Республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Сарайшық» журналы мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің біріккен жобасы аясында «Маржан Ершудың суреткерлік эстетикасы: шығармашылық психологиясындағы иірімдер мен көркемдік өлшемдер» атты кітап шыққан еді. Бұл кітапта университет студенттері мен магистранттары қаламгердің шығармаларын оқырман қауымға талдай әрі таныстыра отырып, оның шығармашылық өсу жолдарын, әдеби портретін өрнектеуге ұмтылған. Кітап оқырман қауымға ұнады. Бұл сыр-сұхбат осы кітаптың жалғасындай десе де болады. Университеттің Көптілді білім беру факультеті студенттері филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі қаламгер Маржан Ершуға сұрақтарын жолдап, сыр-сұхбат ұйымдастырған еді. «Сарайшық» журналының редакциясы аталған сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.
-Құрметті Маржан Аманқосқызы! Менің сізге екі сұрағым бар. Сіз махаббат дегенді қалай түсінесіз? Адам өз жолын табуда талант маңызды ма, әлде табандылық пен ішкі сенім маңызды ма?
Ақбота Базарбаева, 3-курс студенті
-Рахмет, Ақбота! Махаббат деген - жақсы көру сезімі. Белгілі түрік жазушысы Ғалып Ердемнің «Жақсы көру» деген жапырақтай ғана әңгімесін аударған едім. Сол шығармасында автор: «Бақытты болудың шарты – бір-бірімізді жақсы көру. Ең бірінші сүюді үйренуіміз керек. Алдымызға қойған Мақсатты, Сенімді, Пікірді сүю маңызды. Бірақ бұлар күш бермейді. Өйткені мақсат, сенім, пікірде тіл жоқ. Көңіліңді бұрғызып сөйлемейді, саған мұңын шақпайды, сенімен сөз жарыстырып, пікір таластырып айтыспайды, сенен ештеңе өтінбейді. Сондықтан абстрактілі нәрсені сүю оңай. Мен өмірде достары қамықса, көз жасын көл қылып жылағандарды да көрдім. Тасы өрге домаласа «мен қасыңдамын» дейтін дауыстарды да еститінмін. Сөз де, көз жасы да – ыстық. Бірақ бұл жақсы көрудің белгісі бола алмас. Шын сүйіспеншілік олар үшін қолымыздан келгенді жасау, бір шара ойлап табу болып саналады емес пе?! Кемшілігіміз баршылық екен. Ең басты кемшілігіміз жақсы көруді білмейтініміз емес пе?!», -деп жазады. Шынында әдемі ойлар. Жақсы көру адамға зор күш-қуат береді, сеніміңді алға жетелейді. Екінші сұрағыңызға келсек, Шығыстың ғұламасы Әбурайхан Бируни өзінің «Өткен буынның ескерткіштері» атты еңбегін былай аяқтаған екен. «Бұл кітаптың оқырмандары үш түрлі болуы мүмкін. Өзім сияқты оқырмандар менімен пікірлес болар. Білімі менен жоғары оқырмандар олқы жерлерін көріп, ақылын айтар.Үшінші топтың білімі тайыз. Олардың көпшілігі білімді менен үйренуге ұмтылар, ал бірен - саран білімсіз озбырлар сөз таластыруды ойлар, бірақ мен оған қиналмаймын. Өйткені мен ғылым сатысында пасықтардың құлашы жетпейтін биіктемін». Әділ сөз. Қаламгерлер, Бирунидің осы қағидасын еске алып отырсақ қандай жақсы болар еді?! Өйткені бұл күнде «шөп те өлең, шөңге де өлең» болып кетті ғой. Адам өз жолын табуда талант та, табандылық пен ішкі сенім де маңызды дер едім.
-Сіз үшін шабыт ғайыптан келетін құбылыс па, әлде өзіңіз іздеп табатын күй ме?
Бибіфатима Кәрісбай, 3-курс студенті
- Әдебиет – адамзатқа ортақ игілік. Әдебиет - әдемі әлем. Әр шығармашылық иесінің өз әлемі бар. Ол шығармашылық ізденістерден тұрады. Ізденіс болмаған жерде тоқырау басталады. Қозғалыссыз қара су да шіриді. Шабыт маған қашан келеді және қай жақтан кім әкеліп береді деп өмір сүрген емеспін. Түріктің атақты сатиригі Әзиз Несин бір сұхбатында : «Осы елдің бәрі маған сен әлі жап-жассың ғой деп айтады. Олар қайдан білсін, менің жазудан қолым тимей, қартаюға уақыт таппай жүргенімді» депті. Сөзге ғашық адам жаза бергісі келеді. Жазған сайын шеберлігі шыңдалады, жазған сайын тынысы ашыла түседі. Шығармашылықтың рахаты пен азабын сезіне білу де – бақыт. Ойда жүрем, ойлап жүрем. Сондықтан қаламым құрғамайды. Жыл сайын жаңа туындылар тудырып жататыным да содан шығар. Шығармаларымды атақ шығару үшін не елден қалмау үшін жазған жоқпын. Жазбасам көңілім тыншымайтын болғасын жаздым. Әдебиет тоқырауға ұшырамайды. Тек әдебиеттің рөлі кітаптан алыстап, компьютерге жақындаған ғасырда бәсеңдеуі мүмкін. Бабалардан қалған «тыңдаушысы жоқ болса, сөз жетім» деген сөздің жаны бар. Жаны бар сөз адамды тітіркендіреді, шошытады. Бұл - шығармашылық адамының ішкі азабы. «Жақсы шығарма авторды сүйрейді, жаман шығарманы авторы сүйрейді» деген сөз бар. Кейде жақсы шығарманың өзі еленбей жатады. Дулат Исабеков бір сұхбатында: «Кеңес одағы кезінде бір жақсысы, әйтеуір жақсы жазсаң, ауызға ілінесің, жерде қалмайтынсың. Ал қазір басқаша»,- деген екен. Қазір заман басқа. Иә, біз басқаша толқынның өкіліміз. Әлемде өз ұстанымымен жүріп, бағытын айқындай алған небір таланттар болған. Он сегізінші ғасырда Кацусика Хокусай деген атақты жапон суретшісі өмір сүрген екен. Алты жасынан бастап сурет салған. Сол суретші ғұмырының соңына дейін тынбай еңбек етіп, атақты суретші атаныпты. Өзінің таланты туралы Кацусика Хокусай «мені сурет дуалаған», «мен суреттің тұтқынымын», «мен суретсіз өмір сүре алмаймын» дейді екен. Бұл мысалдан көретініміз, талантты адам өз талантынан тысқары өмір сүре алмайды. Соған қарағанда, талантты адам шабытты үнемі уысында ұстап тұратын болуы керек деп ойлаймын.
-Өлеңдеріңізде өршіл рух пен философиялық ой байқалады. Бұл сіздің ішкі жан дүниеңіздің көрінісі ме?
Аида Санахова, 3-курс студенті
- Әрине. Ми не ойласа, тіл соны айтады деген бар ғой. Әр ақынның шығармашылығынан оның өзін, ақындық бейнесін табасың. Есенғали Раушанов он жыл бұрын баспасөзге берген бір сұхбатында: «Бұл күнде көркемдік талапқа жауап беретін дүниелер аз. Жер-жерде толып жатқан фестиваль, мүшәйралар халтурщиктерді қаптатып жіберді деп ойлаймын. Халтурщиктердің, әлбетте, қай-қайсысы да жақсы емес. Ең қиыны – әйел халтурщиктер. Не деп тоқтатуды, қалай қойдыруды білмей дал боласың. Мысық төбелескен сияқты. Жақындап абырой таппайсың. Сырттан бақылап қана тұрасың. Қыздар Гүлнәр Салықбаеваға еліктейді. Бәрі әйелі бар кісіге ғашық болады, соған «Сіз» деп өлең жазады»,- депті. Ақын қыздардың өмір бойғы темасы «Сіз» болып, жеке басын қызықтап кетсе, біздің әдебиеттің жайы қалай болар екен ? Әдебиет осылай өседі ме? Талғам осылай өседі ме? Бүгінгі қазақ поэзиясының ахуалдарын көп айтатын Ақұштап апамыз ақын қыздардың міндетін тым әсірелеп жіберді. Ақын әрі әйел, әрі ана, әрі жар болуы керек деп. Өлеңнің мәнін терең ұқпайтын қыздар содан «Ақұштап Бақтыгереева айтқан ақын деген шартқа сәйкес өзіммін» дегені де сезімдерін жалаңаштап көзге түсуді ақындық деп санады.Тіпті Махамбет сыйлығының лауреаты, атыраулық бір ақын «өлеңдерімнің 100 пайызы күйеуіме арналған деп өтірік айтпай-ақ қояйын» деп сұхбат беріп, тың жаңалық ашты. Осы ақын қызды Фариза апай Атыраудан тауып алып, «талант» деп мақтауын келістіріп, әдебиетке әкеліп еді. Хамит Ерғалиев 1996 жылы «Жұлдыз» жарық көрген «Қартайдық, қайғы ойладық» деген мақаласында:«Жұрт көзінше желкесінен сүйрелей құшақтағанға мәз болатын қыздардың қай жеріне қызығасың? Бір ғажабы, осының бәрі өмірде бар да, өлеңде жоқ. Жас ақындар бұл жағына барып намыс жыртуды өздеріне айып көретіндей, тіпті содан өлеңдерінің бет моншағы үзілетіндей сезінеді: Жо-оо-оқ, бұны сынаудан өлең беделі төмендемейді. Мәселен, баяғы Кердері Әубәкірдің «Заманақыр болғанда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар» дегені әлі күшін әлсіретті деп айта аласыз ба?! Заманақыр болмай-ақ, әлгі айтылғандар көзге ұрып тұрған жоқ па?» - деп ашына жазған екен. Хамаңның мақаласынан кейін отыз жылдан аса уақыт өтті ғой. Не өзгерді, нені жаңалық қыламыз? Көзқарас өзгерген. Құндылықтар аласарғаны ғой. Жастар арасында поэзияға емес, поэзия маған қызмет етуі тиіс деген пікір қалыптасқаны сондай, бұл күнде махаббат лирикасы жан бағу құралына айналып барады. Серік Ақсұңқарұлы: «Қыздардың бәрі Фаризаның ең бір сәтсіз көшірмесі. Сонысына қарамай көкіректері даладай, өздерінен басқа ешкім жоқ. Асып-тасу, әліне қарамай сөйлеу деп осыны айтар едім» деп жазыпты. Өлеңге келген қыздардай мен де алғашында Фаризаға еліктедім, бірақ мен оның көшірмесі емеспін. Поэзия десек, Фариза дейміз. Әрісі Сара Тастанбекқызы берісі Шолпан Иманбаева, Зияш Қалауова, Мариям Хакімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова сияқты ақын апалар қазақ поэзиясында әйелдер поэзиясының іргетасын қаласа, Фариза Оңғарсынова «әйелдер поэзиясы» деген биік қамал тұрғызды. Фаризаның жыр-құдыретінің әсерінен болар, қазақ поэзиясында Фариза дәстүрі, Фариза мектебі қалыптасты. Фаризадан кейін шыққан ақын қыздарға өте оңай және өте қиын екі жол тұрды. Оның соңынан ерген қыз ақындар «Фаризаша сүю», «Фаризаша мұңдану», «Фаризаша мұң шағу», «Фаризаша күрсіну». «Фаризаша жылау», «Фаризаша қаһар¬лануды», «Фариза –мінезді» әбден бойларына сіңіріп алды. Өзіңше ой ойлап, басқа жол іздеп, ми шаршатып, бас қатырғаннан, Фаризаға еліктеу, Фаризаша ой толғау, Фариза салған соны сүрлеуге түсіп алып, жыр жазудың оңайырақ екенін бүгінде «Фаризаның көшірмесіндей» толып жатқан ақын қыздар танытты.
-Сіздің «Айек» деген псевдоним таңдауыңыздың түп-тамыры Сұлтан Бейбарыс тұлғасымен және оның анасының атымен байланысты екенін білеміз. Осы тұрғыда, сіздің «Шырақ», «Пырақ», «Аламан» туындыларыңыздағы поэтикалық кейіпкерлердің рухани болмысы мен мінезінде Бейбарысқа тән қайсарлық пен ішкі беріктік қаншалықты көрініс табады? Жалпы өзіңіз айтқан «қалпақпен ұрса да құламайтын» өлең қандай критерийлерге сай болуы керек? Сіз қалай аяқ астынан «Айек» болып кеттіңіз?
Гулшат Танатова, 3-курс студенті
- 2001 жылы Астанада Халықаралық Шабыт фестивалінен Гран При алғаннан кейін Иманғали Тасмағамбетовтың қабылдауында болдым. Қалтамда Жазушылар Одағының су жаңа мүшелік билеті. Сол кезде осы билетті алғанымызға бақытты болып, шексіз қуанып жүрген кезіміз ғой. «Аға, мен Жазушылар Одағының мүшелігіне өттім ғой, міне билетім» қуана көрсеттім. Ағам қуанып құттықтап жатыр. Билетте псевдоним деген жер болатын. «Не тілегің бар» дегенде, «маған псевдоним қойып беріңізші мына жерге жазып» дедім. Ол кісі үндемей ойланып отырды да, «Айек» деді. Түсінбей қалдым. Осындай да сөз бола ма екен?! Айек деген не?! «Айек» -, деді Имаш ағам, негізі- Әйек. Сен оның кім екенін білесің бе?» «Құдай сақтасын танымаймын» дедім. Ағам қабағын шытты. «Осы көп ақындар лирика төңірегінен шықпайды, тарихты, тарихи тұлғаларды жырлау керек. Айек - Бейбарыс сұлтанның анасының аты. Бейбарыс сияқты қалпақпен ұрса құламайтын өлеңдер жаз деп ырымдап қойып отырмын» деп, билетіме өз қолымен «Айек» деп жазып берді. Мен қуаныштан мәз боп тұрмын. Қаламым жорғалап, кітаптарымды «Айек »деген псевдониммен шығардым. Иманғали ағаның берген батасы қабыл болғандай. Соған қуанам. 2004 жылы «Айек» деген псевдониммен «Шырақ» атты кітабымды шығардым. Псевдониммен кітап шығарғанымда біреулер күлді, біреулер күле алмады. Қызық екен деген болар. Содан бір күні ғылым докторы, профессор, астаналық бір ағай кітабымды сұратып алды да, кітабымды қолына ұстап тұрып, С«ен кімсің, классиксің бе, псевдониммен кітап шығаратын? Айтпады деме, мына «Шырақ» деген кітабыңды жер жастандырып сынап тастаймын» дегені. Мен де қалыспай: «Сынасаңыз , сынай беріңіз. Бірақ «Сын шын болсын, шын сын болсын» деген Мұхтар Әуезовтың принципімен келіңіз. Сіз доктор болсаңыз, мен кандидатпын» дедім. Содан ай өтті, жыл өтті. Ол кісі сын жазбады. Бір күні қыста көшеден көріп қалдым. Жүгіріп барып жанына жетіп алдым. «Сіз мені сынаймын деп едіңіз ғой, сынамайсыз ба, күтіп жүрмін» деп едім, ол кісі «Кітабың жақсы ғой» деп кете барды. Одан кейін көптеген кітаптарым шықты. Кітаптарымды өзім қаражат тауып шығардым. Кейде баспаның тапсырысымен шықты. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен кітабы шығатын қаламгерлер қандай пысық деп қоям. Сол кітаптарға қарасаң, мұқабасы басқа , ал мазмұны бірдей. Сол он әңгіме, он өлеңмен диірменнің айналған тасындай жолы болғыш, атақ алғыш.
- «Шығармашылық лаборатория» кітабыңыз туралы айтып берсеңіз?
Ақбота Базарбаева, 3-курс студенті
- Пандемия кезінде Хамит Ерғалиевтың «Қиын өткен қызығым-ай» деген кітабын оқыдым. Сол кітабында ардақты ақын ағамыз қаламгерлерге уақыт алдында, заман алдында есеп берудің маңыздылығын айтады. Хамит ақын жан сырын былайша ақтарады : «Өз жайымды әңгімелесем оқырман менің не істеп, не қойғанымнан хабардар болып қана қоймай , заман ағымы мен менің арақатынасымды аңғара алатын сияқты. Қалай дегенде де бар-жоғымды түгендеп отыратын ойшыл оқырманнан артық мені білетін кімім бар? Сондықтан бұл әңгімемді шығармашылық туралы шығарма деп те, автордың оқырман достарына ішкі дүниесін іркілмей айқара ашқаны деп те қабылдауға болар. Шығармашылықпен үзбей айналысқан адам жетпіс жасынан кейінгі еңбегінде өзін-өзі жинақтай бастайтын секілді. Осындай ойлар өз лабораториямды сезінуіме себін тигізгендей». Хамағаның кітабы , осы ойлары мені ойға жетеледі. Жай күнде бұл сөздердің қуатын сезіне алмас едім, тереңіне бойлай алмас едім. Бірақ әлемді жаулаған пандемия кезінде жақсы ұғындым. Содан отырып ойландым да, 2020 жылы «Шығармашылық лаборатория» кітабымды жазған едім. Қазақстан Жазушылар одағы қазір «Қаламгер ұстаханасы» деп жоба ұйымдастырып жүр. Мен бұл тақырыпты Одақтан бес жыл бұрын жазғанмын деп мақтануыма әбден болады-ау.
- Сіз шығармаларыңызда ұлттық рухты дәріптеп, жаңаша көрсетуге тырысасыз. Тарихи тұлғаларымыз туралы көптеген поэмаларыңыз бар. Мысалы: «Жошы хан», «Бопай ханым», «Исатай-Махамбет», «Дина», «Бауыржан», «Хиуаз» , «Ділдә», «Ораз би», «Рысалы батыр», «Ғарышкер», «Ерік Құрманғалиев», «Қоңыр Иштван Мандоки», «Айша бибі», «Жалғыз қол» т.б шығармаларыңыз бар. Неліктен тарихи тұлғалар тақырыбына жиі қалам тартасыз?
Аружан Жолдасқалиева, 2-курс студенті
- Александр Дюма «Тарих маған қиялымдағы оқиғаны ілетін шеге ғана» деген екен. Менің айтпағым, менің ақындық тағдырымның өзі тарих, мүмкін кішкентай тарих. Менің ақындық өмірбаянымның тарихынан сыр шертсем. 2003 жылы Махамбет бабамыздың 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. 2003 жылы «Арыс» баспасынан «Жыр арқауы-Махамбет» деген жыр жинақ шықты. Осы жинақта атыраулық «Амангелді Жылқышиев» деген ақынның Махамбет туралы өлеңін беріпті. Кітаптың соңғы жағында сол өлеңді қайтадан беріп авторы – «Маржан Ершуова» деп жазып қойыпты. Бұл сорақылық қой. Мен бұл баспаға өлең тапсырған жоқпын. Сол жылы «Жалын», «Жаңа Сарыарқа» деген журналдар менің «Махамбет» атты поэмамды бүлдіріп, өлеңімдегі сөздерді өзгертіп, су татыған дүмбілез шығарма етіп жариялады. Сол жылы Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен шыққан «Атырау ақын-жазушыларының 100 томдығының 58-томын «Нарын» деп атап, менің кітабымды шығарыпты. Кітап республика кітапханаларына таратылған. Кітапта қолжазбамды түгелдей бүлдірген. Өлең сиқы жоқ. Бұл жағдайлар мені қатты қажытты. Бірінен соң бірі. «Жығылғанға жұдырықтай» әсер етті. Менің өлеңім ұнамаса шығармасын, жаман болса сынасын дейсің ғой?! 56-томдағы «Нарын» кітабында менің ақын ретінде айтқым келген негізгі ойдың өрескел бұрмаланып, мағынасының ауысуы, стилімнің қасақана бұзылуы, менің лексиконыма тән емес сөздердің қолданылу факторы редакция алқасы тарапынан жасалынған іс болғандықтан, бұл менің авторлық құқығымды бұзу , жаңадан шығып келе жатқан жас ақынның жолына кедергі қою, жақсы атымды қаралап, ар-намысым мен абыройыма тиетін, творчестволық беделімді кемсітетін қылмыс деп қабылдадым. Кітапта жарияланған өлеңдердің 70 пайызы өрескел редакциялық өңдеуге ұшырап, мән-мағынасы өзгеріп, өлеңнің бояуы сұйылып кеткен. Тәуелсіздіктен кейінгі әдебиетке келген жастардың біреуі де мұндай құқайды көрген жоқ. Тіпті Фариза мен Ақұштап апаларымыз да мұндай күйді кешкен жоқ. Астанада өзіме өзім сыймай біраз жүрдім. Дүниені қиратқың келеді, бірақ ол мүмкін емес. Содан бір күні көше аралап келе жатсам, «Каратэ орталығы» деген жазуы бар бір ғимарат тұр екен. Бір залға кірсем бірін бірі алып ұрып жатқан кимонолы адамдар. Мынау бір жойқын төбелес екен, маған керегі осы ғой деп қызығып кетіп орындыққа отырып алдым. Көз алмай қызықтап отырғам. Біреу менің иығымнан түртеді. Тренер екен. Неғып отырсыз? Мынау не дедім. Айкидо. Маған қатысуға бола ма? Болады. Абонемент төлейсіз деді. Жарайды, мен ертең келем дедім де шығып кеттім. Ертесіне барып айкидоға жазылдым. Айкидо өте ерте заманда Жапонияда пайда болған. Айкидо спорттық және қорғаныс айкидосы болып екіге бөлінеді. Айкидо туралы Жапония философиясында «Удың күшін қайтаратын у» яғни «күшке төтеп беретін күш» деген қағида бар. Осы қағида бойынша айкидо тактикасында шабуыл жасаушы қаншама шебер, тәжірибелі болса да оның басымдылығын айламен кері қайтаруға тіпті оны жеңуге де болады делінеді. Міне, осы айла - қарсы әдістердің барлығы айкидода жинақталған. Шығыстың бұл спорт түрінің жақсы жақтары да бар екен. Жаттығу жасағанда бар даусыңмен айқайлап тұрады екенсің. Өзінің бір айқай сөздері бар. Екпінмен айқайлап дауыс көтеріп айтатын. Ойпырмай, келгенім қандай жақсы болды, мынау бір ақындарға таптырмайтын керім жер екен, эмоция шығаратын деп қоям. Айтпағым, Айкидоның арқасында Маржанның ішінен ақ сауыт киген ақ найзалы Айек деген батыр атып шықты да, батырлықты жырлап кетті десем де болады.
-Ақын үшін ауыр нәрсе қайсы? Сезіну ме? Әлде сол сезімді өлеңге айналдыру ма? Бір сұхбатыңызда «өлең мені тауып алады» деген едіңіз. Соңғы уақытта сізді қандай сезім немесе оқиға «тауып алды»?
Ақбота Жардем , 3-курс студенті
-Ақын мiнезiнде күрделi құбылулар болмаса, оның қаламынан қызулы жыр тумайды.
«Құя алман үгiтiлген балшық – өлең,
Көңiлiмде күй жасаман тамшыменен.
Серiнiң семсерiндей сертке таққан
Өлеңнiң өткiрiн бiр алшы менен», – деп жырлады Қасым Аманжолов. Қандай азап шексе де, өмiрдiң сан тарауы шаршатса да, сүрiндiрсе де Қасым ақын қаламына сергек қарады. Мұқағали «Өлең өзі тулайды қайшылықта» дейді. Рас айтады. Қайшылықтар туған кезде адамға екі-үш есе күш-қайрат бітеді. Көп мақталған ақындардың кейін жаза алмай қалатыны да төбесінен жауған ақ байырсақтың дәмін білмей, шайнамай жұтқанынан. Содан кейін «тақырыбым таусылды» деп аласұрып жүргендері. Сұрағыңыз орынды. Менің әрбір туындымның өз тарихы бар. Өлең кейде сезімнен, кейде өмірден туады. Өмірдің өзі - өлең. Өмірдің өзі- тақырып. «Ит пен бала туралы ертегімнің» дүниеге қалай келгені туралы бір дерек айта кетейін. Бірде көшеде келе жатсам, бір орыс кемпір «Вера, Вера» деп айқайлап тұр екен. Жан жағыма қарасам, айналамда өзімнен басқа адам көрінбейді. Кемпір мен жаққа қарап айқайлайды. «Бұнысы несі» деп артыма қарасам, ешкім жоқ. «Вера» деген кішкентай немересі ме, құлап қалды ма деген оймен жерге қарасам, кішкентай ақ күшік менің артымда тұр. О. Тоба! Мен жүрсем-жүреді, тұрсам-тұрады. Әлгі кемпірмен құдды адамның баласы құсап тығылыспақ ойнап тұр. Содан «Бар, Вера» деп кемпірге қарай қой айдағандай қудым ғой. Күшікті жібімен сүйретіп кемпір кетіп барады. Маған бір ой келді. Екеуінің соңынан қалмай біраз жерге дейін еріп барып, кейін қайттым. Ойлағаным: Күшіктің аты неге Вера? Кемпірдің күшіктен басқа ешкімі жоқ па екен? Кемпір мен күшік ойымнан шықпай, біраз күн жүрдім. Ақыры мен тақырып таптым. «Ит пен бала туралы ертегім» осылайша дүниеге келді. Әдебиеттің предметі адам, шығарма ит туралы не қасқыр туралы болсын онда адам тағдыры жатады. Осы ертегімді жазарда, ит туралы мағұлматтар жинап, ит мінезін біраз зерттедім. Ол кезде Ресей телеарналарында иттерге арналған хабар болатын. Сол хабарды үзбей көретінмін. Иттің өте сезімталдығы, иттің көзі қараңғыда да жарықтай көре алатын қасиеті, сондай –ақ «жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген қазақ мақалының шындығы мұның бәрі осы ертегімде иттің табиғатын ашуға пайдаланған детальдарым. Маған «Ит пен бала туралы ертегім» туралы көптеген сұрақтар қойылады. Мысалы: Бұл сіздің басыңыздан кешкен оқиға ма немесе бұл ертегіні басқаша аяқтауға болмады ма, мәселен итті бала емес, ит баланы құтқарса, «ит-адамның досы» деген мақал бар емес пе деген сұрақтар қойылады. Бұл ертегімнің жазылу тарихы туралы жоғарыда айтып кеттім. Ертегіні осылай аяқтаған дұрыс. Бала –мейірімділіктің символы. Мейірімділіктің өзі бұл заманда баланың дене массасындай болып кішірейіп кеткен. Ит көп қиындық көрді. Жалғыздық, қорғансыздық, иесіздік оны әбден қажытты. Әбден қажыған, шаршаған итке ерлік көрсетерлік күш жүктесек, нанымсыз болар еді. Әлсіз адам ерлік жасай алмайды. Ерлік жасау үшін де адамға көп мейірімділік керек. Бала тілі арқылы адамдарға ой салу осы ойдан шықты. Мен кейіпкерлерімді жақсы көрем. Сондай бір мұңға, тұңғиыққа батырып жіберіп , армандарын, үміттерін үзгім келмейді. Сенім, сенімділік адам бойындағы ең асыл қасиет. Көшедегі кемпір мен күшікті кездестіруімнің арқасында осы ертегім туды. Ал енді соңғы уақытта мені қандай сезім немесе оқиға «тауып алғаны» әзірге құпия бола тұрсын.
- Ертегітерапия туралы еңбегіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз?
Ақбота Базарбаева, 3-курс студенті
- Бүгінде ертегітерапия жобасы Батыс елдерінде, Ресей мектептерінің іс-тәжірибелерінде методикалық әрі шығармашылық әдіс ретінде кеңінен қолданылуда. Ертегітерапия–психологиялық, педагогикалық бағытта жүргізілетін шығармашылық үрдіс. Ертегітерапия –әдебиет, сөз өнері, психология, педагогика, психотерапия, тарих, логика, мәдениеттану мен философияның жинақталған синтезі. Ертегітерапия – халық ауыз әдебиеті үлгілерімен үндесіп, фантастикамен байытылған шығармашылық әдіс. Батыстың дәрігерлері ертегітерапияның бала денсаулығына пайдалы әсері барын жазуда. Бұл біздің халық үшін жаңалық емес. Қазақ баласының дүниетанымы ертегімен жетіледі. Бұл ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан халықтық үрдіс, халықтық дәстүр. Әр баланың да ең алғашқы досы – ертегі. «Ертегі айта алмаған ата мен әжеден қорқамын», – деген екен Бауыржан Момышұлы. Бесік жырынан бастап ауыз әдебиетінің құнарымен, әжесі мен анасынан естіген әуезді әнмен, әсерлі ертегі-әңгімемен өскен баланың көркемдік әлемі ерекше болып қалыптасатыны ғасырлар бойғы қазақ тарихында дәлелденген жарқын мысал. Бауыржан Момышұлының да уайым қылғаны осы жайт. Ертегінің мағынасын түсінген балаға болашақта сөз қадірін ұғу, әдемі сөйлей білу, көркем ойлау қасиеті даритыны сөзсіз. Сондықтан тәрбие ісінде ертегітерапияның маңызы зор. Мен «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» кітабымда бұл тақырыппен кеңінен танысуға болады.
- Сатира - қиын жанр. Сатира саласында да көптеген туындыларыңыз бар екенін білеміз. Сатираға қалай келдіңіз? Зухра Мадиярова, 2-курс студенті
- Сатира - қызық әрі қиын жанр. Сатира басында күлдіреді, соңында ойландырады. «Ештеңеден қорықпайтын адамның өзі күлкіден қорқады» деген екен ежелгі данышпандар. Бейімбет Майлин қаламынан туған шығармалардың қай-қайсысы болмасын өмірдей өзіндей қарапайым ғой. Қарапайымдылықтан күрделі ой тудырар, ойландырар қалам қуатының күші –оның юморында жатыр. Қазан төңкерісінен кейін қазақ еліне де жеткен бір жаңалық әр аймақта Лениннің суреттері басылған плакаттар ілініп, ескерткіштер бой көтере бастауы еді. Мұсылман ырымында қолды шошайту жақсы ырым саналмайды. Бейімбеттің мына бір әжуасы Ленинге бір соққы беріп кететіндей:
« - Күлән-ау, Мынау кім?
-Ленин ғой.
-Шошайғаны несі?
-Қолы ғой.
-Не деп тұр?
-Шақырып тұр!»
Алғашында қарабайырлау көрінгенмен, үңіле қарасақ, қарапайым қазақ ұғымына лайықталып жазылса да, Бейімбеттің сарказмы Лениндік саясатты білдіртпей шымшып-шымшып алады. Бұрын сатираға әуестігім болмап еді. Түріктің әйгілі сатиригі Әзиз Несиннің бір әңгімесін аударған едім. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей, содан кейін өзім сатиралық әңгімелер жазып кеттім. Әзиз Несинді сатирадағы ұстазым деп санаймын.
-Сіздің көп ақындардан ерекшелігіңіз әдебиеттің поэзия, проза, аударма, сатира, драма жанрларында жазасыз. Қай жанрда жазсаңыз да , оқырманға ой салатын дүние жасайсыз. Кітаптарыңызды аты да, мұқабасы да ерекше. Сіз бойыңыздағы талантқа көбірек сенесіз бе, әлде тәжірибеге ме?
Арайлым Орынбасар 2-курс студенті
-Тек талантыма сенем деген ойда емеспін. Шығармашылық адамына ізденіс керек, еңбек керек, білім керек. Осылайша тәжірибе жинақтақталады. «Шырақ» (2004), «Пырақ» (2008) және «Аламан» (2015) атты кітаптарымды Айек деген псевдониммен шығардым. Үш кітабымды псевдониммен шығарсам деген жоспарым болды. Әрине кітаптарымның атауын белгілі бір қағидаларға сүйеніп қойғаным рас. Қараңғыдан жасқанып артқа тартсаң, ісің бастаусыз қалады. Ата-бабамыз «Шырақ болып жана алсаң, жолың айдай ашылады», «Қыз – қырық шырақты» деген. Өлең – менің бір шырағым шығар деп ойлаймын. Оның үстіне, шырақ ұстаған адам ешқашан артта жүрмейді. «Шырақ» сөзінің осындай қасиеттеріне қарап, кітабымды солай атадым. Ал «Пырақ» жайлы айтар болсам, Астанада алтын қанатты пырақтардың мүсінін орнатқанда қатты қуандым. Есте жоқ ескі дәуірден жеткен аңыз бойынша, Пырақ (Пегас) – қанатты ат, ақындық өнердің символы саналатын мифтік бейне. Ежелгі грек аңыздары бойынша, поэзия жарысында озып шыққан ақындар Пегасқа мініп, Олимп тауына шығады екен. «Пегасқа міну – ақын болу, ақындық шабыттың шарықтау биікке көтерілуі» деп те жазылған. Сондықтан кітабымды «Пырақ» деп атадым. Аламан дегенде, есімізге аламан - бәйге, жарыс түседі. Аламан деген сөз Халел Досмұхамедовтың еңбектерінде мінезге де байланысты айтылады. «Аламан» атты мақаласында Х.Досмұхамедов тілмен қатар əдебиетіміздің де ұлт психологиясының айнасы екендігін айта келіп былай деп жазған: «Халықтың мінез- құлқы, ойы заманындағы əдебиетінен білінеді. Əдебиет — халықтың түрлі қимылдарының айнасы». Мен де өмір сүріп жатқан дәуірді өзімше бейнелегім келгені де. «Аламан» деп атадым кітабымды. Түрік халқында «Өнер –алтын білезік» деген мақал бар. Бір кітабымның атауы - «Білезік» деп аталады. Әр кітабымның атауының өзіндік тарихы бар. Кітаптарымның мұқабасын Алмас Сырғабаев, Камила Жапалова сияқты белгілі суретшілерге жасатамын. Кітаптарымның сырты да, іші де мән-мазмұнды, әдемі болғанын қалаймын. Татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың өлеңдерін аударған едім. «Ұрланған мағына» деген өлеңін Тоқай 1908 жылы жазған екен. Бір ғасырдай уақыт өтсе де, мәні өзгермеген жыр.
-Аманбысың ақын дос-ау, неге мұңды жанарың?
Деп мен оған жылыұшырай қарадым.
- Халім нашар! Жазғанымды ұрлайды ел!
Мұндай сәтте аласұрмай тұрмай гөр!
-Неге мұнша жасығаның, айтарыңды ірікпе!
Үндемесең көңіліңде көбеймей ме күдік те?!
-Ақындардың бәрі оңбаған! Өлеңімді тонайды!
Ой-ырғағын, мағынасын, ұйқасымды қалайды.
Ыза болам мен соларға. Түк айтпаймын жақ ашып,
Мағынаңды ұрлай берсе қандай ақын боласың?
Ақынды аяп, оқыдым мен бар кітабын жиып ап,
Түк мағына таппадым-ау. « Ақындығы» қиын-ақ!
« Антұрған-ай! – дедім сонда,- жарнамаңыз жүдетті»,
Су татыған кітап оқып... Тектен –текке күн өтті!..» Ойландыратын өлең. Әр кітабым шығарда оқырман туралы ойланам. Сөздің мәні мен маңызы туралы ойланам. Оқырманмен жолықтыратын кітап болғасын, кітабыңа жаның мен жүрегіңді саласың. Әйтеуір кітапты қолына алған адамның көңілі түсіп, ренжімесе екен дейсің. Ғ.Тоқайша айтқанда, «Антұрған-ай! – дедім сонда, Жарнамаңыз жүдетті, Су татыған кітап оқып, Тектен –текке күн өтті» демесе екен дейсің.
(Жалғасы бар)
Сыр – сұхбатты ұйымдастырған: Көптілді білім беру факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Милена КАМЕЛОВА.




