Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА: «Цифрлық дәуірдің көрінбейтін майданы немесе бір бетті үш рет оқыған адам туралы»

Осы тақырыпты қозғауға не себеп болғанын айтайын... Бір күні кітап оқып отырып, бір бетті үш рет қайта оқығанымды аңғардым. Көзім мәтінде, ойым мүлде басқа жақта. Әлден уақытта телефонға қол созамын. Ешкім жазбаған. Қайта қоямын. Екі минуттан кейін тағы аламын. Сол сәтте бір нәрсені түсінгендей болдым: мен шаршап отырған жоқпын. Менің назарым шаршаған. Қазір көп адам дәл осындай күйді бастан кешіреді. Біз бұрынғыдай аш емеспіз, ақпаратсыз отырмаймыз, жалығып та үлгермейміз. Керісінше, өміріміз толып тұр: жаңалық, видео, подкаст, хабарлама, reels, shorts… Бірақ осының бәрінің арасында бір нәрсе көзге көрінбей жоғалып бара жатқандай. Ол — ұзақ ойлану қабілеті.

      Бұрын адамдар уақыт жетпейді дейтін. Қазір назар жетпейді. Бір фильмді аяғына дейін көре алмаймыз, ұзақ мәтін оқысақ алаңдай бастаймыз, тіпті әңгімелесіп отырып телефонға үңіліп кетеміз. Біз ақпарат ғасырында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Біз назар үшін күресіп жатқан дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі мәдениеттің басты дағдарысы да, бәлкім, осы — назар дағдарысы. Бүгінгі адам ақпарат тапшылығынан емес, назар тапшылығынан зардап шегіп отыр. ХХ ғасырда біз білім іздедік. ХХІ ғасырда білім бізді іздеп жүр. Бірақ мәселе — біз соны қабылдай алатын ішкі тыныштық пен зейінді жоғалта бастадық. Қазіргі мәдениеттің ең үлкен трагедиясы да осында. Біз бұрын уақыт жетпейді дейтінбіз. Қазір назар жетпейді. Адам күні бойы экранға қарайды, бірақ ештеңені терең қабылдамайды. Мыңдаған видео көреді, бірақ бір ойды соңына дейін ойлап шықпайды. Жүздеген мәтінді шолып өтеді, бірақ бір кітаппен іштей сырласа алмайды. Өйткені цифрлық дәуір адамның уақытын ғана емес, оның зейінін де бөлшектеп жіберді.
       Назар — тек психологиялық функция емес, ол - мәдени құбылыс. Қай қоғам не нәрсеге ұзақ назар аударса, сол қоғам соны дамытады. Терең әдебиет, үлкен философия, классикалық музыка, интеллектуалдық кино – бәрі де ұзақ әрі сабырлы назарды талап етеді. Ал қазіргі мәдени орта адамның назарын ұстап қалу үшін емес, оны үнемі басқа жаққа бұрып отыру үшін жұмыс істейтін секілді әсер қалдырады. Мәселен, миыңды демалту үшін табиғатқа шығасың; мүлгіген орман, асқақ тау шыңдары, жағаны ұрған өзен толқыны, ағаштар, гүлдер... Біз жаратылыстың тылсым ғажабына терең үңіліп, өзіміз сонымен біте қайнасқандай бір дел-сал күй кешуіміз керек болған шығар... Шынында да біз жаратылыстың бір бөлшегіміз ғой. Бізге үнсіздік тән, бізге тереңдік тән. Алайда, көп жағдайда сол көргенімізді суретке түсіріп, селфилетіп қайтып келеміз. 
      Әлеуметтік желілердің табиғаты да осыған құрылған. Әр секунд сайын жаңарып жатқан контент адам миын тұрақсыз қабылдауға үйретеді. Бірнеше секундтық видеолар, жарқылдаған тақырыптар, үздіксіз ақпарат ағыны — мұның бәрі адамның терең ойлау қабілетін әлсіретеді. Біз эмоцияны тез қабылдаймыз, бірақ мағынаны баяу түсінеміз. Ал қазіргі цифрлық орта дәл сол баяулыққа мүмкіндік бермейді. Сондықтан бүгінгі мәдениеттің басты бәсекесі талант үшін емес, назар үшін жүріп жатыр. Кім адамның назарын ұстап қалса — сол ықпалды. Кейде сапалы дүние емес, айқайлы дүние өтімді болатыны да сондықтан. Мәдениет біртіндеп тереңдіктен эффектіге, мазмұннан жылдам әсерге қарай ығысып барады. Бұл әдебиеттен де байқалады. Қазіргі оқырман ұзақ романнан гөрі қысқа пост оқуға бейім. Күрделі ойдан гөрі тез эмоция іздейді. Поэзияның өзі визуал мен музыканың көмегіне сүйене бастады. Өнер енді тек ойландыру емес, бірден «ұстап қалу» міндетін арқалап тұр.
      Бірақ назар дағдарысының ең қауіпті жағы — адамның өзімен жалғыз қала алмауы. Қазіргі адам үнсіздіктен қорқады. Телефонсыз бірнеше минут отыру қиын. Себебі тыныштықта адам өз ойымен бетпе-бет келеді. Ал цифрлық өркениет бізді дәл сол ішкі кездесуден алыстатып барады.  Мүмкін сондықтан бүгінде адамдар мотивацияны көп іздейді, бірақ мағынаға сирек үңіледі. Шабыт көп, тереңдік аз. Ақпарат көп, ішкі сүзгі әлсіз. Дауыс көп, ой аз. 
     Алайда кез келген дағдарыс жаңа сұраныс тудырады. Қазір әлемде баяу оқу, digital detox, ұзақ форматтағы подкасттар мен интеллектуалды контенттің қайта сұранысқа ие болуы — адамның терең назарға деген ішкі қажеттілігі әлі жоғалмағанын көрсетеді. Адам жаны бәрібір мағынаны іздейді. Бәлкім болашақта ең қымбат қабілет интеллект емес, назар болатын шығар.       
      Назарды сақтау бүгін жай ғана өнімділік мәселесі емес — бұл адамның ішкі еркіндігін сақтау мәселесіне айналды. Қазіргі цифрлық орта адамның зейінін үнемі бөліп, оны сыртқы сигналдарға тәуелді қылып барады. Сондықтан назарды сақтау — белгілі бір дәрежеде мәдени әрі рухани қарсылық. Мұнда мәселе «телефонды аз ұстауда» ғана емес. Ең бастысы — сананы қайтадан тереңдікке үйрету.  Біздіңше назар дефицитінен құтылудың бірнеше жолы болса керек: ақпаратты азайтқаннан гөрі іріктеуге үйрену, яғни «бұл ақпарат маған не беріп жатыр» деген сұрақты өзіңе қоя білу , ұзақ форматқа қайта оралу (кітап оқу, ұзақ подкасттар тыңдау, қандай да бір тақырыпты терең зерттеу), үнсіздікке үйрену, бір уақытта бір нәрсемен айналысу, экранға емес, шынайы тәжірибеген оралу. Бүгінде ең үлкен байлық — уақыт емес, таза назар. Кім өз назарын басқара алса, сол өз өмірін басқарады. Себебі назар қайда кетсе, адамның өмірі де сол жаққа қарай қалыптасады. Сондықтан кейде назарды сақтау — жай ғана концентрация емес.
Бұл адамның өз болмысын жоғалтпай қалуы. 
      Өзіңіз ойлап көріңізші, назар болған жерде не болады? Біздіңше, назар болған жерде тереңдік болады. Адам шын назар аударған нәрсе ғана оның санасына , мінезіне , болмысына айналады. Назар бар жерде ой пайда болады, мағына туады, қабілет өседі, махаббат тереңдейді, білім бекиді. Тағы бір маңызды нәрсе:
назар болған жерде құрмет пайда болады. Өйткені адам нені мұқият тыңдаса, соны мойындай бастайды. Балаға бөлінген назар оны өсіреді. Өнерге бөлінген назар мәдениетті өсіреді. Адамға бөлінген назар оның жанын тірілтеді. Сондықтан бүгінгі дәуірде назар — жаңа валюта ғана емес, жаңа рухани категорияға айналып барады. Кімнің назарын не жаулап алса, ертең соның дүниетанымы қалыптасады.
      Бәлкім біз қазір тарихтағы ең көп алаңдайтын ұрпаққа айналған шығармыз. Бұрын адамның ойын сыртқы дүниенің тапшылығы бөлсе, бүгін оны артық дүниенің көптігі бөледі. Ештеңе жетіспейді, бірақ ештеңе толық қанағаттандырмайды. Біз бір сәт тыныш отырсақ, әлденені өткізіп алғандай күй кешеміз. Қазіргі адамның санасы терең өзен емес, секундына мың құбылатын лентаға ұқсап бара жатқандай.
       Өзімізге «Біз уақытымызды қайда жұмсап жүрміз?» емес, «Біз назарымызды кімге және неге беріп жүрміз?»  деген сұрақ қоятын уақыт жеткен сияқты ма?..