Республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Сарайшық» журналы мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің біріккен жобасы аясында «Маржан Ершудың суреткерлік эстетикасы: шығармашылық психологиясындағы иірімдер мен көркемдік өлшемдер» атты кітап шыққан еді. Бұл кітапта университет студенттері мен магистранттары қаламгердің шығармаларын оқырман қауымға талдай әрі таныстыра отырып, оның шығармашылық өсу жолдарын, әдеби портретін өрнектеуге ұмтылған. Кітап оқырман қауымға ұнады. Бұл сыр-сұхбат осы кітаптың жалғасындай десе де болады. Университеттің Көптілді білім беру факультеті студенттері филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі қаламгер Маржан Ершуға сұрақтарын жолдап, сыр-сұхбат ұйымдастырған еді. «Сарайшық» журналының редакциясы аталған сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.
(Сыр-сұхбаттың жалғасы)
-Түркі поэзиясын қазақша сөйлетіп жүрсіз. Аударма жасау барысында өзге ақынның тағдырын өз жаныңыздан өткізесіз. Осы кезде «Ақын Маржан» мен «Аудармашы Маржан» арасында ішкі қақтығыс болмайды ма?
Гаухар Елемес , 3-курс студенті
- Түріктің әлемге аты мәшһүр Халиде Эдип Адывар деген (1882- 1964) жазушысы бар. Тұңғыш романшы әйел. Шығармаларында әйел бейнесін, әйел рухын жоғары көтерген. Оның «Фатма» атты шығармасымен таныстым. Роман оқиғасы ерте кездегі түрік тарихынан сыр шертеді. Ауыл-елді жаулаушы топтың өкілі кілең қыз-келіншекті тізіп қойып, олардың қолына қарайды. Күс-күс қолдар, тарамыс арық қолдар, тамыры адырайған көріксіз қолдар арасынан өзіне қатты ұнаған зүбаржат көзді жүзік таққан ақ борықтай қолды таңдап алады. Бұл сұлу Фатма еді. Жауыздың аты - жауыз. Соғыста сұлуды қалай арқалап жүрсін?! Фатманы өлтіріп, жүзік салған қолын кесіп қалтасына салып алып, қызықтап қарап жүреді. Осы бір деталь арқылы жазушы ақсүйектік, тектілік, сұлулық және Өнер жаулаушы қалтасында кете ме деген сұмдық ой айтады. Әдетте ер жазушылар әйелдің бет-жүзінің сұлулығын суреттеуге құмар ғой. Бұл деталь әйел жазушыға тән ерекшелік екен. Маған негізінде аудармада әйел қаламгерлердің шығармалары жаныма жақын. Аударма барысында «Ақын Маржан» мен «Аудармашы Маржан» арасында ешқашанда ішкі қақтығыс болған емес. Өйткені мен аударманың тынысымен тыныстап, өмір сүрем. Ноғайдың атақты ақын қызы Кадрия Оразбайқызы Темирболатованың ноғай тілінде шыққан «Үйіңізге жақсылық» атты кітабынан аударма жасадым. Ноғай тілі қазақ тіліне жақын тіл, дегенмен едәуір айырмашылықтар бар. Кадрияны жаныма жақын тұттым. Ең алғаш оның поэзиясымен танысқанда жан әлемімдегі бір толқуды сезінгендей болдым. Ол маған бұрыннан таныс әрі өте жақын адамым сияқтанды. Кадрия екеуміздің арамыздағы жақындықтың тамырын тереңнен іздеймін. Бір замандарда астанамыз Сарайшық қаласы боп, Ноғайлы дәуірінде басымыз біріккен жұрттанбыз. Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет атты ортақ жырау ақын бабаларымыз бар. Еділ -Жайықтай қос өзен де - біздің ортақ ардақтымыз. Кадрияның өткір де жалынды жырлары өз заманында Кеңестер Одағын аралап кетті. Қызғаныштын құрбанына айналды ма, кім білсін? 1978 жылы небәрі 30 жасында оны өлтіріп кеткен. Өмірден өткеніне қырық жылдан аса уақыт өтсе де, не үшін өлтірді? Кім? Бұл сұрақтың жауабы табылмай келеді. Кадрия Махачкалада пединституттың 3-курсында оқып жүргенде, оның талантын ерте таныған Расул Ғамзатов Мәскеуге М.Горький атындағы Әдебиет институтына ауыстыру жөнінде хат жазады. Осылайша Кадрияның алдынан алтын қақпа ашылады. Мәскеуде ол талантымен танымалдылыққа ие болады. Оның өлеңдері орыс тіліне аударылып, үлкен басылымдарда жарық көреді. Мәскеуден кітаптары шығып, Одақ аумағына тарала бастайды. Кадрия 20 жасында алдына үлкен мақсат қояды. Өз халқының асыл арманын жырлау және ноғайдың атын шығару оның өмірлік кредосына айналады. Ол бір өлеңінде «Үлкен халықты кіші етер замандар, кіші халықты үлкен етер адамдар» деп жырлайды. «Көп жырлаппын жігіттерді ардақтап, Жолбарыстай жүректі деп үндедім. Көзбен сезіп, оймен көрсем салмақтап, Жүректілік. Қызда екен білгенім»,-деген өлеңінен жіңішке қыз жолына деген өзінің өкпесі де бар екенін аңғарамыз.
-Барлық ақынға тән ортақ қайғы не?
Зарина Дәулетиярова, 3-курс студенті
-Түркияның Елазык деген қаласында өткен түркітілдес елдер халықтарының поэзия фестиваліне қатысқан едім. Сонда Чувашстаннан келген Илья Иванов деген чуваш ақыны «Керек» деген өлеңін түрік тілінде оқыды. Мен ішімнен оның өлеңін қазақшалап отырдым. Өлеңінің мазмұны мынандай:
«Нан керек! Шай керек! Май керек!
Диван керек! Тон керек!
Керек! Керек! Көп керек!
Көп... керекті таппасақ
Жүреміз біз өкпелеп.
Дәрі керек, Бәрі керек!
Сұмдығы сол!
Шындығы сол!
Чувашқа чуваш тілі керегі жоқ!
Ақынның көзі-от та, жүрегі-шоқ!»
Бұл өлең ешкімді де енжар қалдырмады. Жанға бататын сөз. Ақынның тұлғалық қасиеті осындай. Өзі де жылайды, өзгені де жылатады. Құдай қазақ ақынына мұндай жыр жазғызбасын.
- «Айек» деген псевдонимді таңдаған кезде, өлеңдеріңіздегі күш пен төзімділікті қандай жеке тәжірибелеріңізбен байланыстырасыз?
Зухра Мадиярова, 2-курс студенті
-90-шы жылдары Атырау университетінде бірінші курста оқып жүргенімде әкем Аманқос Ершуов мені бір шараға Теңіз Кен Орнына (ТШО) алып барды. Ол кезде «Венгрлер қалашығы» деген болатын. Сол жерде керемет дүкен бар екенін естігесін сонда бардық. Дүкендегі дүние көздің жауын алады. Жұмақ деген осы шығар деп ойладым. Ол кезде біздегі дүкендердің сөресі бос қалған кез еді. Көзіме түскеннің бәрін алдыма жинай бердім, маған салса осы дүкенді бар дүниесімен көтеріп кеткім-ақ кеп тұр. Таудай үйген заттарыма бір қарап, маған бір қарап әкем қолын қалтасына салды. Ақша жетпейтін еді бәріне. Әкем сол кезде маған бір ақылды әңгіме айтты. Кейін әкем осы оқиғаны өлең қып жазды. «Дүкен іші дүние немесе қызыммен әңгіме» деген.
«Дүкендердің сықап тұрған сөресін,
Дүниесін өз көзіңмен көресің.
Көресің де, көп қызыға бересің.
Әр нәрсенің жөні бар ғой қызым-ау
Әкеңнің де айтқанына көнесің.
Ақыл айтқыш әдетіммен баяғы,
Тәмам болды сөзімнің де аяғы.
Ал сатушы кездемені қып-қызыл
Қызықтырып алдымызға жаяды.
Өз кәсібін адал сүйген бұл адам
Қалтамызға қандай қаржы қояды?
Ойлайсың ба, оранам деп барқытқа?
Әзір бастан қолды созба артыққа.
Білесің бе, шешең сенің жасыңда
Шеттен келген шәйі жібек тартып па?!
Одан-дағы он орамал ала сал
Әжелерге үлестірер сарқытқа.
Қызым сонда жадыратып қабағын:
– Базарлық та, басқасын да аламын.
Сенің арқаң Маржан болып жүргенім
Сен болмасаң ұлутас боп қаламын.
Аға деймін, Алатауым өзіңсің
Сүрінгенде тірелетін табаным.
Қарашығым тауып кетті…не дейін?!
Көзімде – жас, өксік атты көмейім.
Ал бәрін де, ақша құрсын, берейін.
Мен тіріде үстем болсын мерейің.
Қарғаларым, бір қараға жеткізсем
Қарабайға ұқсамайын… өлейін».
Әкемнің арқасында Маржан боп танылдым. Он жасымнан бастап, өлең жаздым. Сол кездегі «Балдырған», «Қазақстан пионері», «Пионер» журналдарына өлең, мақала жазып жазып, жазғандарым жие жарияланып тұрды. «Пионер» журналының лауреаты болдым. Ол кезде журналдың бас редакторы Фариза Оңғарсынова болатын. Белсенді жазғыштардың қатарында болып, Алматыда өткен республикалық пионерлердің слетіне делегат боп қатысқаным бар. Қазақстан ЛКСМ –нің хатшысы Бірғаным Әйтімованың қабылдауында болып, қолынан Лениннің басы салынған қып-қызыл қос Грамотаны да алған болатынмын. Бұл тарихи құжаттарым, фотоларым өзімде сақтаулы. Жалпы мен шығармашылығымды екі кезеңге бөлемін. Бала кезімнен 2003 –ке дейін және 2003 –тен кейін деп. 2003 жылы ақын һәм батыр бабам Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы кезінде өмірімде бетбұрыс болды. Ол туралы жоғарыда айттым. Өлеңдерімнің баспа бетінде белгілі ақындар тарапынан бүлініп шыққаны өз алдына, ішкі күш пен төзімділігімнің арқасында Айек болғаным бір аңыз, бір ертек.
-Егер сіздің өміріңізден фильм түсірілсе, оның атауы қандай болар еді?
Айлита Казиемова, 3-курс студенті
-Менің шығармашылығым туралы тележурналист, продюсер Гүлжайнар Сүлейменова 2018 жылы «Жайықтың жыр Маржаны» деген фильм түсірді. Соңғы кезде режиссер Айнұр Елшібаева «Айек» атты фильм жасағысы келетіні туралы айтып жүр.
-Поэзияда ақынның жеке «мені» мен қоғамның «бізі» қатар көрінеді. Сіздің шығармаларыңызда осының қайсысы басым деп ойлайсыз? Атырау Гимнінің авторысыз. Осы туралы айтасыз?
Жанель Апуажан , 3-курс студенті
- «Ақындық мені» қалыптаспаған ақынның «Қоғамның бізі» болмайды. Белинский «Жеке басын жырлаудан аса алмаған ақын үлкен ақын бола алмайды» деген. Ақынды өсіретін - тақырып. Тақырыптарымның ауқымдығына байланысты, шығармашылығымда «қоғамдық біз» көбірек көзге түсуі мүмкін. Ал «Атырау арман» әні, Атырау қаласының Гимні туралы айтсам, Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жер - жерде жер -су аттары байырғы атауларын ала бастады. 1993 жылы бұрын Гурьев атанған Атырау өзінің ежелгі атын алды. Гурьев қаласының атауы Атырау болып өзгертілгеннен кейін 1996 жылы сол кездегі қала әкімі Жалғас Тікенбаев мәдениет қызметкерлеріне Қала күніне орай халыққа тарту етер бір жаңа туынды шығаруды тапсырады. Ертеректен белгілі «Көрінген сонадайдан Гурьевім, Көрмедім Гурьевтей жер биігін» деген халық әні Гурьев атымен халықтың құлағына сіңісті боп кеткен еді. Сол кезде Атырауға өз әні керек болды. Мұны сол кездегі әкімшілік те жақсы ұғынып, «Атырау қаласының гимні жазылуы керек» десті. Музыкасын жазу композитор Болат Кохамановқа тапсырылған. Ән шықты, енді мәтін жазатын кім? Сол кездегі қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Ақмарал Машимова екеуі университеттің жатаханасына іздеп келгенде, қатты таңғалдым. «Уақыт тар, бір күн уақытың бар. Төрт күннен кейін тойланатын Қала күні мерекесінде бұл ән орындалуы керек» десті. Ән алғаш рет Кала күні мерекесінде Іңкәр деген жас әншінің орындауында халыққа тарады. Халық бір тыңдағаннан-ақ қосыла шырқап кетті.Осы ән үшін Болат Қохаманов екеумізге сол кездегі Атырау қаласының әкімі «Жыл адамы-1996», « Жылдың үздік ақыны», «Жылдың үздік композиторы» құрметті атағын берді. Сыйлыққа шаңсорғыш сыйлаған. Жылдар өте келе бұл әннін бағы жанып, Атырау қаласының Гимніне айналып кетті. Биыл - Атырау Гимнінің шыққанына 30 жыл толады.
- Түріктің белгілі жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың махаббат туралы жазылған «Сезім музейі» романын аудардыңыз. Осы романның сахналық нұсқасын жасау ойыңызда жоқ па?
Самал Мұхтасарова , 3-курс студенті
-Бұл кітап әлемнің алпыс екі тіліне аударылған махаббат туралы өте қызықты кітап. Ыстамбулда «Сезім музейі» кітабы бойынша жасақталған әйгілі музей де бар. Жақында Түркияда Орхан Памуктың «Сезім музейі» романының желісі бойынша сериал түсірілген екен. «Сезім музейін» театр сахнасына шығару туралы ойлар бар.
-Қай шығармаңызды ерекше ұнатасыз?
Жанель Апуажан, 3-курс студенті
-Махамбет жаныма жақын. Содан болар шығармашылығымда Махамбет тақырыбы басымдау. «Исатай-Махамбет» атты поэмам, «Исатай-Махамбет» атты тарихи драмам бар. Композитор Арман Жайымның «Қайран Нарын» атты операсының либреттосын жаздым. Сұхбаттың соңын «Исатай-Махамбет» поэмамның «Жайық асу» деген бөлімінен үзіндімен аяқтайын. Исатай-Махамбет көтерілісі тарихтан мәлім. Сол қаһарлы жылдардың желтоқсан айының бір күнінде Махамбет аз қолымен соңына түскен Баймағамбет сұлтан мен патша әскерінің қуғыншыларын адастырып, астындағы аттарымен Жайықты жарып өтіп құтылып кетеді. Осы оқиғадан кейін Махамбет «Жайық асу» күйін шығарады.
ЖАЙЫҚ АСУ
Дауыл үдеп ақ түтек күн дүрлікті,
Дауыл мұңнан мылқау дала сыр жұтты.
Асу бермес асау Жайық алдында
Көкірек түртіп оятты оны бір мықты үн.
Қою, қара кірпігін де қар басты,
Өмір сыны сақалына жармасты.
Қалтылдаған асау Жайық үстімен
Ақ семсерін серік қылып, алға асты.
Тәуекелге басты батыр,
Ақын басы – қалың ой.
Тағдыр қатал тасып жатыр,
Түспей тұрды жарық Ай.
Тебіренді ақын жүрегінен жыр құса,
Кішірейіп кеткендей ме тұрқы сәл?..
Исатайдай серкесінен айырылып,
Іште – дұшпан, сыртта – жау көп қырқысар.
От жанары суланады бір ауық,
«Адыра қалған Нарын» деді қуарып.
Батыр болып туғаннан соң о баста,
Батыр болып өлу ғана лайық!
Бұлттар қамап,
Бұлттай мұңнан қашқан ба?
Өткір жүзбен қарайды ол аспанға.
Қоғалы көл лайланды, не шара,
Мұңды жұтып қалғып қалды тастар да.
Есіне алды Нарындағы ел-жұртын,
«Жыртығына ем болам» деп сендіртіп.
Ат үстінде кешкен ғұмыр ғұмыр ма,
Тарылады кендір-күн.
Қара мұздар кірш-кірш етіп сөгілді,
Жүректен – жас, арқадан тер төгілді.
Айналайын асау Жайық жағаға
Алып шықты ел қорғайтын ер ұлды.
Көкірегінде намыс қайнап сұрапыл,
Етігімен су кештірді мына күн.
Бұққан жауы көп еді, әттең, бірақ бірі болмады
Тым құрыса жекпе-жекке шығатын!
Қан тамыры тыншытпайды,
Төпелейді шекені.
Желге қарсы шауып келед.
Желбірейді етегі.
Жер қайысқан мол қолынан айырылып,
Ауыр мұңға кетеді.
Ащы азапты өмір ме, әлде өлім бе?
О, Жасаған! Берер ме екен тілектен?..
Күңіренгенде күй туады көңілде,
Ашынғанда сөз шығады жүректен...
Сыр – сұхбатты ұйымдастырған: Көптілді білім беру факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Милена КАМЕЛОВА.




