кітап клубының атын аспандағы бірдемемен атамай, құлаққа үйреншікті қарапайым ғана “Шолпан” деп атадық. Кез келген адам еркінсіп, өз ортасы деп қабылдайтын болса екен деген мақсатым болған. Қыз-келіншектер жинала бастағанда жанымдағы көмектесіп, бірлесіп жүрген қыздар “Бұл әйелдер өсек айтады, уақ әңгіме айтады” деп бөлінгендей болды. Ішімнен әрине қапаландым. Жанымда Әсем Шапфатқызы бар, екеуіміз әр әйел адам еркін әңгімесін айта беретін, кәдімгідей қарапайым орта жасай алдық. Егер білімді, ақылды, жетістікке жеткен әйелдер бөлініп, үйде отырған, тұрмыстың тауқыметтен әрі аспаған, декретте отырған жас аналар өздері бөлек кәукілдесіп жүрсе аражік ажырай береді ғой.
- Егер ертең адамдар мүлде кітап оқымайтын заман келсе, сіз не істер едіңіз?
- Ондай заман келмейді деп ойлаймын, біз бәрібір кітапқа кері айналып келе береміз. Ол әлемдік тәжірибеде бар. Қазір жаһанданудың қызығымен мойын бұрмай жатқан шығар біздің қоғам. Бұндай кезеңнен бізден елу жыл алға дамып кеткен мемлекеттер де өткен. Қазір Еуропа мүжілген кітаптан бас алмайды, оны шетелге шығып жүрген өзіңіз де куәсіз. Біз де бұйырса сол кезеңге ораламыз. Егер мүлде кітап оқымайтын заман келе қалса мидың ақысын беру керек қой бәрібір. Мүмкін әдемі суреттерді тамашалау, эстетикалық ләззат алу үшін басқа өнер түрлерін тамашалайтын шығармын.
- Әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбатты жүргізген Ә. ДӘУЛЕТБАЕВА




